0 дауыс
2.2k көрілді
Реферат екі немесе үш беттен тұру керек. Махамбет өлеңдеріндегі Исатайдың бейнесі реферат керек еді?

2 жауап

0 дауыс
Қазақ халқы көшпелі салтта, ақсақал дәуірінде болды. Қара бұқараның билігі ру бастықтары – билердің қолында болды. Руды билеген билердің өз руынан айырықша тілегі болмады.

Қара шаруа мал бағуға лайық шарттар тіледі. Қоныс жайлы болса, ел бейбітшілік болса, малға, адамға түсетін салық аз болса, талас шыққанда әділ билік айтатын ақсақалдары болса – қара халықтың көңілі тыныш болды.

Ел билеген ақсақалдар да елдің тілеген тілеп, елдің жоқшысы болды. Ақсақал болу, би болудың өзі елдің сайлауынан болғандықтан, бұлар елден бөлініп кете алматын еді.

Сонымен қазақтың брынғы дәуірінде қара халықтың арасында бөлек таптар болмады.
Руларды біріктіру үшін «Ақсүйектен» қазақ халқы хан сайлайтын еді. Ханды ру басылары – билер сайлайтын еді.
Хандардың мақсаты — өздерін күшті қылу, халыққа айтқанын істету еді. Хандарға салтанатты болуға елден алым – салғырт керек болды; күшті болуға әскер керек болды; атақ үшін жауласу керек болды, тағы тағысын. Ханның табиғаты қара халықтың тілегіне қарсы болды.
Қазақтың ескі тұрмысында алғашқы кезде таптықты хандық туғызды. Хандар, төрелер, бұлардың нөкерлері, төлеңгіттері бір тап еді. Өңге халақ бір тап еді. Бірінші таптың тамағы, атақты болуы, күшті болуы секілді тіршілігінің бәрі екінші таппен байланысты болды. Сондықтан таптың мақсаты қара халықты қойдай қылып жусатып алып, қосақтап сауу еді, құрай, құрайлап суғарып, кішиттеп оттатып, соғым қылу еді.
Қара қазақта мұны жақсы білетін. Сондықтан қазақтың хандары күшті бола алмады. Қара қазақтың жоқшысы болған билер қара бұқараны хандарға ерттеп мінгіздірмеді. Бұлар хандарды жүгендеп ұстады.
Жүгенделуге хандықтың табиғаты қарсы. Хандар жүгенді үзуге түрлі тәсілдер құрды.
Ру ара дауларды бітірмей, барымта, жанжалды көбейтіп, руларды алжастырып, атыстырып, шабыстырып, өзіне жүгіндіретін болды.
Олжаға қызықтырып, қазақтың қанындағы ескі ауруын қоздырып, айналасындағы көршілерімен елді жау қылып қойып отырып, елді биледі.
Ар – намысты сатып, күшті көршіге сүйеніп, қара бұқараны қорқытып биледі.
Осының бәрі қолынан келмеген күйде елге бағынып, билердің айтқанын істеп отыратын еді. Елді тәсіл мен ұстауға қолынан келмеген, бірақ билерге бағына алмаған хандарды «хан талау» деп, ел талап алып, қуып жіберетін еді не өлтіретін еді (Бұрындық, Тайыр, Нұралы, Есім, Арыстан).
Біздің білуімізше, елді көршілермен жауластырып ұстаған Еңсегей болы Есім хан, Салқам Жәңгір.
Бөтендерге бағынып, күштіге сүйеніп, елді қорқытып ұстаған Сығай хан, Әбілқайыр хан, Әбілқайырдың тұқымынан шыққан хандар, Абылайұлы Уали хан, Әлмәмбет хан. Билердің дегеніне көніп елді ұстаған Әз Тәуке хан. Жоғарыдағы әдістердің бәрін қатар жұмсап, ел ұстаған Абылай хан.
Қалмақтан жеңіліп ақтабан шұбырындыға тап болған елдің бөтендермен жауласуға күші көп келмейтін болды. Қалмаққа бағынған қазақ бағынып қала берді де, құлдықтан құтылғандардың өз арасында күшті бүліншілік пайда болды. Ұлы хан қалмақтың қол астында қалған соң, қалған елге ұлы хан болғысы келген хандар көбейді. Әбілқайыр, Қайып, Сәмеке ұлы хан болғысы келіп қатар шықты. Бұлардың қайсысы да бір ауыздан елді тегіс соңына ерте алмады.
Әбілқайырға елді қорқытып алып хан болудан басқа жол қалмады.
Елді қорқыту үшін Әбілқайыр орыс патшасына бағынбақшы болды.
Осы уақытта елдің билері екі айырылды. Бір бөлек билер басы арғын Жәнібек, табын Бөгембай болып соңына ерген елдермен хан жағына шығып кетті.
Ел бөлініп қоныс аударған уақытта күшті рулардың аз руларға жәбірі көбейеді. Қоныстың да жайлысы күштілерге тиеді.
Орта жүзден бөлініп кеткен аз ғана арғынға бүліншілік заманда теңдік аз тисе керек, қоныстың жайлысы екі бастан тимейді.
Кіші жүздің ішінде аз болған жетіру да, жетірудің ішінде табын да Жәнібектің арғыны секілді күйде еді. Бұларға Кіші жүзді билеу үшін, еліне жайлы қоныс алып беру үшін Кіші жүздің билерінен сырт бір күш керек болды.
Орыс үкіметі жәрдем беріп, Әбілқайыр айбарлы хан болса, бұларға іздегені табылғандай болды.
Сондықтан бұлар бастан – аяққа дейін Әбілқайырды, Әбілқайырдың тұқымын сүйеп кетті.
Бұлар дегеніне жеті. Әбілқайыр айбарлы хан болды. Жәнібек пен Бөкембай Кіші жүзді биледі. Арғын мен жетіру (табын) жайлы қоныс та алды, орысқа, ханға арқа сүйеп, күшті рулардан жарытып жәбір де көрмеді … Бірақ Кіші жүз еркінен айырылды.
Әбілқайырдан бастап хан табы күшейе бастады. Патша үкіметі ханға зор сүйеу болды. Орыстың әскері елді ханға бағындыруға үлкен құрал болды. Ханға қарсыларға «өбежек» болды.
Сый – сыяпатқа батқан Жәнібек пен Бөкембайдың үлгісі басқа билердің көзін қызықтырып, көңілін бөлді. Хан жақтаған билер көбейе бастады. Қара халықтың тілеуін тілеуден гөрі ханның тілегін тілеген билерге үнамды келді.
Патша үкіметі жақындаған сайын, хан күшейген сайын қара халықтың күйі нашарлана бастады. Салық көбейді, ел аралаған әскердің, төрелердің, билердің жәбірі көбейді. Бұлардың көбі елдің қамын жемеді, ханның не өзінің қамын жеді.
Билерді хан тағайындай бастаған соң, қара бұқараның күйі тіпті нашарлады.
Хан төреге, хан жақтаған билерге көніп, қара бұқара да қарап тұрмады, бұларға қарсылығын күшейтті. Таршылықтың түбі патша үкіметінде екеніне түсініп, қара бұқара орысқа қарсы шықты. 1731 – інші жылдан 1870 – інші жылға дейін екі таптың күресі болды. Бірі — әуелі хан, кейін патша үкіметі, бұларды жақтаған төрелер, билер. Екіншісі – қара халық. Ақырында қара халық жеңіліп қалды.
Қазақтың хандығы ресім он тоғызыншы әсірдің ортасына дейін созылса да, шынында Әбілқайырдан бастап қазақтың хандары патша үкіметінің қолында ойыншық болды. Сондықтан 1731 – інші жылдан бергі Кіші жүздің ханға болсын, сұлтандарға болсын, орысқа болсын көтерлістерінің бәрін патша үкіметіне қарсы көтерлістер деп атау керек.

