+1 дауыс
5.9k көрілді

Наурыз мейрамына қатысты шығарма, мақал-мәтел, өлең тақпақ, баталар жазсаңыздар?

Наурыз мейрамының түп‑тегі өз бастауын б.э.д. заманаларда өмір кешкен Қорқыт (Зоротуштра) бабамыздың ілімінен (Зороастризмнен) алынған.Мақсаты‑мәні:

Тепе‑теңдік. Ұлыс тойы Күн мен Түн, Қыс пен Жаз тепе‑теңдікке келген сәттен бастап тойланады. Осыған сәйкес наурыз тойы жаратылысты қоршаушы күштердің, алдымен Табиғат пен Қоғамның, екіншіден, Ел мен Елдің, үшіншіден, Қоғамдағы әлеуметтік топтардың тепе‑теңдігінің сақталуын талап етеді.

Игілік. Наурыз тойы қарсаңында: «Бұлақ көрсең көзін аш», ‑ деп қаумаласқан жігіттер бастаулардың көзін ашып, қариялар: «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын», ‑ деп бұлаққа май құйып, өсімдіктерге ақ бүркеді. Сөйтіп табиғаттың өсіп‑өнуіне жағдай жасалады.

Жаңару. Ұлыс күні аспан денелері бастапқы айналу нүктесіне келеді. Мал төлдеп, жер көкткп, дүние жаңарады. Осыған сәйкес адамдар да шашын алып, сақал‑мұртын күзеп, жуынып‑шайынып, ақ көйлек пен су жаңа киінеді. Тазару үшін Көктебенің басына көтерілген азамат «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген асқаралы түсінік бойынша, өткен жылына есеп беріп, ары алдында арылады.

Ел билеген көсемдер «Жақсылыққа жақсылық – жай адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі», «Тас атқанға – ас ат» деп ту көтеріп, ат құйрығын кесісіп, араға жік түскен бауырлас ел руларын дастарқан басында табыстырып, татуластырады. Аты аталып, түсі түстелген «Тепе‑теңдік», «Игілік», «Жаңару» ‑ үшеуі қоғамда орын тауып, тоқайласқан сәтте халқымызға құт қонып, ұлтымызға рух ұялап, ел басына бақ қонып, елішінде береке орнайды.

Демек, Наурыз ілімін жаңғырту арқылы, біріншіден, айнала төңірек ағаш отырғызып, гүл егіп, су көздерін тазалап, тәуелсіз еліміздің экологиялық мәселесін шешуге көмектесуге болады. Екіншіден, өнер‑білімнен, кәсіп түрлерінен, сәулет пен мүсіннен, спорттан т.б. жарыстар ұйымдастырып, жас талант көздерін ашу арқылы қоғамымыздың дамуына үлес қосылады. Үшіншіден, республика тұрғындарының арасында шынайы сыйластық, достық қарым‑қатынас орнатуға септігі тиеді.

Наурыз туралы түсінік

Наурыз – парсы сөзі. Бұл қазақша айтқанда, «жаңа күн» деген сөз. 22 наурыз күнін «Жаңа күн» деп атаудың мәнісі неде? Оның мәнісі мынау: 21‑нен 22‑не қараған наурыз күні күн мен түн теңеледі. Сонан кейін күн ұзарып, жылы бола бастайды. Сондықтан 22 наурыз жаз айы болып табылады. Жаз болса, дүние жаңаланады: ағаш бүршік атып, жердегі шөптер қылтиып, малдар төлдейді. Жылдың төрт тоқсанының ішінде дүниені жасартып, жаңалайтын тоқсаны – жаз. Сол тоқсанның басы  22 наурыз болғандықтан бұл күн « Наурыз» яғни «жаңа күн» деп аталады.

Наурыз сөздігі:

Әз – халық аңызында күн мен түннің дәлме‑дәл теңелер сәтінде көкті жарып ерекше бір гуіл өтуге тиіс. «Оны қой ғана біледі. Егер күндіз өтсе, қой арқылы қойшы ғана аңғаруы мүмкін» деген сөз бар. Осы гуілді наурыздың 22‑сіне дейінге үш күннің ішінде өтеді деп есептеген халқымыз: «Әз болмай, мәз болмайды», деген тәсіл қалдырған. Сол үш күннің ішінде тырнақ пен шаш алуға болмайды. Әз өткенде өсімдікәлемінен бастап, күллі тіршіліктің тұла бойына, бір тал түгіне дейін жан жүгіреді. Сол жан байқаусызда тырнақ, шашпен бірге қиылып кетсе, адамның қолы мен басы селкілдейтін болады‑мыс.

