0 дауыс
1.8k көрілді
Баспасөз және азаматтық қоғам?

2 жауап

0 дауыс

Азаматтық қоғам - онда болып жатқан процестер мен қатынастардың басты әрекет етушi тұлғасы мен субъектiсi ретiнде өз қажеттiлiктерiнiң, мүдделерi мен құндылықтарының барлық жүйесiмен бiрге адам болып табылатын қоғам. Бұл ұғым сонымен қатар мемлекет пен оның органдарына тәуелсiз өмiр сүретiн қоғамдық: саяси, экономикалық, мәдени, ұлттық, дiни, отбасылық және басқа қатынастардың барлық жиынтығын бiлдiредi, жеке мүдделердiң әралуандылығын көрсетедi. Азаматтық қоғам өмiр сүруiнiң басты базалық шарттарының бiрi тәуелсiз БАҚ арқылы қамтамасыз етiлетiн жариялылық болып табылады. Азаматтық қоғамның мiндетi - жеке адам мен мемлекет арасында делдал болу. Азаматтық қоғам мынадай функцияларды жүзеге асырады: сөз бостандығын қолдау, БАҚ тәуелсiздiгiн нығайту және ақпараттық кеңiстiктiң ашықтығын қамтамасыз ету.т.б

 

0 дауыс

Мемлекет және азаматтық қоғам: қалыптасу жолдары

Азаматтық қоғам – кез келген өр­кениет­ті елге тән құбылыс. Демокра­тия­лық көріністің алғышарттарының бірі әрі үзіліссіз жүріп жататын үдеріс ретінде мемлекеттің қалыптасуына ық­па­лы зор. Өйткені, оның негізіне мем­лекеттің барлық субъектілерінің бір ізді экономикалық, саяси, құқықтық, мәде­ни қарым-қатынастары арқау болған­дықтан, ілгерілей дамуы көп жағдайда аталмыш институттардың өзара қарым-қатынасына байланысты екені айтпаса да түсінікті. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы әріптестік байланыс­тың дұрыс түзілуіне, өзара сенімді­лік­тің орнығуына айрықша мән берді. Жан-жақты қолдау көрсетті. Бұл бағыт­тағы жаңғыру үдерістері кезең-кезең­мен атқарылып, азаматтық қоғам инс­титуттарының сапалы жаңа деңгейге көтерілуіне айтарлықтай ықпал етті. Сарапшылар Қазақстандағы азаматтық қоғамның қалыптасуын бірнеше кезеңге бөліп қарастырады.

Жеке меншік құрылымының енгі­зі­ліп, экономикалық дербестіктің орны­ғуы бұл үдерісті жеделдете түсті. 1990-жылдары экономикалық әлеумет­тік, саяси реформалардың жандануы түрлі қоғамдық негіздегі ұйымдардың құрылуына, әлеуметтік топтар мүдде­сінің қорғалуына үлкен әсер етті. Осы кезеңді сарапшылар Қазақстандағы аза­маттық қоғам құрылысының бастауы ретінде қарастырады. Ол түсінікті де. 1990 жылы 100-ден астам қоғамдық ұйымдар пайда болып, олардың қызметі азаматтардың құқықтық проблемаларын, экологиялық қауіпсіздік, әлеумет­тік әлсіз топтар, жастар мәселелерін шешуге бағытталды.

1991 жылы 27 маусымда «Қазақ КСР-дегі қоғамдық бірлестіктер туралы» заң қабылданды. Үш жыл өткеннен кейін үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) саны 400-ге дейін жетті.
1994-1997 жылдары азаматтық қо­ғам сан жағынан да, сапалық жағынан да айтарлықтай өскенін байқауға болады. Осы аралықта төрт есеге дейін ұл­ғайып, кәсіби жетілуімен ерекшеленді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қуатты ҮЕҰ-лардың бірі – «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы жұртшы­лық тарапынан зор қолдауға ие болды. Билік оның талаптарымен санасып, Семей полигонын жабуына тура келді. Қозғалыстың бастамасымен ядролық сынақтардың ауыр зардаптары жаһан­дық антиядролық альянстың халық­ара­лық конгрестерінде талқыланып, ұсы­ныстар қолдау тапты. 2011 жылы 12 қазанда «Ядросыз әлем үшін» халық­аралық форумында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ғалам­дық ядролық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатымен әлемдік антиядролық қозғалыс құру қажеттігін атап көрсеткен болатын. Бүгінде Қазақ­стан ядролық сынақтар мен қарулардан бірінші болып өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде ғаламдық қауым­дастық алдында үлкен беделге ие.

