0 дауыс
38.5k көрілді
ГМО дегеніміз не? ГМО (гендік модификацияланған организмдер) дегеніміз не?

1 жауап

0 дауыс

ГМО (гендік модификацияланған организмдер) – гендік инженерияның табысты жемісіне айналып отыр. Нақтырақ айтсақ ГМО – бір ағзаның геніне бөтен ағзаның генін енгізу арқылы пайда болады. Мысалы, шет елдерден тасымалданатын шие мен қытай қиярына шошқаның гені қосылады екен. Америка 1983 жылы биологиялық қару жасау барысында ең алғашқы гендік модификацияланған өсім­діктерді өндірген. Сосын, гендік модификация 1986 өсімдіктерді үсіп кетуден сақтау үшін пайдаланылған. Бұл ол кездері ғылымдағы үлкен жетістіктердің бірі болатын. 1992 жылы осы әдіспен Қытайда зиянкестер залал келтірмейтін темекі өндірілген. 1994 жылы тасымалдау кезінде бұзылмай сақталатын қызанақтар өндірілді. Содан бас­тап «ГМО мәдениеттің» дәурені жүре бас­тады. Оған себепші болған Американдық  «Monsanto» фирмасы еді. 2006 жылы 22 елдің 10,3 млн. фермері 102 млн. гектар жерге ГМ-өсімдіктің сан түрін алған. Мәселен, осы жолмен өсірілген картоп, алма, мақта, жүгерілерге құрт мүлде түспеген. 2006 жылы 97% трансгендік өсімдіктерді АҚШ (53%), Аргентина (17%), Бразилия (11%), Канада (6%), Индия (4%), Қытай (3%), Парагвай (2%) және Оңтүстік Африкада (1%) өндірген. Бүгінде дүкен сөрелерінде тұрған тағамдардың құрамына ГМ-соя, ГМ-жүгері, ГМ-крахмал, ГМ-ақуыздың қосылатыны белгілі. «Monsanto»  фирмасы өндірген ГМ-жүгері АҚШ нарығында көш бастап тұр. ГМО-ның араласпаған жері жоқ. Биологиялық және медициналық зерттеулерде, фармацевтикада, ауыл шаруа­шылығында, тамақ өндірісінде кеңінен қолданылып келеді. 

Аштық ас талғамайды

ГМО-ның пайда болуының себебін ғалымдар жер шарында адам санының кенеттен жыл санап өсіп келе жатқанымен байланыстырады. Статистикаға көз жүгіртетін болсақ 1800 жылы жер бетіндегі адамдар саны 1 миллиард, 1929 жылы 2 миллиард болса, соңғы 50 жылдың ішінде 7 миллиардқа дейін өскен. Енді, 2050 жылға дейін 9,5-11 миллиард адамға көбейеді деген болжам бар.  Жер шары осыншама адамды асырай алмауы мүмкін. Адам дүниеге келіп өмір сүруі үшін жарық, ауа, қорек қажет. Жарық пен ауа өз алдына, жер бетіндегі пенделердің аштыққа шыдамасы анық. Сондықтан да, ғалымдар ГМО арқылы әлем тұрғындарын аштықтан аман алып қалудың жолын тапқан сыңайлы.

БҰҰ-ның статистика мәліметіне жү­гін­­сек, биылғы жылы 795 миллион адам аштықтан зардап шегіп отыр. Бір қуантарлығы, былтырғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш төмендеген. 2014 жылы 805 миллион адам немесе әлемнің әрбір тоғызыншы тұрғыны аштық зардабын тартқан болатын. Және де жыл сайын аштықтың салдарынан 5 жасқа дейінгі 11 миллион сәби көз жұмады.  Аштық жайлаған елдердің адыңғы қатарында Африка елдері тұр. Афри­каның   аштықтан қырылып жатқан тұрғындарын құт­қару үшін «Билл және Мелинда Гейтстердің қайырымдылық қоры» мен ГМО биотехнологиясын өндіруші Дэвид Рокфеллердің «Рокфеллер қоры» бірлесіп жоба жасаған болатын. Олардың қаржыландырып отырған ортақ жобалары «Африкадағы жасыл революция Алянсі» деп аталды. Және оны басқару тізгіні БҰҰ-ның бұрынғы хатшысы Кофи Аннанға бұйырған еді. Жоба аясында ГМ-жүгері өндіріліп, таратыла бас­тады. Не себептен екені белгісіз, Африка елдері соңғы жылдары ГМ-өнімдерді өз шекараларына тасымалдауға рұқсат бермей келеді. «ГМО жер шарындағы адамзат баласын аштықтан құтқармақ түгілі, ұрпақсыз қалдырып, мүлдем жойып жіберетін жойқын күшке айналуы мүмкін», – деп ғалымдар дабыл қағуда.

