+1 дауыс
86.8k көрілді

Батырлар жыры мен лиро-эпостық жырлардың ұқсастығы мен айырмашылығы неде?

Батырлар жыры – көлемі жағынан да, мазмұн-мәні жағынан да қазақ ауыз әдебиетінен ауқымды орын алатын жанрдың бірі. Батырлар жырында тарихи оқиғалардың ізі сақталған. Батырлар жырының басты тақырыбы – ерлік, батырлық, елді сыртқы жаулардан қорғау. Батырлар жырының басты қаһарманы – батыр.

Халық ауыз әдебиетінен ерекше орын алатын батырлар жыры: «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Қамбар».
 

«Алпамыс батыр» жыры – басқа батырлар жырына қарағанда көне жыр болып есептеледі. Жырдың кейбір оқиғалары: Алпамыстың дүниеге келуі, түртіп қалған баланың өліп қалуы, зынданда жеті жыл жатуы сияқты оқиғалар жырдың көне жыр екенін айғақтай түседі. Жыр жақсылық пен жамандықтың тартысына құрылған. Соған орай жыр кейіпкерлерін екі топқа бөліп қарастыруға болады.


Жырдағы жақсылық иелері

Жырдағы жамандық иелері

Алпамыс – негізгі кейіпкер

Байбөрі – Алпамыстың әкесі, Қоңырат елінің байы

Аналық – Алпамыстың анасы

Қарлығаш – Алпамыстың қарындасы

Жәдігер – Алпамыстың баласы

Шұбар ат –Алпамыстың тұлпары

Гүлбаршын – Алпамыстың сүйген жары

Алтыншаш – Гүлбаршынның анасы

Қаракөз – Алпамысқа ғашық болған Тайшық ханның қызы

Кейқуат – Алпамыстың зынданнан шығуына себепкер болған қойшы

Құлтай, Тортай – Алпамыстың туыстары

Ұлтан – зорлық-зомбылықты өз жақындарына жасаған залым адам

Сарыбай – Шекті елінің байы, Гүлбаршынның әкесі

Қараман – Гүлбаршынды зорлықпен алмақ болған қалмақ ханы

Тайшық хан – Байбөрінің жылқысын алып кеткен хан

Таймас – Алпамыспен шайқасқан жігіт

Бадамша – Ұлтанның сақау әйелі

Мыстан кемпір – Алпамысты алдап қолға түсірген жауыздық иесі

Жыр соңында жақсылық пен әділдік жеңіп, Алпамыстың еліне, халқына, ата-анасына, туған-туыстарына жасаған жақсылығымен аяқталады.


«Қамбар батыр» жыры – ел арасына көп тараған, ел намысы мен жер намысын қорғау жолындағы Қамбардың бойындағы батырлық, ерлік, батылдық, бірбеткейлік, намысшылдық сияқты ізгі қасиеттерді марапаттауға арналған жыр. Он сегіз жасқа толып, жар іздеген Назымды суреттеуден басталған жыр Қамбардың азаматтық іс-әрекеттерімен жалғасып, өрбіп, дамып отырады. «Қамбар батыр» жырының кейіпкерлері:


Әзімбай – атағы жер жарған бай

Назым – Әзімбайдың жалғыз қызы

Қамбар – жалғыз атты кедей жігіт

Қара қасқа ат – Қамбар батырдың тұлпары


«Қобыланды батыр» – халық ауыз әдебиетіндегі батырлар жырының бірі. Ата-анасының зарығып жүріп көрген жалғыз баласы Қобыланды бойына жастайынан ерге, батырға тән қасиеттерді жиып өседі. Ер-азаматқа лайық ісімен шартты орындап, Көктім аймақ ханның жалғыз қызы Құртқаны ұзатып алуынан басталған жыр оқиғасы Қобыланды батырдың ерлік, батырлық, намысшылдық іс-әрекеттерімен жалғаса береді. Жыр кейіпкерлері:

