+1 дауыс
3.2k көрілді
Қазіргі заманда Мыстан кемпір бар ма? Қазақ фольклорында мыстан мен жалмауыз кейде аражігі ашылмай біртұтас кейіпте келе береді. Бірақ фольклорлық туындыларға терең үңілген адам мыстан мен жалмауыздың екі бөлек образ екенін айқын аңғарады.

4 жауап

0 дауыс
Мыстан кемпір мен жалмауыз кемпірдің айырмашылығы жоқ деп ойлаймын
+1 дауыс
Қазақ фольклорында әйел бейнесінде беріліп, адамға зұлымдық жасайтын қаскөй образдар көп. Сол образдарды шартты түрде екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – адам сипатты ұнамсыз кейіпкерлер, екіншісі – адам сипатынан гөрі құбыжықтығы басым, қаскөй күштер.

Адам сипатты ұнамсыз кейіпкерлер ішінде ең көп кездесетін бейне – Мыстан. Қазақ фольклорында мыстан мен жалмауыз кейде аражігі ашылмай біртұтас кейіпте келе береді. Бірақ фольклорлық туындыларға терең үңілген адам мыстан мен жалмауыздың екі бөлек образ екенін айқын аңғарады. Алдымен МЫСТАН бейнесіне тоқталайық.

Мыстан бейнесін көз алдарыңызға елестету үшін фольклорлық үлгілерден мысал келтірейік. Мәселен «Алпамыс батыр» жырында Мыстанның сырт бейнесі былайша суреттеледі:

Сол кезде жасы үш жүзге жеткен, көрінгенмен ұрысқан, қабағы қатып тырысқан, өзін туғаннан Құдай атқан, бір кез ширек бойы бар, адам таппас ойы бар, тізесіне шекпен жетпеген, басынан жаманшылық кетпеген, басы мүйіз көті киіз бір мыстан кемпір келді.

Ал Ұшар хан ертегісінде мыстанды:

Бір уақытта сол топтың ішінен басы мүйіз, түріне адам қарағысыз сұмпайы, қарға тұмсық, қара аяқ бір мыстан: «Мен білем, маған бір желмая бер, қызды алып келем», – дейді, деп суреттейді. Бұл мыстанның сырт кейпі.

Енді мыстанның ішкі дүниесіне үңілетін болсақ оның мынадай қырларын байқаймыз:

Мыстанда алып бара жатқан ерекше қасиет, сиқыр жоқ. Ол өз дегеніне кісіні алдау, арбау арқылы жетеді. Мысалы «Алпамыс батыр» эпосында Тайшық хан алып кеткен жылқыны қуып келе жатқан Алпамыс батырды Мыстан күшімен, болмаса сиқырымен қолға түсірмейді, айласымен арбап қолға түсіреді. Мыстан Алпамыстың жолына қырық отау тіктіреді. Қырық қызға қырық шөлмек арақ беріп, осыны батыр келгенде ішкізу керек деп тапсырма береді. Өзі Алпамыстың жолын тосып тұрады. Алпамыс талма түс кезінде айдын көлдің бойында тосып тұрған Мыстанға жолығады. Ол бейшара кейіптегі бір мүсәпір бола қалады. Алпамысты өзінің іс-әрекетіне сендірмек болып, түрлі айла-шарғы жасайды.

Тілеуің құрғыр қу Мыстан,

Сонда тұрып жылайды.

Көзінің жасын бұлайды

Бір топ біткен шеңгелді

Құшақтап тұрып құлайды.

Мыстанның өтірік әрекетіне сеніп қалған Алпамыс батыр оны жұбатып, көңілін аулауға кіріседі. Дұшпаның кім болса да басын кесіп беремін деп уәде береді. Қулығына құрық бойламайтын Мыстан өтірікті судай ағызып қырық ұлын Тайшықхан өлтіргенін айтады. Жолыңды тосып жүр едім, отауға түс, деп алып сусын іш деп Алпамыстың алдында құрақ ұшады. Мыстанның сөзіне сенген Алпамыс «сусынды» тартынбай ішеді. Ақыл-есінен айрылған Алпамысты байлап-матап қалмақ ханына апарып береді.

