Халел Арғынбаев «Қазақ халқындағы семья мен неке» атты кітабында толықтай жауап берген: «Әке өліп, артында жас балалары мен жас әйелі қалса, әмеңгерлік әдет бойынша өлген адамның бірге туған ағасы не інісі, ондай туысы болмаса немере, шөбере туысқандары, қала берді аталас ең жақын жанашыры жеңешесіне үйленіп, балаларын өз қамқорлығына алатын да, мал-мүлкіне заңды түрде иелік ететін. Жесір қалған әйел күйеуге шықпай, балаларын бағып отыра берем десе, оған зорлық жасамайтын. Бұған туыстар болып жетім қалған балалар мен жесір жеңгеге қамқорлық жасайтын. Жесір әйел әмеңгерлікке мойынсұнбай, басқа біреуге өз еркімен тұрмысқа шыққысы келсе, немесе төркініне кетпек болса, оған өзінің киім-кешек, төсек орны мен мінер атынан басқа ештеңе берілмейді. Әрине төркінінен келген жасауынан сақталғандары болса, оған ешкім таласпайтын. Бірақ, тиетін күйеуінен айып есебінде үш тоғыз не бір қызға берілетін қалыңмал алынатын. Шешесі басқа күйеуге шығып кеткен жас балалар әкесінің туыстарында қалатын да, әкеден қалған мал-мүлік олардың қамқоршысының қолында болады. Өлген адамның артында ешбір бала болмаса, жесір әйел, мал-мүлкімен әмеңгеріне қосылады. Әмеңгерге шыққысы келмей, басқаға кеткісі келсе, жоғарыдағы айтылғандай, болмашы үлесін алады да кете барады»
Қазаққа әмеңгерлік керек пе?