Қобыланды – негізгі кейіпкер

Аналық пен Тоқтарбай – Қобыландының ата-анасы

Қарлығаш – Қобыландының қарындасы

Естеміс – Тоқтарбайдың жылқышыларының, тоқсан құлының бастығы

Көктім аймақ – Қызылбас елінің ханы

Құртқа – Көктім аймақ ханның қызы, Қобыландының сүйген жары

Қызыл ер – Қызылбас елінің батыры

Қазан – Қызылбас елінің батыры

Сейілдің ұлы Қараман – Қобыландының жолдасы, Қазанға қарсы күресетін батыр

Алшағыр – қалмақтың ханы

Тайбурыл – Қобыландының тұлпары

Көбікті – хан

Қарлыға – Көбікті ханның қызы

Ақмоншақ – Қарлығаның тұлпары

Орақ – Қобыландыға көмекке келген жас батыр

Қамқа – Орақтың анасы

Қара қасқа ат – Қазанның тұлпары

«Қобыланды батыр» жыры Қобыландының барлық жауларын жеңіп, ел-жұртын, ата-анасын молшылыққа кенелтуімен аяқталады.


«Ер Тарғын» жыры – батырлар жырының ішіндегі таңдаулы шығармалардың бірі. Жырда көтерілген негізгі өзекті мәселелер – елдік пен ерлік, жақсылық пен жамандық, адал махаббат пен намысшылдық. «Ер Тарғын» жырында тарихи оқиғалар элементі де кездеседі. Жыр оқиғасы Тарғын деген батырдың қырғыз ханының бір адамын өлтіріп, Қырық сан Қырым жұртына қашып келуімен басталады. «Ер Тарғын» жырының кейіпкерлері:


Ер Тарғын – жырдың негізгі кейіпкері

Ақжүніс – Ер Тарғынның сүйген жары

Ақшахан – Ақжүністің әкесі, Қырық сан Қырым жұртының қырық ханының үлкені

Ханзада хан – Еділдегі Орманбеттің он сан ноғайының ханы

Қарасай ұлы Көбен, Алшағырұлы Тебен, Өмірұлы Себен – Ер Тарғынның батыр жолдастары

Сыпыра жырау – Ер Тарғынға басу айтқан ақылды қария

Ардаби – Ер Тарғын мен Ақжүністің ұлы

Әжігерей, Айтқожа – Ардабидің ұлдары

Тарлан – Ер Тарғынның тұлпары

Қанатты қара – Ақшаханның тұлпары

Қартқожақ – Ер Тарғын мен Ақжүністі қуып жеткен Ақшаханның қарт батыры

Домбауыл – қалмақтың батыры
 

Жыр соңында барлық қиындықтарды жеңген Тарғын елдің әрі ханы, әрі батыры болады. Ақжүніс екеуінен туған баласы Ардаби де бек әрі асыл би болады. Оның баласы Айтқожа да бес қалаға хан болып, мұратына жетеді.
 

Лиро-эпостық (ғашықтық) жырлар – халық ауыз әдебиетінің мол рухани қазынасы. Лиро-эпос жырлары ауыз әдебиетінің классикалық дәрежеге көтерілген нұсқасы болып табылады. Лиро-эпостық лирика мен эпикалық тектер элементтерін бірдей қамтитын шығармалар деген ұғымды білдіреді. Лиро-эпостық жырларға «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Күлше қыз» шығармалары жатады. Лиро-эпостық жырлары мен батырлар жырының өзіне тән ерекшеліктері бар.
 

Батырлар (эпостық) жыры

Лиро-эпостық (ғашықтық) жырлар

1.Батырлар халық мүддесі жолында күресіп, ерлік, батырлық көрсетеді.

2.Рулық қарым-қатынас, халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы жыр оқиғасына енбейді.

3.Кейіпкерлері шындықтан алыс, шартты түрде алынады.