«Ұшар» хан ертегісіндегі мыстан қулықпен күн кешкен айлакер әйел кейпінде суреттеледі. Жандыбатырды алдап, мүсәпір кейіпте сеніміне кіріп, үйіне еріп келеді. Алдап-арбаудың небір түрлерін, амал-айласын білген мыстан  Жандыбатырдың алдынан шығып, әдейі жолдан арыған жолаушы болып көрінеді.

– Шырағым, мынау бір жатқан келе жатыр едім, мына түйесі құрғыр шаршап, орнынан тұра алмай жатыр. Күн болса батып барады не істерімді білмей, сергелдеңге түсіп отырмын, – деп алдап, оның үйінде бір-екі күн тынығады. Келіншегі Зәузәмірді айналдырып, Жандыбатырды айламен өлтіріп, келген мақсатына қол жеткізеді. Қызды желмаяның артына таңып, ит қорлығын көрсетіп, ханның қолына әкеліп табыс қылды.

«Ер төстік» ертегісінде де Желаяқпен бірге жаяу жарысқа түскен мыстан оны айламен жеңбекші болады.  Желаяққа: «Шырағым, шаршадың ғой. Басыңның битін қарап берейін, деміңді алып ұйықта, жарысарда өзім оятамын», – деп, оны алдап ұйықтатып тастайды.

Желаяқ мыстан кемпірдің сөзіне нанып, қаннен-қаперсіз ұйықтап жата береді. Бір мезгілде оянса, шекесінен күн өтіп барады. Түс болып қалған екен, желаяқтар әлдеқашан кетіп қалыпты. Кемпірдің алдағанын біліп, Желаяқ санын бір-ақ соғып, тұра жөнеледі. Жерден бір уыс топырақты ала жөнеледі. Құстай ұшып, құйындай ұшып келе жатса, жаяулар да қазықшаға жақындап қалған екен, ең алдында мыстан кемпір бара жатыр екен. Желаяқ өте беріп уысындағы топырақты кемпірдің көзіне шашып кетеді. «Алда ғана көк шешек-ай, мықтадың-ау!» – деп, кемпір көзін уқалап қала береді, – деген үзіндіден мыстанның тек айла-амалмен ғана жеңіске ұмтылатындығы анық аңғарылады.

Мыстанның адамға тән екінші қыры – пендешілігі, дүниеқоңыздығы. Мыстанның пендешілігі басым. Ол дүниеқоңыз. Дүниеге қызығып жауыз адамдардың жұмсағанына жүреді. Мәселен «Мұнлық-Зарлық» жырында Шаншар ханның Қаншайымнан туған бір ұл, бір қызын көре алмаған алпыс қатынның жұмсауымен екі нәрестенің көзін құртуға Мыстан араласады. Толғатып жатқан Қаншайымға дем салып есінен тандырады да, оның бауырына иттің екі күшігін салады.

Шаншар ханның ұзақ жыл өзінен туған екі баланы білмей, зарығуы, Мұңлық пен Зарлықтың иен тауда ата-анасыз өсуі, хан әйелі Қаншайымның қорлық көріп бір аралда өмір сүруі – бәрінің бақытсыздыққа ұшырауына себепші Мыстан болып табылады. Сонда ол осындай зұлым әрекеттің бәрін 60 табақ алтын үшін жасайды.

 «Екі баланы (Мұңлық-Зарлықты) қолтығына қысып Қазар дариясына тастамақ болып жағаға келеді. Бір сәт екі сәбиді қимаса, бір сәт алпыс табақ алтынды қимайды. Екіұдай ойда тұрған Мыстан:

Тастайын деп бұл суға

Сендерді көзім қимайды,

Тастамайын десем мен

Алпыс «анаң» болмайды.

