+1 дауыс
1.2k көрілді

Бір түсінбейтінім: жеңген спортшылар медальдерін неге тістейді? Олимпиаданың сайтында ішінде қанша алтын не күміс қосулы екені жазылған. Таза алтын не күміс емес. Баяғының теңгесі не дархамы емес.

Менен кейін ешкім тістемесін деген ырым ба? Баяғыда мектепте столовыйда сорпа менікі деу үшін саусақты ішіне тыға салатын ек ауызға салып. Соған ұқсап кетті

Данияр Елеусінов алтын медаль

1 жауап

+1 дауыс

Төрт жылда бір айналып келіп отыратын жазғы Олимпиада ойындарының тасқа басылмаған, алтынға қолы жеткен чемпионның одан айналып өте алмайтын өз жарғысы бар. Ол - жеңіс тұғырында алтын медальдың дәмін сезіну. Біздің бұл ойымызға «алтын - темір, оның дәмі болушы ма еді?!» деп қарсылық танытатындар да бар шығар.

Бірақ өткен ғасырларда алтынға қолы жеткен жеңімпаздар оның таза­лығын тіспен байқап көрген. Алтынның дәмін тіспен сезіну - екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Таза табиғи алтынның майысқыш өте жұмсақ екені, тек 1 грамм алтыннан есілген жіптің ұзын­дығы 12 шақырымға жететіні көзіқарақты оқырманға белгілі. Бірақ 1908 жылдарға дейін жеңімпаздарды тек алтыннан құйылған диаметрі 3,3 мм, салмағы 2 грамдық алтынға бар болғаны 2 спортшы қол жеткізген. Бірақ уақыт өте келе, ойын түрлері көбейіп, чем­пион­дардың да қатары өскен. Бұл жағдай халықаралық олимпиада комитетін алтынды барынша үнемдеуге, сонымен, бір мезгілде оған саяси мән беруге тырысқан. Бірақ уақыт өте келе, алтын медальдың құрамы аса таза емес екені сырт көзге байқала бастаған. Мұны ең бірінші кезекте жеңімпаз­дардың өзі тіспен тістеу арқылы сынап көрген. Әлемдік геосаясатты кірпік қақпай бақылап отырған саясаттану­шылар­дың назарынан бұл да тыс қалмапты. Капиталистік және социа­лис­тік болып екі лагерьге бөлінген өт­кен ға­сырда алтын жалатылған олим­пиа­далық медаль саясат құралына ай­налып шыға келді. Ел ішінде дау-да­май көбейіп бара жатқан соң, халықара­лық олим­пиадалық комитет олимпиада медаль­да­рындағы алтын мөлшері 6 пайыздан кем болмауы тиіс деп шешім шығарды. Ең жоғары күміс қоспасынан дайындалып, алтынмен апталсын деген шешім де осы түйінді тарқата алмаған. Себебі бұл жарлық барлық жерде бірдей сақтала бермепті. Алтынның ең жоғарғы құрамы 1980 жылы Мәскеуде өткен жазғы Олимпиада кезінде болған. Мәс­кеу Олимпиадасының 5,8 пайызы тек алтын­нан құйылып дайындалды. Мәс­кеу сол арқылы «айдың арғы бетінде отыр­ған» елдердің жоқ жерден шу шы­ғаруына жол бергісі келмеді. 1980 жылы чемпион атанған Жақсылық Үшкем­піров ағамыз жеңіс тұғырында тұрған сәтті былай деп еске түсіреді.

- Ол кезде қос полярлы әлем. Біз КСРО атынан түсіп отырмыз. Ол за­манда алтынды тіспен тістеп, сы­на­масын байқау - олимпиадалық ко­митеттің адалдығына күмән кел­тірумен бірдей ғой. Бірақ жұрт на­за­рынан тыс жерде кертіп алып, жұтып қойсақ та ешкім қолымыздан қақпас еді, - дейді. 1984 жылы жазғы Олимпиада­ны өткер­ген Канада КСРО-ның ре­кор­дын 8 грамға көбейтіп, олимпиада­лық ре­кордты жаңартып, алтынның дәмін қоюлатуға тырысып бақты.

