Өмірден түңілетіндей қайғы - жеңіл қайғы емес. Басыңызға қандай іс түскенін білмеймін, бірақ өзіңізді жалғызбын деп ойламаңыз. Жалғызсырау, түңілуге әсте жол бермеңіз. Алайда бар қиындықты ұмытып, көңіл көтеру үшін қыдыру, кино көру, кітап оқумен өзіңізді алдаусыратудың пайдасы тимейтін сияқты. Қатты қайғырғанда көңіл күйді жақсарту үшін ғана әлденемен айналысу - жаңбырлы күні терезенің пердесін жауып тастап "бүгін ауа райы тамаша" деп өзіңді алдаусыратумен бірдей. Мүмкін қайғыңыздың себебін ашып айтқыңыз келмейтін болар, бірақ өзіңізден жасырмаңыз, бәрін жылы жауып қоя салмаңыз. Қазір бұл қайғы-мұңды өткеруіңіз мүмкін, бір сәтке ұмытуыңыз мүмкін. Алайда кейін жүрегіңізге одан да үлкен жүк болып салмақ түсіреді. Жүрек жарасына мән бермесеңіз, асқына береді, емін іздеңіз. Барлық қиындықтың артында бір себеп тұрады. Егер мәселенің шешімі сіздің қолыңыздан келетін болса, барынша шешуге тырысып көріңіз. Егер ол мүмкін болмаса, бәрін сол қалпында қабылдаңыз. Қандай жағдай болса да, өзіңізді кінәлай бермеңіз. Болуы тиіс нәрсе онсызда болады. Өмірде біздің еркімізбен болатын нәрселер соншалықты көп емес. Мәселе мен өзіңізді қатар қоймаңыз, мәселеге сырт көзбен қараңыз. Сіздің жолыңыз болмағандықтан емес, сіз жаман адам болғандықтан емес, Құдайдың сізді сынағысы келгендіктен емес... Жай, өмір болғандықтан... Өмір болғандықтан анда-санда қиындықтармен бетпе-бет келуге тура келеді. Сіз бұл қиындықты да жеңіп шығатыныңызға сенем! Еңсеңізді түсірмеңіз!