Барғын, балам, Аллаға

Разы болғын қазаға,

Тіпті көзім қимайды

Қызығып кеттім, ботам-ай

Алпыс табақ тіллаға,– деген үзіндіден оның аяушылық қасиеттен жұрдай емес екенін байқаймыз. Бірақ, таразыға обал, сауаппен бірге алтын, дүние деген мәселелер қатар түскенде екіншісі басып кетеді.

3) Мыстан – бал ашып болашақты болжайды.

«Раушанбек» дастанында қызылбастардың ханы Шағдат түркімен еліне шабуыл жасайды, Толыбай сыншының баласы Раушанбек Шағдаттың қолына тұтқынға түседі. Бал ашып болашақты болжайтын мыстан кемпірдің айтуымен хан Раушанбекті өлімге бұйырады. Бірақ уәзірлердің біреуі араша түсіп Раушанбек тірі қалады да, құлдыққа сатылады. Оны түркімен Ғаждамбек сатып алады, қызы Ақанайға қосады.

«Көрұғлының Шағдатқа барғаны» – «Көрұғлы» дастанының бір саласы. Бір күні сарайында ұйықтап жатқан Көрұғлының түсіне әжесі Күләйім кіреді, Көрұғлы шошып оянады да, Шағдатты шабуға дайындалады. Дәл осы кезде Шағдат та түс көреді, түсінде үш жолбарыс оны алтын тағынан құлатады. Ханның түсін жорыған мыстан Көрұғлы мен оған көмекке келген Райхан араб пен Қызылбайды айтып, патшаны шошындырады.

 

 

Енді Мыстан образы туралы ғалымдардың пікірлерін саралап өтейік. Көрнекті ғалым С.А.Қасқабасов «Казахская волшеная сказка» атты еңбегінде мыстан бейнесі қашан пайда болған деген сұраққа «Мыстан ерте заманда матриархат кезеңінде айналасына билік жүргізетін ақылды әйел бейнесінің өзгерген түрі» деп жауап береді. «Ежелгі Мыстан бейнесі күшті эволюцияға түскен» деген ой айтады.

Ғылымда мыстанды мыс дәуірінде өмір сүрген басқарушы әйелдің заман ағымына сай өзгеріске түсіп, құбылып келген бейнесі деп түсіндіру тенденциясы бар екенін айта кеткеніміз жөн. Матриархат дәуіріндегі ақылгөй, дана әйел бейнесі патриархат дәуірі келіп, әйелдің қоғамдағы орны өзгерген сәтінде ұнамсыз кейіпкерге ауысады. Оның ақылды, алды артын болжағыш, көрегендігі енді ұнамсыз қасиет болып бағаланады. Мыстан небір айла-амал тапқыш зұлымға, барлық ақыл-ойын жамандық үшін жұмсайтын жиіркенішті бейнеге айналады. Мыстан болатын жағдайды алдын ала біліп отырады. Басты кейіпкерді қармаққа түсіру тәсілдерін де күні бұрын ойлап қояды. Осы жоспары бойынша қара ниетін іске асырады.

«Матриархат дәуірінде руды қария әйелдер басқаратын болған. Жаңа туған балаға ат қою, жетім қалған балаларға қамқорлық жасау, шеттен келген адамды тайпаға қабылдау, тайпаның заңдарын қатал сақтау, жастарды үйлендіру, тағыда сол сияқты заңдар осы аналар әміріемн жасалған. Керек кезінде олар әскерді де басқарған. Осының нәтижесінде қарт анаға табынушылық пайда болған. Ол керемет иесі, қолынан келмейтіні жоқ сиқыршы, рудың жауларын, жан-шайтанды да жеңе алатын күш болып танылған. Патриархаттың тууына байланысты бұл бейне құлдырап бұрынғы маңызын жойды. Оның атқаратын қызметі кейіннен аталық руға ауысты. Ру басы ананың бейнесі мифтік аңыздарда ғана қалды. Бара-бара ол жалпы атпен жағымсыз кейіпкер сипатын алды» деген пікірде ғылыми негіз бар.

