0 дауыс
7.2k көрілді
Қамар сұлу романының әлеуметтік мәні?

2 жауап

0 дауыс

«Қамар сұлу» - өзінің тақырыбы мен мазмұны жағынан әлеуметтік роман. Жазушы қазақ әйелінің теңсіздіктегі жай-күйін роман оқиғасының негізіне алып, сол арқылы өз дәуірінің қоғамдық шындығын әлеуметтік тұрғыда талдайды. Қоғамдық топтардың Қамар тағдыры туралы әр түрлі түсінігін, әрекет тіршілігін жан-жақты суреттей отырып, шығарма идеясын өзі өмір сүрген қоғамның негіздерін сынауға бейімдейді. Қалын малға сатып шалдардың жас қыз алуын, әлділердің әлсіздерге зорлығын, халықтың қараңғыдағы қапас тіршілігін өткір сынайды. Сол негізде феодалдық-патриархалдық салт-сананың күйреуін және оны ұға алмай отырған елдің надан мінез-құлқын әшкерелейді.

Сұлтанмахмұт - адам хұқын қорғаушы, азат өмірді аңсаушы. Жастардың теңіне қосылып, білім алуына, халқын өрге сүйрер қатардағы азамат болуына тілекші. Романда жазушы өз ортасынан талпынып, бостандық іздеген осындай жастардың әр қилы кедергілерге кездесіп, ескі салттын құрбаны болғанын тебірене жазады. Сол арқылы аянышты тағдырға ел назарын аударуды, халық сезіміне әсер етуді көздейді.

Романның негізгі идеясын Сұтанмахмұт әр қилы тағдырлар, адам бейнелері арқылы ашуға ұмтылады. Оның кейіпкерлері көзқарасы әртүрлі адамдардың қақтығыстары негізінде жіктеледі. Қамар, Ахмет және оларды жақтаушы Омар ұнамды кейіпкерлер ретінде танылып, жорға Нұрым, Қалтан қажы, Оспан би, т.б. жаңалыққа қарсы іс-әрекеттерімен көрінеді.

Романның негізгі кейіпкері Қамар - жазушының суреттеуінде, аса сұлу, ақылды, ұстамды, сөзге шешен, ақын қыз. Сұлтанмахмұт оны романтикалық бейнеде алып, сирек туатын жан етіп суреттейді. Қыздың  портреті  мен  мінездемесі де  соған  лайық берілген. Түр-тұлғасы, мінез-құлқы тең келген Қамарды ел әсемдіктің, ақылдылықтың белгісіндей көреді. «Бір нәрсені көңілдері ұнатып, мақтағысы келсе, «Уай, шіркін, мынау Қамардай екен!» - десуші еді»,- дейді.

Әрі өткір, әрі сөзге ұста Қамар - ауыл жігіттерінің де қол жетпейтін асылы. Олардың көбі қызды көргеніне мәз болып, бір ауыз тіл қатса, оны аузынан тастамай айтып жүреді. Сырттай ғашық боп жүргендердің кездесе қалса, тіл-аузы байланып, үндей алмай қалатыны тағы бар. Сұлтанмахмұт бұл арқылы Қамарды өз заманынан артып туған биік бейне ретінде таниды.

Қамар өзіне тең, жар боларлық адамды сұлудан, байдан іздемейді, ақылды, сырлас, мұндас адамдардан іздейді. Мұндай адам деп Ахметті таниды. Бірақ қыз ғашықтық сезіміне беріліп, күйректікке түспейді. Сезімді ақылға жеңдіріп, алды-артын ойлайды. Сол дәуір жағдайында Қамар мен Ахметтің қосылуына мүмкіндік те жоқ еді. Қамар - ауқатты ортадан шықкан қыз. Ахмет - кедей жігіт. Екеуі - екі ортаның адамдары. Оның үстіне қалыңсыз қыз берілмейтін қатал әдет заңы тағы бар. Қалыңмал берерлік Ахметте әл жоқ. Осы жайлар Қамарды да, Ахметті де катты ойландырады. Сондықтан Қамар теңім еді деп, Ахметке құлап түспей, екеуі қосыла алатын мүмкіндік жоғын айтып түсіндіреді. «Ахметті сүйемін-ақ... Сүйгенім үшін осынша күйемін-ақ. Ал, енді шыдамадым... Қараландым... Күні ертең ел-жұртым екеумізді екі айырып жібереді... Онда не болдым... Әке, ағаларым болса, оған бермек тұрсын, бұл жазғанын сезсе де, бұл күнімізді өзімізге көп қылады ғой», - деп ойлайды Қамар Ахметтен хат алғанда. Қыз ойының қорытындысы мынау болады:

« - Қой, бүйтіп күйік үстінде күйік-жалқын салмайын: өзімдікі қабірге бірге түсетін күйік қой, енді тағы Ахметті күйдіріп, кәрі әке-шешесінің обалына қалмайын; бірденеміз елге сезіліп қалса, Ахмет байғұстың талқаның шығарады ғой... Обалымыз қиюы жоқ, қисыны қашқан дүниеге, оңға баспай солға басқан қазақтың қара ғұрпына болсын!».

Осы үзіндіден Қамардың өз заманының әділетсіз тәртібіне, «оңға баспай, солға басқан қазақтың қара ғұрпына» деген наразылығы айқын көрінеді.

А, құдай жасты-жасқа пар қылғаның, 
Біреуді жоқ, біреуді бар қылғаның. 
Біреуге алтын, гауһар тақыт беріп, 
Астана жұрт билеген хан қылғаның.

Біреуге мал мен бақгы үйіп беріп, 
Акылсыз екі аяқты мал қылғаның. 
Біреуге Аплатондай білім беріп, 
Мінер ат, ішер асқа зар қылғаның.

Қыздарын теңге бермей, малға беріп, 
Қазақты қара көңіл ан қылғаның. 
Мейлі қоныз болсын, доңыз болсын, 
Малдыны кісімсітіп паң қылғанын, -

деген Қамар өлеңінен қоғамдық әділетсіздіктің адам тағдырына әсер етіп жатқанын андайсың.

