+1 дауыс
473 көрілді

Семейге барып келдім. ХІХ ғасырдың ортасынан ХХ ғасырдың басында географиялық орналасуы жағынан жоғарғы Ертіс өңірінің орталығы болған тарихи шежіре қаланың бүгінгі сүрең тартқан шаршаңқы көрінісі жанымды қатты ауыртты.

Қазақ халқының тарихи - рухани, мәдени дамуында Семей қаласының атқаратын орны ерекше. Ол шекаралас Қытайдан сонау Омбыға дейінгі үлкен аймақ қалаларының ішіндегі алдыңғы қатардағы орынды алады.

Қазақ тарихындағы елеулі руханият ошағының негізін қалаған, әдебиет, өнер және ғылым- өнер саңлақтарының отаны болған қала. Бұл қасиетті жер Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбаевты, кемеңгер философ Шәкәрім Құдайбердиевті, әлемдік әдебиет қайраткері Мұхтар Әуезовты, суырып салма әнші Әміре Қашаубаевты әлемге танытты. Сонау ерте дәуірден-ақ бүкіл әлем зерттеушілерін өзіне қызықтырды. Мұнда әйгілі саяхатшылар Джордж Кеннан, Семенов Тянь-Щанский, Янушкевич, Паллас, Коншин және басқалары осы өлкенің тұрмысы мен халықтың салт-дәстүрлері туралы қызықты естеліктерін қалдырды. ХІХ ғасырдың ортасында болған әйгілі орыс саяхатшысы Г.Н Потанин өз естеліктерінде «Семей қаласы Азия қалаларының ішінде бірден ерекшеленеді. Ол Қытай және Орта Азия керуен жолдарымен өтететін сауда орталығы болды» деп жазады. 
Семей қаласынан шыққан көпестер сонау Қашқар, Кашмир, Тибет, Үндістан жерлеріне дейін сапар шекті. 1882 жылдың басынан Семей қаласы Революциялық демократтардың жер аударылған мекені болды. Осында жер аударылғандардың ішінде халық өкілдері Н.Долгополов, С. Гросс, А.Блек, И. Лобановский, А. Леонтьев, Н. Коншин және басқалары болды. Олар өлкенің рухани дамуына өз үлестерін қосып, үлкен ғылыми және мәдени ағартушылық жұмыстарын жүргізді.

Семейдің Ертіс өңірінде әйгілі жазушы Федор Достоевский мен алғашқы қазақ ғалымы Шоқан Уалихановтың достығы жарасып, жазушының тарихи туындылары осы қалада жазылды.
Осында Алаш Орда партиясының өкілдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов бостандық пен тәуелсіздік туын тікті. 20 ғасырда Семейде Қазақстан ғылым академиясының бірінші академигі Қаныш Сәтбаев, ғалым Әлкей Марғұлан, танымал жазушылар- Всеволод Иванов, Николай Анов, Галина Серебрякова, ақындар Сәбит Дөнентаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, зерттеуші абайтанушы Қайым Мұхаметқанов, мәдениет қайраткерлері Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Еркеғали Рахмадиев, Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, және т.б көптеген адамдар оқыды, тұрды және шығармашылық қызмет жасады.

Семей қаласының баяу дамып, көз тартарлықтай өңсіз көрінгеніне қарамастан қала өткен дәуірдегі Қазақстанның сол кезеңдегі маңызды қажетті әкімшілік және мәдениет орталығы болды. Қаланың мәдени ошақтары, кітапханалары, мұражайлары қаланың 300 жылдық тарихынан сыр шертеді. Тарихи өлкетану мұражайымен Абай кітапханасы қорларында тарихи жәдігерлермен кітаптар жинақталған. Бұл аса құнды бай қорлардың негізін құрайды.

Өз заманында жергілікті көпестер мәдени орындарды тұрғызуға ақшаларын аяған жоқ. 1890 жылы көпес Плещеевтың қаражатына Александр Невскийдің атына салынған шіркеу бой көтерді. 
1857-60 жылдары халық қаражатына қазіргі күнге дейін қызмет жасап келе жатқан Воскресенск казак шіркеуі салынған болатын. Осы күнге дейін ХІХ ғасырда салынған кейбір мешіттер сақталған. Олар қаламыздың сәулетті ғимараттарының бірі болып табылады.

