0 дауыс
6.0k көрілді
Профессор Р. Нұрғалиев: «Ғ. Мүсірепов творчествосы қазақ өнерінің сұлу бір арнасы. Ғабит әні – таза үнді, әсем әуезді шырқау ән. Ғабит арнасы – мөлдір, тұнық арна. Ғабит шығармалары ұзақ баптап, әбден жаратып, жал-құйрығын сүзіп барып, бәйгеге қосқан жүйріктерді еске түсіреді, оның шығармалары әдебиетімізге мәдениет, көркемдік, тереңдік әкелді; ұлттық және интернационалдық сипаттарды тұтастырды», - деп Ғабеңнің шығармашылығына тәнті боп, бағасын берген. Ал Зейнолла Қабдолов Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығынан реализм мен романтизмді көреді. «Ғабит шығармаларында орынсыз тұрған бір де бір сөз болмайды» дейді. Алайда, біз бүгін қаламгер Ғабит туралы емес, оның кейіпкері, батыр Қайрошы жайында айтатын боламыз.

«Қазақ батыры» повесі 1950 жылы «Қазақ солдаты» деген атпен роман ретінде басылып шыққан. Бас-аяғы 300 беттен тұрады. Роман үш бөлімге, бөлімдер бірнеше тарауларға бөлінген. Романның бірінші бөлімі он тараудан, екінші бөлімі он үш тараудан, үшінші бөлімі он бір тараудан тұрады.

Бас кейіпкер – Қайрош Сарталиев, прототипі – Кеңес Одағының батыры Қайырғали Смағұлов екені оқыған жанға айдан анық. «Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытып. Зытып келе жатқаным – қашып келемін, артыма қарай беретінім – қорқып келемін». Шығарма басы осылай басталады. Оқиға Қайроштың сөзімен баяндалады. Сиыр айдап жүрген бала шығарма соңында ержүрек, қайсар, батыр тұлға болып қалыптасады. Барлық кейіпкерлердің өз прототипі бар, демек, ойдан шығарылмаған әдеби шындығы бар роман. Осы ретте, жоғарыда айтылған Зейнолла Қабдоловтың сөзі дәлелденгендей.

Романның композициялық құрылысы өзгеше шеберлікпен берілген. Кеңес заманында туып-өскен адамның өсу, жетілу жолы басты әңгіме болып баяндалған. Ұрыс кезіндегі жауынгердің батырлық мінезі, азаматтық бейнесі, адамды танып-білу сияқты қасиеттері қалыптасуын көресіз.

Шығармадағы кейіпкерлердің бейнесі, мінезі, іс-әрекеті, табиғат суреті, болып жатқан оқиға – бәрі жүйелілікпен берілген.

«Шаңқан шілденің аяқ кезі болар деймін... Пісіп қалған ақселеулер баяу теңселіп, үкідей бұлғаңдап, кейде жұмсақ қана тізеден сипайды да, кейде инесін қадап алады. Сипағанда, талғамай сипаса, инесін қадарда екі сирақтағы жара мен жарықты тауып алып қадайды.

Күннің көзі жер бетінде шаншыла қадалып, көлеңкең тәлтиіп, бауырыңа кіріп барады. Бар ыстық менің қойныма тығылғандай, шоқпыт қомшаның екі қолтығы қыж-қыж қайнайды».

Табиғаттың бір бөлшегі – ақселеудің адам денесіне қалай әсер ететінін оқырманға дәл жеткізеді. «Әсіресе» деп екпін беріп, «жара мен жарықты тауып» алатынын да әсерлі береді. Күннің төбені тесетін көзі, денені«қыж-қыж қайнататын» ыстығы да оқырманға таныс дүние секілді.