Бірақ қыз жолына бөгет болған қиыншылықтар Қамар мен Ахметтің арасындағы махаббат сезімін, адал сүйіспеншілікті сөндіре алмайды. Осыдан былай екі жас үшін қайғылы оқиғалар легі басталады. Арманына жете алмаған Қамар уайымдап, жүдей бастайды. Оның үстіне әйелі өлген болыс жорға Нұрым кездеседі. Әйелінің тірі кезінде тоқалдыққа алғысы келіп, қызығып жүрген ол Қамарды айттырады. Қамардың басындағы қайғылы хал күшейе түседі. Қанша қарсылық көрсеткенмен, ескі әдет-ғұрып заңынан аса алмай, бай туысқандарының зорлауымен Қамар жорға Нұрымға ұзатылады. Нұрымның қорлығына көнбеуге тырысқан Қамар ол үйде неше түрлі, айуандық зорлықтарды бастан кешеді.

Ең алдымен ол зорлықка көнбейтінін жорға Нұрымға бетпе-бет отырып айтады.

Айтайын шын сырымды ауызба-ауыз, 
Дөңкиген күйек сақал, сасық ауыз! 
Ақ жүзді, ақыл-ойлы ақ сұқсырға 
Дәрі емес мал секілді малды жауыз.

Уай, шіркін, өмір сүрмек меніменен, 
Мал шашып, маңызданған ебіңменен; 
Өлсем де отқа күйіп, суға түсіп, 
Бір минут тұра алмаспын сеніменен, -

дейді. Бұл сөздерден ол қандай қорлық көрсе де таймайды, өлімге де дайын екендігін мәлімдейді.

Келтірген үзінділердің қайсысын алсақ та, Қамар бейнесінен романтикалық каһармандарға тән бірбеттілікті, айтқанынан қайтпайтын, неге де болса біржолата құлай берілушілікті айқын танимыз. Жазушы романда әуелде кейіпкердің ішкі мінез-құлқының беріктігін, бір бетті қайсарлығын күйініш-сүйінішін суреттеу арқылы көрсетсе, кейін Нұрым үйінде зұлымдықпен бепте-бет кездесу үстінде іс-әрекеті арқылы ашады. Ол жоғарғы сөздерді Нұрымның бетіне айтса, неке қимақ болған молдамен айтысып, оны масқаралап жеңеді. Бірақ әділетсіз ортада надан қара күштің қолына түскен Қамар босанып шыға алмайды. Мұнды қызды жынданған, оның басын Ахмет айналдырған деп ұққан қожа-молдалар Қамарды соққыға жығып, төбесін ойып, өлімге жеткізеді.

Жазушы Қамар бейнесі арқылы қазақ қызының басындағы ауыр халді көрсетіп, елдін ең ардақтысы Қамарды осындай ит-қорлықпен өлтіргенде, басқа қыздардың күйі не болмақ? деген сұраққа жауап іздейді. Осы мысал негізінде ескі ауылды құрт аурудай жайлап, есеңгіретіп бара жатқан әдет-ғұрып заңын айыптайды. Автордың бұл ойы - Қамардың өлердегі сөзінен айқын көрінеді.

Тоқтау бер мұнан былай қазағыңа, 
Шалдардың қызды салмай мазағына. ...
Сонан соң жұртты аздырған ишаныңды ал! 
Соңынан судай ақсын жөні жоқ мал. 
Надан сопы, мүридін айырмастан 
Тамұқтың дәл өзіне апарып сал. 
Тағы да балгер-бақсы - бәрін де жой, 
Жалғыз-ақ жаны ашитын жастарды қой, 
Қақшандаған қақпас шал тағы кетсін, 
Қабыл қыл тілегімді, құдайым-ой! 
Қазақта қыз туған жоқ менен артық, 
Құлпырдым он бескеше бағым артып, 
Майысып пісіп тұрған дер кезімде 
Малды шал анталады иттей тартып. 
Ғибрат ал мен сорлыдан, қазақ қызы, 
Түйрейтін мал менен шал - саған бізі. 
Оңбайды бұл әдетпен қазақ халқы 
Бұл себеп акырында қалмасқа ізі.

Бұл үзіндіде Сұлтанмахмұт қазақтың феодалдық салтына қарсы шығып, ескі қоғамдық құрылысқа айтар лағынатын Қамар аузына салған. Ол жалғыз жастарды қалдырып (өйткені келешекті жастардан күтеді), ескішіл топты түгелдей ескілікпен бірге жоюды жақтайды.

Ахмет - кедей шаруа ортасынан шыққан, аздап оқыған жігіт, сөзге шешен ақын, ел аузына ерте ілінген қадірлі жастардың бірі. Оны жазушы былай деп суреттейді: «Ахметтің ақыл-ой зеректігінің үстіне сұңқардын баласындай бітімі жақсы, көзге түсерлік көркі де бар, сөзге шешен, ойдан шығарғыш ақын, жарып салма өткір еді. Той секілді жұрт жиналған жерлерде өлең болсын, газет, журнал, кітап оқып, насихат айту болсын, ең арты біреуді сықақтаған қулық болсын, бас бәйге Ахметтікі еді. Тартынбай тамылжытып сөйлегенде де өзінен үлкен-кішілердің аузынан суын ағызып, көңілдеріндегі уын шығара жаздаушы еді. Соның үшін де елдің атқамінер, ақсақалдары: «оқыды деп Жәукенің баласын айт. Әне сондай болсайшы» деп, біреуге ақыл айтқанда, қызға Қамарды үлгі қылатыны сықылды, бозбалаға Ахметті үлгі қылып ұрсушы еді. «Қыз қылығынан» деп, не қылса да, Ахмет осындай-осындай қылықты мінездерімен құрбы-замандастары арасыңда айтулы, ағайын, халқына сүйкімді болып, жас та болса, біраз жұртқа атағы шығып кетті... Міне, осылай Ахмет бас болған жерде бас болып, жас болған жерде жас болып... тоғыз қырлы, тоқсан сырлы жігіт ағасы деуге лайық болып жүрді».

Ахмет - жазушының ұғымында, жаңа дәуірдің өкілі. Оның тіршілігі қаламен байланысты, сонда оқыған. Бірақ Ахметтің қаладағы қызметі жайлы Сұлтанмахмұт ештене айтпайды. Және ол романның міндетіне де кірмейді. Жазушы оны Қамарға байланысты ғана суреттейді.