Екі жастың бақытқа жету жолындағы қасірет-зары, махаббаты, бас бостандығы үшін күресі жырланады.

Рулық қарым-қатынас, халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы ғашықтық жырлардың негізгі өзегі болып келеді.

Образдары реалистік түрде сипатталады, іс-әрекеттері өздеріне тән суреттеледі.


Лиро-эпостық жырлардың басты тақырыбы – жастардың бас бостандығы, екі жастың арасындағы махаббат, сүйіспеншілік. Кейіпкерлері батырлар емес, қарапайым адамдар. Ғашықтық жырларында көшпелі қазақ тіршілігі, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар, әдет-ғұрып, салт-сана кең түрде жырланады. Мысалы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында қазақ халқының өте ертедегі «еже-қабыл» салты (ата-аналары әлі өмірге келмеген сәбилерді атастырып, белқұда болып қояды), «Қыз Жібек» жырында қазақ халқының көшпелі өмірі мен әмеңгерлік, «Айман-Шолпан» жырында барымта салты көрініс тапқан.


«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры – ел арасына ең көп тараған, қазақ лиро-эпостық жырлар арасындағы көне ғашықтық жыр. Жырда тұрмыс-салт жырларының үлгілері – жар-жар, қоштасу, естірту, жоқтау – сияқты түрлері кездеседі.


Мысалы, жырда Сарыбайдың өлімін Тазша өзінің түсі арқылы естіртеді. Жыр кейіпкерлері Ай мен Таңсық әкелері Қарабай көшкенде ел-жұртымен, ағайын-туыспен, атамекенімен жыр арқылы қоштасады. Тазша Сарыбайдың өлімін естірте келіп, жыр соңында Сарыбайдың бәйбішесіне өлеңмен көңіл айтады. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының оқиғасы екі топтың арасындағы тартысқа – жақсылық пен жамандықтың тартысына құрылған. Соған орай жыр кейіпкерлерін екі топқа бөлуге болады.
 

Жырдағы жақсылық иелері

Жырдағы жамандық иелері

Баян сұлу, Қозы Көрпеш – жырдың негізгі кейіпкерлері

Сарыбай – Қозы Көрпештің әкесі

Ай, Таңсық – Баян сұлудың апалары

Тайлақ – Сарыбайдың құрдасы

Айбас – Тайлақтың кенже інісі, Қозы мен Баянның қосылуына дәнекер жан

Қарабай – Баянның әкесі, сараң, қараниетті адам

Қодар – кекшіл, қара күштің иесі, Қарабайдың қолшоқпары

Сасан би – Қарабай көшіп барған елдің биі

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының негізгі тақырыбы – халықтың ғасырлар бойы армандаған мұраты – жастардың бас бостандығы.


«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры – Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп, Қарабайдың өтініші бойынша Сарыбай буаз маралды атқанда, ішінен егіз лақтың шығуымен басталады. Бұған шыдай алмаған Сарыбай сол жерде қаза табады. Сарыбай мен Қарабай балалары дүниеге келмей тұрып, «еже-қабыл» – белқұда болып қойған, яғни дүниеге келмеген балаларды атастырып қойған. Қарабай жырда сараң, қараниетті адам болып суреттеледі. «Жетім ұлға қызымды бермеймін» деп елінен ауа көшкен Қарабай қылығы оның бітім-болмысын айқындай түседі. Қарабай, Қодар, Сасан би – жырда тек жамандық иелері болып суреттелсе, Тайлақ, Айбас, Қозылар оларға қарама-қарсы жақсы жақтарымен ерекшеленеді. Жыр осы қараниетті адамдардың Қозыға у беріп өлтіруімен аяқталады.


Шығыс зерттеушілері, ғалымдар, әдебиетшілер жыр туралы көптеген құнды пікірлер айтқан, көңіл аударған. Мысалы, Г.И. Потанин: «Бұл – жер жүзіндегі ең қымбат әдебиет мұраларына жататын шығарма», – десе, В.В.Радлов жырды неміс тіліне аударған. А.С. Пушкин жазып алып, жыр етпекші болған.