ГМО әдіс қалай жүргізіледі?

Әрбір өсімдіктің және әрбір жануардың ағзасында өзіндік белгілері болады. Және оның әрқайсысына белгілі бір ген жауап береді. Егер, қандай да бір белгіге жауап беретін генді алып тастасақ, белгі біржолата жойылады. Ал, оған жаңа бір генді енгізсек, өсімдікте немесе жануарда жаңа қасиет пайда болады.  Мысалы, картопқа сарышаянның генін қосады. Нәтижесінде ешқандай құрт түспейтін картоп алады. Сондай-ақ, қызанақ өндіру үшін полярлық түйетабан (камбала) балығының генін пайдаланады. Есесіне бұл өнім суыққа төзімді келеді. Дәмі тіл үйіретін құлпынай өндіру үшін әртүрлі бактериялардың генін қосады. Сол себепті де құлпынай өте ұзақ уақыт бұзылмай сақталады. Бала кезден барлығымыздың ең сүйікті жемісіміз алманы да бірдей көлемде және біркелкі түсті етіп өсіру баяғыда-ақ қолға алынған. ГМО әдіспен өсірілген алмалар шірігенге дейін өзінің хош иісін жоғалтпайды.  ГМ-қызанақтың жаңа түрін тіпті солтүстіктің қақаған аязында да өндіруге болады. Қазіргі таңда гендік өзгеріске ұшырап, кең тарап отырған көкеністер мен жемістерге жүгері, бидай, қызылша, мақта, темекі, құлпынай т.б. жатады. Гендік инженерия көкеністер мен жемістерді былай қойып, жануарлар дүниесіне қол сала бастады. Мәселен, бұлшық етті сиырлар, сирағы денесінен үлкен тауық еттері, жасанды жолмен алынған тауық жұмыртқалары.  

Ауру астан…

ГМО-ның шаруашылықтағы пайдасы өте көп. Мәселен, тағамның дәмділігі мен сапасы артады, тез пісіп, жетілуін жеделдетеді, құнарлылығы жоғарылайды, ұзақ уақыт сақтауға болады, құрт түсуден, зиянды ағзалардан сақтайды, ең бастысы жаңаша өсіру технологиясы арқылы жаңа түр алады. Гендік модификацияланған тәтті картоп ақуыз және тағы да басқа қоректік заттармен байытылғандықтан А дәруменінің жетіспеушілігінен емдеуге болады. 2008 жылдың қаңтарында сәбізді де осы әдіспен өзгертіп көрген. Соның арқасында құрамы кальциймен байытылып, «остеопороз» ауруын емдеуге болатыны дәлелденген. Алайда, аты жаман аурудан құлан таза айығу үшін бір күнде 1,5 кг сәбізбен қоректеніп отырасыз. Бұл, әрине, тиімсіз саналды. Сондықтан, пайдасымен қоса зияны да шаш етектен екенін ұмытпаған жөн болар. Зияны: аллергия ауруын туындатады, иммунитет әлсірейді, зат алмасу қызметі нашарлайды, рак ауруы пайда болады, белсіздік пен бедеулікке ұшыратады. ГМО тағамдар адамдарды семіздікке ұрындырады. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау  ұйымының мәліметінше әлемде 1,9 миллиард тұрғын артық салмақтан арыла алмай келеді. Сондықтан да, әр елде ГМО қоспасын тағамда пайдаланудың өзіндік деңгейлері белгіленген. Мысалы, Жапонияда – 5%, кейбір Еуропа елдерінде – 0,9%, АҚШ-та – 10% ГМО қоспасын пайдалануға рұқсат етілген.