Он сегізінші, он тоғызыншы әсірлердің қазақтың қозғалысына ең күштілері – Сырымдікі, Исатайдікі, Кенесарынікі.
Үш қозғалыстың бас мақсаты – қазақты орыстың жәңгірлік құшағынан құтқару. Сырым мен Исатай хандардың патша үкіметінің құралы болғанына түсініп, әуелі орыс үкіметі арқылы хандарды жойып, сонан соң орыс үкіметінен құтыламыз деген саясат жүргізді.
Хандар мен патша үкіметін бірінен берін айыруға мүмкін емес екендігін бұл екеуі тез – ақ түсінді. Сондықтан ақырында хандарға да, орыс үкіметіне де қатар қарсы болды.
Сырым он бес жылдай (1782-1797) күресті. Сырымның уақытында орыс үкіметі қазақ ішінде күшті емес еді. Саясатын ойдағыдай қылып ел ішіне жүргізе алмайтын еді. Бір қолмен хандарды сүйесе, екінші қолымен елді алдау үшін сипайтын еді. Патша үкіметі Сырымды әуелгі уақытта сипады. Сырымның арғы сырына түсінген соң – ақ, үкімет жалт беріп, Сырымға теріс айналды.
Сырым патша үкіметінің сипағанына иланып қалды. Осы илануы елден айырылуға себеп болды. Әуелгі уақытта Кіші жүз Сырымға тегіс – ақ еріп еді. Ақырында Сырым Үргенішке жаңғыз барды десе болғандай болып барып, дұшпандарының қолынан құрметсіз өлім тапты (удан өлді).
Исатай заманы патша үкіметінің қазақты әбден меңгеріп алуға жақындаған заманы. Бөкейліктің елін меңгеріп алып та еді. Хан орыс үкіметінің қарауылшысы болып қалып еді.
Бөкейліктің елі әуелі Исатаға тегіс ерді. Исатай ханмен, Орынбордағы үкіметпен бітім сөйлесе бастап еді, біріккен ел ыдырай бастады. Бірақ Исатай қатасын тез түсінді де, тез түзетті. Үкімет пен ханды бір депсанап, екеуіне де қатар соғыс ашты. Ел Исатайға тағы ерді. Қара күштен жеңіліп, аз ғана жолдастарымен алақандай жерде қамауда қалғанда да, ел Исатайды ұстап бермеді, Жайықтың берғы бетіне өткізіп жіберді.
Кеңшілікке шығып алып, патша үкіметінен, оған ерген хандардан қазақтың арын алыңда деп жар шашқанда Исатайға қазақ малын да берді, басын да берді.
Бөкейліктен қашып келген салт атты, салбыр қамшы бір қашқынның қасына ауыр әскер қол жинады. Әлімұлы бас болып, Кіші жүз Исатайға ерді.
Исатайдың қозғалысы екінші дәуірінде екпінді басталды. Патша үкіметі де мұны сезді. Сарыарқаға әскер төкті. Бірақ Исатайдың қимылы аяқталмай қалды.
Он екінші әсетте Қиыл бойында Исатай арманда кетпегене, бұл қозғалыстың қандай қанат жаятындығы белгісіз еді.
Қасымұлы Кенесары қазақты орыстан құтқарам деде де, патша үкіметіне, хандарға қарсы болды. Ел соңына ерді. Хан көтеріп, қара қазаққа хан көзімен қарап, ханның саясатын жүргізе бастап еді, көп қазақ соңынан ермеді, қысылған жерде тастап кетті.
Кенесарының Кіші жүзге ешбір әсері болмады. Кенесары заманында Кіші жүз хандардан әбден күдер үзіп болған еді. Кенесарыға Кіші жүз ермеді. Қорқытып бағындаырамын деп, Кенесары 1843 – інші жылы алтын – жаппасты шапты, Көбекұлы Алтыбай биді өртеді, сол жылы Ойыл бойындағы шектіні шапты. Кіші жүзбен жау болып, ақырында тұра алмай, ауып кетті.
1843 – інші жылы шектінің назар деген бөліміне Кенесары мынандай әмір жазған: «Біздің адамдарымыздың сендерде қаны бар. Кінәлеріңді мойындарыңа алыңдар, мені хан деп таныңдар, мендік болыңдар, менің сендерге жақын болғым келеді.
Құдайдан қорықпай сендер маған қарсы болдыңдар, әруақты сыйламадыңдар. Кінәлеріңді мойныңа алсаңдар, ішіңдегі жақсыларың маған келсін. Мен сендерге қайырымды боламын, келмесеңдер, сендерді отыз жыл күтемін де, сендерді отыз жыл аямай шабамын» деп22.
Кенесары мен Кіші жүздің арасының қандай болғаны осыхаттан – ақ көрініп тұр.
Кенесарының Ойылдағы елді шапқанда орыс, қазақ аралас көп әскермен Кенесарыға қарсы Баймағамбет төре шығады. Кенесары қашады. Баймағамбет қуады. Бір жерге келгенде, «Кенесарының жіберген елшісімін, Баймағамбетпен сөйлесемін» деп, әскерге жақын Наурызбай төре келеді. Баймағамбет қорқып өзі шыға алмай, біреуді жібереді. Барған адамға Баймағамбетті боқтап – боқтап кейін қайтсін, қумасын деп, Наурызбай сәлем айтады. Байеке ашуланып, атыңдар дейді. Мергендер атуға ыңғайланады. Дегенмен Наурызбайды қимай кідірістейді. Көптің ішінде Исатайдың жолдасы Махамбет батыр бар екен, о да оқталады. Махамбеттің атса оғы бос кетпейтінін білетін қасындағы жолдастары қолынан ұстай алып, «а … батыр саған не болды, бұлар орысқа қарсы ғой» дейді. Сонда Махамбет «Тас бауыр төрені қазаққа болысып, орысқа қарсы болды дегенге кісі нанар ма? Ел бұзар екені бетінен – ақ көрініп тұр ғой, мылтығымның тауын қайтардыңдар енді атпаймын» дейді.
Махамбеттің осы сөзін біреу Баймағамбетке жеткізеді. Махамбеттің өліміне осы сөзі себеп болыпты – мыс деп айтысады.
Қоныстың тарылуы, жердің азаюы, елдің түрлі таршылыққа қалуы, үкіметтің (билеуші таптың) зорлық – зомбылығы қара бұқараны көрген күніне наразы қылып, түрлі қимыл туғызады. Адастыратын соқпатарға түспей, көдеген нысанаға жеткізетін дұрыс жолмен жүргізе алса ғана осындай қимыл жемісті бола алады.
Елдің қимылын жолға салып, ұйымдастырып отыратын көсем керек. Бұндай уақытта құрастырушы көсем шықпаса, елдің қимылы бытырап, шашылып, ұлы мақсаттың орнына уақ пайда туып, ұлы қимыл аяқсыз қалады. Қимылдың көсемі бас пайдасынан баз кешіп, жан – тәнімен көптің тілегін орындау керек. Ұлы қимылдардың уақытында көптің әлеумет сезімі өте күшті болады. Ел бастаған көсемнің ізі бағулы болады. Көсемнің басқан қадамы, жүрген бағыты көпке жақпаса, халық теріс айналып кетеді. Кешегі мыңды бастаған серке, ертеңгі күні жалғыз маңырап қалады.
Сырым да, Кенесары да ақырында көптен айырлып, жалғыз қалды. Тағдыр Исатайды қаңғыртып қалудан сақтады. Патшалар заманында өлгенінше көпті соңынан ертіп кеткен – жаңғыз Исатай.
Кім біледі, көбірек жүрсе Исатайда қаңғырып қалар ма еді, қайтер еді? Бұл – бимағұлым.
Бірақ тарихқа қарағанда, елдегі әңгімелерге қарағанда да, Исатайдың көпті ертетін ұраны болған.
Исатайдың көпке шашқан ұраны Махамбет батырдың Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзінен ап – анық көрініп тұр.
Еділді көріп еңсеген,
Жайықты көріп жемсеген,
Таудағы тарлан шұбар біз едік.
Исатайдың барында
Қара қазан, сары бала
Қамы үшін қылыш сермедік.
Шабытымыз келгенде,
Аузы түкті кәуірдің
Шетінен сүйреп жеп едік.
Еділ үшін егестік,
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық,
Тептер үшін тебістік.
Аламанға жел бердік,
Аса жұртты меңгердік.
Қара қазақ баласын
Хан ұлына теңгердік
Өздеріңдей хандарды
Қабырғасын сөгілтіп,
Қабырғадан аққан қара қан
Ат бауырына төгілтіп,
Әділ жаннан түңілтіп,
Ат көтіне өңгердік.

