+1 дауыс
25.6k көрілді
Бұқардың Абылайға берген кеңестерің білесіз бе?

4 жауап

0 дауыс

Бұқар жырау Қалқаманұлы (1693–1787) – әйгілі жырау, Абылай ханның ақылшы-биі, абыз. Жұрт оны «Көмекей әулие» деп атаған. Сөйлегенде үнемі қара сөзбен емес, көмекейі бүлкілдеп, түйдек-түйдек жырмен сөйлейтін болған. Көбіне-көп Абылай ханның өтінішімен, «сәуе айтшы» деген тілегімен түсінде көрген істерін болжап айтады екен, бұлары дәлме-дәл келіп отырған. Жырау қазақ халқының жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білген. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салған. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналған. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап калатын көсем тұрғысында үлкен сенім артқан. Абылай хан да сол биік талаптан табылып, елдің бірлігі мен жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет еткен. Жырау сол азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасаған. Әсіресе, Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін асқақ жырлаған. Оның «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Ал, айтамын, айтамын» атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталған. Ал «Садыр, қайда барасың?», «Бұқарекең біз келдік, Ақан, Төбет байларға» деген жырларында ол ел болашағы, татулық мәселелерін сөз еткен. «Он екі айда жаз келер», «Абылай ханның қасында», «Ханға жауап айтпасам» атты толғаулары халық болашағы мен бейбітшілікті сақтау, отарлауды көздеген елден жыраққа, Жиделі байсынға көшу мәселесін қозғаған. Бұл жырлардың үгіт-насихаттық, дидактикалық сипаты басым. Бұқар жыраудың толғаулары, шын мәнінде Абылай дәуірінің айнасы.

Бұхар өмір сүрген дәуірдің ұлы оқиғасы- жоңғар қалмақтарының өктемдігі, олардың қазақ жерін баса көктеп енуін білеміз. Қалмаққа қарсы ұрыс басталған шақтан аяғына дейін бар ауытпалықты Бұхар елімен бірге кешкен. Ол әсіресе, өзі туған өлкесін азат ету күресіне тікелей араласып, қолбасшыларымен бірге, ақылшы, үгітші болып белсендік көрсеткен. Абылай Бұхармен осы тұста қатты санасқан. Қалмақ қолына қарсы тұрған қазақ қолын Абылай хан басқарып, оны Айдаболдан Аталық батыр мен Сүйіндік елінен шыққан Олжабай (1696–1792 ж) батырлар қолдаған. Қалмақтар арылғаннан кейін Абылай көрші Қырғыз, Ташкенттегілермен ерегісіп, оларға қыр көрсеткен. Олжабай Абылайдың бұл саясатына қарсы болды. Бұхар жырау Олжабайды қолдайды. Осы тұста халық аңыздарында Олжабай келіссөз жүргізіп қырғызды соғыссыз бітіреді-міс. Ауыз бірлігі мол кезінде Абылай қолы қалмақтың Қалден Серен хонтайшысын Қарқаралы, Баянауыл жерлерінен ығыстырып, көп олжалы болады. Бұхар Бөгенбайдың өлімін хан Абылайға естіртуші жыраудың бірі. Ол батырдың тарихи рөліне танып, оған деген халықтың қайғысын хан қайғысына ұштастыра жырлаған. Қазақтың даңқты батырлары қатарына алып, оны даралай да білген:

Қазақтың ханы Абылай, 
Абылай ханым бұл қалай? 
Ақиықты аспанға
Ұштаспай қып торлады. 
Құлағанға ұқсайды, 
Қазақтың қамал қорғаны. 
Қайғырамыз ханзадам, 
Айтпасыма болмады-
Батырың өтті Бөгенбай!

Ұлтының тамаша рухани адамгершілік қасиеттерін бойына дарытқан көкірегі даңғыл, алмас тілді, дуалы ауыз кемеңгерді Абылай хан да қасынан бір елі қалдырмаған. Ақыл-ойға кемел «Көмекей әулие» Абылай ханның дұрыс шешім, парасатты пайым қабылдауына, қос бүйірдегі Қытай мен Ресей аты қос алып мемлекеттің арасында оңтайлы саясат ұстауына, әскери дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеуге барынша ықпал жасаған. Заман келбеті, Отан тағдыры, болмыс шындығы, ел тұтқасын ұстаған асқан қолбасшы, біртуар баһадүр, үздік мәмілегер, зерделі мемлекет басшысы Абылай ханның жортуыл-жорық күндеріндегі іс-қимылдары, ұлтының ұлы мұраттар жолындағы ізгі, жалынды күресі жырау мұраларында шынайы шыншылдықпен суреттелген. Әсіресе, оның толғауларында Ресей империясының отарлаушылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері әшкереленген. Мысалы, «Қилы заман» толғауындағы мына бір жайлар «Күнбатыстан бір дұшпан, Ақырында шығар сол тұстан. Өзі сары, көзі көк, Діндарының аты боп Күншығысқа қарайды. Шашын алмай, тарайды, Қүдайды білмес, діні жоқ, Жамандықта міні жок, Затсыз, тексіз бір кәпір, Аузы-басы жүн кәпір, Жемқорларға жем беріп, Азды көпке теңгеріп, Ел қамын айтқан жақсыны, Сөйлетпей ұрар ұртына. Бауыздамай ішер қаныңды, Өлтірмей алар жаныңды, Қағазға жазар малыңды. Есен алар пұлыңмен, Солдат алар ұлыңнан, Күндердің күні, Абылай, Жаяулап келер жұртыңа, Жағалы шекпен кигізіп, Балды май жағар мұртыңа, Есе тимес өзіңе, Есіктегі құлыңнан», табандап жылжып келе жатқан қайшылығы мол заманды елестетеді. Қазақ қоғамының сәнінен, мәнінен айрылатынын, дінінің, тілінің, жерінің тозатынын, қабілетсіздер сұңғылаларды илеп билейтінін, дәрменсіздік жалайтынын, марқасқалар төбесінде бұлт үйірілетінін баяндаған.