Ахмет жас буынның жаңашыл өкілі есебінде адамды бағалай, қадірлей біледі. Бұл - оның Қамарға жазған хаттарынан анық байқалады. Өзі өмір сүріп отырған дәуірде Ахмет - жасқаншақ. Оны жасқандыратын - сол дәуір, қатал ескілік заңы. Автордың ойынша, Ахмет сияқты оқыған жігіттер қанша талапты, пысық болғанмен, тілегіне жете алмайды. Өйткені олардың талабына кедергі, бөгет болып отырған әділетсіз күш бар. Сондықтан осы әділетсіз күш құлауы керек. Ал оны қалай құлату қажеттігін Сұлтанмахмұт ашып айта алмайды. Ахмет жауыздықтан кегін дара күшпен алады. Қысылған жерде жорға Нұрымға пышақ салады. Бірақ ол - жоспарлы әрекет емес, ескі әдет-ғұрып заңы мен қоғамдық жөнсіздіктер ашындырған Ахметтің ыза үстінде көрсеткен әрекеті.

Сонымен бірге романда Қамардың әкесі Омардың да ұнамды бейнесі жасалған. Ол өзі де аздап оқыған, көзі ашық адам. Сондықтан оқудың пайдасын жақсы түсінеді. Ұлы Қасенді, қызы Қамарды оқуға беріп, олардың елі үшін пайдалы тәрбие алуына көмектеседі. Оның үстіне, жазушы оны ешкімге жасар қиянаты жоқ, әділ, момын адам ретінде бейнелейді. Ахметтің Қамарға жазған хаты ұсталып, Оспан би, Қалтан қажылар дау көтеріп жүрген кезде, Омар бұл айғайға қосылмайды. Ол «жалғыз баласы Қасеннің бұрмалауымен түзушілікке шапты. Түнімен жан терге түсіп, ағаларымен талай кеңірдектесіп, әзер-мәзер, әйтеуір енінде еш нәрсе жоқ, тым-тырыс қылды да қойды». Оспан мен Қалтан келіп, Қамарды Нұрымға беру жайын сөз енде, ол бірден қарсы шығады: «Сыпыра бұзылған иттер, дендерің сау ма? Мәжнүн болмасандар, қаражүрек болмасандар... ырмай, апырмай, ұялмай-қызармай періштедей қарашығымды аяқты малдан жаман дөңкиген жауызға ұйғардық деп не беттеріңмен айтып отырсыңдар? Неден қысылдындар? Неден жүректерің үзілді? Түсіңе кірсе де қорқатын Нұрымға Қамарды барады, мені береді деп ойладындар ма?.. Құдай, көз жас, обал деген нәрсе естерінде бар ма? Жоқ, малсындар ма? Сендер бір аяқ ас берген кісіге имандарынды да сатасындар. Қысқасы, мойныма қапшық салып, қайыр тілеп күн көрсем де, Қамарымды оған беріп, жылата алмаймын. Байлығы, болыстығы өзіне. Өзім де аштан өлейін деп отырғаным жоқ. Ет жегілерің келсе, өзім-ақ сойып берейін. Болмаса, Қамардан басқа ермек жетпеді ме? Қамар тұрсын, Қамардың тырнағын да бермеймін. Дорба сақал Нұрымың басқан ізінен садаға. Аулақ жүріндер, аулақ! - деп ұшып көкке, ұшып жерге түсті».

Бірақ заман әділетсіздігі, ескі ауылдың мықтылары Оспан би мен Қалтан қажы Омарға ырық бермейді. Оның өз баласына да өзі арашашы болуға шамасы келмейді. Нұрым әкесінің басын жарып, қызын тартып әкетеді.

Романдағы ұнамсыз бейнелерден аса айқын суреттелген адам - жорға Нұрым. Ол - төре тұқымынан шыққан, болыс, жан-жақты байланысы бар, қазақ ауылының ірі байы, озбыр әкімі. Жазушы Нұрымды өзі өшіккен ескіліктің жасауылы етіп алады да, бүкіл феодалдық ортаға деген өшпенділігін соған үйіп-төге жазады. Оны бойында ешбір адамгершілік пен гуманистік сезімнің нышаны да жоқ бейне етіп суреттейді. «Жануар еді» дейді. Романдағы Нұрымның суретінің өзі-ақ оның ебдейсіз, дөрекі, зұлым екенін бірден байқатады.

«Бұл өзі жеті атасынан бері уызы арылмаған, бағы таймаған, қолынан ұры кетпеген, бір жақсылық етпеген, басы сәждеге тимеген, жамандықтан басқаны сүймеген, бірді бірге атыстырып, елін қан жылатқан шынжыр балақ, шұбар төс, қанды ауыз атанған бір жауыз еді».

Немесе «Құр Нұрымның залымдығы мен атағы болмаса, әліпті таяқ деп білмейтін надан, пішіні де жаман, аузы толған боғауыз мен былш-былш насыбай, ішпей мас, әрі нас, елу шамасында жасы бар, қойсақтардың басындай басы бар, жай формының өзі сұп-суық, бүйі секілді, түксиген, күпсиген, бұқа мойын, өгіз құрсақ, алақан көз, жайын ауыз, дорба сақал, тоқпақ мұрын, бір түрлы нысаналы жануар еді».

Нұрым - ескі ауылдағы әдет-ғұрып заңдарын, оның қатал тәртібін қорғаушы. Феодалдық ғұрыптың барлық тізгінін қолына берік ұстаған ол - елді жеп, қан қақсатып талап жүрген адам. Елдің оған бір шумақ өлеңмен берген бағасы - әділ баға.

Халкыңды қан жылаттың, жорға Нұрым, 
Болдың ғой заманыңда сорға, Нұрым. 
Оспан деген жұтқшы тағы шықты, 
Бара-бара қкайтерсің қайран күнім.

Нұрьтм мен оның сыбайластарының жауыздығын әшкерелейтін осы өлеңде халықтың басына төнген ауыртпашылықтың мұңлы сарыны бар. Жазушы осындай жыртқыштар билеген ел не болады деп күйінеді.

Жорға Нұрымның ұнамсыз бейнесі Қамармен байланысты тіпті ашыла түседі. Ол Қалтан мен Оспан арқылы Қамарды күшпен айттырады. Қыздың наразылығымен есептеспей, оны зорлықпен тартып әкетеді.

Осының үстіне жорға Нұрым - адам айтқысыз надан. «Ахмет Қамардың басын айналдырыпты» деген сөзге сеніп, бар малын шашып, бақсы-балгерлер жинайды. Олардың Қамарды азаптауына жол береді. Ақыры Қамарды өлтіріп тынады.

