Тың игеру, тың және тыңайған жерлерді игеру — КСРО-да (Қазақстан, Сібір, Орал, т.б.) 1954 – 1960 ж. жүргізілген науқан. КСРО бойынша жалпы 41,8 млн га жер жыртылса, соның 25,5 млн га-сы қазақ жері болды. Тың игеру нәтижесінде Қазақстан КСРО-дағы ең ірі астықты республикаларының біріне айналды. Тың игеру. Кеңес үкіметі тұсында ең көп тәжірибе жасалған сала – ауыл шаруашылығы. Жасалған реформалар аграрлық саланы дамытудың орнына, көбінесе үлкен қиындықтарға алып келді. Ауыл шаруашылығымен қазақ халқы тығыз байланысты екені белгілі. Сондықтан қазақ халқының басым бөлігі ауылдарда тұрғандықтан реформалардың зардабы бірінші кезекте қазақтарға тиді. Ауыл шаруашылығындағы тәжірибелер 1950 жылдары өз жалғасын тапты. 1953 жылы қыркүйекте КОКП ОК пленумы ауыл шаруашылығында қалыптасқан жағдайды талқылады. Пленумда мемлекет басшысы Н.С.Хрущев баяндама жасады. Баяндамада аграрлық саланың артта қалу себептері талданды. Күштеп ұжымдастырудың зардаптары, миллиондаған шаруалардың ашаршылық пен саяси қуғын–сүргіннің құрбаны болғандығы атап көрсетілді. Сонымен бірге, өнеркәсіпті ауыл шаруашылығы есебінен дамыту ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайының төмендеуіне әкелді. Қыркүйек пленумы ауыл шаруалығының артта қалуын жою жөніндегі нақты шараларды белгілді. Мал шаруашылығының артта қалу себептері: матералдық-техникалық негізінің әлсіздігіне, жайылымдардың тың игеру кезінде егістікке айналуына тікелей байланысты болды. Ауыл шаруашылығындағы жағдайды жақсарту үшін жемдік дақылдар егісінің көлемін ұлғайту жүзеге асырылды. Техникамен жабдықтау және малшыларды материалдық тұрғыда ынталандыру жұмысы жүргізілді. Еліміздегі 47 колхоз бен 225 совхоз ет өндіруге бағытталып қайта құрылды. Осы шараларды жүзеге асыру нәтижесінде мал шаруашылығының жағдайы біршама жақсара бастады. 1950 ж. басында колхоздарды ірілендіру нәтижесінде олардың саны республикада екі есе қысқарды. Сол себепті Қазақстан колхоздары материалдық тұрғыда жарақтанған ірі шаруашылықтарға айналды. Осы кезеңде шаруашылықты жүргізуде талантты ұйымдастырушылардың есімдері көпшілікке таныла бастады. Олардың еңбегін мемлекет жоғары бағалады. Мысалы, Алматы облысындағы «Алматы» колхозының бастығы Л.Манько, «Мичурин» атындағы колхоздың бастығы Қ. Әбдіғұлов Социалистік Еңбек Ері атанды. Ал, Талдықорған облысындағы «Жаңа талап» колхозының бастығы Н.Алдабергенов екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алды. 1950 ж. екінші жартысында МТС-тер таратылып, олардың қарамағындағы ауыл шаруашылық техникасы колхоздарға берілді. Бұрынғы МТС-тер орнына республикада 213 машина жөндеу станциясы (МЖС) құрылды. Кейін олар «Казсельхозтехника» өндірістік–техникалық жабдықтау бірлестігінің құрамына енді. Мұндай қайта құрулар ауыл шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Оның материалдық–техникалық тұрғыда жабдықталуында тұрақтылық болмады. 1954 жылы 23 ақпан - 2 наурыз арлығында Компартия ОК кезекті пленумы болып өтті. Онда «Елде астық өндіруді ұлғайту мен тың және тыңайған жерлерді игеру» туралы қаулы қабылданды. Жалпы, астық мәселесін шешудің екі бағыты болды: - интенсивтік бағыт, экономиканы реттеуде нарықтық қатынасқа көшу. - экстенсивтік бағыт, яғни астық өнімін тың жерлерді игеру арқылы арттыру жолы. Шаруашылықты нарықтық қатынастарға көшіру социализм идеологиясына қайшы келетін еді. Сондықтан, азық-түлік мәселесін шешуде Кеңес үкіметі осы екінші жолды таңдады. Қаулы бойынша тың игерілетін аймақтар: Қазақстан, Сібір, Орал және Солтүстік Кавказ, Еділ өңірі. Бұл аймақтарда егіс көлемін арттыру көзделді. Қазақстанда тың игерілетін аймақтарға солтүстік облыстар енді. Кеңес Одағы бойынша 1954 жылы 13,4 млн гектар тың жерлер жыртылды. Оның ішінде Қазақстанда 6,5 млн гектар, яғни барлық жыртылған жердің 50%. Ал жоспар бойынша Қазақстанда 1954-1957 жылдары егіс алқабының көлемі 2,5 млн га. артуы тиіс еді. Осылайша, жаппай тың игеру қозғалысы басталды. Тек 1954-1955 жылдары Қазақстанда жаңа 337 совхоз құрылды. Бұл совхоз атауларының өзі көп жәйтті аңғартып тұрса керек: «Москва», «Ленинград», «Киев», “Кантемировец”, “Тамановец” «Ростов», «Одесса» т.