Ертедегі түркі халықтарының “Тәңірге сыйынғанын Құлтегін, Білге қағандарға арналған балбал тастардағы қашап жазылған жазулардан анық білеміз. Қазірге дейін Тәңір сөзінің этимологиясыніздеушілердің пікірлері әртүрлі болып, олар “Тәңірдің” не себепті “Тәңір” атануын ашып, дәлелдеп бере алмауда. Бірқатар жазушылар “Тәңір” “аспан”, “көк аспан” деген ұғымды білдіреді дегенді айтады. Мифтік аңыздар бойынша, “Таң” және “Іңір” деген екі періште кезектесіп, жердегі тіршілікті күзетеді екен, “Таң” күн ұйықтар орынға кеткенде “іңір” оның орнына күзетке тұрады деген ұғым қалыптасқан. Соған орай “Тәңір” делінген дейді. Біреулері Тәңір “Таң” + “Ра” сөздерінің қосындысы, таңның атуы, ал “ра” ертедегі күннің Египеттегі діни атауы. Міне, осыдан “Танра” делініп, “күннің шығуы” дегенді білдіреді дейді. Тәңір сөзі екі түбірден: “таң” және “ертеден” деген сөздерден тұрады дейтіндер де бар. “Таң” күннің шығар уақыты, ал “ер” күллі түркі тілдерінде, ер, ержүрек, еркек, батыр деген мағынаны білдіреді десе, енді бірі тәңірі атауы екі сөзден: Таң және йер, яки кир /жер/ сөздерінің бірігуі арқылы жасалғанын жорамалдайды. “Тәңір” сөзі қытайдың “Тян” – “аспан” деген сөзінен туындаған деушілер де бар. Қытайлықтар өздерін әліге дейін “Таң елі”, “Аспан асты елі” деп атайды. Оларда цин, хан империясынан соң тан империясы болған, жазба деректерде тян империясы деп жазбаған, тан империясы деп жазылған, сонда қалайша “Аспан асты елі” болады. Меніңше олай емес, “Қытай дуалын” салуға мәжбүрлеген, оларды “таң елі” деп те атаған осы түрік, прототүріктер, олар қытайлықтарды өздерінен қарағанда таң ататын жағында орналасқандықтан “таң елі” деп атаған, ал қытайлықтар олардың “таң” сөзін өздерінше “аспан” деп түсінген болса керек.