1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақ­стан халықтарының Ассамблеясын құру туралы» Жарлығы шығып, ұлттық мә­де­ни орталықтар оның төңірегіне топтасты. 140-қа жуық этнос өкілдері тұратын елімізде ұлтаралық бірлік, татулық идеясы салтанат құрды.
Осы жылдары азаматтық қоғамның құқықтық базасы жаңғыра түсті. 1994 жылы әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынасы салалары бойынша әлеуметтік әріптестік жайлы үшжақты республикалық комиссия құрылды. 1995 жылы Қазақстан Республика­сы­ның Конституциясы, 1996 жылы «Қо­ғам­дық бірлестіктер туралы» және «Сая­си партиялар туралы» заңдар қабыл­данды. Масс-медиа саласында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды жүзеге асыру жүйесі орнықты.

Зерттеушілер 1997-2002 жылдар аралығын үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты одан әрі жетілдірудің тиімді жолдарын іздестіру, оңтайлы тетіктерді енгізу кезеңі ретінде сипаттайды. ҮЕҰ-лар­дың саны 3500-ге жетіп, қоғамның сан-салалы қырын қамтитын әлеуетті күшке айналды. 1998 жылы Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толық­ты­ру­лар енгізіліп, еліміздегі партиялық құрылыс үдерістері жеделдей түсті.
1999 жылы ҮЕҰ-лардың «Ақпарат орталығы» ашылып, құқықтық сауат­ты­лықты жетілдіру, түрлі кеңестер беру, ақпараттар алу мақсатын көздеген бас­тамалар өңірлерде өріс алды.

Елбасы үкіметтік емес ұйымдардың дамуына барлық қажетті алғышарт­тар­ды жасаудың маңыздылығын атап көр­сетті. Осыған орай 2000 жылы Үкі­мет­тік емес ұйымдардың конфедерациясы құрылды. Әлеуметтік саясат сала­сын­дағы мемлекеттік бағдарламаларды талқылауда конфедерацияның қызметі ҮЕҰ-лар мен билік арасындағы әріп­тес­тік ықпалдылықты арттырудың тиім­ді тетіктерін жетілдіруге жұмыл­ды­рылды. 2000 жылы «Қазақстан Респуб­ликасындағы әлеуметтік серіктестік туралы», 2001 жылы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңдар қабыл­дан­ды. Он жыл ішінде үкіметтік емес сектор демократиялық қоғамды өркен­детудің тегеурінді тегершігіне айналды.
2002-2005 жылдары ҮЕҰ-лар мен мемлекет арасындағы байланыс жүйе­сін реттейтін бірқатар құжаттар қабыл­данып, азаматтық қоғам дамуын сапалы жаңа деңгейге көтеру ойластырылды. 2003-2005 жылдарға арналған Үкімет­тің бағдарламасы қабылданып, ҮЕҰ-лардың қатысуымен әлеуметтік проблемаларды шешудегі рөлі қамтамасыз етілді. Бағдарлама талаптарын орындау мақсатымен республикалық қазынадан 42 миллион теңге бөлінді.

2003 жылы 15 қазанда Президенттің бастамасымен бірінші Азаматтық форум өтіп, мемлекеттік органдар, ҮЕҰ-лар мен халықаралық ұйымдар арасында сындарлы келісім, тиімді байланыс түзілді.
Үкіметтік емес сектор өкілдерімен жүргізілген әлеуметтік сауалдамаға қа­ты­сушылардың 93,2 пайызы әр екі жыл сайын ұйымдастырылатын аймақтық және республикалық азаматтық форум мемлекет пен азаматтық қоғам ара­сындағы тиімді байланыс алаңына айналғанын атап көрсетті.

2005 жылы мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-лар арасындағы құқықтық базаны одан әрі жетілдіру мақсатымен «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» заң қабылданды. Осы құжат аясында орталық және жергілікті орган­дардың қаржылық қолдауымен ҮЕҰ-лардың әлеуметтік маңызы зор жобаларына конкурстар өткізу қолға алынды.

ҮЕҰ-ларды мемлекеттік қолдау бағдарламасы шеңберінде 2003 жылы әлеуметтік маңызды жобаларды қаржы­лан­дыруға 10 миллион 700 мың, 2010 жылы 1,2 миллиард, 2011 жылы 1,3 мил­лиард теңге бөлінді (Мәдениет ми­нистрлігінің деректерінен).

Осы жылы бірінші қанатқақты жобалар конкурсы өткізіліп, еліміздің бар­лық аймақтарындағы 109 үкіметтік емес ұйымдардан 120 өтінім түсті. Олар­дың 20-ы жеңімпаз ретінде танылып, 10,7 миллион теңгенің жобасын ұтып алды.

2005 жылы ІІ Азаматтық форум аясында ҮЕҰ-лар ұсынысымен үкіметтік емес ұйымдардың Азаматтық альянсы, осы жылы ҮЕҰ-лардың Ұлттық ақпа­раттық ресурстар орталығы құрылды.
Сөйтіп Қазақстанның азаматтық қо­ғамын құрылым ретінде шоғырландыру үдерісі аяқталды.
2006 жылы еліміздің азаматтық қо­ғамын дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданып, азаматтық институттардың алда атқа­ратын міндеттері белгіленді. Бүгінгі күндері ҮЕҰ-лар заң жобаларын тал­қы­лауға, бағдарламаларды жүзеге асы­руға, әлеуметтік маңызды проблемалар бойынша қоғамдық тыңдаулар жүр­гізуге белсене қатысады.