Қалтан қажы мен Оспан би - Нұрымның жемтіктес достары. Бұлар да Нұрым тәрізді, феодалдық дөкір қаталдықпен зұлымдыққа сүйенген топас адамдар. Оспан би туралы Сұлтанмахмұг: «Белгілі, қазақта ондай залым адамдардың (Нұрымды айтады) өзіне қауіптілеу орынды күзеттіріп, сорпа-сумен алдап қоятын иттері болатын. Сол арсылдатып қойған иттерінің ең басты төбеті - біздің Оспан би еді» дейді.

Оспан мен Қалтанның қаталдығы мен сезімсіздігі Ахметтің Қамарға жазған хаты ұсталған кезде тіпті анық көрінеді. Сыныққа сылтау таппай отырған олар Қамардың абыройын сақтауды ойламай, осы даудан өздеріне пайда тауып қалуды көздейді. Оспан Ахметпен бірге жүресін деп, Қамардың ағасы Қасеннің басын жарады

Оспан, Қалтандар үшін Нұрымның Қамарды айттыруы аса бір ыңғайлы іс еді. Өздерінің елге жасап отырған зорлық-зомбылығына мықты тірек, сүйеніш Нұрым болады деп санайтын олар Омардың қарсылығына қарамастан, Қамарды Нұрымға беруді шешеді. Қалың малын да (40 жылқы, 10 түйе, 500 сом) келісіп қояды. Ескілік салттарды берік ұстап отырған осы адамдарды Сұлтанмахмұт жаналық атаулыға жаны қас, еркіндік, бостандық дегенді түсінбейтін ескінің көздері ретінде бейнелейді. Олар оқыған адамды «шоқынды», «бұзық» деп бағалайды. Әшейінде мүләйімсіп, ешнәрсеге кіріспегенсіп жүретін Қалтан қажы Омардың Нұрымға қыз бергісі келмейтінің естіген жерде бұрқырап: «Бұларға өзі секілді қара жүрек... болмаса Ахмет секілді сып борбай, шала қазақ болмаса, басқа мұсылман кісі жаға ма? Сен шоқынды, былшылдады екен деп, мен пайғамбар жасынан асқанда, қажы басыммен өтірік айта алмаймын. О баланың билігі өзімде. Шоқындырған Қасеніңді қайда шоқындырсаң, онда шоқындыр. Қамарды тағы орысша оқыған біреуге беріп, сүйегімізге таңба қыла алмаспыз. Қазаққа берсек, қазақта бұдан артық кім бар? Соған барып та обал табатын болса, қияметте мен арқалайын, куә болыңдар! Нұрымнан артық пайғамбарға береміз бе? Басқад былшыл сөзді қой. Келер сәтке құда түсір! Ендігі сұм заманның адамы да бір түрлі: бала бармайды дегенді тауып алыпты. Әке берсе, қыз қайда бармаушы еді. Сені көріп отырып, бала қалай оңсын! Қақ бастан салып жіберейін бе?» - деп ашуланады.

Бұлардың зұлымдық айласы қысылшаң жерде Нұрымнан да асып кетеді. Нұрымға Қамарды тартып алу жағын сездіреді де, айтқанын істемегені үшін Нұрымның жігіттеріне үйін талатады.

Мұның бәрі Нұрым, Оспан, Қалтандардың ескі қазақ ауылдарындағы билеп-төстеуші таптың өзара жемтіктес өкілдері екендігін дәлелдейді. Олардың іс-әрекеттері, дөкір қылықтары өз дәуірінін шындығына, өз ортасы мен тәрбиесіне лайық берілген.

Романның негізгі тақырыбы қыз тағдыры болғанмен, жазушы онда XX ғасыр бас кезіндегі қазақ өмірінің шындығын жан-жақты суреттеуге ұмтылады. Негізгі оқиға қабатында қараңғы халықтың тағдырын байлап отырған феодалдық салт-дәстүрге қарсы үн көтереді. Сол қараңғылық пен надандықты ата жолы деп берік ұстап, елді зар жылатуға пайдаланған ел билігіндегі адамдарды әшкерелейді. Өздерінің келешегін ойламай, ішкен-жегенге мәз болып жүрген елдің қалың надан тобын да сынға алады. Жоққа алданып жүрген қараңғы көпті әрі аяйды, әрі олардың ісін көріп ызаланады. Нұрымның Қамарды алу тойы кезінде өзінше мәз болып «қызықтап» жүрген топты суреттей отырып, Сұлтанмахмұт «бір күн тойса есектер, ми жоқ алдын есептер» дейді. Қамардың аянышты жайын түсінетін, оған жаны ашитын жан таппай күйінеді.

Сондықтан «Қамар сұлу» романының өткен өмірді, ондағы әділетсіздікті реалистікпен суреттей отырып, еңбекші халықты надандыққа, феодаддық кертартпа салт-санаға қарсы күреске үндеуде ерекше маңызы бар.

Сонымен бірге «Қамар сұлу» - казақтың жазба әдебиетіндегі алғашқы романдардың қатарына қосылады. Сұлтанмахмұт мұнда прозалық елеулі шығарма жасауға талаптанады. Бірақ ақын әдебиетте қалыптасқан поэзия дәстүрінің шеңберінен шыға алмайды. Роман проза мен поэзияның араласуы түрінде жазылған. Онда әсіресе кейіпкерлерді мінездеу, портрет жасау, қатысушылардың біріне-бірінің айтар сыр-ықыласы, көңіл күйі елең түрінде беріледі. Қамар мен Ахметтің сырласуын, Нұрымға деген көзқарасын, ойын түгел өлеңмен жеткізеді. Қамардын елер алдындағы коштасу сөзі де, молдамен айтысы, бақсы-ишан сарындары - бәрі де өлеңмен айтылады. Бұл, бір жағынан, қалыптасып қалған халықтын поэзия дәстүрінің ырқы болса, екінші жағынан романдағы ауыз әдебиетінің әсерін де байқатады.

Сұлтанмахмұг реализмінің күші оның өткір сыншылдығында. Ол өз заманыныңң ұнамсыз қылықтарын аяусыз шенеп, оқырманың одан жиренте, безіндіре суреттейді. Жорға Нұрым мен оның айналасындағы топқа жазушының көзқарасы мұны анық байқатса, онын ұнамды кейіпкерлері оларға барлық жағынан (ақыл-ой, портрет, сезім, т.б.) қарама-қарсы бейнеде жасалады. Сол арқылы Сұлтанмахмұг бір жерге сыйыса алмайтын екі жүйелі топтың қайшылығын, ымыраға келмейтін күресін бейнелейді. Қамар мен Нұрым тойында Ахмет айтқан «Жар-жарда» бұл идея жұмбақтап беріледі.