Наурыз – парсы тілінде бір ғана күн аты, жаңа жылдың бірінші күні – жаңа күн. Қазақ халқында қалыптасқан түсінік бойынша, осы мағыналармен қоса, жаңа жылдың алғашқы айының атын да толық қамтиды.

Наурыз бата – наурызға арналып сойылған малдың басы мен жамбасына, ескі жылдың дәмі – сүрленген қазы‑қарта, жал‑жая…берілетін арнаулы бата.

Наурыз жыры – қазақ халқының жаңа жыл, Наурызға арнап айтатын тұрмыс‑салт жырының бір түрі.

Наурыз көже – келер жылы молшылықтың жоралғысы ретінде әр шаңырақ міндетті түрде жасайтын арнаулы тағам. Оған кем дегенде, жеті түрлі (бидай, тары, қонақ, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты) азықтық заттар қосылуы тиіс. Тақ санын сақтап, тағам түрін көбейте беруге болады. Құрт пен қатықтың қай‑қайсысы да сүттің орнын толықтырады. Наурыз көжені халық арасында «тілеу көже» деп те атай береді.  

Наурыз мейрамы (наурыз тойы) – күн мен түннің тенелетін күні 22 наурызды атап өтетін ұлы мереке. Ұлттық дәстүр‑салтымыз бен ойын‑сауығымыздың бәрі де тегіс қамтылатын жыр‑думан.

Наурыз жұмбақ – наурыз айындағы жұлдыздардың қозғалысы мен орнына, күн мен түннің теңелуіне, табиғат құбылысына, бұл айдағы амалдар мен ауа райының өзерісіне байланысты айтылатын жұмбақ өлең.

Наурыз тілек – наурыз күнгі бет көрісіп, амандасу рәсімімен құттықтау негізінде тақпақпен айтылатын қуанышты тілек.

Наурыз төл – наурыз айында туған бота, құлын, бұзау болса, наурыз төл деп аталады. Осы түлектерге тән төл басы.

Наурызша – наурыз қырбақ, қарайған жерді жасыра алмай, қылаулап жауған жұқа қар.

Наурыз шешек – наурыз айында гүлдейтін көп жылдық өсімдік. Әсемдік үшін қолдан өсіруге болады.

Отамалы – 15 наурызда кіріп, 17 наурызда шығатын амал. Бұл амалдың жақсылық пен жамандыққа бағынуына қарай халқымыздың: «Отамалы, от алғанша, керегенің басын шот алғанша», «отамалы, отамлыдан қалған ата малы», ‑ деп берген мінездеме мәтелі бар.

Үт – саңылау, тесіктен үйге түскен күн сәулесінің тозаңдануын – қазақ үт кірді деп есептейді. «Үт кірді, үйге құт кірді» деген қазақ мәтелінде күн нұрының жердегі тіршілікке жасар игі әсерін бейнелейтін үлкен мән бар.

 

Қазақ елі наурызды қалай қарсы алған?

Қызыр түні Жаңа жыл табалдырықтан аттап үйге енгенде, «жалғыз шала сәуле болмас» деп төрге қос шырақ жағылып қойылады. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру‑сырқаудан, пәле‑жаладан аман болады» деген сеніммен Наурызға дейін үй ішіндегі жиһаз мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады. «Береке басынан басталады» демекші, «жыл басы жақсы басталса, аяғы да жақсы болады». «Жыл бойы ақ мол, дән тасқын‑тасқын, жауын‑шашын көп болсын» деп қызыр түні ыдыс атаулыны ырысқа, (бидай, тары, сұлы, арпа, жүгері т.б.) аққа (сүт, айран, шұбат, уыз т.б.) және кәусар бұлақ суына толтырады.

Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша наурыздың  21‑і түні даланы  Қызыр аралайды екен. Сол себепті осы түн «Қызыр түні» деп аталады. Қызыр – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял‑ғажайып бейне. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен Күн нұрының символы – Қызыр ата даланы кезе жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе тасты ерітіп жібереді екен.

Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат алтыда себезгілеп атқан кезде біздің өңірімізде бұл сәт түнгі сағат үшке  тұспа‑тұс келеді. Сондықтан да қазақ халқы Жаңа жылды наурыздың 22сі күні таңғы сағат үште қарсы алады.