Қорыта айтқанда, мыстан – сыртқы кейпі ұсқынсыз, ұзақ өмір сүрген, аузы опырайған, шашы жалбыраған, мүсәпір кемпір бейнелі озбыр, бойында тылсым күші жоқ, бірақ айла-амалы мен қулық-сұмдығы мол, қарапайым жолмен-ақ өлтіруге болатын, көп шығармаларда таз баласы бар, өзінен басқаға жақсылық ойламайтын, дүниеқоңыз кейіпкер. Мыстан кемпір кейде дәудің шешесі ретінде де бейнеленеді.

Енді шығарманың бас қаһарманына қарсы адам сипатынан гөрі құбыжықтығы басым, қаскөй күш –  Жалмауыз образына тоқталайық. Жалмауыз – ашкөз, тойымсыз тажал. Мыстан адам сипаттағы ұнамсыз кейіпкер болса, жалмауыздың адам сипатынан гөрі тылсым күші басым. Ол адамның бойында болмайтын жойқын күштің иесі. Оны өлтіру оңай емес. Мәселен «Құламерген-Жоямерген» эпосында жалмауызды  былай суреттейді:

Бір денеде малғұнның,

Жеті басын көріңдер.

Әр басында кемпірдің

Жүз кісінің күші бар, – делінеді.

Барлық пәлені бастап жүретін жеті басы бар жалмауызды өлтіру өте қиын. Оны алты ай қуып ұстауға айналады. Осындай қиын сәтте Құламергеннің екінші әйелі Баллумаржанның ақыл-ұсынысымен артында қалған баласы Жоямерген көмекке келеді. Мыстан кемпірді қуып жетіп алтын оқпен маңдайдағы жалғыз көзінен атып өлтіреді. Айласы өте көп Мыстанды осылай жеңеді.

Жеті басты жалмауыз бейнесі «Аю дәу» ертегісінде де кездеседі. Ертегіде:

…Келсе, айдалада, құла түзде қырық құлақты бір қазанда май қайнатып жатыр, қасында аузында бір тісі жоқ, құйрығында қыртысы жоқ бір жалмауыз адамдарды қабат-қабатынан көгендеп қойып, жаңағы қайнап жатқан майға бір-бірден таңдап әкеліп, түсіріп-түсіріп, сүзіп алып, жаңадан тамақтанайын деп, алдына алып отырған үстінен кез болды, делінеді. Мыстан адамды қулығымен арбап, торға түсіргенімен, оны жемейді. Ол бас қаһарманға зұлымдық жасау арқылы байлыққа қол жеткізбекші болады. Ал жалмауыздың басты мақсаты – адамды жеу. Адам жалмауыз үшін қорек қана.

Мыстанды батыр көбіне бір-ақ ұрып сеспей қатырады. Ал жалмауызды өлтіру үшін бас  қаһарман біраз күш жұмсайды. Мәселен:

… Сол кезде кемпірдің бұрым шашына ұстап тұрып қайнап жатқан майға пісіп-пісіп алды. Сол кезде баланың жан-жағынан қаптаған  жалмауыздар толып кетті. Бала қылышын суырып алып, келгенін келгендей басын қағып алып тұрды. Сонда ақырғы қалған жетінші кемпір жоқ болып кетіп, құр бір бас домалай қашты, – делінеді.

Ал, «Аламан мен Жоламан» ертегісінде:

Кемпір баланы көріп, артына қарап сұрланып, ақырған кезде, бала қақ маңдайынан жалғыз көзден басып қалады. Кемпір өкіре құлайды. Құлап жатып: Батыр болсаң, тағы ат!» дейді. Бала атпайды. Себебі, егер екі рет атса, жалмауыз кемпір қайтадан тіріліп кетеді екен, – деп, жалмауыздың ерекше жаралғандығын баса көрсетеді.