Қарт қара құс сұқсырға
Қалайша тең, зар-зар!
...Бірің – күнде, бірің – түн
Бір кемеге салса да, 
Сыйысу жоқ, зар-зар!

Сұлтанмахмұт мұндай тойдың зарлы күйін таныту үшін «Жар-жар» орнына «Зар-зар» айтқызады. Қоғамдық құбылыстарды, кейіпкерлер бейнелерін салыстыра суреттеу негізінде ұнамды-ұнамсыз шындықтың қарама-қарсылығын таныту оның жазушылық, ақындық стилінің елеулі көрінісі болып табылады.

Жазушы прозада да ақындық үлгіні сақтайды. Ол қарасөздің өзін желдірмелетіп, ырғақты әуенге құрады. «Ахметті сүйемін-ақ, Сүйгенім үшін осынша күйемін-ақ» (Қамардын сөзінен), «Ұрынуға қара таба алмай, ермек қылуға жара таба алмай» (қалың топты суреттеуден), «қолынан ұры кетпеген, бір жақсылық етпеген, жамандықтан басқаны сүймеген», «надан, пішіні де жаман... ішпей мас, әрі нас, елу шамасында жасы бар, қойсақтардың басындай басы бар» (Нұрым портретінен), т.б.

Міне, осы тәрізді әдеттегі прозадан өзгеше, ырғақты құрылған сөйлемдер де автордың ақындық қабілетінін молдығының белгісі.

XX ғасыр басындағы қазақ ауылының әлеуметтік өмірін кен қамти суреттеуде Сұлтанмахмұттың өлеңмен жазылған «Кім жазықты?» атты романының да маңызы үлкен. Жазушы бұл романда «Қамар сұлуда» көтерген ескілікке қарсы үнін тереңдетіп, әлеуметтік өмірдің басқа жақтарын суреттеу арқылы жан-жақты аша түседі. Әйел теңсіздігі, олардың қорлықтағы өмірі мұнда басты тақырып болып бөлінбейді, қоғамдық теңсіздіктің көп мәселелерінің бірі ретінде көрінеді. Ол қазақ ауылының тіршілігін, ел арасында етек алған зиянды әдет-ғұрып салттарын кеңірек қамтиды. Қазақ халқының қоғамдық, шаруашылық, мәдени дамуда мешеу қалып отырғаның, қараңғылық пен талапсыздықты, жалқаулық пен шаруаға қырсыздықты, алауыздықты сынай отырып, халықтың тағдыры, оның саяси-әлеуметтік өмірінің түйінді мәселелері жөнінде сұрау қояды.

Романның негізгі кейіпкерлері - қазақтың билеуші табының өкілдері. Олардың өскен, тәрбие алған ортасы, ел басқару жүйесіндегі мінез-құлықтары роман оқиғасының негізін құрайды. Тасболат байдың үш буын ұрпағы (Өзі, Әжібай, Қабыш), орта шаруаның өкілі Байбол, ауылдағы жас, жаңа ұрпақтан Әнуар, Күлтай бейнелері жасалады. Бұлардан басқа романда аздаған қала адамдары көрінеді. Шығарманың негізгі идеясын осы бейнелер белгілейді.

Романның негізгі кейіпкерлері Тасболат байдан тарайды. Тасболаттың өзін автор жан-жақты бейнелеп жатпайды, оған шығарманың басында эскиздік суреттеулер беріледі. Ол - ескі ауылдың байы. 15 жыл болыс болған, қажыға барған. Ел билеу жүйесіндегі өзгерістер ескінің өкілі есебінде Тасболатты сахнадан тайдыра береді. Болыс болу үшін орысша тіл білу қажет болған кезде, Тасболат ұрпағына ел билеу қызметінен айрылу қаупі төнеді. Бар байлығын шашып, тартыса-таласа жүріп, ол үлкен баласы Жақыпты болыстың кандидаттығына зорға өткізеді де, кіші баласы Әжібайды қалаға оқуға береді. Кейін Жақып қайтыс болады да, әкесі Әжібайды оқытпай қайтып алады.

Сұлтанмахмұт Әжібайды жасында алғыр, зерек, отты бала еді деп суреттейді. Бірақ бай отбасында нашар тәрбие алған ол жасынан бұзық жолмен өседі. Осы арқылы жазушы казақ ауылындағы тәрбиесіздікті сынайды...

Әжібай ерке өскен қағу көрмей, 
Бетіне еш біреуден шіркеу келмей. 
Балаға тілі шықса айналасы, 
Қоя ма тұрмысынан өрнек бермей.

Тәрбие жоқ қой қазақ баласында, 
Солайша өскен ата-бабасы да. 
Көргені әке-шеше қалай болса, 
Алмақшы одан үлгі баласы да.

Еркінше ел-жұртына еркелеген, 
Әкесі: «бұл қарағым ерке!» деген. 
Жан біткен - қымыз бенен еттің құлы, 
Ел оны еркелетпей қойсын неден.

Боқтаса, «қарағым» деп беттен сүйген, 
Болмай ма байға алакөз оған тиген. 
Жан-жағы тәрбиесіз надан болып, 
Солардың жұға-жұға кебін киген.

Жасында алғыр, шешен, зейінді, пысық Әжібайды осы тәрбиесіздік бұзады. 5 жастағы Әжібайға әкесі 11 жасар Жәмиланы қалындыққа айттырады. Оның үстіне Тасболат оны оқытпай қайтып әкеледі. Ескі әдет заңы бойынша Әжібай Жақыптың айттырған жесірін алуға тиіс болады. Осыдан бастап әке мен бала арасында келіспес тартыс басталады. Әкесінін ырқымен және ел-жұртының азғыруымен өз қалындығы Жәмиланы, Жақыптан калған жесір Жаңылды сүймей алған Әжібай үйден безіп, «кезбе» атанады. Осы тұста Әжібайдың өмірін мысалға келтіре отырып, Сұлтанмахмұт қазақ ауылы жігіттерінің жастық салтын шенейді. Олардың бір-бір атқа мініп, ауыл аралап, ойын-сауық күйттеген мағынасыз өмірін сынға алады. Әжібай да осылай өмір өткізеді.