* * *

Өздеріңдей хандардың,
Қарны жуан билердің,
Атандай даусын ақыртып,
Лауазымын көкке шақыртып,
Басын кессем деп едім.
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім.
Еңсесі биік ақ орда,
Еріксіз кірсем деп едім.
Керегесін қиратып,
Отын етсем деп едім.
Туырлығын кескілеп,
Тоқым етсем деп едім.
Тақта отырған хандардың
Төрде отырған ханымын
Қатын етсем деп едім.
Әлдилеген баласын
Жетім етсем деп едім.
Хан сарқыты – сары бал,
Сұраусыз ішсем деп едім.
Тәнекейдей көріктіңді
Қалыңсыз құшсам деп едім.
Қаныкейдей тектіңді
Ителгі көзін төңкертіп,
Күшіктей даусын қыңсылатып,
Аш күзендей белін бүгілтіп,
Ат көтіне үңілтіп,
Артыма салсам деп едім.

Жайлы қоныс табу, қонысты тартып алғандарды жою, хандарды, билерді, төрелерді қыру, қара қазақ баласына теңдік алып беру – міне, Исатайдың ұраны. Исатайдың ұраны өткен әсірдегі саясат партияларының програмаларымен салыстыруға да келеді. Жұрттың Исатайға еруінің себебі осы.

Халықтың аузындағы сөздерге қарағанда Исатайдың өз басының көпті ертетін қасиеттері болған.
Жауда жанын аямады. Жауласса қолдың алдында, қашса артында болды. Көптің арызын айтамын деп айып тартты. Халықты аяп, қан төкпеймін деп, Орданы қамағанда алданып қалды. Жайықтан өтерде орысты өзі қамап тұрып, көшін, жолдастарын аман – есен өткізіп болған соң ғана өтті. Жортуылға өзі жүрді. Жолдастарын жауға тастамаймын деп барып өлді.
Халық үшін Исатай үй ішін, туған – туысқандарын садақаға берді. Екі баласы, бір қатыны соғыста өлді. Екі баласы, бір қатыны жаудың қолына түсіп, айдауда шіріді. Ағайындары шабылды, тұтылды. Тырнақтап жинаған мал – мүлкі, бүтін қара орман дүниесі жаудың қолында қалды.
Жәңгір ханға кәдірлі елдің билері бірнеше рет ханмен бітіремін деп, араға түссе де Исатай болмады. «Халықтың тілегін орындамаған ханмен бітім болмайды» деді.
Оралдағы орыстардың ішіндегі тамырлары да, Оралдың одаманы Покатили де, Орынбордың жандаралы Перовскийдің өзі де бірнеше рет шақырып, дегеніңді істеймін деп, уәде берсе де, сөзіне ермеді, өзінің дұрыс деген жолымен кетті.
Қанды көйлек жолдасты сары алтындай сақтаған Исатай еді. Жолдасы Махамбет батырдың сөздерінен, ел ішіндегі әңгімелерден Исатайдың көпті бастауға ылайық мінездері анық көрінеді.
Исатай – нағыз батыр. Орынсыз мақтанның батыры емес, керек орынды батыр.
Махамбеттің байекеге айтқан сөзіндей қазақ арасында еш уақытта ханға сөз айтылған емес. Махамбет – Исатайдың жолдасы, шәкірті.
Исатай – би. (Би) ішінде көп сөйлемейтін сабырлы адам. Керек орнында сөзге шешен. Исатайдың сөзіне ешкім шыдай алмайды.
Ораза, намазын тастамайтын Исатай – тақуа адам. Заманындағы көптің көзінде бұ да үлкен қасиет.
Алдау, арбау, қулық – сұмдықты Исатай білмейді. Ісінің бәрі әділдік туралық.
Ханмен жауласып жүргенде Исатай Бөкейліктегі беріштің Жақсымбет деген биінен ақыл сұрай барады. Ханға қарсылығыңды қой, орысқа әлің келмейді, босқа елді бүлдіресің, Жәңгір ханмен келістіріп, өз басыңа түрлі даража алып берейін дегенде, Исатай тас талқан болып ашуланып көнбейді. Тілін алмаған Исатайға кетерде «берішке тиме, ауылың ғой Жайыққа тиме, үйің ғой, жеңіле қалсаң бұлар қорғаның болар» деп, Жақсымбет би өз руын қорғап сөз айтады.
Жақсымбеттің ақылын Исатай алмады. Мынау өз руым, мынау бөтен ру деп бөлмейді. Бөкейліктегі соңғы соғыстардың бәрі беріштің үстінде болды. Орыстың әскері, Қарауылқожаның әскері берішті көп талады.
Исатай қашқаннан соң беріштің елі Жәңгір мен Қарауылқожаның кәріне тап болды. Әуелден ханды жақтаған Балқы би де беріштігінен сенімсіздікке ұшырады. Балқының ауылы ақырында Жайықтың берғы бетіне өтіп кетті.
Исатайдың ру айырмаған жолы дұрыс болды. Исатады қорғауға беріштің қолынан келмеді. Исатайға бүтін Кіші жүз қорған болды. Исатайды көтермелеп, Кіші жүзге ақырында әлімұлы басшы болды. Әлімнің шекті (назар), шүрен, кете деген рулары Исатайға ауыл болды. Үй болды. Соңғы жорығында Оралға келгенде қасымдағы үш мың қолдың көбі әлім еді. Исатайдың өлетін күні үкімет әскерімен соғысқан жортуылдың көбі Көтібарұлы Есет секілді әлімнің батырлары еді. Исатайдың сүйегі қойылған Шолақмолда деген мола да әлімнің жері.
Қиын уақытта елге басшы болған адам көпті ұйымдастыра білу керек.
Бөкейліктегі елдің тегісінен Исатайға ергені Исатайдың көпті құрастыра білгендігіне ыспат.
Жаңғыз өзі қашып барып бүтін әлімді, адайды біріктіргені, түрікпенді. Қиуаны разылап, көңілін тауып, өзіне тілектес қылғаны, Қайыпалды, Науша секілді бұрынғы қашқындарды қасына жинап, өзіне жолдас қылғаны – Исатайдың көпті ұйымдастыруға шебер екенін көрсетеді.
Исатайдың бабасы ақтабан шұбырынды замандарында ел қорғап, ұранға шыққан Ағатай батыр еді. Ағатайды жұрт әулие дейді. Ата – бабаның аруағын сыйлағыш рушыл халыққа Исатайдың Ағатайдың тұқымы болғандығы да әсер барсе керек.
Ұзын сөздің қысқасы: тарихты, елдегі сөзді тексергенде, Исатай көпке басшы болуға ылайық арнайы туған адам көрінеді. Исатайдың өз басы туралы осы күнге дейін ел арасында түрлі әңгіме көп. Әңгіменің көбі ертегі. Кіші жүздің ішінде жиырма жылдың шамасында Исатайды білмейтін адам аз еді. Исатай – Махамбеттің әңгімесін айтып отырып кердерінің, кетенің, байұлының шалдарының көздеріне жас алғанын өз көзіммен талай көрдім. Махамбет батырдың Исатайды жоқтап, Баймағамбет төреге айтқан сөзі Орал, Тоғай, Бөкейлік, Маңғыстау қазақтарының арасында түгел жайылыулы. Қазақтың арасында мынандай әңгімелер бар. Ағатайдың аруағы Исатайға қонған екен. әруақ түнде ұйықтап жатқанда үш түрлі болып келеді екен: 1) Айдаһар жылан болып келіп, беліне оралып жатады екен; 2) қара бура болып күркіреп омыраулап келіп, үстіне шөгіп жатады екен; 3) қабан болып күрілдеп келіп, қойнына кіріп жатады екен.
Ағатай батыр өлерінде айтқан екен:
«Менің тұқымымнан жауырда біреу шығады, жалыны жалп етіп көкке жетеді де сөнеді, әруағы меннен артық болады да, өмірі меннен қысқа болады» деп. Бұнысы Исатай екен деп жұрт жорыған – мыс. Осы секілді ел арасында талай әңгімелер бар.
Исатайдың қимылы он тоғызыншы әсірдегі ел әдебиетіне көп әсер берді.
Исатайдың ісін дұрыстап әуелі сөз шығарған беріш Қуан жырау. Алаша Сарбөпе бидің Қуан жыраудың сөзіне тоқталып, ұстаудың орнына Исатайға көмектеспек болғанын жоғарыда айтқанбыз.
Екінші Исатай туралы көп сөйлеген – Исатайдың жолдасы Махамбет жырау. Махамбеттің сөзі өте көп болған.
Орал, Торғай, Бөкейлік, Маңғыстау елдерінің арасында Махамбеттің сөздерін айтатын жыршылар күні кешеге дейін көп еді.
Исатай туралы сөзді көп айтқан адамның бірі – кете Шернияз шешен. Шернияз Исатайдың замандасы.
Шернияз шешеннің Исатай туралы айтқан сөздерінің аз да болса, үлгі келтірелік (Жансүгірұлы Ілиястың Жетісудағы Талдықорған еліндегі Омарбек деген ақыннан жазып алған сөзінен алынды):

