0 дауыс
1.9k көрілді
Төлен Әбдіктің "Өліара" романы оқырманды бастағаннан-ақ иіріп алып кетеді. Шығарма жеңіл және жылдам оқылады. Қазақ халқының жаңа заманға көшкен өтпелі кезеңіндегі оқиғалар сипатталады. Қоғамдағы өзгерісті өз мүддесіне пайдаланғысы келгендер мен сол өзгерістер себебінен кіндік қаны тамған туған жерімен қимай қоштасқан сан түрлі кейіпкерлердің бейнелері ұтымды ашықталған. Зор тұлғалы Асқар, Бәйтен, Ботбайлар мен ел наласын арқалаған Назар, Нұрбек, Өлместерді салыстырып қарау да мүмкін емес секілді. Төлен Әбдіктің "Өліара" романының қай кейіпкері сізді толғандырды?

3 жауап

0 дауыс

Шығармадағы көп кейіпкердің ішінде бір төбе болып тұрған , бір-біріне қарама-қайшы деуге болатын кейіпкерлердің ішінде Асқар мен Назарды, Бәйтен мен Нұрбекті айтуға болады. 
Асқардың сипатын көз алдарыңызға елестетіңіздерші: «Асқар киініп сыртқа шықты. Басына барқыт тақия, үстіне қара көк матадан тігілген жұқа бешпент, аяғына жаздық құрым етік киіп, бойындағы ауруы мен кәрілігін білдірмей, денесін тік ұстап, кетіп бара жатқан шоқша сақалды ажарлы кісінің жүрісіндегі кербездік пен тәкаппарлық кісінің назарын өзіне бірден аударады. Осы жүрісі мен киім киісі бой басына жарасатынын өзі де білетін секілді, және өзі соған әбден үйренген болуы керек, бұл кісінің шаруа киімімен жүргенін ешкім көрген емес.» 

Ал Асқардың мына ойы қазіргі кезге дейін де маңызын жоғалтпағанын көруге болады: «Турашылдық, өрлік, бетке айтар батыр мінез қолданудан шығып қалған ескі қару секілді ешкімге қажет болмай қалды.»

Бәйтен мен Нұрбектің дос бола алмайтынын автордың мына жолдарынан- ақ көруге болады: «Бәйтен басын көтеріп қатерқұмар Нұрбектің жүзіне қарады. Нұрбектің сәл томпақтау келген өткір көздері өзіне тесіле қарап тұр екен, «мен өлімнен қорықпаймын, басымды бәйгеге тіккен адаммын, ал сенің жаның тәтті, сондықтан сен мен жасаған ерлікті ешқашанда жасай алмайсың» деп тұрған секілді. Бәйтен төбелесқұмар адамға тап болып, енді содан қалай құтыларын білмегендей, дағдарып есікке қарады. Нұрбек оған сүймейтін мезгіл, жақпайтын ас секілді әсер етті. Бірақ ол қойныңдағы жарыңдай, көкірегіңдегі арманыңдай, қашан да өзіңмен мәңгі бірге болатын, қатеңді кешірмейтін, сыртқы өмірді былай қойғанда, жан дүниеңдегі әр қадамыңды қалт жібермейтін, бірыңғай бейнетіңе көрінген, өмірлік жұлдызы қарсы жанмен жүздесіп тұрғанын ол әлі сезген жоқ еді.»

Қаратаймен әңгімелескен кезде Бәйтеннің айтқан мына сөзі оның жағдайды анық көріп, нақты баға бере алатынының бір көрінісі: "Үкіметтің жауымен күресу оңайдың оңайы. Ол басы ашық нәрсе. Ал Назармен күресу оңай емес. Зұлымдық атымен жасалған жамандықтан жақсылық атын жамылып жасаған жамандық әлдеқайда қауіптірек."