Сарапшылар «жеңімпаздардың алтынның тазалығын тіспен байқап көруінің астарында саясаттың салқы­ны бар» дейді. ХХ ғасырда әлем қос поляр­лы жағдайда өмір сүрді. Бір-біріне қырын қабақ елдердің спортшы­ларының көңіл күйіне бұл жағдай әсер ете қоймады. Спорт сарапшылары Мәс­кеу Олимпиадасына АҚШ бастаған кейбір елдердің келмей қалуы - өзіміздің Серік Қонақбаевтың алтынға барар жолын кесіп тастады дегенді күні бүгінге дейін айтады. Дүбірлі дода кезінде із кесіп жүретін саяси тыңшылар арнайы құралдар арқылы тексеріп көрмеді дегенге кім сенеді?

Бір қызығы, Лондон - 2012 олим­пиадасының алтын медалi алтыны ең аздардың қатарында екен. Ондағы таза алтын құрамы бар болғаны 1-ақ пайыз. Бірақ одан олимпиаданың мәртебесі төмендеп қалған жоқ. Мысалы, ресейлік спорт шолушысы Сергей Боровик ха­лықаралық деңгейдегі доданың мәр­тебесі алтынмен өлшенбейтіні туралы былай дейді: - Олимпиада чемпионы қол жеткізген «алтын әшекейдің» нарықтық құны 250 АҚШ долларынан аспайды. 2004 жылы польшалық чем­пион Отилия Енджейчак Афиныда жеңіп алған алтынын 82 мың АҚШ дол­ларына сатқан, - дейді.

Олимпиада алтынын тістеп көру­дің артында тұрған мемлекеттік тапсырыс­тар 1990 жылдары, КСРО-ның күйре­уімен саяси сипатын мүлдем жоғал­тыпты. Содан бері олимпиадалық ко­­митеттің атына «алтынның құра­мы аз» екенін баяндайтын бірде-бір ша­ғым түспеген. Төрт жылда бір айналып ке­ліп отыратын жазғы Олимпиадалар үшін алтын ғасыр осы кезден басталса да чемпионның бақ-талайының өтеуіндей болған алтын белгі чемпиондардың күрек тісінен бәрібір құтыла алмаған. Бірақ бұл жеңіс тұғырындағы көңіл-күйдің нағыз шырқау шегіне жеткен­дігінің нүктесі ретінде қабылданды. Әлем жұрты солай деп шешті. 2004 жы­лы Грекияда өткен Олимпиада ке­зінде алғашқы алтынға қол жеткізген ресейлік Лариса Латынина алтынның дәмін татып тұрып: - Алтын - кәдімгі темір. Ал темірдің дәмі жоқ дегендер қателе­седі. Мен Олимпиада медалінен тәтті дәмді әлі татып көрмеппін, - деп жаһанға жар салғанын әлі ұмытқан жоқпыз.

Қазақ еліне Лондон Олимпиадасы алтынының дәмі ерекше болды. Сид­нейде, Афиныда зарықтырып, үмітті үздіріп барып жеткен алтындар бұл жолы алғашқы күндерден-ақ қоржы­нымызға құйыла бастады. Әлем жұрты «бар-жоғы 16,5 млн халықтың бас-аяғы бір аптада 6 алтынға қол жеткізуінің себебі не? Сендер немен қоректене­сіндер?» деп қазақтың дастарқанына үңілді. Әлем бұл жолы «Лондон алтын­дарынан темірдің емес, қазақтың қазы-қартасының дәмі көбірек сезілді» деп таңдай қақты. Журналистердің «қандай дәмді ұнатып жейсіз» деген сұрағына Зульфия да, Илья да алдын-ала келісіп алғандай «қазақтың қазы-қартасы» деп жауап берді.

Жеңіс тұғырынан орын алған чем­пиондарымыздың көңіл күйіне Лон­донда жүріп зерделеген, олармен дас­тарқандас болған қазақ спортының жанкүйері Амалбек Тшанов ағамыз: - Сол сәтте чемпиондарымыздың көңіл күйін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Мен мұны халықаралық деңгейде қол жеткізген үлкенді-кішілі жеңістерге қол жеткізіп, жүлде алып тұрған сәттерімнен білемін. Ал жазғы Олимпиададағы жеңіс - әлемдік деңгейдегі Триумф. Оған көтеріліп, еліңнің Әнұранын шарта­рапты тыңдатуға қол жеткізген жанның көңіл күйін сөзбен жеткізу қиын. Ол кезде Олимпиада алтынын ғана емес, бәтеңкеңді сүйсең де оғаш емес! - дейді.
Кешелі бері алтынды қыздарымыз бен жігіттеріміз елге орала бастады. Олардың «алтындарының» дәмі спорт әлемінде үлкен жеңістерден үміттіле­ріміздің бәріне жұғысты болсын!

...