Ар жақтағы Арынғазы дүмбірлеген,
Байеке, елің бар ма бүлдірмеген.
Төре етіп, төбеде төбет қалып,
Туып тұр ел басына бұл күн деген.
Кешегі Исатайдай асыл ерді
Орысқа ұстап бердің тіл білмеген.
Қазақтың қара жұртые быт – шыт қылған,
Төре емессің, төбетсің, дым білмеген.
Орыс орман қол салып ортамызға
Заманға ұшырадық бұл күн деген.
Айдаттың жаңғыз бауырың Исатайды
Сенен де қалмақ жақсы шүлдірлеген.

* * *
Па, шіркін Исатайдай сабаз тумас,
Қас етсең қасыңа да адам жуымас.
Ел ұстап, жұрт билейтін қылығың жоқ
Хан емес, қас қатынсың мұндар қу бас.

* * *

Сағынам ауызға алсам Исатайды,
Ер тумас ел бағына ондай жайлы.
Қарадан халқы сүйіп ханым деген
Жігіт ед төрт тұрманы түгел сайлы.
Кешегі Исатайдың арқасында
Ие едім ен дәулетке басыбайлы.
Исатай ділмәр еді топтан озған,
Нар еді бәйтерекке мойнын созған.
Аққайың ақтылы қой өрісті алып,
Тырнадай біткен жалқы тарлан боздан.
Шеріңнің шертіп тұрған заманы жоқ,
Дамбалдың иесімін жалғыз тозған.
Ер тумас ел бағына Исатайдай,
Мінезі толқушы еді толған айдай.
Тарлан боз, тарғыл ала жылқы біткен
Бай еді, құтым еді, о дариға – ай.
Бір жылы біткен бие қысырады
Сонда да құлындады сегіз жүз тай.

* * *
Орасан оған бітккен ойсылқара
Келесіне салушы еді тоқсан бура.
Тай құлындап, тайлағы қайып тұрған,
Шаңырақ ед қыдырлы жұртқа пана.
Жарлы менен жақыбай көбінесе
Көрші боп қара бауыр қосқан қора.

* * *
Ортақ ед оның қойы ағайынға,
Үлесіп жеп жатушы ед маңайы да.
Ағайын ішіп жатқан, мініп жатқан,
Жігіт ед құдай берген маңдайына.
Мен емес жұрт мақтаған Исатайдың
Қайырын қайыр демей қалайын ба?

* * *
Масаты төрден есік қызыл кілем,
Қырық ішік керегеде жанат тиін.
Қыс болса кертпе қатық ішерсің деп,
Беруші ед қырық бұзаулы және сиырын.

* * *
Бәрі де Исатайдың байлығы еді,
Зерленген қара шақшам тайлық еді.
Исатай ел еркесі, ел серкесі
Бір мен емес, алашқа жайылым еді.
Елге алғау, маған да алғау ер Исатай,
Айырылып Шерің содан қайғылы еді.

Баймағамбет сұлтан бір күні Шерниязға:
«Исатай өлген болмай, ұсталып кетіп, қайтып келген болса, қане не айтар едің» дегенде, Шерния былай айтып, мойнынан құшақтар едім депті:

Бармысың жауға түскен, алтыным – ай,
Самалым, саз қонысым, салқыным – ай.
Кәуірдің қоржынына түсіп едің,
Шықтың ба, аман – есен, жарқыным – ай.
Ақ алмас, алтын сапты қылышым – ай,
Құрып ең алты алаштың тынысын – ай.
Жатпапты асыл пышақ қап түбінде
Шықтың ба, қабын жарып ырысым – ай.
Кеткен соң ит малданған сонау жаққа
Тапсырдық құдай менен әруаққа.
Қазақтың күйі кетті орыс алып,
Төбеге доңыз шығып, ер аулақта.

Беріш Мұрат ақын да Исатай туралы көп сөйлеген.
Беріш Ығылман ақынның Исатай туралы шығарған сөздерінің бір бөлегін осы кітапта басып отырмыз. Он тоғызыншы әсірдегі, Орал, Бөкейліктен шыққан ақындардың көбі – ақ Исатайды сөз қылған.
«Ордасын ажар ету үшін», «арғымақтың аласын бермей, қарасын беріп» заманындағы айтқыштардың көбін Жәңгір хан қасына жинағын. Жәңгірді мақтаған жыршылар, әрине, Исатайды мақтай алмайтын болған.
Байтоқ, Жанұзақ секілді жыршылар Жәңгірді қанша ұлығылса да Исатайды жеңдік деп мақтап сөз айта алмаған. «Тентегін тыйдың қазақтың» деп, бұлар Исатай туралы тек жанай өткен.
Ел арасындағы сөздердің бәрі де Исатайды мақтап, ісін дұрыстап, өлгеніне күйініп, жоқтап сөйлейді. Исатайды жамандаған халық арасында сөз жоқ.
Заманындағы қас болған Жәңгір мен Баймағамбет те қазақ арасында Исатайды жамандап сөйледі деп естілмейді. Бұлар Исатайды тек «тентек» дейді екен.
Исатайдың аты бұкіл қазаққа мәлім. Сырдария, Семей, Жетісу қазақтарының арасында да Исатай туралы әңгіме бар. Семей, Жетісу қазақтарының арасындағы сөздер ертегіге ұқсас. Баймағамбет деген хан болған екен. Оның Исатай деген інісі болған екен. Баймағамбет қазақты орысқа берем деген екен. Исатай орысқа бағынбаймын деп, қарсы болыпты – мыс. Екеуі жауласыпты. Баймағамбет пен Исатайдың елі арғын, найман болып шығады.

ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫ: ИСАТАЙ, МАХАМБЕТ

 Исатайдың көтерлісі қазаққа қандай пайда, зиян берді, патша үкіметіне қандай ой түсірді деген сұрау туады.
Исатай көтерлісі қазаққа өзінің ел екенін білдірді, жұрттың ұлт сезімін қозғады, қазақтың бірігуіне себеп болды. Бірақ Исатайдың өлімі, артында қалған көптің үкімет әскерінің айбарына шыдай алмай бытырауы, үкіметтің елге тарттырған жазасы қазақтың тауын қайырды. Исатайдан соң көп қазақтың арасында орыс үкіметін күшпен жеңе алмаймыз, қазақтың әлі келмейді деген пікір туды.
Исатайдан соң үкіметтің жүргізген саясаты да осы пікірді көпке сіңіріп, нығайтуға себеп болды.
Бұрынғы орыстан күшпен құтыламыз деген ойдың орнына, қашып құтылу керек деген жаңа пікір шықты.
Осы пікірімен барабар «тағдырға көніп», тыныш отырып бағынып, үкіметке жағу керек деген пікір де күшейе бастады. 1869 – 1870 жылдағы ауада осы екі пікірді ел іске асыруға айналды. Құтсыз қонысты тастап ауу керек, Асанқайғының жұртын табу керек деген пікір, әсіресе, ауадан соң күшейді. «Асанқайғыны көксеу» деген дәуір елдің көңілін бөлді, ел арасында өзіне бөлек қимыл туғызды. Ел әдебиетінде осы қимыл жақсы сүгіреттелген.
Исатайдың көтерлісі қазақтың көзін ашып, патша үкіметін танытты, патша үкіметіне сүйенген хандардың, сұлтандардың қазаққа нағыз дұшпан екендігін анық көрсетті.
Сырымның уақытында хан – төрелерге, хандарға бір бөлек қазақ еріп еді. Исатайдан кейін еркіменен хан, сұлтандарға еретін ел қалмады. Хан сұлтандарға ел өшігіп кетті.
Шекті Көтібарұлы Есет, Нұрмұхамбетұлы Жанғожа, таз Өтен, Нарынбай, Төремұрат секілді хандармен, патша үкіметімен арпалысқан батырлар – ізін басып үлгі алған Исатайдың жеткіншектері еді.
1869 – 1870 – інші жылдағы ауада да ел, бір жағынан, үкіметпен жауласты да, екінші жағынан, төрелерді талады. Қара қазақтан шыққан патшашылдар кек алу үшін, патша үкіметін төрелерге айдап салды.
Патша үкіметі де төрелерден перде жасаудың енді керегі жоқтығына түсіне қалды. Бұрынғы бағып – қаққан төрелеріне қырғидай тиді.
Көптің көңілін алу үшін орынды – орынсыз төрелерге жала жапты, сүргін қылды. Ханның мирасқоры өзі болғандығын анық білдіру үшін хан, сұлтан деген атақты жойды, ақсүйек табын жойып, төрені қара қазақпен тең қылды.
Етін мүжіп, кеміріп, майын сорып, итке лақтырған сүйектей қылып, лақтырып тастағанда ғана төрелердің патшашылдары залым үкіметке құрал болғанын бір – ақ түсінді.
Исата й көтерлісінің соңы – 69 – 70 – інші жылдағы ауа. Бір өшіп, бір сөніп, Исатайдың жаққан оты қырық жылдай тұтанды. Ақырында ауада жалпылдап тағы жалындады. Бірақ қырық жылдың ішінде заман өзгерген еді. Патша үкіметі өте күшейген еді, қазақ әлсіреп, езілген еді. Езілгеннің белгісі ауада ел ала ауыз болды. Бір бөлегі үкіметке бағынып қалды. Көтерілгендерінде де бірлік болмады. Бүтін Кіші жүзге бас боларлық бір адам шыға алмады. Алаша Сейіл, байбақты Беркін, табын Алдаш, Дәуіт, шекті Есет, адай Иса секілді көтерліске бас болған адамдар өз руынан жоғары көтеріле алмады, қанатын кең жаюға бірінің де қолынан келмеді. Полферов деген орыстың сынында 1869 – 1870 – інші жылы ауа «бұғауларына үйренген құлдардың көтерлісі еді»23.

Патша үкіметіне Исатайдың көтерлісі көп тәжірейбе берді:
1). Төрелер арқылы қазақты ұстап тұра алмайтындығына көзі жетті. Хан, сұлтандардың қазақ арасында әбденкәдірсіз болғанын, қазақтың төрелерге енді бойсұнбайтындығын жақсы түсінді. Хан сұлтандарды итеріп тастап, жылдамырақ бұлардың орнын өзі басуға қам қыла бастады.
1844 – інші жылы Кіші жүз қазақтарын билеу туралы бірінші толық заң шықты. Хан мен сұлтандардың қолында жарытып билік қалмады. Биліктің бәрі Орынбор ғұбырнаторы мен пограничный кемисиеге көшті. Бөкейліктегі хан, Орал, Торғайдағы сұлтан – прабитілдер ғұбырнатырдың шенеунигіне айналды. Бұлардың жанындағы қорғауға қойылған әскердің саны бес жүз салдатқа жеткізілді. Ел сардарлыққа (дистанцияға), ауылдарға (местілікке) бөлінді.
2). Қазақтың о заманғы әлеуметшілігінің бір түрі ру еді, рулықтан туған батырлар, билер еді. Үкімет руды жоюға, батырларды, билерді жоюға қам қылды.
Ру сезімін бәсеңдету үшін қазақты руға бөлмеді, әуелі бөлімге (шаске), сардарлыққа (дистанцияға), местілікке бөлді, кейінрек үйезге, округке, болысқа бөлді.
Көтерліске ұйытқы бола берген шекті, адай секілді бір талай ірі руларды бірнеше облысқа бөліп жіберді.
Шен, шекпен, орын беріп, қазақтың ішінен өзіне сенімді адамдар шығара бастады. Ауа секілді қысылшаң заманда бұндай адамдардың үкіметке зор пайдасы тиді.
Сардар, местий болыс, ыстаршинаны ел сайлайтын, сұлтан – прабитіл ояз тағайындайтын қылып, «ыштат» шығарды. Қазақтың билікке өш сезімін қоздырып, елдің ішін қым – қиғаш талас қылды. Әр ауыл, әр болыс әкім болу үшін үкіметтің адамына жүгінетін болды. Қазақтың ұлт сезімі, бірлік сезімі бірден – бірге кеміп, бара – бара далада қалды. Бұрынғы билердің орнына атқамінерлер мінді, бұрынғы батырлардың орнына барымташы – ұрылар пайда болды.
3). Әбден езу үшін үкімет қазақтың шаруасын күйзелтіп, өнемейін құртуға ойланды. Қазақтың жерін тартып ала бастады.
Қазақтың арасына жемқор саудагерлерді айдады. Жұт көбейді. Ел жарлы бола бастады. Екеномике жағынан қазақ нашарланды, орысқа құл бола бастады.
4). Жайық бойындағы қазақтың көтерлісіне өнемейін сүйеу болып, жан беріп отыратын Сыр мен Маңғыстаудың елдерін шынымен бағындыруға кірісті.
1839 – ыншы жылы Перовский жанарал Сыр мен Қиуаны жаулап алуға аттанды. Қазақтың қақ ортасына, Жемнің басы мен Шошқакөл деген жерге екі қорған салды. Ақыраптың 21 – інші күні Орынбордан шыққан көп әскер дәлудің 25 – інші күні қыстың қаттылығынан өліп – талып Шошқакөлге азар жетті. Суықтан, аштан үш – төрт мыңдай кісіні қырып, есепсіз дүнияны жойып, 1840 – ыншы жылы жазына Перовский Шошқакөлден қайтарында Баймағамбет төре мен Бижанов деген Орал орысын бас қылып көп әскер жіберіп, Жем бойындағы, Атыраудағы, Шыңдағы, Самдағы, Сағыздағы қазақтарды шаптырып алды. Сыр мен Қиуаны ала алмаса да, қазақты бекем жүгендеуге үкімет бел байлады. Ел ішіне қорғанды салып, әскер қоюға кірісті. 1830 – ынші жылы Маңғыстауға салған қорғанды қайта күшейтті. 1845 – інші жылы Ырғыз бен Торғайға екі қорған салды, 1846 – ншы жылы Арал теңізінің жағасына Райым деген қорған салды. 1848 – інші жылы Қарабұлақ дегенжерге қорған салды.
Биленттеп қазақ жерін қағазға түсіруге ел ішіне бірнеше рет әскерлі кемисилер жіберілді.
Саудагерлердің, көршілес орыстардың не болмаса сұлтандардың шағымы бойынша, үкіметке қылмысты саналған қазақтарды жазалау үшін де ел ішіне әскер жиі шығатын болды.
Сөздің қысқасы: Исатайдан соңғы он жылдың ішінде Жайық пен Сырдың арасын орыстың әскері шар қылды.
Ел ішіне орнаған, ел қыдырған үкімет әскері қазақтың арасындағы қатынасты кемітіп, қазақтың бірлігін жоюға себеп болды. Әскерден сескеніп, оза көшіп, кең жайыла алмай, жайлы қыстаулықты емін – еркін қоныстай алмай, жазы – қысы үркумен болып, қазақтың малы жұтқа шалынғыш болды.