«Демократия институты» ғылыми зерттеу академиясы жүргізген әлеумет­тік сауалдама қорытындылары бойынша соңғы он жылда билік органдары мен азаматтық қоғам институттары ара­сындағы қарым-қатынасты оң бағала­ған сарапшылар қатары үш есеге өскен.

2010 жылы Президенттің тапсырмасымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орындауға 1 миллиард тең­ге­ден астам қаржы қарастырылды. 2003-2010 жылдар аралығында, Мәдениет министрінің орынбасары Ғ.Телебаев атап өткендей, ҮЕҰ-ларды қаржы­лан­дыру 100 есеге артқан. 2011 жылы 1 миллиард, басқа ведомстволардан 225,1 миллион теңге бөлінген.
Мемлекеттің үкіметтік емес секторды қолдауы жұмыспен қамту мәселесін де ойдағыдай шешуге өз ықпалын ти­гізіп отыр. Мысалы, Қазақстанда 18 мыңға жуық ҰЕҰ-лар жұмыс істейді. Оларға 500 мыңнан астам адам тар­тылған.

2000 жылы Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында «үшінші сектор» дамуының мемлекеттік органдармен ажырағысыз байланыстылығын атап көр­сеткен болатын. Елбасы аймақтар­дағы жұмыс сапарларында, ҮЕҰ-лар өкілдерімен кездесулерде бұл мәселеге ерекше көңіл аударып отырады.
Қазір елімізде сан-салада жұмыс істейтін тұрлаулы ҮЕҰ-лар көп. Әсі­ре­се, олардың денсаулық сақтау, экология, жастар, құқық қорғау, мәдениет, ғылым, білім, гендерлік саясат, әлеуметтік қор­ғау салаларындағы белсенділігі жоғары.

Республикалық және өңірлік атқару­шы билік орындары бағдарламалық құжаттарды дайындауға, бірлескен семинарлар өткізуге, басқа да шараларды ұйымдастыруға мамандарын тарта отырып ҮЕҰ-лармен әріптестік тығыз қа­рым-қатынас орнатуды басты мақсат санайды. Жеті жылдан бері Мәдениет министрлігі, Тұңғыш Президент қоры, Әлемдік саясат халықаралық институты әлеуметтік идеялар жәрмеңкелері мен жобаларын өткізуі – соның бір дәлелі. Жәрмеңкеге қатысушылар өзде­рі­нің идеяларын, жобаларын ұсынумен бірге пайдалы іс-тәжірибелер алмасады, шеберлік сыныптарына, семинар­ларға қатысады.

Мемлекет өз мүмкіндігіне қарай, аза­маттық қоғам институттарының қо­ғам­дық маңызы бар ұсыныстарын, бас­тамаларын, шешімдерін талқылауға қатысуын қолдап отырады. Демократия институты ҒЗА-ның сараптама сауалдамасына жауап берушілердің басым көпшілігі ұйымдастырылған жәрмеңке­лердің қажеттілігін қолдаса, 95,6 пайызы мұндай шаралардың азаматтық сек­тор­дың дамуындағы ықпалын жоғары бағалаған.

2011 жылғы жәрмеңкені ұйымдас­ты­рушылардың деректеріне қарағанда, конкурсқа 7 аталым бойынша 175 жоба түскен. Олардың 43-і әлеуметтік бастамашыл, 29-ы саламатты өмір салты – біздің таңдауымыз, 25-і отбасы және тұрлаулы даму, 24-і жастарды рухани тәрбиелеу, 19-сы жас ұрпақ – таңдау жолы, 11-і азаматтық қоғам мәселеле­ріне арналған. Алматы, Астана қала­лары, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан,Павлодар облыстары жоғары белсенділік таныт­қан. Бұл өңірлер ҮЕҰ-лардың сандық көрсеткіші жағынан да алда.

Мәдениет министрлігінің соңғы мә­ліметтері бойынша, елімізде тіркелген коммерциялық емес ұйымдардың саны 35 мыңнан асса, 18 мыңдайы үкіметтік емес ұйымдар. Жасампаздықтың 20 жы­лында азаматтық қоғамның ілгері­лей дамуына барлық жағдай тудырылып, құқықтық базалар анағұрлым же­тілдірілді. Осы мерзім ішінде аза­мат­тық қоғам институттары мемлекетпен әріптестік қарым-қатынас көк­жие­гін кеңейтіп, сапалы деңгейге көтеріл­ді. Әсіресе, әлеуметтік проблемаларды шешуде би­лік пен қо­ғам арасын жалғастыру­шы­лық рөлінің ны­ғайғанын баса айтқан жөн.

Өмір ЕСҚАЛИ.

...