«Қыз Жібек» жыры – лиро-эпостық жырлардың ішіндегі үздік жыр. Жырдың негізгі өзегі – Төлеген мен Қыз Жібек арасындағы адал махаббат пен шынайы сезім. Өз елінен лайықты қыз таппаған Төлеген саудагер шалдың айтуымен 80 жігіт қосшы, 15 жігіт басшы, 25 жорға алып, анасының қарсы болғанына қарамастан, Ақ Жайыққа жол тартады. Жол бойы қанша қызды көрсе де, ешқайсысы Төлегенге ұнамайды. Төлегеннің қыз таңдап жүргенін естіген Қыз Жібектің әкесі Сырлыбай ханның ақылшысы әрі ақын Қаршыға оны өзіндей сұлу әрі ақылды жігітті армандаған, бірде-бір жігітке мойын бұрмай жүрген ханның қызы Жібекке жолықтырмақ болады. Сырлыбай ханның көшіне киліккен Төлеген он бір көштен өтіп барып Қыз Жібектің күймесіне жетеді. Қыз Жібекті бір көріп ғашық болған Төлеген қыз әкесіне келіп, өз мақсатын айтады. Адам тани білетін хан келісімін берген соң, Төлеген Қыз Жібекпен үш ай қалыңдық ойнап, көктем шыға қайта оралмақ болып, өз еліне аттанып кетеді. Айтқан уақытында келе жатқан Төлеген орта жолда қараниетті қарақшы Бекежан қолынан қаза табады. Төлегеннен айырылып, бақытсыздыққа ұшыраған Қыз Жібекті қалмақтың ханы Хорен зорлықпен алмақшы болады. Көркіне ақылы сай Жібек Хоренді алдап өзі құрған торға түсіріп, Сансызбай мен Шегеге қосылып, Жағалбайлы еліне аттанып кетеді. Сөйтіп, Қыз Жібек арманына жетеді. Жыр кейіпкерлері:

Қыз Жібек пен Төлеген – жырдың негізгі кейіпкерлері

Сырлыбай – хан, Қыз Жібектің әкесі

Базарбай – Төлегеннің әкесі

Сансызбай – Төлегеннің інісі, қазақтың әмеңгерлік салтымен Қыз Жібекке үйленеді

Қаршыға – Сырлыбай ханның ақылшысы, әрі ақын, әрі шешен

Шеге –Жібекті Сансызбайға қосатын Төлегеннің досы, ақын

Бекежан – Төлегенді атып өлтірген қараниет қарақшы
 

«Айман-Шолпан» – басқа лиро-эпостық жырларға қарағанда жаңа сюжетке құрылған жыр. Оның дәлелі – халықтың тұрмысы базармен, қаламен, сауда-саттықпен байланыса болуы. «Батыр» Маман байдың елін шауып, екі қызды жайдақ нарға мінгізіп алып кеткенде, Айманның сүйген жігіті Орынборға мал айдап кетеді. Жыр кейіпкерлері:


Айман, Шолпан – жырдың негізгі кейіпкерлері

Маман – Айман мен Шолпанның әкесі, бай

Әлібек – Айманның сүйген жігіті

Арыстан – Көтібардың інісі, Шолпанның сүйген жігіті

Көтібар – қара күштің иесі, батыр

Теңге – «Батырдың» ерке де долы тоқалы

Есет – «Батыр» мен Арыстанның жалғыз бауыры

Жырда Көтібар, Есет, Арыстан сияқты тарихи тұлғалардың есімдерінің аталуы – жырдың тарихилық сипатын арттыра түседі.

