Қуанышбай Құрманғалидің "Төлен туралы толғаныс" мақаласынан:
Сонау бір жылдары жазылса да кезінде оқырман қауымның жан жүрегін дүр сілкіндірген, қазір де ойларында жүрген бір шығарма бар. Ол үндістер өмірінен шерлі сыр шерткен «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі. Бұл зорлық-зомбылықтың зардабын көріп, ақыры ақ адамдармен елі, жері үшін айқаса жүріп, жер бетінен біржолата жойылып кеткен араку тайпасының қасіретті тағдыры жөнінде жазылған повесть еді. Кеңестік заманда – қазақтың тілінен, ділінен, дінінен, керек десең жерінен де айырылуға аз-ақ қалған қилы кезеңде ұлттың басына түскен ауыртпалықты ашып жазу мүмкін емес-тін. Олай жасаған жағдайда қаламгер идеялық қателікке жол бергені үшін жазаланар еді ғой. Сондықтан жазушы Төлен төте жолдан ауытқып, ақиқатқа апарар жаңа жол тапқан. Қазақтың басына түскен мұң-зарын, үндістер көрген қорлығын егжей-тегжей сипаттай отырып, жеріне жеткізе баяндап шыққан. Бір қарағанда, алыс Бразилияны мекендеген жауынгер араку тайпасының тұқым-тұяғы қалмай құрып кеткендегінің мұңды баяны сияқты. Алайда, бұл кешегі бодандық бұғауында өлместің күнін кешкен аз ұлттардың, оның ішінде қазақтың тағдырына алаңдаудан туған толғаныс болатын. Жазушы медицинаға тұтас бір дәуір әкелген данышпан доктор Эдуард Бейкерді бала кезінде айырылған атамекеніне сапар шектіріп, оның араку тайпасының ең соңғы адамы екенін, зая ғұмыр кешкенін есіне түсіріп жандүниесіне төңкеріс жасайды. Сөйтіп, қаламгер қазақ жұртына ой салып, болашағыңды бодандықтан құтқарып, ұрпағыңды рухтандырмасаң, сенің де көрген күнің қараң дегенді ишарамен жеткізген. Бұл шын мәнінде орағытып өтіп, орайын келтіріп айтылған ақиқат еді. Түсінген адамға бұл жазушының ерлігі деп бағалайтын еңбек. Төленнен басқа ешбір жазушы мұндай шығарма жазған жоқ...