Қаламыздың көрікті ғимараттарының бірі қазіргі қос мұнаралы мешіт. Ол 1858-1862 жылдар аралығында жергілікті көпестер Сүлейменов, Әбдішев, Рафиков, Халитовтардың қаражаттарынан облыстық діни басқарма тапсырысымен салынған. Стамбұл сәулетшісі Ғабдолла Эфендидің жобасы бойынша бір мұнаралы мешіт тұрғызылды. Құрылысқа қаражатты көпес Мусин берді.

Семейде тек қана діншіл, іскер адамдар тұрған жоқ. Мұнда саяси жер аударылып келген зиялы қауым өкілдері мен әйгілі Плещеевтар, Степановтар, Ершовтар, Мусиндер және т.б көпес отбасылары тұрды. Бұл кісілердің есімдерімен тек қайырымдылық қызметтері ғана емес, жеке меншік үйлердің, өнеркәсіп ғимараттарының, сауда орталықтарының құрылыстары да байланысты болды. 1890 жылы Семейде көпес Мусин алғаш рет бу диірменін (қазіргі метизно- фурнитура зауыдының ғимараты) тұрғызды. 3 қабатты диірменде тек Семейдің Ертіс өңірі ғана емес, Сібір мен Алтайдан да бидай жеткізіліп өңделді.

1873 жылы Семейде телеграф, ал 1910 жылдан бастап Қазақстандағы алғаш су құбыры пайда болды. (Ертіс жағалауындағы насос станциясының ғимараты бүгінгі күнге дейін сақталған). 
Мұнда мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық Абай қорық-мұражайы, Достоевскийдің әдеби-мемориалды мұражайы бар, белгілі суретшілердің туындылары, жұмыстарының түп нұсқалары, қазақ, украйн, өзбек және армиян суретшілерінің бай топтамалары Невзоровтар жанұясы атындағы көркем-өнер мұражайлары бар. Қалада алғаш театрдың негізін қалаған екі театр, филармония, кинотеатрлар, төрт мешіт, ондаған мәдениет ескерткіштері бар.

...Осылардың барлығы қаланың ортасына жеткенше санамнан сырғып өтіп, Семейіме деген сағынышымды үдете түседі. Өзінің облыс орталығынан айырылғалы өгейдің күйңн кешіп жабығып тұрған қайран Семей... Әйтпесе дүние жүзіне танымал ет комбинаты, шұлық комбинаты, ПОШ, аяқ киім фабрикасы, небір заводттар мен фабрикалардың жиын саны он төртке жеткен. Шіркін, керемет еді ғой. Енді солардың қираған орны ғана... Сауда орталығына айналып кеткен бүгінгі тіршіліктің құрбаны болған қайран құндылық?!

Кімге өкпелерімді білмей отырмын... Егер менің қолымнан бір нәрсе келер болса, тарихы тереңде жатқан Семей қаласын жеке руханият қаласына айналдырып, арнайы туризм бойынша тарихи-мәдени саяхаттар ұйымдастып, елтану, жертану мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырар едім. Семей қаласының мәдениет пен идеология бөлімі қол қусырып отыра бермей, жоғарыдан жарлық күтпей-ақ, өздері бастамашы болса қолдаушы да табылар еді.

Қарт Семейді назарға алып, бірегей мәдени ошақтарды келуші туристтермен шетел қонақтарының игілігіне айналдырса ғой. Шіркін, қала құлпырып шыға келер еді!.

Алмахан Мұхаметқалиқызы.
Астана.

Сіздің жауабыңыз

Ескерту: Email пошта сізге хабарлама жіберу үшін қолданылады
Спамға қарсы тексеру:
Төртке бесті қоссаң қанша болады?
Модерациядан өтпес үшін сайтқа кіріңіз немесе тіркеліңіз
...