«Көңілі кең, ақылы дана» Айман сіңілісі Шолпан екеуінің басына іс түскенде, аспай-саспай барлық қиыншылықты ақылмен, сабырмен жеңеді. Өзі сүйген жары Әлібекке қосылады, Шолпан мен Арыстанның тіл табысуына өзі дәнекер болып, Көтібарды ақыл мен айланың торына шырмап тастайды. Жырдағы күні өтіп бара жатқан ескі мен жаңаның арасындағы тартыс жаңашыл топтардың жеңісімен аяқталады.

9 жауап

+3 дауыс
 
Жақсы жауап
Батырлар жыры - өткен ғасырдың батырларының бастан кешкен оқиғаларын (мысалға Қобыланды, Тарғын, Алпамыс сияқты) баяндайтын ауыз әдебиетінің асыл мұрасы.
Лиро-эпостық жырларда сүйіспеншілік, махаббат тақарыбындағы жырларда халықтың тұрмысы, әдет-ғұрпы, адамның ішкі сезімі көбірек баяндалады.
0 дауыс
Кобыланды батыр жырынын Алпамыс батырынан айырмашылыгы?
0 дауыс

Эпос (грекше, eposn - әңгімелу, тарихтап айту) – көркем әдебиеттің байырғы негізгі тектерінің бірі, дәлірек айтқанда, өмір шындығын мол қамтып, кең суреттейтін адам мінезін мүмкіндігінше терең ашып, жан-жақты танытатын іргелі күрделі жанр, [15,45]. Эпостың туу, қалыптасу тарихы адам санасының алғаш ояну дәуірлеріне тамыр тартып жатыр. Қай халықтың болсын баяғы бабалар заманынан бері қарай ауыздан-ауызға таратып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырып келе жатқан әдеби туындылардың дені-эпостық жырлар.

Эпостық шығарманың арқауы – автор үшін ішкі субъективтік шындық емес, сыртқы объективтік шындық. Жекелеген адамдардың көңіл-күйі ғана емес, бүкіл халықтың тұрмыс-тіршілігі, тарихи тағдырлары мен ұлттық адам заңдылықтары .

Адамның көңіл-күйінен туатын лирика мен қимыл-әрекетіне негізделетін драмадан эпостың айырмасы – мұнда шындық кең көлемдегі баяндалу, әңгімелеу арқылы жинақталады. Сонда  эпикалық шығармадағы авторлық суреттеу мен қаһармандардың диалог – монологтары – эпостық баяндауды жүзеге асыру жолдары, амалдары мен тәсілдері ғана.  Белинский эпикалық шығарманың тағы бір ерекшелігі ретінде, мәселен, драмадағы басты нәрсе – адам болса, эпостағы басты нәрсе –оқиға екенін ескертеді. (Эпикалық шығармада адамның өмір жолы кеңінен баяндалады, оның басынан кешкен тағдыр мен тіршілік толық жинақталады, ол қатысқан оқиғалар молынан суреттеледі, ол жасаған іс-әрекеттер тұтас бейнеленеді, қысқасы адамдар арасындағы қарым-қатынастар әр қырынан айқын көрсетіледі.

Қазақ фольклортану ғылымында эпостық туындыларды үш салаға бөліп қарастырып келеді. Олар батырлық эпос, лиро-эпос және тарихи эпос.

Жұмыстың тақырыбы лиро-эпос шығармасының поэтикасы болғандықтан  кіріспеде лиро-эпостық шығармалардың ерекшелігін, оның зерттелуі мен даму тарихына және поэтикаға шолу жасауды қажет деп таптық.

Лиро-эпос – лиро –эпикалық жанр, лирикалық әрі эпикалық тұрғыдан жасалған көркем әдеби шығарма. Лиро-эпостық шығарманың қаһармандары қарапайым, сүйіспеншілікке берілген нәзік сезімді, азаттық үшін күрескер жандар болып келеді.

Лиро-эпостық поэмаларда ғашықтық, мұңды армандар, сүйіспеншілік, ынтызарлықтар жырланады. Бұл поэмаларда ерліктен гөрі мұңлық – зар басым болып келеді.