«Ер Төстік» ертегісіндегі жалмауыз кемпір де асқан қайраттың, долы күштің иесі. Ол ертегіде былайша сипатталады:

 Ерназар ат ерттеп мініп, Құба інгенді айнала қарап жүрсе, анадай жерде тұрған Құба інген көрінеді. Қасына келсе, бұйдасы бір көкпекке оралып қалған екен. Жанында бір тал бар екен, талдың түбінде бір жарбиған жаман кемпір отыр.

– Шеше, шеше! Ана түйенің бұйдасына қол жалғап жіберші? – дейді Ерназар.

Кемпір сонда:

– Тұрсам   отыра   алмаймын,   отырсам  тұра   алмаймын, шырағым! Әперуге әлім жоқ, нашар адаммын! – деп мүләйімсиді.

Кемпірдің сөзіне нанып, бұйданы іліп алайын деп еңкейе бергенде, Ерназарды кемпірекең шап беріп жағадан ала кетеді. Ерназарда тапжылуға шама жоқ. Олай-бұлай жұлқынып байқап еді, болатын көрінбейді, кемпір қысып әкетіп барады, Ерназардың мойны үзіліп, буынып барады, шыбын жаны шығып барады.

Ерназардың «қоя бер» дегеніне кемпір қоя беруші болмады, өлетін болған соң Ерназар жалына бастады:

– Ағарған сақал, шашым бар! Қартайып келген жасым бар! Тоғыз келінімді жаңа ғана түсіріп, жаңа ғана қызығын көрейін деп отырмын. Қоя бер мені, шешежан, – дейді.

Жоқ, – деп кемпір қысып қояды, Ерназардың жаны шығып барады.Көріп отырғанымыздай, алпамсадай еркекті алқымынан алып, жанын мұрнының ұшына келтіру алып күш иесінің ғана қолынан келетін іс. Кемпірдің күшінің алдында Ерназар қауқарсыз. Ертегіні ары қарай оқысақ:

Сонда кемпір: «Сен бе едің, Төстік, алдаған? Сені ме, Төстік, қап, бәлем!» – деп тамағы қырылдап, өкпесі сырылдап, шашы жалпылдап, көзі жарқылдап, тістері сартылдап, қатты сасып, етегін басып Төстікті қуа жөнеледі.

Төстік қашып келеді. Кемпір қуып келеді. Бір мезгілде тау қаңбақтай ұшады, тас бұршақтай жауады. Шалқұйрықтың құйрығына қазандай қара тас орала кетеді. Шалқұйрықтың шапқан салмағына шыдамай, қара жер қақ айрылады, деген үзіндіге жолығамыз. Жабы емес, Қазанат, ер серігі, қолғанат – Шалқұйрықтың шабысынан қалмай, ілесе қуып келе жатқан жалмауыз кемпір де осал жау емес.

 «Алтын сақа» ертегісіндегі жалмауыз кемпір де сыйқырлы күш иесі. Ол байға алдымен су бетінде қалқып жүрген өкпе түрінде кездеседі. Өкпеге алаңсыз жақын келіп, ешбір қауып-қатерді ойламай тұрған байды шап беріп қылғындырып, жанын мұрнының ұшына әкеледі. Бұдан жалмауыздың қайратты екені байқалады.

Мыстанда құбылушылық қасиет жоқ. Ал жалмауызда құбылушылық қасиет бар. Ол «Керқұла атты Кендебай» ертегісінде сұлу қыз түрінде құбылса, «Алтын сақа», «Алтын топай» ертегілерінде су бетінде қалқып жүрген шикі өкпе болып көрінеді.

Бұл көрініс «Алтын топай» ертегісінде былайша беріледі:

 – Өткен уақытта бір бай болыпты. Мұның перзент дегенде жалғыз ұлы болады. Бай бір күндері жылқыларын суаруға көлге келсе, көлдің ішінде бір қып-қызыл шикі өкпе жүзіп жүр екен. Байдың айдап келген жылқылары көлдегі жүзіп жүрген өкпеден үркіп суға түспей қояды. Әлгі жерде бай жылқыларын иіріп құдыққа қанша айдаса да суға түсіре алмайды.  Сол арада бай құрығын қолына алып суда жүзіп жүрген өкпені түрткен екен, өкпе суға батып кетеді де әлден уақытта жалмауыз кемпір болып судан шыға келіп, байдың жағасынан ала кетеді.