Исатай беріш руынан, беріштің жайық деген бөлімінен. Исатайдың ата тегінің тізілісі мынау :
ЖАЙЫҚ

ТЫНЫС НАУРЫЗ БАҚАЙ ДӘУЛЕТ

ТІЛЕУКЕ

ЕСІРКЕП ШАҒАТАЙ АҒАТАЙ
(Тұқымы Үргеніште)
БОҚАЙ

САРТ ЖАҢҒАБЫЛ БЕКӘЛІ

ТАЙМАН

ЖҮЗБАТЫР ИСАТАЙ
(Тұқымы Оралда) (Тұқымы Бөкейлікте)

Елдің сөзіне қарағанда Исатайдың тегі – шынжырлы батыр. Бесінші буындағы бабасы – беріш деген рудың ұранына шыққан ағатай. Исатайдың тұқымдары осы күгі Бөкейлікте.
Исатай қырық тоғыз жасында 1838 – інші ит жылы әсеттің он екінші кіні соғыста өлді. Сүйегі Темір үйезіндегі Қиыл деген өзеннің бойындағы Шолақмолада.

МАХАМБЕТ БАТЫР

Заманында Кіші жүздегі батырлардың бәрі де Исатайға жолдас болған. Бас — басына бұларды тексеруге мағлұматымыз жетпейді.
Тек – азды көпті хабарымыз бар бірнеше бас жолдастары туралы ғана айтпақшымыз. Алдымен Махамбет туралы.
Өтемісұлы Махамбет батыр – бастан — аяққа дейін қасында жүрген, жаумен жауласып, даумен дауласып, өлімге басын қиған Исатайдың қанды көйлек жолдасы.
Махамбет беріш руынан, Жайық арасынан. Махамбеттің атасы — Өтеміс, Өтемістің атасы – Құлмәлі. Мәлі деген кісі жауда қолға түскен тұтқын екен. Жайық беріш Тумаш деген адамның балалары еншілес қылып алған. Өзін — өзі қызылбастың Нәдірші деген патшасының тұқымымын дейді екен. Құлмәлі деген бұ күде Гурьев үйезінде Тайсойған деген жерде бір бөлек ел. Құлмәлінің тұқымында би де, батыр да, шешен де, әулие де шықты деп қазақтар ұлықтайды.
Өтеміс Айшуақтың, Бөкейдің заманында қазақтың қабырғалы биінің бірі болған.
Махамбеттің Бекмағамбет деген ағасы Жәңгір ханның орда биінің бірі болған, ханды жақтап, Исатай мен Махамбетке қарсы болған.
Махамбеттің өзіде жас кезінде Жәңгірдің нөкерінде екен. Исатай ханға қарсы бола бастағанда – ақ Исатайға еріп кеткен.
Махамбеттің өзі әрі батыр, әріжырау, әрі домбырашы болған. өте қызулы адам екен. Әдіс, шеберлікке кем болса керек. Бағыт алған жағынан тайынбайтын қасарыспа ер екен.
Исатай жұртты ақылмен, дәлелмен, түрлі әдіспен соңына ерткен адам болса, Махамбет көпті қыздырып, көңілін аударып ертетін адамның түрі болған.
Исатай ақсақалдармен, бас адамдармен ақылдасып кеңесіп отырғанда, Махамбет айналасындағы үйлерге, ауылдарға қыдырып жүріп өлең айтып, домбыра тартып, жұртты қыздыратын еді дейді – мыс. Махамбет мінезі сотқар, қалжыңқой, бітің – көзің демей ойына келгенін айтып салатын батыл болған. Жауласқан мезгілде өте батыр, айлакер болған. 1838 – інші жылы қауыстың 23- інші күні Бөкейлікте Бекайдар деген жерде Исатайды отыз жолдасымен орыстың отряды қамайды24. Махамбет жолдасымен мылтық атып, садақ атып, найза жұмсап отрядты қайырып, Исатайды екі жолдасыменен шығарып жібереді. Исатай құтылған соң Махамбет жолдастарымен орыстан қашады.
Қуғыншылар соңынан қалмай қуып, Махамбетті ұстауға таянады.
Сонда Махамбет астындағы бұлық көпшікті жарып жіберіп, ішіндегі мамығын жықындап қалған қуғыншылардың көзіне шашып жіберіп, құтылып кетеді.
Махамбеттің мінезі Исатайдікі секілді көптің басын құрастырып, бүтін елді соңынан жүргізетін мінез емес, Махамбет жақсы үндеуіш (әгитетір), жақсы бастықтың қолында өте ыңғайлы қолбасы. Ананы – мынаны істеп келге табылмайтын адам.
Махамбеттің осындай екендігі тарихты тексергенде, елдің аузындағы әңгімені тыңдағанда көрініп тұр.
Исатай өлгеннен соң – ақ, Махамбет көпті ерте алмады. Исатайдың құрастырған елінен айырылып қалды. Бұған Исатайдың өлімі себеп болды. Көптің тауы қайтты. «Жорықтың алды оңбаған, арты оңбас» деген пікір жұртты меңгерді.
Махамбеттің мінезі де, Кенесарының жолдасы Наурызбайдың мінезі де тексере келгенде бір – біріне ұқсас келеді. Екеуінде де ерлік бар да, көпті ертетін тәсіл аз.
Рушыл, ата – текті сыйлаған қазаққа Махамбеттің Құлмәлінің немересі болғандығы да, әсер берсе мүмкін.
Махамбеттің жыраулығы күшті болды. Махамбеттің сөзі көп болған. Көбі жойылған. Ел арасында сақталған сөздерінің бар қатарын осы кітапшада келтіріп отырмыз.
Махамбеттің сөзінің ішінде ел ішіне көп жайылғаны – Баймағамбет сұлтанға айтылғаны.
Әлімұлы, байұлы, жетірудың арасында осы өлең көп жайылулы. Біздің қолымызда ел ішінде жайылған осы өлеңнің бірнеше нұсқасы бар. Айтушылардың көбі бірақ Махамбеттің түрлі сөзін қосып шатастырып айтқан. Жетірудың ішінен жиылған нұсқаларда қаталар өте көп, кейбір жерлерінде сөздің негіздерін өзгертіп жіберген.
Біздің бастырып отырғанымыздың негізіне Мұрат ақыннан естіп едім деп, Шөрекұлы Ығылман ақынның жазып бергені алынды. Қолымыздағы нұсқаларды салыстырып құрастырғанда, бабтарға бөлгенде сөздердің орны аумасып кетуі мүмкін.
Бала күнінен осы сөзге құлағы қанық Махамбеттің еліндегі ақсақал, қарасақалдары біздің келтіріп отырған өлеңімізді дұрыс дейді.
Ісін аяқтаймын деп Исатайдан кейін Махамбет біраз әуре болып жүреді. Бірақ елді біріктіре алмайды. Исатайдың жолдастары, оның ішіндегі Махамбет секілді бастықтарын ұста деген үкіметтің қатты бұйрығы шыққан.
Махамбет ел ішінде жүре алмайтын болған. Махамбет ақыры ұсталуына көзі жеткен соң, байұлының адамдары басы Үбі, Байнақ дегендер болып, Махамбетті зорлап Баймағамбет сұлтанға алып барады. Баймағамбеттен үкіметке ұстап бермейтін қылып, ел ішіне жүре беруіне рұқсат алып береді. Билердің сөзін қабылдаған соң, Баймағамбет батырды үйіне шақырып танысады. Батыр үйге қару — жарағын тастамай кіреді. Баймағамбет батырдан «бір – екі ауыз өлең айтыңыз» деп өтініш қылады. «Менің сөзім сізге жақпас» деп батыр айта қоймайды. Баймағамбет қайта – қайта өтініш қылады. Сонда Махамбет Исатайды жоқтап, Байекені боқтап, белгілі өлеңін айтады. Байекенің қасындағы жас төрелер батырдың сөзіне ашуланып қызған екен, «Бұлай айтпаса Махамбет батыр бола ма, батырдың сөзін көтермесем мен хан болам ба?» деп Байеке оларды тоқтатыпты – мыс.
«Ұйалғаннан кірерге жер таба алмадық. Ханның бетіне қарай алмадық, кеткенше асық болдық» деп еріп барушылар талай айтқан екен – мыс.
«Сөзімді жаратпай, бірдеңе істейін десе, со жерде Байекені қасындағы жолдастарымен жарып тастайын деп отыр едім» деп Махамбет соңынан айтыпты – мыс.
Махамбет бұлай қылмайды деп ешкім ойламаған, Байеке де бұны сезсе керек.
Байекеден қайтқан соң Махамбет Оралдағы ағайындарының арасында жүреді. Үкіметке, хандарға қарсы елді азғыруын қоймаса керек.
Бір күні үйіне бір бөлек адаммен досы Ықылас келеді.
Қонақ болып отырып Ықылас Махамбетті өз қылышымен басын кесіп алады. Ықыластың ру тама, жабал бөлімінен, тұқымдары осы күнгі Орал үйезінде Бөрлі болысында. Ықыласты азғырып өлтіруге жұмсаған Баймағамбет деп айтады – мыс. Батырдың басын апарып бергенде Байеке Ықыласқа айтыпты – мыс:
«Өлтір деп жіберген жоқ едім, тірілей ұстап әкел деп едім, басын алып кет» деп.
Махамбет қырық екі жасында 1845 – інші жылан жылы өлді. Сүйегі Ілбішін үйезіндегі Дендер деген жердің күншығыс жағындағы Қараой деген жерде. Бір жылдан соң Ықыластың көмген жерінен ағайындары Махамбеттің басын ұрлап әкеліп, денесімен бірге көмген.