Лиро-эпос та халық арасында  көп замандар ауыздан-ауызға көшіп, біреуден – біреу жаттап алу арқылы кейінгі ұрпаққа жетіп, баспаға іліккен.

Батырлар жыры сияқты лиро-эпостың да нұсқалары көп.

Талай ғасырларды басынан кешіргендіктен, лиро-эпостардың да негізгі желісіне басқаша бір оқиғалар, эпизодтар қосылуы кейде бір нұсқада бар көріністер, екіншісінде болмауы кейде шығармаларда суреттелетін оқиғалардың шиеленісі, шарықтау шегі мүлдем өзгеше болуы да ықтимал.

Батырлар жырымен салыстырған, сүйіспеншілік, махаббат тақырыбындағы жырларда халықтың тұрмыс-салты, әдет – ғұрпы, адамның ішкі сезімі молынан баяндалады. Бұлардың лиро-эпос деп аталуы да сондықтан.

Қазақ лиро-эпостық шығармаларын үлкен-үлкен екі топқа бөлуге болады. Оның біріншісі – қазақ халқының тума шығармалары. Олардың бір тобы халық арасына  кең  тарап баспа бетінде жарияланып үлгерсе («Қозы Көрпеш - Баян – сұлу», «Қыз Жібек», «Айман  Шолпан»), тағы бір тобы қолжазба күйінде Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасында сақтаулы. Екінші топқа шығыстың классикалық әдебиетінің сюжетінің негізінде жасалынған «Ләйлі-Мәжнүн», «Тахир- Зухра», т.б. хикаялар жатады. Ә. Қоңыратбаев өзінің «Қазақ фольклорының тарихы» деген еңбегінде де осы пікірді  қолдайды.

Лиро-эпостық жырлардың жариялану тарихында Қазан төңкерісіне дейін орыс ориентанистері В.В Радлов, И.Н.Березин, Г.Н. Потанин т.б. еңбек етті. Ал қазан төңкерісінен кейін бұл бағытта М.О. Әуезов, Қ.Жұмалиев, Ы.Дүйсенбаев, М.С.Сильченко, Н.С.Смирнова, М.Ғабдуллин, Ә.Қоңыратбаев т.б. зерттеушілердің еңбегі бар.

Лиро-эпос ескі әдет-ғұрып нормаларына негізделген  күрделі жанр болып табылады. Батырлық жырлар мен лиро-эпос арасындағы ерекшеліктер қандай деген сауалға тұңғыш рет М.Әуезов жауап  іздеген еді. Зерттеуші батырлық және лиро-эпос жырларының 3 түрлі жанр ерекшелігіне тоқталады.

Батырлық жырлардың тақырыбы-ерлік болса, ғашықтық жырлардың тақырбы – сүйіспеншілік.
Батырлық жырлардың образдарында әсірелеу басым болса, лиро-эпоста реалистік арна үстем;
Батырлық жырларында көбіне сыртқы, коллизиялық тартыс суреттелсе, лиро-эпоста қазақ қоғамының ішкі қайшылықтары, халық өмірінің шынайы суреттері көрсетіледі, - деп атады М.Әуезов.

Бұл пікірмен ғалым Ә.Қоңыратбаев та келісіп, қуаттайды.  [16; 195]

Лиро-эпос тақырыбына бұрын –соңды  үлкенді-кішілі мақалалар, кейде жеке зерттеулер жазылып келеді. Қашан және қандай зерттеу жұмысын алсақ та бір кісіден басталып, сол автордың есімімен аяқтала бермейтіні рас.  Көбінесе күрделі тақырыпты жан-жақты қамти отырып, терең тексеру жөніндегі кездесетін талас ойларды түйіп, белгілі бір қорытындыға ену үшін әдетте көптеген  ғалымдардың жемісті зерттеулерін қажет етеді.