0 дауыс

Жалпы шығарманың "Өліара" атты тақырыбының өзі мені қызықтырды. Себебі өліара - екі айдың ортасындағы күндізі жауын-шашынды, түні көзге түртсе көргісіз қараңғылық басатын, тіршілік үшін қолайсыз, қиын кезең. Оқи келе шығармада да сондай қиындық пен көз жасының жауынын көргендей болдым. Шығармада капитализм мен социализмнің арасындағы өліара кезең суреттеледі. Тап пен жақтың арасындағы күрес суреттелген. Жалпы мен үшін бұл күрес алтыға бөлінетін секілді. 
1. Тектілік пен Тексіздік арасындағы күрес.
2. Зиялылық пен Қараңғылық арасындағы күрес.
3. Адал мен Арам арасындағы күрес.

Текті 
Тектіге Асқар қартты жатқызар едім. Шығыс философы Румиден бір шәкірті: "Ұстаз, адамның ең таза, ең жақсы, ең ғұламасы кім?"- деп сұраған екен. Сонда ұстазы: "Адамның ең асылы ешкімге ісімен, сөзімен, ойымен зияны, қиындығы тимейтін адам"-деп жауап беріпті. Сол айтқандай Асқар қартты қасиетті адам дер едім. Оны зияным тимесін деп балаларын бөлек шығарғанынан, өзінің жаны қанша қиналсада аулақта отыруынан, қызы мен күйеу баласын болашағына зияны тимесін деп ажыратып жіберуі, қолына түскен нәпақасын бөлісіп жүретінінен де көре аламыз. Барша ауыл адамдарының аузымен оның ең жомарт,ең таза адам екендігі айтылады.

Тексіз 
Тексізге Назарды жатқызар едім. Оның образына зер сала отырып ойыма Абайдың "Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар, Сорпа-сумен, сүйекпен
сүйдірмекке"-деген өлеңі оралды. Оның бас пайдасы үшін ешкімді аямай, мансаптағылардың көңілін көтеруге халықтың аузындағысына
қол салуы, өзіне ұнамаған адамдарды айдатып жіберуі өте жағымсыз бейне ретінде әсер қалдырды. Сол іс-әрекеттерімен теңдікті орнату емес
өзі баяғы бай-шонжарлардың билігіне ие болғысы келетін де секілді.

Зиялылық 
Бұл қасиетке Бәйтенді лайық деп санар едім. Оның образына қарап отырып әл-Фарабидың "Тәрбиеге негізделмеген білім адамның хас 
жауы" деген сөзі ойыма оралды. Қаны таза, негізгі ата-ана тәрбиесі берік Бәйтен жаңашыл білім алған соң нағыз мәдениетті, зиялы адам 
болып оралады. Ол - жаны таза, көркем мінезді, өте ұялшақ, ардан аттамаған ерекше тұлға ретінде суреттелген. Оның өзгелерден артық 
туған адам екендігін достарының сөзінен де байқауға болады.

Қараңғылық
Сағидолла, Қарағұл, Малдыбайлар осы топқа жатады. Себебі олар өздеріне не керегін, не боларын білмейді, тек сол кездегі атқамінер Назарлардың
шашбауын көтеріп, көңілін табуды ғана ойлайтын жандар. Отбасы тыныштығы мен қарын тоқтығын басты орынға қойғандар деп ойлаймын. Сауатсыздық шырмауынан шыға алмай, шын асыл мен бақырдың сапасынан шатасқандар дер едім.

Адал 
Адал деп әрине Асқар қарт пен Ботпайларды айтуға болады. Өздеріне өлім қаупі төніп тұрса да еліне, жеріне, туысына, иманына, арына 
адалдығынан айнымаған нар тұлғалар болды. Оған мысал қылып жан қиналысында тұрып Асқардың:"Жүрегіме талшық етер жалғыз 
амалым - жанымның адалдығы."-деген шешімін айтуға болады. Өмірден ешкімге зиянын келтірмей өтуді қалайды. Осы арқылы 
оның өте биік рухты тұлға екендігін көреміз. 