ИСАТАЙ КІМ?

Исатай – Бөкейліктің қазағы, руы беріш. Беріштің ішінде жайық, жайықтың ішінде ағатай.
Исатайдың әкесі Тайман, Тайманның әкесі Бекәлі, Бекәлінің әкесі Боқай, Боқайдың әкесі Ағатай. Исатай 1789 –ыншы ит жылы туды; 1838 – інші ит жылыәсеттің (үйілдің) 12 – ншы күні Темір үйезінде Қиыл деген судың бойында соғыста өлді.
1830 – ыншы жылдардан бастап Исатай Бөкейліктің Жәңгірдеген ханына қарсы болды. Ақырында елді топтап, ханмен жауласты. Ханға патса үкіметі болысты, Исатайға қарсы көп әскер жіберді. Исатай жеңілді. 1837 –ншы жылы қашып Жайықтың бергі бетіне өтті Әлім деген рудың ішіне келіп, қазақты үкіметке қарсы көтерді. Бүтін Кіші жүз соңына ерді. Қиуа мен түрікпен жәрдемдес болды. 1838 – інші жылы хандарға, патса хүкіметіне қарсы соғыс ашып, өзі Оралға келеді. Аз ғана әскері мен жортуылға шыққанда, абайламай үкіметтің көп әскеріне кезігіп қалып, соғысып өлді.
Исатайдың соңына Бөкейлікте де, бергі бетте де елдің бәрі ерді.
Исатайдың ұраны – хандарды, сұлтандарды жою, билікті қара қазақтың өзіне беру, бұзық билерді жоғалтып, әділдік түзеу, орыстың законын тастап, елге қазақтың әдетінше билік жүргізу, қазаққа жақсы қоныс алып беру, хандардың, төрелердің, келімсектердің тартып алған жерлерін қайтарып беру.
Кіші жүздің үкіметке жасаған тәртіпті қозғалысының соңы – Исатай қозғалысы. Бұнан кейінгі қозғалыстар ылғи тәртіпсіз болды.
Исатайдың қозғалысы патса үкіметіне де, қара қазаққа да көп әсер берді.
Исатайдан соң патса үкіметі қазақты жүгендеуге шындап кірісті. Түркістанды жаулап алуға бел байлады.
Қара қазақ ханнан күдер үзді. Өзінің күшіне сенімі кетті. Елдің көңіліне «Асанқайғы» кірді.
Исатайға заманындағы батыр – билердің көбі – ақ жолдас болды. Исатайдың бас жолдастары мыналар: беріштен Махамбет батыр, байбақтыдан Жүніс, алашадан Ырсалы, ысықтан Қалдыбай мен Қабыланбай, әлімнен Есет батыр, танадан Науша, Есімханұлы Қайболды төре, тағы талайлар …
Исатайдың қозғалысын басқан соң үкімет елге қатты тиді. Исатайшыларды Бөкейлікте Жәңгір хан тергеді. Көп адам жазаланды, қуғын – сүргін көрді. Исатай туралы толығырақ мағлұмат менің «Исатай — Махамбет» деген кітепшемде берілген.

БАЙМАҒАМБЕТ КІМ?