Лиро-эпос жырларының қай мезгілде пайда болғанын кесіп айту өте қиын. Өйткені, олар кезінде қағаз бетіне түспеген және басқа да жөнді дерек сақталмаған, тек ұрпақтан-ұрпаққа ауызша айтумен жетіп отырған. Бұл нұсқалардың көпшілігі көне заманда туып тарала  бастады десек те, халық арасында жайылған аңызға қарағанда, сол жырлардың бір қатарын ХVІІІ-ХІХ ғасырда өмір сүрген атақты ақын-жыраулардың ел аралап айтып жүргені, өңдеп жөндегені мәлім.

Лиро-эпос жырларының қайсысы болса да олар жөнінде құнды пікірлер айтылған. Ш.Уалиханов, В.В.Радлов, Г.Н. Потаниндерден бастап қазақ фолклортанушы ғалымдары қазақ халқының ауыз әдебиетін, сондай-ақ лиро-эпос үлгілерінің кейбіреулерін өте жоғары бағалаған. Осындай ғалымдарымыздың қатарында ең алдымен М.Әуезовті атаған жөн. Аса көрнекті ғалым, қазақ ауыз әдебиетінің көптеген түрлерін  зерттеумен бірге, лиро-эпос жырларына да арнаулы еңбектер жазған. Автор  өзінің зерттеулерінде лиро-эпос жанрының шығу даму жолына, өзіне тән ерекшеліктеріне, көркемдік қасиеттеріне тоқтала отырып, терең талдау жасаған. [2; 50-58]

Поэтика (грекше «шығармашылық өнер» деген мағына береді), - көркем шығармадағы құндылықты бар болмысымен айқындар жүйе туралы әдебиеттанудың ең көне ғылым саласы. Кең мағынасында поэтика әдебиет теориясымен үндесер ұғымды білдірсе, ал нақтылы, яғни, тар мағынасында сол теориялық поэтиканың бір саласы ретінде қабылданады. Әдебиет теориясының саласы ұғымындағы поэтика әдеби тек пен түрдің, ағымдар мен бағыттардың, стильдер мен әдістердің ерекшеліктерін зерделейді.

Сондай-ақ көркемдік тұтастықтық әр түрлі деңгейінің ішкі байланыс заңдылықтарын және олардың арақатынасын зерттейді. Оның өзі мақсатты зерттеу аспектісіне байланысты романтизм поэтикасы, романның поэтикасы немесе белгілі бір суреткердің шығармашылығының поэтикасы болуы ықтимал. Әдебиеттегі көркемдік құралдардың  барлығы тілге қатысты екенін ескерсек, онда поэтика тілді зерттейтін көркемдік құралдар туралы ғылым болып анықталады. Поэтика мақсаты текстердегі элементтерді айқындап және оны жүйелеу болып табылады. Мысалы, лирикалық өлеңдерде сюжет элементтерін роль атқармайды, ал ырғақ пен дыбыстың мәні зор. Ал прозада керісінше. Поэтикалық жүйені ішінен зерттеу деп аталған ізденістер нормативтік поэтиканы «құрды»  зерттеу және баяндау поэтикасын алып шықты.

Поэтика – жалпы (теориялық немесе жүйелік «макропоэтика»),  жеке (баяндау түрінде «микропоэтика») және тарихи болып үшке бөлінеді.

Жалпы поэтиканың мақсаты - үш саланы да толық қамтитын әдістердің жүйелі репертуарын жасау болып табылады. Шығарманың дыбыстық жағын (ырғақ, бунақ, ұйқас өлең өлең өлшемі, дыбыс толқыны т.б) зерттеуі негізінен нақты өлеңтану ғылымы қарастырады. Сөз табиғатына үңілгенде, шығарманың лексикасы, морфологиясы мен синтаксисі зерттеледі де бұл сала стилистика деп аталады. Бұл лингвистикалық стилистикадан өзгеше болады. Лекциялық өзгешелігі «Сөздерді таңдау» синтаксис «Сөздердің байланысы» стилистикалық фигуралар мен троптар ретінде поэтика мен риторика ертеден зерттелуде. Ал поэтика метадологиясының  өзгешелігі пән ретінде соңғы уақыттарда ғана зерттеле бастады. Образдық салада шығармадағы образдар сюжеттер  зерттеледі және  поэтиканың бір саласы болып табылады.