Жалмауыздың сиқыры тісінде. Тісін жұлып алып, лақтырғанда тісі шауып келе жатқан тайдың аяғын жұлып түседі. Алып бәйтеректің түбін қазуға да кемпір тісін пайдаланады. Ол тісін жұлып алып, күрекке айналдырады.

Белгілі ғалым С.Қондыбай: «Ертегілерде жалмауыз кемпір бәрін істей біледі, оның қолынан келмейтіні жоқ: ауру, жарымжан адамдарды емдейді, өліні тірілтеді. Мысалы, бірталай ертегілерде жалмауыз кемпір ақсақ, соқыр, қолы жоқ кейіпкерлерді жұтады да, оларды сап-сау қылып қайтадан құсады («Жеті басты жалмауыз кемпір», «Үш ағайын», «Кедейдің үш баласы», «Құланайжарқын» т.б.),  кейіпкерлерге ақыл, кеңес беріп отырады («Екі жетім», «Жүсіп мерген» т.б.)» – дей келіп, – «Осы салада көп еңбек сіңірген ағамыз С.Қасқабасов өз еңбегінде «Мыстан кемпір сол арғы тегі алып қарақұстың кейінгі атауы», – дейді. Шынымен де, «жұтқыш, адам жегіш» мыстан кемпір мен «жұтқыш» алып қарақұстың функцияларының бірдей екендігін көруге болады, яғни мыстан кемпір мен алып қарақұс – бір ғана бастапқы мифтік тұрпаттың кейінгі ертегілік кейіпкері болып табылады, – деп талдау жасайды.

Қорыта айтқанда жалмауыздың өзіне тән мынадай қырлары бар:

Құбылушылық қасиет, яғни ол бір түрден екінші түрге сиқырдың күшімен ауысып отырады.
Жойқын күштің иесі
Адамның етін жейді. Жер асты патшалығында тұрып, қолға түскен тұтқындармен қоректенеді.
Дәудің ұлдарымен бірге өлілер мен тірілер әлемінің шекарасын, жер асты патшалығының есігін күзетеді.
Оны өлтіру оңай емес.

Аталған қырларына қарай «жалмауыз – кейпі ұсқынсыз, аузында өте сирек, ақсиған тістері, бойында жойқын күші бар адамнан гөрі айуандық сипаты басым ұнамсыз кейіпкер деген анықтама бере аламыз.

Мыстан бейнесі де, жалмауыз бейнесі де ғалымдардың назарынан тыс қалмаған, зерттеліп жүрген бейнелер.         Филология ғылымдарының докторы, профессор Зұфар Сейітжанұлы фольклорлық шығармалардағы мыстан бейнесі туралы: Көне эпостарда жан-жақты көрінетін жауыздық бейне – Мыстан кемпір. Мыстан образы түркі-монғол халықтарының эпосы мен ертегілерінде жиі ұшырасатын кейіпкер. Ол бірде айлакер, барлық жағдайды күні бұрын болжап отыратын, сөйтіп батырдың жолына алдын ала тор құратын жауыз кемпірдің кейпінде суреттелсе, бірде жеті басты жалмауыз, нағыз дүлей күштің иесі ретінде бейнеленеді. Бірде Мыстан, бірде жалмауыз деп аталатын бұл кейіпкердің адам баласына ешқандай қайыры жоқ, нағыз зұлымдық иесі екені байқауға болады, – деп қорытады.

Ал, фольклортанушы ғалым Ш.Ыбыраев: «Мифтік ұғымдардан қазақтың көне эпостарында көптеген белгілер сақталған. Жалпы, көне эпостарда ерекше жинақталып, тұтас көрінетін жауыздық бейне – мыстан кемпір. Ол бірде айлакер, барлық жағдайды күні бұрын болжап отыратын, сөйтіп, батырдың жолына алдын ала тор құратын жауыз кемпірдің кейпінде суреттелсе, бірде жеті басты жалмауыз, нағыз дүлей күштің иесі ретінде суреттеледі»- деп түйіндейді.