Ал Ақбота туралы әңгіме бір бөлек. Қайрош өзінен үш жас кіші, бойында «жас ботаның ерке сипаты мен жас лақтың ойнақы мінезі бар», «селтиген ғана бұрымы бар, лақтай секіріп жүретін, мөлдір қара көзді, аппақ» Ақботаны жанындай жақсы көреді. «Бір тайынша жоғалса, он жыл сарайға қамаймын!» дегеннен қорыққан бала Қайрош сол кезде Ақбота өзгемен кетіп қала ма деген ойдан да қорыққан еді. Ақбота мен Қайроштың балалығы суреттелген тұсы да өте қызықты. Бірі жұдырықтап жіберсе, бірі құлағынан тартып ойнаған шағы, кейін татуласқандары еріксіз күлкі сыйлайды...

«Мүмкін менің алдымда сағым теңізіндей құлпырып, алыстан қол бұлғап жаңа өмір жатқан шығар. Мүмкін шарасы шайқалмаған ескі ауылдың ескі өміріне қанағат етпеген бала ойы осындай бір себепті бұрыннан іздеп жүрген шығар... о да мүмкін, бұ да мүмкін... Әйтеуір, қалаға қарай сызып келемін». Мына мәтіннен, қандай жағдай болмасын, болашағына сенетін баланың ойы жатқанын байқайсыз. Өзге тірлікті, өзге өмірді көргісі келеді. Жүгіргені соншалық, жүрегі қабырғасын тесіп шығардай дүрсілдеп, таныс дүниеден беймәлім ортаға бара жатқаны үшін өз-өзіне масаттанып қояды.

«Базар шетіндегі шаштараздың қасынан өте бергенімде, есігіне жапсырған айнасына көзім түсіп кетіп еді, бет-ауызым шын-ақ астан-кестен екен. Туғалы жуынбаған адамдай қарала, торала бетімді жұдырықпен уқалап айғыз-айғыз етіппін. Көз деген бір қос томпақтың үстіңгі жағы маса талағаннан көлт-көлт етіп тұр. Тыриған арық мойыннан әр жеріндегі шұңқырына қақ тұрып қалғандай. Көзімді ежірейтіңкіреп ашайын десем, бет пернем одан жаман бұзыла түседі. – Қайда жүріп масқара болғансың? – дегендей, айнадан бір сұмпайы бала маған қарайды...». Мына әзіл-шыны аралас мәтіннен баланың өңін көресіз. Қашып жүріп, сұқпыты қашқан бейнесін өз суретіне ұқсатқысы келмейді. Образды суреттеудің өзінен-ақ Ғабит шеберлігін байқайсыз. Адам бейнесін суреттеудегі дәлдік, оны жеткізудегі ұшқырлықты танисыз.

Кейіпкерлердің диалогтері де қарапайым тілмен жеткізілген. Ағайынды Шеген мен Борашты кездестіргендегі олардың тіл табысуы да ерекше. «Өй, өзіңді қасқыр талаған ба?» дегеннен басталған әңгіме танысуға ұласады. Танысудан кейін «Костя» деген есім алған Қайрош олармен достасып та кеткен. Әдемілікті жаны сүйетін екі ағайынды өнерге жақын, әнге жақын болып шықты... Әндетіп, әуелетіп базарға қарай жол тартты...

Ал жастық шағы аты жаман сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келді. Отан алдындағы азаматтық борышты өтеу үшін майданға аттанған Қайрош бойындағы, шығарма басындағы қорқынышты жеңе білді. Новороссийск, Элтиген, Керчь жерлерін жаудан азат етуге күшін салған ол түрлі жарақат та алды. Сол кезде бейнеленген соғыс алаңы, жауынгер рухы, Отанға деген махаббат, туған елге деген сағыныш бір-бірін жалғап жатты.

Қазақ романдарының ішіндегі ерлік пен асқақтықты насихаттайтын, ауыл баласының ерік-жігерін көрсететін «Қазақ солдаты» романы өзге тілдерге аударылып, тек қазақ елінің ғана емес, шет мемлекеттердің кітапханаларында сақтаулы.
Ештеңе оқымадым. Спам! Сұрақ жоқ!

Сіздің жауабыңыз

Ескерту: Email пошта сізге хабарлама жіберу үшін қолданылады
Спамға қарсы тексеру:
Төртке бесті қоссаң қанша болады?
Модерациядан өтпес үшін сайтқа кіріңіз немесе тіркеліңіз
...