0 дауыс
19.1k көрілді
Эпиграф пен шығарма жазып берсеңіздер. Тақырып аты Мұқағали Мақатаев

1 жауап

0 дауыс
Тату-тәтті бармысыңдар, армысыңдар, бауырлар,

Әлем-дархан, саялаңдар, бәріңе де орын бар,

Қорған емес салтанатты, сәнді сарай соғыңдар,

Ей, адамдар, сендер тату, сендер тату болыңдар!

Анамыз – Жер, сол Анадан жаратылдық, туыстық,

Алайда біз қан да төктік, қалжырадық, ұрыстық…

Армысың сен, арамызда жалғыз перзент –

Тыныштық!

 

 

Жаны – жайсаң, жүрегі – жұмыр, құшағы – кең ақынның тыныштықты аңсаған жалынды үні құлағыңнан кетпейді. «Мені адамның өзі, сыртқы сүлдері емес, мінез құлқы, қатынасы, ойы мен психологиясы қызықтырады. Оларды түсінуге тырысамын. Адамдарды түсіне отырып, олардың да мені түсінгенін қалаймын. Менің бүкіл поэзиямның мәні, міне, осы. Поэзия – мен үшін жанымның шырылы». Деп ақиық ақын тегін айтпаса керек-ті. «Тіл дегеніміз – адамзат мәдениетінің қуаты, энергиясы» деген аты әлемге мәшһүр ғалым Вернадскидің пікірі көркем сөзде кесте тіккен ақын Мұқағали Мақатаев шығармашылығына тән десек, қателеспеспіз. Иа, оның тілі шынында да бай, шұрайлы…

 

Ақиық ақынның эпикалық туындыларының алапат қуаты – оның Тұлға ретіндегі болмысын биіктете, аспандата түседі. Мақатаевтың қаламынан саулап, ақ парақ бетін шиырлаған дастандары: «Ару Ана», «Мұзбалақ», «Өмірдастан», «Райымбек! Райымбек!»,  «Аққулар ұйықтағанда», «Қырандар, қош болыңдар», «Жер үстінен репортаж», «Қашқын», «Чили – шуағым менің», «Шекарада», «Моцарт «Жаназасы», (реквием), «Боз орамал» (баллада), «Жыл әкелген жыр» (Новелла)… Бұл дүниелердің барлығы болмысы шынайы лирикамен тұмшаланған жанның поэзиясындағы  ой мен сезім бірлігі, олардың ара-қатынасы логикалық жүйені сақтауымен де құндылығын арттырып, сюжетті лирикалық дүниелердің сұлбасын құрайды. Жаңа әзірде аты аталған шығармаларының қатарына «Аппассионата» атты көлемді поэмасын қоссақ, ақын поэтикасы нұрлана түсері даусыз. Мақатаев өзі айтпақшы «лирика мен эпиканы егіз теліген, екеуін де Пегасқа жапқан ер-тоқымның табан тірер екі үзеңгісі еткен» деуінен ақын шығармаларының әлемі мен айтар ойы – адам тағдыры, адамның тірлігі, мінез-құлқы, сезімі мен түйсігін тани түсеміз. Ақиық ақынның өзі айтқандай, оның лирикалық «мені» жалпы халық, қауым, заман, қоғам. Мақатаев қай тақырыпқа барса да, не туралы жазса да, шығармаларының астарына адамның ғұмыры, тағдыры, дәуірдің ықпал-әсерін шебер тоғыстырады, қиюластырады. Тіпті, алма-кезек ауысқан табиғат құбылыстарының қанық бояуын тауып, қайырғанда да жүгінер тәңірі – Адам, «Адам оқитын жырға адамды қатыстырмау – ессіздік» деуі – оның азаматтық кредосы.

Ақын поэзиясы – тұнған лирика. Мақатаев өлеңдерінің қай-қайсысын оқысаңыз да ой мен сезімі қатар келген дауылды ақынды тани түсесіз. Ғадетте, поэзия хақында тіл безегенде азаматтық әуен, табиғат жырлары, махаббат ғазалдары, сол сияқты, құбылған ауа, түрілген түн, мұндағы қыбырлаған тіршілік, құжынаған өмір, жүрек шымырлатар тылсым сезім, оймен әдіптелген жұмбақ сыр, азаматтық әуен тудырар, туындатар болмыстың өзі емес пе? Дәл осы тұжырым биігінен зер салсақ, Мақатаевтың жүрегін жарып шыққан отты жыр азаматтық асқақ сезімнің символы іспеттес. Ақынның өлең айшықтары көбіне-көп төрт тармақты, он бір буынды қара өлең ұйқасының сан алуан үлгілері болып өріліп отырады. Екі, үш, бес тармақты өлең айшықтары да кездесіп қалады. Тұжырымды түрде сөйлей білетін ақын көтерер жүк тым ауыр, ал Мұқағали Мақатаев кеңес болмысының шынайы келбетін халықтық демократияға ұмтылу сезімінде өз ойын бүкпесіз айтудан тайынбаған.

 

Шыңыраудан шыға алмай шыдам кетіп,

Тағдырыма шынымен бас ұрам ба?!

Қорқып тұрам орнымнан, қорқып жатып,

Бәрі келіп тоғысып, Жүрегімінің

Жағалауын тебеді солқылдатып.

 

Шыңыраудан шыға алмай, шыдам кетіп, тағдырыма шынымен бас ұрам ба, деген тармақта үлкен ой жатқан секілді. Бір қарағанда бұл өзінің ішкі әлемі, ал екінші көзбен қарасақ, қазақтың бодандық құрсауындағы тағдырына алаңдаушылық білдірген әрі нәзік, әрі алып жүректің дүрсілі.

Шынында Мұқағали Мақатаевтың лирикалық поэзиясы – заманымыздың кешегі де, бүгінгі де талаптарымен үндесе, күбірлесе, ымдаса, жымдаса алған өршіл де дауылды жыр үлгісі. Өзі бұ дүниеден 45 жасында қайтқанымен, екінші ғұмырын қоса есептегенде биыл сексеннің сеңгіріне шығып отырған алып ақын шын мәніндегі қазақ поэзиясының құбылысы. Оның сырлы да мұңлы, нұрлы, өршіл жырларынан қуат алып, сусындамаған қазақ баласы кемде-кем. Иә, ақиық ақынның сексен жылдығын жұрт болып жоғары деңгейді тойлау – бүкіл қазақтың азаматтығына сын!

 

Тұманбай Молдағалиев, Қазақстанның Халық жазушысы:

 

«Мұқағали Мақатаев – адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жаршысы. Оның өлеңдері шын тебіреністен, шын шабыттан, шын қуаныштан туған».

 

«Өзге емес, өзі айтады, өз жайында»:

«Ей, безілдектер, Сендер емессіңдер маған баға беретін! Нағыз бағалаушылар әлі алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, біздің әрқайсымызды өз орнымызға солар қояды. Ежелден солай болып келген, солай болады, бола береді  де. Мен өзім жайында мынаны айтам: мен жиырма бірінші ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да…»

Табиғат АБАИЛДАЕВ
...