Сөйтіп жүріп Әжібай «Қызық су» қаласындағы Бейсен деген шалдың қызы Әппақайға «ғашық» болады. Қыз көзіне сүйкімді көріну үшін шылым тартып, көзіне көзілдірік салып, орысша киінеді. Әппакайдың басын айналдырып бер деп, бақсыларға жалынады. Ақыры бұл әрекеттерінен ештеме шықпаған ол қыздың сүйген жігітін қудалауға салады.

Тұрмыста осындай азғындаған Әжібай кейін тағы екі әйел (3ылика, Рысты) алады. Бірақ олардың бірде-бірімен тату, тұрақты шаңырак ұра алмайды. Сұлтанмахмұт Әжібайдың қоғамдық қызметінен оның болыстығын көрсетеді. Ол таласып жүріп болыстыққа сайланады. Бірақ Әжібай болыс қоғамға пайдалы еңбек ету мақсатын көздемейді. Өз пайдасын ойлайды, елге үстемдік жасап, зорлық-зомбылық жүргізеді. Ел ішінде өлген бір қарт адамды «әйелдері өлтірді» деп даулап, 40 жылқы, 6 жамбы пайда өндіреді. Өзінен бұрын болыс болған, орта шаруалы туысы Байболдың үстінен пәле іздеп, арыздар жазады. Сөйтіп, әуелде әдет салтына наразы болып, әкесі айттырған қалындық-тан безіп жүрген Әжібай енді өзі сол салттын мықты қорғанына айналады. Ол ауыл өміріне кірген жаңалыққа қарсы күреседі, ауыл мүғалімі Әнуарды қуғындап, қызы Күлтайды қалыңмалға сатады.

Қазақ байларының шаруаға қырсыздығы - Әжібайға да тән. Бір қатты қыста малдары жұтап, ол дәулетін әлсіретіп алады. Ұры ұстап, алыс жерден мал алдырамын деп жүріп, болыстықтан түсіп, жауапқа тартылады. Сұлтанмахмұг осыдан Әжібай сабақ алды, кейін әділ болыс болды дейді. Бірақ бұл сол кездің шыңдығына сыйымсыз, әділетгі ел басшыларын армандаған жазушының қиялының ғана көрінісі еді.

Романның соңғы бөлімдерінен біз Әжібайдын өз заманының әлділерімен жан-жақты байланыс жасап, іргесі шайқалған шаруашылығын қалпына келтіруге әрекеттеніп жатқанын көреміз. Ол қызы Күлтайды ауқатты жерге ұзатып, ұлы Қабышқа бір болыстың қызын айттырады.

Тасболаттың үшінші ұрпағы Қабыш та Әжібай үлгісімен өсіп келеді. Оның көрген тәрбиесі де - Әжібай тәрбиесі. Ол да шаруаға қарамай, қалаға қаңғып, бозбалашылықпен өмір өткізуде. Арақ ішіп, карта ойнайды. Өстіп жүріп қала жігіттерінен таяқ та жейді. Әкесі ұрысса, атына мініп кетіп қалады. Сөйтіп, Әжібайдың жасында Тасболатқа істеген мінездері түгелдей алдынан шығады.

Қабыштың ұнамсыз тіршілігі Әжібайға қосымша міндеттер жүктейді. Оған Қабыш жанжалдасқан адамдармен соттасуға тура келеді. Оның үстіне, романның соныңда Кабыш біреудің мал берген жесірін алып кашады. Әжібай тағы да жесір дауына қарсы тұруға мәжбүр болады.

Міне, романда суреттелетін Тасболат ұрпағының - ескі ауылдың ел билеуші адам-дарының тіршілігі осындай. Сұлтанмахмұт осы жайларды жан-жақты көрсете отырып, қазақтың қайратты деген жігіттері не істеп жүр? Надан әдет-ғұрып салты елді, оның адамдарың қалай аздырып бара жатыр? Бұған кім жазықты? - деген әлеуметтік мәні зор сұрақтар қояды.

Әжібай әйелдері Жаңыл, Жәмила, Зылиқа, Рыстының аянышты тағдыры - ескі қазақ ауылындағы әйелдің орнын бейнелейді. Олардың ешқайсысы да Әжібай үйінен бақыт таба алмайды. Бұл да жазушының назарынан тыс қалмаған. Жалпы, романда көтерілген көп түйінді мәселенің бірі ретінде Сұлтанмахмұт қалың малға сатылып, ескілік пен надандық салттың құрбаны болған осы аянышты тағдырларға кім жазықты екенін іздейді.

Романда ұнамды кейіпкер есебінде Әжібайға қарсы қоя суреттелетін кейіпкер Байбол - шағын шаруасы бар, саналы, аздап оқыған жігіт. Тіпті көп жерде Әжібай мен Байболдың үй тұрмысын, шаруа басқаруын, ел билеудегі қызметтерін салыстыра отырып, автор Байболдың артықшылығына оқырманының көзін жеткізеді.

Байбол - өз басы Тасболат тұқымынан жоғары адам. Ол ел басқару жұмысына мал шашу, сатып алу жолымен емес, заң, қоғамдық тәртіп бойынша белгіленеді. Тіпті болыс болмаймын десе де, ел оны зорлап сайлайды. Үй-жай мәселесінде де Байбол Әжібайдан жоғары. Болыс кезінде ол елдің дау-шарына әділ биліктер айтады. Ауыл мұғалімі Әнуарды Әжібайдың жазықсыз қуғынға ұшыратқанын біліп, оған араша түседі. Әжібай болыстыққа таласып, оның үстінен арыз жазып жүрсе, Байбол, керісінше, тұтқынға түскен Әжібайдың ісін қуып, оның ақталуына көмектеседі. Бұл эпизодтарда ол адамгершілігі мол, қиянатсыз адам болып бейнеленеді.

Шаруа басқаруда, күнделікті тіршіліктің пайдалы жақтарын игеруде де Байбол - жаңашыл. Ескі қазақ ауылын үнемі жоқшылыққа ұшыратып, малдарының жиі қырылуына себеп болатын жұттың негізгі төркіні шаруаға қырсыздық екенін ол жақсы түсінеді. Байбол азғана малына қыста жылы қора, мол шөп дайындайды. Сөйтіп Әжібай малы жұтқа ұшырап қалғанда, Байбол шаруасы түгел аман шығады. Сұлтанмахмұт бұл арқылы шаруашылықтың жаңа, пайдалы түріне көшуді уағыздайды.