Бұхар Абылай ханды да, Бөгенбай батырды да өз ортасында, басқа батырлармен бірге суреттейді. Олар бірінен бірі асып түсіп отыратын қайтпас ерлер. Солардың ішінде Бөгенбайдың тұлғасы өзгеше.

Бұхардың бұл сөздері қазақ хандығының сыртқы саясаты туралы айтылған ақылдар. Мұның өзі- жыраудың кезінде ел арасындағы саясатқа тікелей араласып отырғанының куәсі.

Бұхар өлеңдері- өзінің стилі жағынан ауыз әдебиетімен және өзінен бұрын жасаған Асан, Қазтуған, Шалгез жыраулар толғаулармен сабақтас, ақыл, нақыл, ғибрат, өсиет ретіндегі толғаулар.

1992 жылы Қазақстан Ғылым академиясы әдебиет және өнер институты жыраудың тұңғыш жинағын шығарды. Оны құрастырушы М. Жармұхамедұлы.

Бұқар жырау поэзиясының негізгі ерекшеліктерін, ішкі ағыс-толқындарын, күйлі-қуатты толғамдарын білімпаздықпен саралаған М. Әуезов: «Жырау… заман сыншысы, сөйлесе шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді. Өзі тұрған заманның белгілеріне қарап, келешек заман не айтатынын болжайды. Сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйлейді. Сыртқы түрі құбажондатқан толғау, салыстырған суреттермен ұқсатқан нобай, жағалатқан белгімен келеді… Не айтса да, көптің мұңы мен қамы, көптің жәйі туралы: не көпке арнаған ақыл, өсиет есебінде айтылады», — дейді. Жыраудың толғауларының сыртқы сымбаты мен ішкі қасиет-қуатында, көркем ойлау процесінде шиыршық атқан жалынды шешендіктің буы, асқақ қаһармандық рухтың лебі білінеді. Негізінде, толғаудың құрылысы күрделі ой ағымына, пікір еркіндігіне, ауызекі сөйлеу стиліне бағынады. Тармақтар 7–8 буынды, ұйқастары еркін. Тегінде, толғау музыкалық аспаптардың (қобыз яки домбыра) сүйемелдеуімен орандалады. Толғауларының поэзиялық сәулеті, ерекше қасиеті және оның сөз қолдану ерекшелігі де өзгеше «Бұхарекең сөйлеген уақытында сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар. Бізге келіп жеткен тамыры ғана, бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұқтың өмірі, Айыптың сабыры, Аплатонның ақылы керек» — деп жазады жыраудың тұңғыш библиографы Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Жыраудың шығармаларының текстологиясы әлі күнге ретке келтірілмеген. Ең қажетті таңдамалы сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер іріктеліп, сұрыпталып алынбаған, дұрыс, түзу, мұқият салыстырулар жүргізілмеген. Бұл болашақтың ісі. Бұқар жырау мұрасын жинауда, жариялауда және зерттеуде Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Қ. Халид, Г. Потанин, Ш. Уәлиханов, М. Әуезов, С. Сейфуллин, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, М. Мағауин, Р. Сыздықова секілді ұлт зиялылары еңбек сіңірген.

0 дауыс
Абылай жетпіске келіп, ауру меңдеп, дүниеден аттанайын деп жатқанында Бұхар жырауды шақыртыпты. Жырау келіп:

- Не арман тілегің бар?, - десе керек. Абылай қариямен бақылдасып болып, үш арманын айтқан екен;

- Қан көп төгілді. Мен төкпесем, дұшпан менің қанымды төгетін болды.

- Халық жер емшегін еме алмады, қала кент сала алмадым.

- Елдің басы бірікпеді, тентегі – тебісі көп болды, - депті.
0 дауыс
Абылайханның асқақтаған атақ – даңқы, оның хандық билікті барынша күшейтуіне мүмкіндік берді. Ол ел ішіндегі қайшылықтарды жойып, жалпы ұлттық бірлікті нығайту үшін, жергілікті ұсақ саяси топтардың билігі мен беделін әлсіретіп, заң құқығын орталыққа шоғырландырды.  Сөйтіп ол үш жүздегі ру – тайпалар басшыларын тікелей өз бақылауында ұстады; билер жиналысының өлім жазасына өкім ету құқығын күшіне қалдырып, оны өз қолына алды. Демек, билікте орталықтанған саяси жүйе қалыптастырды. Ұлы жүз Үйсіннің ел ағалары Абылайға өтініш айтып, оның үлкен ұлы Әділіді өздерін басқаруға сұратып алды. Сонымен қатар Абылай хан өзге ұлдарына қазақ руларын еншілеп бөліп берді. Сондықтан болса керек, Бұқар жырау:

«Хан Абылай атандың,

Дүниеден шықпай мініңіз.

Алтын тақтың үстінде

Үш жүздің басын құрадың.

Жетім мен жесірге,

Ешбір жаман қылмадың.

Әділдікпен жүргіздің,

Әдепті іске кіргіздің, - деп толғаған екен.
0 дауыс
Букар жырау шындыкты бетин бар жузин бар деми аркашан тура айткан. Болашакты болжай билетин корипкелди касиети болган.Букар жырау Абылайдын кенесшиси. Себеби Абылай Букар жырауды терен ойлы деп ойлады.Абылайга ол мынадай кенестер берди:Бир орталыктан баскарылатын мемлекет кур,сот билигин кушейт,егиншилик мал шаруасы мен балык аулауга шектеу койма.
...