Мыстан сөзінің арабта, парсыда кездеспейтіндігі жайлы ойды айта отырып, зерттеуші Б.Әбжетов: «Дегенмен “кемпір” сөзі түркі халықтарына парсыдан кірген. Сөздің алғашқы буынындағы «кем» сөзінің мағынасы парсыша «кам», яғни “аз” дегенді білдірсе, ал «пір» сөзінің мағынасы “ата”, “баба”, “ақсақал”, “қауым бастығы” дегенді білдіреді. Сонда “кемпір”-“күші кем адам”, “әлсіз адам” дегенге саяды. Сонда бұл кейіпкер матриархат культінің жойыла бастаған дәуірінде дүниеге келе бастаған болса керек» – деп ой қорытады [6].

Зерттеуші П.Т.Әуесбаева «Түркі халықтарының хикаялары» атты ғылыми зерттеуінде жалмауыз кемпірге қатысты түркі фольклорындағы алты сюжетке тоқтала келіп, «Бұл сюжеттен жалмауыз кемпір өзінің демонологиялық қасиеттерінен ада болып, кәдуілгі залым мыстанға айналғанын білеміз, – деп қорытады.

Зерттеушінің пікірінше «Жалпы жалмауыз кемпір персонажының ерекшелігі оның мифтік құбыжық пен осы құбыжыққа сенім-наным тұрғысында қызмет етуші немесе керісінше, онымен күресуші абыз әйел-ана екеуінің қосындысынан туындағанымен байланысты. Яғни жалмауыз кемпір құдай және осы құдайға құлшылық етуші абыз функцияларының бір-біріне ауысуынан қалыптасқан персонаж болып табылады. Мифтік персонаждың хикаяға өтуі барысында құбыжық өзінің тератологиялық кейпінен арылып, адами кейіпке енеді. Оның құбыжықтығы кемпірдің ұсқынсыздығынан немесе «басы мүйіз, қарға тұмсық» сипатынан бұрын, іс-әрекетінің зұлымдығынан, қаскөйлігінен танылады. Орыс халқымен көршілес татар, башқұрттарда жалмауыз кемпір «ведьма», «упырь» персонаждарына көп ұқсап кеткені байқалады. Ал Монғолияға жақын орналасқан түркі халықтарында оның мифтік бейнесі желбеге (чилбиген) айқынырақ танылады. Көшпелі түркілерде жалмауыз кемпірдің батырларға қарсы тұра алатын зор күш иесі немесе айла-қулықпен жеңетін мыстан кемпір сипаты басым түседі.   Бұл мысалдардың барлығы – ертегідегі бір ғана жалмауыз кемпір образының өзі түрлі тарихи даму жолынан өткендігін айғақтайды»

Жоғарыдағы пікірлерді қорыта келе, біз мыстан мен жалмауыз кемпірді екі персонаж ретінде суреттеу керек деген ұстанымға келдік.

Мыстан – адам сипатты, айла-амалы, қулық сұмдығы мол кейіпкер болса, жалмауыз – құбыжық сипатты, адамды қорек ететін, сиқырлы күш иесі. Біріншісінде пендешілік, ал екіншісінде демондық қасиет басым. Бұл екі бейнені біріктіретін бір мақсат бар. Ол – бас қаһарманға мейлінше кедергі келтіру, бас қаһарманның жолына тосқауыл болу, оның мақсат – мұратына жетуге бөгет жасау. Осы мақсатқа жету жолында біріншісі айланы, ал екіншісі сиқырды пайдаланады.
0 дауыс
Ол жай ертегі ғой. Әрине, жоқ!!!
+1 дауыс

Мыстан кемпір ертегі кейіпкері міне өзі)))

...