Бұл түні ауыл бойжеткендері өздері ұнатқан жігіттерге арнап соғымның соңғы етін уызға салып пісіріп, «ұйқыашар» деп аталатын ерекше дәм дайындайды. Ал жігіттер мен бозбалалар болса, қыздардың қолақысының қарымтасына айна, тарақ, иіссудан тұратын «селт еткізер», «дір еткізер» сыйлықтарын ұсынады.

Алдымен ауыл жастары бір асау тайыншаға ашамай ерттеп, үстіне жандықуыршақ мінгізіп, мойнына қоңырау іліп, төбесіне бір шоқ құстың қауырсынын (қарқара) тағып дайындайды. Олар түнгі сағат үште қорадағы малды үркітіп, иттерді шулатып, елді ұйқыдан оятып, тайыншаның басын бос жібереді. Бұл тайынша мінген жандықуыршақ жерімізге келе жатқан Жаңа жылдың бейнесі іспеттес. Ойын‑күлкісз, әзіл‑қалжынсыз мереке мереке ме?! Той кезінде Сал, Сері, Хан, Ханша, Батыр, Диуана немесе халық ертегілерінің түрлі кейіпкерлері бейнесінде киініп, бетпердесін (маскасын) тағынуға болады.

Ұлыс күні қазақ елі үшін қасиетті. Ол күні қар не жаңбыр жауса, нұр жауды, «туар жыл жақсы жыл болады» деп қуанған. Наурыз айында жауған қар басқа қарларға қарағанда ерекше аппақ үлпілдек болады да, «ақша қар» аталады. Осыған орай тілімізде мінезі балдай, сұлу қызға айтылатын «Наурыздың ақша қарындай» деген теңеу бар. Ұлыс күні туылған сәбилерге Наурызбай, Наурызбек, Мейрам, Мейрамгүл т.б. аттар қойылып, оларға бір жас қосылады.

Наурыз күні қуанышқа кенеліп, масайраған жұрт аппақ көйлек пен жаңа киімдерін, таза бір киерін үстеріне іледі.

Наурыз күнінің бір ерекшелігі – бұл күн көрісуден басталады. Ұлыс күнінде сәлемдесудің қалыптасқан дәстүрі бар, кісілер бір‑бірімен кездескенде:

Наурыз құтты болсын!

Өмір жасың ұзақ болсын!

Ұлыс бақты болсын!

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін!

Пәле‑жала жерге енсін! –

деп құттықтап ер адамдар қос қолдасып, төс соқтырады; ал әйелдер болса құшақтасады; ерлер мен әйелдер кездессе, құшақ айқастырады.

Ұлыс күні жеті түрлі заттан – соғымнан қалған сүр ет, қойдың басы, сүт, езілген құрт, бидай (тары, күріш), пияз және сәбізден қазан толы көпкөже (наурыз көже) пісіріледі. Әр үйдің дастарқанына ақтан (сүт тағамдары), көк ырыстан (дән тағамдары мен жеміс‑жидектер) және қызылдан (еттен істелген)  жеті түрлі тағамдар қойылады. Қалыптасқан салт бойынша қойдың басын ауыл ақсақалы мүжиді. Ал басқалары «жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын» десіп, наурыз көжені тоя ішеді. Жиналған жұрт: «Ауызды ақтан айырмасын, қызылды уақытысымен көрсетсін!» деп тарқасады. Әдетте Наурыз түнгі қасиетті дәмнен алыс сапарда жүрген адамдарға, қадірменді ақсақалдарға сыбаға сақталады.

Наурыз күні таңертең ертемен ерлер қолдарына күрек, кетпен, ал қыз‑келіншектер құрт, ірімшік, сүт, піскен ет алып далаға шығады. Ақ түйенің қарны жарылған бұл күні халық ішіндегі жас ерекшелігіне қарай қалыптасқан дәстүрлі ілтипат ізеттер жұмсарады. Тіптен келін қайын атасымен, күйеу бала қайын енсімен қалжындасуына болады. Наурыз күні бұндай іс сөлекет көрінеді.