Баймағамбет төре – Кіші жүзде болған Айшуақ ханның баласы, орыс үкіметіне бағынған белгілі Абылқайыр ханның немересі. 1830 –ыншы жылы нөйебірдің 25 –інші жаңасында Орынбор қазақтарының күнбатыс бөліміне (осы күнгі Орал, Маңғыстау) сұлтан пырауитил болды. Қара қазақ Баймағамбетті хан деп сөйлейді.
Патса үкіметінің жәңгірлік саясатын жүргізуге үлкен құрал болды. Патса үкіметіне қазақты жуасытып, езіп беруге көп себеп болды.
Баймағамбет заманында қазақты қорқытып, елді тыныштануға үкімет тарапынан бірнеше құралды күш жіберді.
1831 – інші жылы Атырау теңізінің жағаларын тексеруге, қорған салуға орын табуға қазақ ішінеКарелин бас болып, бес зеңбірікпен әскер шықты.
1834 – ншы жылы Карелин мен Мансуров екінші рет шығып, теңіздің жағасына Қайдақ деген қолтыққа, Қызылтас деген жерге қорған салды. Қорғанға көп әскер қойылды. Атырауға жағалай пекеттер қойылды. Қызылтастағы қорған 1846 – ншы жылы Маңғыстаудың Түпқарағанына көшірілді. Осы күнгі Кетік (Порт Александр) сол.
1836 – ншы жылы жаз күні адайды жуасытуға төрт кемемен Үйшіктен әскер шықты.
1836 – ншы жылдың күзінде, қысында Маңғыстаудағы адайды көп әскермен барып Мансуров шапты.
1837 – нші жылы қазақ арасына үш рет әскер шықты. Бірінші әтірет Қобданың бойын, Жемнің басын, Мұғалжар, Ырғыз алаптарын аралап, Борсыққа дейін барып, елді тыншытып қайтты. Екінші әтірет Қобда, Елек бойын тыншытып қайтты. Үшінші әтірет Тайсойған, Қаракүл, Қарабау деген жерлерге барып. Елді жуасытып қайтты.
1838 – інші жылы Исатай мен Махамбеттің қозғалысын басуға қазақ арасына үш бөлек күшті әскер шықты. Бұлар Исатайды өлтіріп қозғалысты басып қайтты.
1839 – ыншы, 1840 – ыншы жылы Орынбордың жанарал – ғұбернаторы Перовский, Қиуаға аттанды. Жемге, Шошқакөлге қорғандар салынды. Азық, көлік басшы қазақтан алынды.
1840 – ыншы жылы Оралдың қазақ – орыстары бастығы Бизанов жанарал мен Баймағамбет барып Темір, Жем, Сағыз бойындағы елді аралады. Перовскийдің әскеріне азық, көлік, адам бермеген қазақтарды шапты. Үстіртке қарай өрлеп, Самға дейін барды. Самнан Жайық бойындағы Кінез (Калмаков) деген қалаға қайтты.
1843 – інші жылы жазды күні Баймағамбет Ойыл бойына келген Кенесары – Наурызбайға қарсы шықты. Сол жылы күзіне орыстың көп әскерімен бірге Кенесарыны қуып, Баймағамбет Мұғалжар тауына дейін барды.
Осы жоғарғы айтылған жортуылдардың бәрін де Баймағамбеттің өзі жүрді. әскерге басшы болды, азықшы болды, жәрдемдес болды.
Баймағамбеттің әсіресе көп еңбек сіңірген жері 1838 – інші жылғы Исатайдың қозғалысы мен 1840 – ыншы жылғы Перовскийдің аттанысы.
Баймағамбеттің заманында Оралдағы адай көнбей, ауып кетіп, Қиуаға бағынды. Патса үкіметі мен адай көп жанжалдасты. Ақырында бағынды.
1847 – ншы жылдың басында Баймағамбет сұлтан Петерборға барды. Патса көп құрмет көрсетті, жанарал шенін берді. Жазға салым Петербордан қайтып келе жатып Орынборға түсті. Жанарал – ғұбырнаторда қонақта болды. Баймағамбеттің ауылы Електің сағасында, судың күншығыс бетінде. Қамалдың (марттың) 28 – інші күні Елек суынан қайықпен өтпекші болады. Тасқынның қатты екенін айтып, өтудің қауіптігін білдіріп, жиылған жұрт сұлтанды тоқтатпақшы болады. Сонда Байеке «Судың жанаралда несі бар, жанаралдың суда несі бар. Қайықты салыңдар», — әмір береді.
Қайыққа мінген сегіз адамнан жалғыз ғана Тауке ұлы Әлен аман қалады, өңгесі суға кетеді. Әленді бір қолынан қайыққа байлап қойған екен, аман қалуына сол себеп болыпты – мыс.
Әлен – Баймағамбеттің немере інісі, Баймағамбеттің орнына сұлтан – пырауитил болды. Баймағамбет 57 жасында өлді.
0 дауыс
Қазақ халқының XIX ғасырдағы ең көрнекті ақындарының бірі Махамбет Өтемісұлы 1804 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарайтын Бекетай құмы деген жерде туып, 1846 жылы қазан айының ішінде жалынды ақын жау қолынан қапыда қаза табады.  

Өтемістің он баласы болып, Махамбет Бекмағамбеттен кейінгі екінші бала болады. Жас кезінде хан ордасында тәрбиеленген ақын кейін бөлектеніп кетеді. Халықты, қарашаны қолдаған Махамбет 1829 жылы түрмеге қамалады.

1836 жылы 14 көкекте Исатай мен Жәңгір кездеседі. Ханның қайын атасы Қарауылқожаның ауылын шауып алады.

1837 жылы 2 қарашада хан ордасына қайта атттанады. 1838 жылы 12 шілдеде орыс әскерімен шайқаста, Исатай қаза табады. Ары қарай Махамбет ақынның азапты күндері туады. Орынбор түрмесіне қамалады.

1846 жылы өз үйінде қастандықпен қаза табады. Бейіті Атырау облысы, Махамбет ауданы, Қараой деген жерде.

Ақынның өлеңдері ерлікке, өрлікке арналады. Не үшін соғысып жүргенін айтады. Ел қандай болу керек деген сауалдарға жауап іздейді.

Азаматтың міндетін көрсетеді. Осыған ұқсас «Беркініп садақ асынбай ...» деп басталатын өлеңі де бар. Алғашқыда ерлер ісі жорық пен оның қиындығына шыдау туралы болса, соңғыда жауын жеңу, ерлікпен қасқая соғысу ерлер ісі деп толғайды.

Исатай жолдасын мақтап нағыз ер бейнесін жасайды. Ақынның әр өлеңінде ел үшін, жұрт бақыты үшін қан төккен, сол мақсатқа бел буған ерлер бейнесі жасалса, Исатай ─ сол ерлерді бастаушы, халық үшін жанын қиған батыр, әрі соғыстағы ерліктің, жүректілік пен өрліктің символы да. «Исатай деген  ағам бар», «Мұнар күн», «Тайманның ұлы Исатай», «Мінкен ер», «Тарланым», «Исатайдың сөзі», «Мінгені Исатайдың Ақтабаны ─ ай» өлеңдерінде тұтастай ел бастаған ер бейнесі сомдалады. Егер жыраулар поэзиясы XV ─ XVIII ғасырлар шежіресі, сол заман батырларының ерлік дастаны десек, Махамбеттің Исатай туралы өлеңдері ─ сол жыраулар дәстүрінің жалғасы. Үмбетей, Ақтамберді, Бұқар жыраулар Абылай, Бөгенбай, Қабанбай бейнелерін сомдаса, Махамбет Исатайдай ердің биік тұлғасын үлгі етті.

Исатайдан, жерінен айрылып өкінеді, өксиді. Сол күндерін сағынады.

Қызғыш құсқа зар айтады. Құсқа мұңданады.

Махамбет поэзиясы ─ ерліктің, өрліктің поэзиясы. Ақынның асыл сөзінің маржан ырлары ─ жыраулар поэзиясымен үндестігі. Арнау, ханға қасқая сын, мін айту, жауынгерлік рух, батыр бейнесі жаңа үлгіде көрінді.

Махамбет жас шағында Жәңгір ханның қолында болады, бірақ туысынан өр мінез, өжет жанды Махамбет хан сарайында әділетсіздік пен теңсіздіктің куәсі рөлінде ұзақ тұра алмайды, көп кешікпей өзі шыққан халықтың арасына оралады.

  Исатай Тайманов бастаған шаруалар көтерілісінің Махамбет ең белсенді ұйымдастырушыларының бірі, жалынды жаршысы болды. Трибун ақынның әлеуметтік өмірге қатынасуының өзі шаруалар көтерілісімен тығыз байланысты еді. Махамбеттің көтеріліске үндеген тамаша шығармаларын шектен тыс езушілік пен теңсіздікті қарсы шықан халық күші туғызды. Демек, ақын толғауларының барлығынан дерлік көтеріліс рухы, елді езгіші хан - сұлтандарға қарсы үндеушілік айқын сезіледі.  

Махамбеттің толғаулары түр жағынан алғанда ескі дәстүрді сақтады, дегенмен өзін мазмұны, жалынды пафосы, зор жігері секілді қасиеттерімен қазақ поэзиясына ерекше жаңалықтар әкелді. Кейін ұлы ақынның үлгісін Батыс Қазақстанды мекендеген ақындардың көпшілігі пайдаланды, үйренді.
...