Американдық ауыл шаруашылығы ісі­нің зерттеушісі, полковник, дәрігер Дон Губердің зерттеулеріне сүйенсек  ГМО өнімді жиі пайдалану бедеулік пен белсіздікке ұшыратады. Дон Губер 40 жыл әскери бөлім­шеде биологиялық қауіп-қатерді зерттеген ғалым. Оның айтуынша, ГМО өнімді көп тұтынудың салдары адамның ауруға қарсы тұру қасиетін жойып, иммунитетін төмендетеді. Оның қауіп-қатерге толы екенін әлемнің көптеген ғалымдары мойындап отыр. ГМО-ның салдарынан адам ағзасының мутациялануы ғажап емес. Гендік өзгеріске ұшырап, будандастырылу арқылы алынған жануарлардың жаңа түрлерінен де ұрпақ өрбімейді. Мысалы, жылқы мен есектің буданынан алынған жануар өседі, жетіледі, бірақ, ұрпақсыз. Ғалымдар жылдам көбеюге бейім келетін егеуқұйрықтарға зерттеу жұмыстарын жүргізіп те үлгерген. Нәтижесі көңіл қуантарлық емес. ГМ-өнімдермен жиі қоректенген егеуқұйрықтардың балала­рының 50%-ы өлі туылған. Ал, тірі қалған­дарында түрлі аурулардың белгілері анық­талып, ұрпақ өрбітуге қауқарсыз болып шыққан.
Неміс фермері Годфрид Голувмер 1997 жылы алғашқылардың бірі болып, сиырларды асырау үшін  ГМ-жүгеріні егіс алқабында өсірген. Нәтижесі жаман болмаған. Зиянкестерден зиян көрмей біркелкі әрі қаз-қатар тізіліп өскен. Көздің жауын ала жайқалып өнген ГМ-жүгеріні жеген сиырлар апта өтпей бірінен соң бірі ауруға шалдыққан. Осы әдіспен пайда көрмек болған Голувмердің артынша 70 бас сиыры қырылып қалған. Тәуелсіз сарапшылар анықтағанда трансгенді жүгерінің құрамында 100% Bt-токсин уы болғаны анықталған. Bt-токсин құрт-құмырсқа, жәндіктерді бірден өлтіріп жіберетін у. Сондықтан Bt-токсиндерді ГМ-жүгері, ГМ-мақта және т.б. гендік модификацияланған ағзалардың құрамынан кезіктіруге болады. ГМ-өсімдіктердің салдарынан бал араларының кейбір түрлері жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұр.

Еуропа ГМО-ны азық етуге мәжбүр

Қазіргі таңда көптеген елдер гендік модификацияланған өнімдерден бас тарту туралы заңдар қабылдаған. 2000 жылдың өзінде гендік инженерияның қауіптілігі жайлы барлық мемлекеттің билік өкілдеріне, ГМО өнімдерді тоқтату үшін 84 елдің 828 ғалымы қол қойып, арнайы хат жолдаған. Канада 2005 жылдан бері қарсы шаралар ұйымдастырып келеді. Алайда, еш нәтижесіз. Есесіне, 2008 жылдан бері «ГМО мәдениет» дами бастады. Канада әлемде ГМ-рапс өндіруден алда тұр. Австрия, Грекия, Польша, Швейцария, Венесуэла ГМ-өнімдерден мүлдем бас тартты. Алайда, басқа батыс елдерінің тұрғындары ГМО-ны азық етуге мәжбүр. Өйткені, экологиялық жағынан таза өнімдерді қарапайым халықтың қалтасы көтермейтін көрінеді. Жасанды тағамдарға қарағанда  экологиялық таза өнімдердің бағасы екі есе жоғары. Еуропада қымбат әрі зияны жоқ тағамдарды әзірге бай-қуатты адамдар ғана тұтынып отыр.

 ИА REGNUM тілшілерінің хабарлауынша, 2015 жылдың сәуір айында Ресей Федерациясының Мемлекеттік думасында ГМ-өнімді мүлдем шектеу туралы заң қабылданды. Енді, Ресейде ГМ-өсімдіктерді, ГМ-жануарларды өндіруге тыйым салынды. Тек арнайы ғылыми зерттеулер үшін ғана ГМО-ны пайдалануға рұқсат етіледі. Қазақстанда жағдай өзгеріссіз күйінде. 2000 жылы биоқауіпсіздік туралы Картахен келісімі қабылданғаны мәлім. Бұл құжатта көптеген мемлекеттердің ГМО өнімдеріне қатысты көзқарастары белгіленіп, 166 мемлекет қол қойған. Сол елдердің ішінде Қазақстан да бар. Құжатта көрсетілгендей өнімнің зияндылығы дәлелденген жағдайда, кез-келген гендік тұрғыда өзгертілген өнім зиян деп танылады. Алайда, ондай өнімдердің зияндылығын дәлелдеу оңай болмай отыр.