Қараңғы түсе екі жерге екі үлкен то жағылады. Жас ерекшеліктеріне қарай топ‑топ болып осы екі от ортасынан өтіп бара жатып қолдарындағы басына майлы шүберек ораған таяқтарын тұтатады, «алас алас пәледен қалас!» деп хормен өлең айтып,  айнала төңіректі отпен тазалап шығады, жастар жағы жанған оттан секіреді. Алтыбақан басында жастар түнімен түрлі халықтық ойындар ойнайды, айтысады. Таң ата көпшілік биіктеу төбенің басына шығып, таңды қарсы алады. Күлімдеп көрінген Күнге иіліп сәлем беріп, «құт дарысын» деп, айнала төңірекке ақ бүркіп, үйлеріне тарасады.

1 жауап

+1 дауыс
Қазақстанда ресми түрде Наурыз 1988 жылдан бері тойланып келеді. Бұл мерекені Шығыс елдері Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Пәкстан ерте кезден өткізеді. Бұл мереке табиғат пен адамның үндестігін көрсетеді. Наурыз күн мен түннің теңелген күні. Көктемгі күн тоғысы наурыз айының 21-нен 22-не ауысқан түні болды. Осы уақыттан бастап күн ұзарып, түн қысқарады.

   Наурыз - жыл басы. Парсы тілінде "нау" - "жаңа", "руз" - "күн" деген ұғымдарды білдіреді. Халық наурыз мерекесіне алдын - ала дайындалады. Дәстүр бойынша үйге қос шырақ жағылады, ыдыстар ернеуіне дейін айранмен, сүтпен немесе бұлақ суымен толтырылады. Бұл - тоқшылықтың белгісі. Табиғатпен байланыс күн Анаға деген тағзымнан көрінеді. Бұл күні бұлақтар тазартылып, ағаштар отырғызылған. "Бұлақ көрсең, көзін аш!", "Бір тал ексең, он тал ек!", деген сөз осыдан шыққан болу керек. Наурыз - достық, еңбек, бейбітшілік мерекесі. Ұлыстың ұлы күні адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген. Дастарқанның басты асы наурызкөже болған. Наурызкөже жеті түрлі тағамнан жасалған. "Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!" деген сенім бар. Дастарқан басында жастар үлкендердің батасын алған. Бата - үлкендердің өзінен жасы кішілерге беретін ықыласты тілегі. Ақсақалдар: "Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!" - деп бата береді.

   Дәстүр бойынша Наурыз айтыс өткізіледі. Бұл жақсылық пен жамандықтың, суық пен жылының, жаз бен қыстың айтысы.

   Мереке қызған кезде жастар алтыбақан жанында ұлттық ойындар ойнайды. "Көкпар", "Бәйге", "Қыз қуу", "Жамбы ату" ойындары аса бір қуанышпен өтетін. Көңілді өткен Наурыз күні әр адамның есінде көпке дейін сақталатын. Біздің 79 гимназияда Наурыз мерекесін қарсы алу дәстүрге айналған. Мерекеге арналған қабырға газеттерінде "наурыз" тарихы жазылып, өлең-жырлардан үзінді беріледі. Сахнада наурыз мерекесіне арналып көріністер қойылады. Гимназияда "Ұлыстың Ұлы күніне" арналған мереке ерекше қуанышты өтеді. Жүректер жылыуын таратқан көктемнің бақыт сыйы Наурыз көп ұлтты еліміздің бірлесе тойлайтын - Достық мерекесі.

   22 наурыз - Ұлыстың ұлы күнi. Бұл күнi күн мен түн теңеледi. Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейдi, жаңарады. Адамзаттың бойында қан жүгiрiп, тал-теректер бүршiк жарады. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көк тасы ерiп, қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанады. Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жасылды кiлем төселедi. Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы жетi түрлi дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, ай бойы Ұлыстың Ұлы күнiн тойлайды. Бүкiл Шығыс халқына ортақ бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйiм халық, мұқым ел ауызбiршiлiкте болады.
Ынтымағы жарасқан көп ұлтты елiмiздiң осы бiрлiгiн Құдай ұзағынан сүйiндiргей! Әрбiр шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын! Мұсылман қауымына Исламның 7 байлығын тiлеймiз. Ұлыстың Ұлы күнi құтты болсын, ағайын!