Байбол бейнесі - Сұлтанмахмұттың жақсы, әділ ел басшыларын армандағанының көрінісі. Әжібайды кейін «түзелді» деп көрсетуінін өзі де ақынның осы арман-қиялымен байланысты.

Ескі қазақ ауылындағы жаңа типті жастардың өкілі - Әнуар мен Күлтай. Әнуар - ауылдың өз адамы емес, сырттан келген, оқыған мұғалім. Оның өмір тіршілігінде ескі ауылдың адамдарының күнкөріс кейпінен өзгешеліктер байқалады.

Болған соң ас ішетін ыдыс кірлі, 
Әнуар өзі тұрып жуып жүрді, -

дейді автор. Бұл - қазақ ауылында ерлер істеуге жатпайтын оғаш іс көрінер еді. Ал, Әнуар мұны мұны жатсынбайды. Бұл - жаңа ұрпақтың ескі қазақ ауылының надандық ғұрпына наразылығын, тазалық үшін күресін танытады.

Әнуар надандыққа қарсы күресе отырса да, ел адамдарынан безбейді. Қайта ол халықтың ыңғайына көне отырып, олардың сеніміне кіру, содан кейін ғана оларды жаңа жолға - ағарту, мәдениет ісіне үндеуге мүмкіндік алады.

Ол қылды шүу дегеннен басты тақыр, 
Демеске қажы, сопы: «азғын, кәпір». 
Тұрса да терістікке іші күйіп, 
Дей берді жұрттың қылған ісін мақұл. 
Жүрмейді сопыларға тілі тиіп, 
Жолықса сәлем берді басын иіп.

Бұл - Әнуардың ауылға сіңу үшін пайдаланған әдісі. Бірақ ол ескі ауылдың зиянды әдеттерін қабылдамайды. Қайта халық сеніміне кіре отырып, оларға қарсы күреседі. Ол ел санасын оятып, ілгері жетелеуші, халықты өрге қарай бастаушы әрекет иесі болып көрінеді.

Халыққа сөйте-сөйте нандырды өзін, 
Алғыза бастады ептеп айтқан сөзін. 
Әнуар онан сайын қылды ыждаһат, 
Үміттің кергеннен соң жылы жүзін, -

дейді ақын.

Күлтай - Әжібайдың Жаңылдан туған қызы. Сұлу, ақылды, ауыл мектебі көлемінде білім алған, мінезді жан.

Жасынан мазасыз үй-ішінің қайғылы күйін көріп өскен Күлтай кейін әкесінің қатыгез мінезіне, зұлымдық әрекеттеріне қарсы тұрады. Отбасындағы дау-жанжалдың басылуына да көп күш жұмсайды.

Өзіне жар боларлық шын жолдас таңдауда да Күлтай жаңа қыздың бейнесін танытады. Ол ауыл мұғалімі Әнуарды сүйеді және өз бақытын арашалауға жасқанбай қатысады.

Әнуардың жаңашыл идеясы және оның Күлтаймен көңілдестігі ұнамайды да, Әжібай оны үкіметке қарсы деген жаламен қуғындатады. Қабыштың сандығын ұрлады деп айыптап, үйінен қуып шығады. Осы кезде Күлтай әке мінезінің терістігін бетіне басады. Сүйген жігітіне болысып, әкеге қарсы келу ескі қазақ ауылының қызына жат мінез болатын. Ал Күлтай осы бұйығылықты бұза біледі. Әжібай мен Күлтайдың келісе алмауының өзі екі дүниенің - ескілік пен жаңашыл күштің ымыраға келмес күресінің басы екенін аңғару қиын емес.

Сұлтанмахмұт «Кім жазықты?» романында қала адамдарын арнайы көрсетпейді. Бұлар қазақ ауылымен қарым-қатынаста, әсіресе, Әжібайдың қаладағы тіршілігімен байланысты суреттеледі.

Романнан қала адамдарының өзі де әртүрлі екенін көреміз. Онда Жүсіп сияқты мұқтаждыққа түсіп, азып кеткен адамдар да ұшырайды. Бұлар - капиталистік қаланың құрбандары. Қайраттан айырылып, маскүнемдікке салынып жүргендер.

Қаладағы жаңа адам есебінде жазушы Әппақайды, оның өлген мұғалім ағасын қысқа суреттермен ұнамды бейнелейді. Бұлар-еңбектің, істің адамдары. Адамгершілігі тұрақты, махаббаты берік - қайратты жастар.

Әппақай мінезі ашық, адамгершілігі мол, қаланың жаңашыл қызынын бейнесі. Ақын оны:

Әппақай хат біледі, мінезі ашық, 
Әнге ұста, домбыраға кеткен асып. 
Азырақ орысша да сөйлесе алад, 
Жасынан жүргендіктен араласып, -

деп суреттейді.

Басқа да қазақ қыздары тәрізді Әппақай да ғұрып бойынша жасында біреуге атастырылады. Бірақ ол күйеуін сүймей, өзіне тең жар іздейді.

Марқұм болған ағасы тірісінде, 
Қазақтың жақтырмайтын бір ісін де. 
Бір қазақ қаладағы жас фельдшерге 
Бар еді берем деген ой ішінде, -

дейді ақын.

Ағасы Жүсіпті паналап, үйінен шықпай қойған Әжібайдыңң ұятсыз әрекеттеріне Әппақай тез тойтарыс береді. Бұл жерде ол өзінің арын қорғай білетін, өз жолын, келешегін түсінетін ақылды қыз болып көрінеді. Әжібай соңына түскеннен кейін ол ақыл беріп, сүйген жігітін басқа жаққа ауыстырып жібереді.

Қала адамдарын, әсіресе, Әппақайды, оның мұғалім ағасы, фельдшер жігітті шағын да болса көрсету арқылы Сұлтанмахмұг қаладағы жаңа адамдар бейнесін жасауға ұмтылады. Оларға деген өз көзқарасын білдіреді.