б. Жаңадан құрылған совхоздарда тұрғын үйлермен бірге жаңа мектептер, бала бақшалар, мәдениет үйлері, спорт алаңдары, кітапханалар салынды. Бұл республиканың әлеуметтік және мәдени дамуындағы оң істердің бірі еді. 1954 жылы тамызда КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесі «Астық өндіруді молайту үшін тың және тыңайған жерлерді одан әрі игеру туралы» жаңа қаулы қабылдады. Осы қаулыға сәйкес ауыл шаруашылығының техникалық базасын нығайту ісі қолға алынды. Қазақстан совхоздары сол кезеңде 169 мың трактор, 98 мың комбайн, 73 мың жүк машинасын және басқа да көптеген ауыл шаруашылық техникасын алды. КСРО Министрлер Кеңесі 1954 жылы қыркүйекте тың игерілген жерлерде темір жолдар мен автомобиль жолдарының құрылысын дамыту туралы қаулы қабылдады. Қаулы бойынша Қазақстанда 2.600 шақырым автомобиль жолы төселуге тиісті болды. Тың игеру барысында Тобыл–Жетіқара, Есіл–Арқалық темір жолдары іске қосылды. Тың және тыңайған жерлерді игерудің үлкен зардаптары да болды. Билік басындағылар ғалымдардың пікірімен санаспады. Экология мен жергілікті халықтың ерекшеліктерін ескермеуі үлкен зиян әкелді. Қазақстанның тың өлкелерінде жер эрозияға ұшырады. 1960 жылдарға қарай Қазақстанның тың өлкелерінде 9 млн га жер жел эрозиясына ұшырады. Тың игерудің рухани және демографиялық зардаптары да зор болды. Қазақстанға 1954-1962 ж. тың игеруге КСРО-ның еуропалық бөлігінен 2 млн адам келді. Сол себепті қазақ халқы өз жерінде азшылық жағдайына түсті. 1959 жылғы халық санағы бойынша республикада тұратын жергілікті ұлт өкілдерінің саны 2 миллион 787 мың, яғни барлық халықтың 29 % ғана құрады. Тың игерілген облыстарда 700 қазақ мектебі жабылды. Енді қазақ балалары мектеп–интернаттарда оқытыла бастады. Олардың басым көпшілігінде оқу орыс тілінде жүргізілді. Бұл біріншіден, қазақ жастарының ұлттық тілі мен мәдениетінен қол үзуіне әкеп соқтырды. Екіншіден, Қазақ елінің елді-мекендері мен жер–су атаулары орысша атала бастады. 1962 жылы Н.Хрущевтің бастамасымен Қазақстанның солтүстік облыстарын тың өлкесіне біріктіріп, Ақмола қаласы Целиноград деп өзгертілді. Мұндай орыстандыру саясатынан қазақ халқын еліміздің тәуелсіздігі ғана құтқарды. Тың игеру кезінде құрылған совхоздарда жергілікті халықтың ерекшеліктері ескерілмей, кейбір қазақ ауылдарына да шошқа өсіруге нұсқау берілді. Қазақ ауылдарында шошқа фермалары ашылғанымен олар көп ұзамай жабылып қалды. Өйткені, қазақтар шошқа шаруашылығын жүргізуден үзілді-кесілді бас тартты. Шошқа шаруашылығын дамыту мен жайылымдардың қысқаруы қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығына кері әсерін тигізді. Түйе мен жылқы шаруашылығы құлдырап кетті. Емдік қасиеттері белгілі қымыз бен шұбат өндіру ұмытыла бастады. Халық үшін ең ауыр тигені сол кезеңде Кеңес үкіметінің жеке және қосалқы шаруашылық жүргізуге тиым салуы болды. Тың игеру 1964 жылға дейін жалғасты. Оның негізгі нәтижесі: сол уақыттан осы кезге дейін Қазақстан халқын нанмен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Сонымен бірге, Қазақстан астықты шет елдерге экспорттаушы елге айналды. Тың игерудің экологиялық және рухани зардаптары болғанымен, ол XX ғасырдың аса ірі экономикалық жобаларының бірі болды.
Мынаның барлығы интернеттен алынған. Білімді интернеттен емес кітаптан іздеңдерші, өтініш!