   Ұлыстың ұлы мерекесiн тойлауға халқымыз биыл 13-рет дайындалып жатыр. «Ұлт жоқ. Ұйысқан Одақ қана бар» деген Кеңестiк дәуiрдiң солақай саясаты 1926 жылдан 70 жылдай ұлт мерекесiн терең зындан түбiнде бұғаулап ұстағанын бiлемiз. Одан кейiнгi ашаршылық жылдары, Ұлы Отан соғысы, ұлт зиялылары мен ұлт құндылықтарына қарсы дүркiн-дүркiн шабуылдар халқымыздың салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрпының үкiсiн қисайтуға тырысып бақты. Тiптi, ашаршылық жағадан алған тұста жарапазан - жас балалардың нан сұрап жеу тәсiлiне айналғаны шындық. Елiмiздiң солтүстiк бөлiгiнде көрiсу ғұрпы санадан өшкен. Ал 31 желтоқсан түнi Жаңа жылды табалдырықтан аттатқан кейбiреу төл мейрамды мойындамайды да. Мұның бәрiн бүгiнгi жастың кемшiлiгi деу жөн бола қоймас. «Бала жасындағысын ұмытпайды». Көнекөз қариялар - салт-дәстүр сабақтастығының соңғы буыны. Ал 70 жыл идеология құрбаны болған мерекенiң көптеген ырым-жоралғылары кейiнгiлерге таныс емес.
Наурыз - кей бiлгiштердiң жаңалық ашып, онысымен жұртты адастырып жүргенiндей, дiни мереке емес. Бұл бағзы заманнан қалыптасқан бүкiлхалықтық Жаңа жыл. Оны Иран, Ауғанстан, Үндiстан, Кавказ және Орта Азия халықтары төл мерекесi ретiнде тойлайды. Алайда, «Әр елдiң салты басқа, итi қара қасқа» демекшi, дәстүр өзгешелiгi де орын алған.
Халқымыз жаңа жылға ертеден дайындалатын. Қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға саламын деп сақтаған.
Жас келiндер, бойжеткендер болса, кесте, орамал тiгiп, бозбалалар жағы ағаштан тұрмыс бұйымдарын жасап, темiрден сәндiк бұйымдарын соққан. Мұның бәрi - күн мен түн теңесетiн шақта кәдеге асатын «ұйқыашар», «селт еткiзер» жоралғыларының сый-тартулары. Көктемгi «өлiара» өтiсiмен, ата-бабамыз үй айналасын тазартып, қалың қар тiгiсi сөгiлген жайылымға мал шығарған. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кiрсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сенiм бойынша, үй-iшiн де қағып-сiлкiп, отпен аластайды.

   Көне деректер көзiне сүйенсек, наурыз тоғыз күн тойланады екен. Ол той «Наурызнама» деп аталады. Әдетте, наурызнаманы бай, ауқатты кiсiлер жасаған. Бiрақ әр шаңырақ өзiнше наурыз көже пiсiрiп, ақ толы аяғын босағадан аттағанның бәрiне ұсынған. Ауыл ақсақалдары үй-үйден дәм татып, үйдегiлерге ыдыспен сыбаға тасып жүрген. Ол сыбаға iшiлместен бұрын қазанға құйылады. Бұл «Дәм-тұзымыз араласқан тату болайық» дегеннiң белгiсi.

   Ұлыс келер түнi Қызыр бабаға арналып әр үйдiң төрiнде қос шырақ жағылатын болған. Үй иелерi бар ыдысты аққа, суға, «ырыс толсын» деп дәнге, «жауын-шашын көп болсын» деп бұлақ суына толтырады. Жылдың алғашқы күнiнде қар жауса «ақша қар», жаңбыр жауса «нұр жауды» деп шаттанған. Ертеректе ауыл адамдарын ұйқысынан тұрғызу үшiн қолданылған мынадай қызық дәстүр болған. Жастар асау тайыншаны құрықтап, оған ерттелген ашамайға зор қуыршақты таңып байлап, ауыл iшiне бос жiбередi. Мөңкiп тулаған асау ауылды азан-қазан етсе де, ешкiм бұған өкпелемеген. Күлiмдеп көрiнген күнге сәлем берiп, шаруаға кiрiседi. Наурыз күнi көзi ашылған бұлақтың суы сарқылмайды, ал егiлген талдың саясы мен жемiсi мол болады деп сенген. Жаңа сап түзеген шыбықтарға ақ шашу да жақсы ырым.