Арам
Біз қазақ "Малым жанымның садағасы, Жаным арымның садағасы"- деп санайтын халықпыз ғой. Бұл шығармадағы Өлместі барлық адамдықтан құр қал-
ған, жеке басының мүддесі үшін ұрпағын да құрбан ететін жауыз кейіпкер деуге болады. Оны жылқысын аман алып қалу үшін келінін әскерлерге кіргізіп жіберуі, байдың ұрпағына үйленем деген ұлының сүйген қызын өзгелерге күштеп беріп жіберіп, ұлының жынданып кетуіне себеп болуынан көруге болады. Жаны қысылғанда иманын сатып жіберуі де соны дәлелдейді.

0 дауыс

Бұл шығарманы оқу барысында маған ұнаған кейіпкерлердің бірі – Қотыр. Жазушы Қотыр, Тоқан сынды кейіпкерлер арқылы бұл өмірде барлық дүние мәңгі болмайтынын, бұл өмірдің жалған екендігін айтқысы келгендей. Бұл тұрғыда шығармада бірнеше мысалдар келтіріледі. Мысалы «бармын деп мастанба, жоқпын деп жасқанба» деген. Өмір қашан да алдамшы, – дейді Қотыр. Қотыр жаны, ары таза өте кедей адам, ол тауқыметте өтіп жатқан күндеріне қарамастан болашаққа жарқын бейнемен қарайды. Түбінде әділдіктің бір туарына сенімі мол. Сондай-ақ шығармада Қотырға кереғар кейіпте Тоқан бейнесі. Тоқан – Арқаны шулатқан атақты бай болған. Бұл дүниенің есігінің ашқан күннен бастап Тоқан үшін тіршілік тауқыметі деген ұғым әсте болған жоқ. Байлығына сенгені соншалық оқу оқып, білім алуға да тырыспады. Жүрген жерінің барлығы сауық-сайран, молшылық, жарлы-жақыбайлардың барлығы оған қызмет қылған, тіпті Арқаның байларының өзі ығысып одан бір саты төмен отыратын болған. Байлығының арқасында үш әйел алып, оларды үш отауға бөліп шығарды. "Қолда бар алтынның қадірі жоқ", – дейді қазақ. Ақыры аяғында сенген ағасы ұрланып, мал-мүлкімен Қытайға кетті. Екі ұлы партия құрамыз деп, одан еш нәтиже шықпай ақыры соңында үкімет құрығына ілініп, айдалып кетті. Өлі-тірісі белгісіз. Үкімет тәрбиесін көрген кіші ұлы өзіне қарсы шығып, ел алдында масқарасын шығарды. Бірақ ғұмыры ұзақ болмады. Ақыры қу басын сүйреткен Тоқан қаңғып жүріп Ақшоқыдан бірақ шықты. Ендігі жерде ол бір үзім нан үшін өзіне бұрын қызмет қылған жалшылардың өмірін енді өз көзімен көріп, басынан өткере бастады. Сол жалшыларға қарап отырып, өзінің бір ой түйетін жері айтылады шығармада. «Апыр-ау, – дейтін ол ішінен, – солардың қалай күн көріп жүргенін сол кезде назар салып байқамағаным ба? Олар маған солай болып туған, солай болып өлетін секілді және сол тірліктеріне өздері дән риза секілді көрінетін. Киген киім, ішкен астарына қарап, тым болмаса, бір рет өзімді солардың орнына қойып неге көрмедім екем?», – дейді.

Жалпы алғанда шығармадағы оқиғалар сонау ұжымдастыру науқанында өткен болса да бүгінгі біздің қоғамымызда да бұндай дүниелер болып жатыр және баршылық. Назар мен Нұрбек сынды кейіпкерлер өте көп деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлік жайт жазушының керемет суреткерлігі. Әсіресе ауылды суреттеуде келтірген мына бір сөздері: «Ойдағы елден тым қашып болса да, жаңалық атаулы ұзынқұлақ арқылы жүз құбылып жетіп жататын, жұрттың сыбырлап айтқан құпиясын да біліп қоятын, түнде әйеліңе айтқан сырыңды, келесі күні өзіңе айтып беретін – осынау қияндағы ауыл күндегі әдетімен әрең дегенде ұйқыға кетті.»

...