«Кім жазықты?» романының идеялық мазмұның жоғарыда талданған бейнелер толық танытады. Жазушы мұнда өнер адамдарына тән қырағылықпен қазақ ауылындағы жаңа күшті де, оған кедергі болып отырған ескілікті де айқын көре білді. Әжібайлар тіршілігінің бір кісінің іс-әрекетінен кеңейіп, үлкен қоғамдық құбылысқа - әжібайшылдыққа айналғанын, сөйтіп бүкіл қазақ қауымының дамуына бөгет болып отырғанын бейнелейді.

Ескі қазақ ауылындағы тәрбиесіздік, қоғамдық мешеулік тудырған құбылыс есебінде жазушы ең алдымен осы әжібайшылдықтың түпкі сырын әшкерелейді. Бірінен-бірі өрбіп тарап, үлкен қоғамдық кертартпа күшке айналған әжібайшылдық - ескі әдет-ғұрыптың берік жақтаушысы. Ол қазақ әйелдерін, момын кедей шаруаларды кемсітіп, зар жылатып, азапқа салады. Ел ішінде рулық дау-жанжалды, таптық тартысты, зорлық-зомбылықты көбейтеді. Жаңалық атаулының бәріне қарсы тұрып, мешеулікті, қараңғылықты қорғайды. Осы мәселелердің әлеуметтік сыр-сипатын терең түсінген Сұлтанмахмұт қазақ халқын осы жолдан құтқару үшін әжібайшылдықты тудырып отырған қоғамдық себептерді іздейді. Осыларға «Кім жазықты?» деген сұрақ қояды.

Жанрлық ерекшелігі жағынан да Сұлтанмахмұт романының қазақтың жазба әдебиетінің тарихында ерекше маңызы бар. Ең алдымен, бұл - әдебиетіміздегі өлеңмен жазылған тұңғыш роман. Ол өмір құбылыстарын кең қамтуы жағынан да, басты бейнелердін характері ашылуы жағынан да, бірінен-бірі өрбіп жатқан уақиғалардың тұтас сюжеттік желіге жинақталуы жағынан да роман жанрына қойылатын талапқа жауап бере алады. Бүкіл қоғам сыры, жазушы идеясы адамдар тағдыры арқылы ашылады.

Шығарманың композициясына қоғам өмірін, кейіпкерлердің тіршілігін үзбей, кең дамыта отырып суреттеу тән. Ауыл өміріндегі әртүрлі құбылыстар, әр тағдырлы адамдар сипатталып, барлығы басты бейне - Әжібайға тіреліп жатады. Олардың әрқайсысына деген жазушының қатынасы, көзқарасы айқын. Ақын лирикалық шегіністі көп пайдаланбай, оқиғаны дамыта отырып өрбітеді.

Роман тілі көркем. Онда жарқын жасалған адам портреттері, мінездеу, табиғат суреттері бар. Әсіресе, романның бас кезіндегі жазғы таң, жайлау көріністері шебер бейнеленген.

Түскендей әуе жерге қырық күн шілде, 
Ішкен мас, жегендер тоқ күнде-күнде.
Қысқа түн қымқырылды, таң көрінді, 
«Кел, шық» деп, иек қағып жарық күнге.

Ән салды таңды мақтап сансыз торғай,
Бас иіп, бәйек болып, жерге қонбай. 
Жайқалып таң желі де тербетілді. 
Кек майса көзі ілініп тұрған сондай.

Асыл шөп, жасыл шөптің иісі аңқып, 
Батқандай мелдігінен нұрға қалқып. 
Күлімдеп көктің жүзі көңілі шат, 
Жауһардай күн шығар деп, бізге балқып.

...Мақтанып қара түнде нұрын шашқан. 
Айдың да елеусіреп түсі қашқан. 
Шығарып сұлу күннің сезгеннен соң, 
Бірі жоқ тәмам жұлдыз бетін басқан.

Осыған жалғас таң атқан кезде жан-жақтан көріне бастаған мал мен ауыл суреті, Тасболат бай жайлауының көріністері әп-әсем әсер туғызады.

Кейіпкерлердің портреті мен оны мінездеу романда аралас келіп отырады. Ақын сол арқылы кейіпкерлерді даралап, оған өзінің көзқарасын да аңдатады.

Әлпеті алмас қылыш жайнап тұрған, 
Ашуы шапшаң, қатты барып тұрған. 
Жасынан зейіні алғыр, тілге шешен, 
Қазақша қара сөзге ағып тұрған.

...Сымбатты қара торы, орта бойлы, 
Кеудесі жылдам сезгіш, жүйрік ойлы. 
Осындай, әттең дүние, зеректігін, 
Оқытпай, надандыққа байлап қойды.

Әжібайдың жас кезіндегі алғырлығы мен зеректігін суреттей отырып, Сұлтанмахмұт оны бұзған тәрбиесіздік пен надандык (оқытпай байлап қою) екенін айтады.

Портрет жасау мен мінездеудің бұл әдісін ол басқа кейіпкерлерді даралауда да қолданады.

Романның көркемдеу әдісінде ауыз әдебиетінің әңгімешілдік сарыны, бейнелеу үлгілері мол танылады. Жазушы оқиға дамуын, кейіпкерлер  іс-әрекетін  қазақтың мақал-мәтелдерімен, халық даналығы тудырған сөздермен көмкереді. Оларды ұнамсыз құбылысты көрсету үшін алған жағдайда сынай да отырады.

Романның көркемдік жүйесі реализмге негізделген. Дәуірдің шындығын жазушы типтік ортаны суреттей отырып өрбітеді, содан кейіпкерлер тағдырын көрсетуге ауысады. Бұл суреттерде ғасыр басындағы қазақ тіршілігіне кіріп жатқан жаңалықтар да байқалады. Қаламен байланыс, орыстармен қарым-қатынастын молаюы романның тіліне де едәуір әсер еткен. Онда орыс сөздері (начальник, закон, доктор, школ, уездный, город, чахотка, учитель, фельдшер, портсигар, отказ, заграница, пристань, конвой, т.б.) көп ұшырайды. Оқиғаға тереңдеп кірген кезде автор публицистикаға көбірек жол береді. Суреттеуді баяндау, әңгімелеу басып кетіп отырады. Жазушының оқиғаға қатышасы, кейіпкерлер іс-әрекетіне көзқарасы айқын баяндалады.

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫ. ОН ТОМДЫҚ. АЛМАТЫ: ҚАЗАҚПАРАТ, 2006. – т. 6. – 249 – 292 б.

0 дауыс
Камар сулу романынын киыпкерлерыне мынездеме керек
...