   Ұлыс - жақсы тiлектер күнi. Араздасқандар төс қағысып, татуласады. Бұл күнгi қайын ата мен келiн, күйеу бала мен қайын ата арасындағы әзiл де жарасымды. Жастар алтыбақан құрып, тойдың сәнiн кiргiзедi. Бойжеткендер соғымның соңғы етiн уызға салып пiсiрiп, ұнатқан жiгiттерiне тартады. Бұл салт қазақта «ұйқыашар» аталады. Ұйқыашардың қарымтасына жiгiттер «селт еткiзер» рәсiмiн жасайды. Яғни қалауынша айна, тарақ, әтiр суын сыйлайды. Айна - пәктiктiң, жастықтың, тарақ - әдемiлiк пен сұлулықтың, ал иiссу - жаңа бүршiгiн жарған жауқазындай құлпыр деген белгi.

   Наруыз күнi думан-тойды аталарымыз наурызнама атаған. Ұйытқысы, әрине, - жастар. Содан болар, ән мен би, ойын-сауық түннiң бiр уағына дейiн созылған. Халқымызда «Ақ боран», «Қалтырауық қамыр кемпiр» ойындары бар. Онымен қатар бұл күнi наурыз жыр, наурыз жұмбақ, наурыз айтыс, түрлi әзiл-қалжың, мадақтау өлеңдерi айтылады.

Сең жүредi көктемде астан-кестең,
Ақ атанның бауырын арқан кескен.
Ұлы күнi ұлыстың бас қосқанда
Өлеңiңдi айт, құрбыжан қатар өскен,

- деп, қос-қостан жұптасып, айтысқа түседi.

   Ұлыс күнi татулық тойы, шаруа, ынтымақ, сенiм, көңiл мерекесi. Қыс қылышынан аман қалған жұрт, бар ренiш-өкпесiн ұмытып, кiнәсiн кешiп, тек жақсы тiлектер тiлейдi. Көңiлдiң жаңаруы деген осы. Бұл күнi наурыз көжемен қатар, ауыл адамдары өгiз сойып, қазан көтеретiн болған. Мұның тарихы өз алдына қызық аңыз. Ежелгi жыл санаушылардың есебiнше, үркер күздiң басында шығыстан, қыстың басында төбеден, көктем кезiнде аспан етегiнен көрiнiп, ал жазда тiптi батып кетедi екен. Бұл шақ қырық күнге созылып, оны халқымыз «қырық күн шiлде» немесе «үркердiң жерге түсуi» деп атаған. Көктем кезiнде, яғни наурызда күн жолы үркердiң үстiмен өтiп, үркердiң қос жұлдызы бұқаның мүйiздерi құсап күн жолының екi жағынан қылтиып көрiнедi. Бұған орай халқымыздың «әлемдi көк өгiз мүйiзiмен көтерiп тұр» деген нанымы да бар.

   Өгiз етiн арнайы нарқазанда балбыратып пiсiредi. Нарқазанның тарихы да жақсы ырымдармен астасып жатыр. Ежелгi сақ дәуiрiнде халық арасын алауыздық жайлап, ел татулығын тұман басқанда көсемдер келiсiп, үлкен қазан құюға шешiм шығарады. Алайда, қазан соғарлық мыс табылмай қалады да, бүкiл сарбаз жебелерiнiң мыс масағын жинатып, содан нарқазан құйдырады. Осы қазанда қайнатылған астан дәм алысқан араздасушылар өкпе-назын ұмытып, елде татулық орнапты делiнедi аңыздарда. Осындай тай, нарқазандарда қалың қауымға дәм татқызу кейiн үрдiске айналып, ол «шүлен тарту» аталып кеткен. Өгiздiң шекесi ауыл ақсақалдарына тартылады. Бұл сыбағаның аты - «бел көтерер». Ертедегi дәстүр бойынша наурызнама тоғыз күн тойланатын болса, соның сегiзiншi күнi «той тарқар» болады. Мұнда бұған дейiн өнерiн ортаға салып, оза шапқан дарабоздарға, қарсыласының жауырынын жерге тигiзген балуандарға, тiптi тайы озып келген жас балаға да «ат терi» деп сыйлық берген.

   «Той тарқарда» жаңа көзi ашылған қайнардың суына қант қосып, оны қауым болып iшiседi. Көзi қарақтылар «салдама» аталатын кiтапты оқытып, ақсақалдар бата бередi.

   Айта берсең, наурыздың жөн-жоралғылары өте көп. Қазақстанның төрт түкпiрi түрлiше тойлайды. Бiрақ, қалай болғанда да, жақсылықтың аты - жақсылық, тойдың аты - той.
...