ГМО-сыз
Өндірушілер ешқандай азық-түліктің сыртына «ГМО қосылған» деп жазбайды. Керісінше «ГМО-сыз»  табиғи өнім деп тұрады. «ГМО-сыз» деп мөр басылған тауардың бағасы да қымбат болады-мыс. Алайда, ГМ-өнімді қалай ажыратуға болады? Бұны анықтаудың еш қиындығы жоқ. Барлық кондитерлік, әсіресе, кәмпиттер, печеньелер, ұн, шоколод түрлерінің құрамында трансгендер бар. ГМ-өнімді құрамындағы тағам қоспасының тізімінен анықтауға болады. Сонықтан, тағамды сатып алмас­тан бұрын мұқият қарап шыққаныңыз абзал. ГМО өнім Е индексімен жасырынып тұрады. Олар былай белгіленеді: Е101 и Е101А; Е150 (карамель); Е153 (карбонат); Е160а (бета-каротин, ретинол); Е160b (аннатто); Е160d (ликопин); Е234 (низин); Е235 (натамицин); Е270 (сүт қышқылы); Е301-ден Е304-ке дейін (аскорбат); Е330 (лимон қышқылы); Е415 (ксантин); Е459 (бета-циклодекстрин); Е460-тан Е469-ның арасы (целлюлоза); Е470-тен Е570 (тұз және май қышқылдары); Е951 (аспартам); Е953 (изомальтит); Е957 (тауматин) немесе Е965 (малтинол) және т.б. Сондай-ақ,  www.placewoman.ru сайтында ГМО-ны өндірісте қолданатын фирмалардың тізімі жарияланған. Олар: Kelloggs, Nestle, Heinz Foods, Coca-Cola, McDonalds, Cadbury, Mars,  PepsiCo, Hipp, Nestle, Unilever, «Heinz» соустары, Knorr, Calve, Maggi, Lipton, Nestea, Brooke Bond, Беседа, Nescafe, Corn Flakes, Honey Crunch, Lays, Cheetos, Pringles, Бондюэль, Балтимор, Кампина, Эрман, Чудо-йогурт, Данон т.б. Сондай-ақ, тауарды қай елдің өндіргеніне назар аударған жөн. Мысалы, өндіруші ел Қытай, Америка, Канада, Англия, Норвегия, Франция болса, онда міндетті түрде құрамында гендік өзгеріске ұшыраған ағзалардың бар екені күмәнсіз.
Адамзат баласы сан жылдан бері қалыптасып келе жатқан табиғат заңдылығын өзгертуге құмар-ақ. Мысалы үшін, өсімдік – жарық пен жылуды сүйеді, құрт-құмырсқа – жеміс-жидектерді, өсімдіктерді қорек етеді, ал, құрт-құмырсқаларды құстар азық қылады. Бұл табиғат ананың өзі реттеп қойған заңдылығы емес пе? Біз келіп осы тепе-теңдікті бұзуға тырысамыз.  Өзгертпекке тырысып, «артық қыламын дептінің» күйін кешпес пе екенбіз?

P.S. Гендік модификация ХХ ғасырда емес ХVI ғасырда дами бастаған сияқты. Өйткені, күнделікті қолданып жүрген кәдімгі сәбізіміздің түсі алғашында сарғыш емес күлгін түсті болғанын біреу білсе, біреу білмес. Тіпті, күлгін сәбіздерден өзге ақ және сары түсті сұрыптары болған деседі. Ал, бүгінгідей сарғыш түсті сәбіздер голландтық селек­ционер-ғалымдардың арқасында XVI ғасырда пайда болыпты. Сәбіздер оған дейін тағам ретінде емес, емдік-дәрілік өсімдік ретінде қолданылып келген. Сәбіздің арғы атасы саналатын күлгін түсті сәбіздер жер бетінен мүлдем жойылып кетпесе де, қазір ұмытыла бастаған.

Ұқсас сұрақтар

...