Жеке поэтика жоғарыда аталған барлық аспектіде көркем шығарманы баяндап, табиғатын ашумен айналысады. Сол арқылы шығарманың эстетикалық ықпалдық қасиетінің дара жүйесін, моделін жасайды. Жеке поэтиканың басты проблемасы композиция, яғни барлық эстетикалық мәні бар элементтердің бір-бірімен үйлесім үндестігі. Яғни шығарма құрылымындағы барлық жайды айқындайды. Жеке поэтика негізгі шығарманы зерттеу талабының ерекшелігіне сай топ шығарманы баяндап, талдап түсіндіреді. Оның тақырыптық және идеялық қалыптасуы сөзбен өзгеруіне дейінгі процесс қамтылады.

Тарихи поэтика жекелеген поэтиканың жүйелі әдісті салыстырмалы әдебиеттанудың көмегімен эволюциялық қозғалыс бағытында мәдениеттің поэтикалық жүйесінің ортақ  қасиеттерін олардың генетикалық қайнар бастауын адамзат санасындағы ортақ заңдылықтар негізінде ашуға сол арқылы тануға бағытталған. Әдеби сөз өнерінің тамыры ауызша сөз өнерінде яғни фольклорда жатыр. Сондықтан, тарихи поэтика өзінің негізгі материалын сол бастаудан алады. Тарихи поэтиканың ең негізгі проблемасы жанр, кең мағынасында алғанда, сондай-ақ «элегия» т.б сол сияқты жанрлық түр де тарихи қалыптасқан жағдайға байланысты бірлікте не жекелей қарала береді. Мысалы, жанр мен жанрдың шекарасы өзгермелі, сондықтан поэтикалық жүйе едәуір ықпалымен және формалық өзгертулермен кезектесіп, өзгешеленеді. Осы өзгерістерді тарихи поэтика зерттейді.

Жұмыстың тақырыбы – «Қыз Жібек» жырының поэтикасы» болғандықтан, жұмыста «Қыз Жібек» жырының зерттелу және даму тарихы, сонымен қатар жыр нұсқаларында кездесетін көркемдегіш – бейнелегіш құралдарды сөз ету негізгі нысанға алынған.

Жұмыстың мақсаты – зерттеу еңбектерді салыстыра отырып өзіндік ой білдіру. Бұл тағы да классикалық туындының ұлылығын тани түсуге өз септігін тигізеді деген сеніміміз зор.

Жұмыстың  мазмұны кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан тұрады. Негізгі  бөлім екі бөлімнен тұрады, біріншісінде – тарихи - нұсқалары, версиялары арасындағы ұқсастық пен алшақтықты аша түсуді көздесе, екінші бөлімінде «Қыз Жібек»  жырының тілі, ондағы қолданылған көркемдегіш - бейнелеген тәсілдер туралы сөз етіледі.

0 дауыс
Қобыланды батыр жыры Алпамыс батыр жыры Күлтегін жыры ұқсастығы айырмашылығы
0 дауыс
Алпамыс батыр мен кобыланды батыр екеунин айырмашылыгы???
0 дауыс
Батырлар жырына не жатады бугын керек комектесындершы
0 дауыс
Батырлар жырын айтушылар кимдер
0 дауыс
Жыршы ким  жыршылар батырлар жырын калай тараткан
0 дауыс
Лиро ‐ эпостық жырларда екі ғашықтың бір біріне деген махабаты болса,батырлыр жырында отанға еліне деген махаббат.Ал ұқсастығына келетін болсак екеуі де ауыздан ауызға таралып біздің заманымызға дейін жеткен!
...