0 дауыс
447 көрілді
Револьверлік несие дегенді толығырақ түсіндіріп жіберіңіздерші?

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
Револьверлік несие (ағылшын тілінен ауд. revolve – қайта оралу, жиі ауыстырып тұру) –автоматы түрде қайта толығып тұратын несие желісі.   

Револьверлік несиенің мағынасы қарапайым – бұл несие алушыға берілген несие лимиті көлемінде қайта несие алуға мүмкіндік беретін несиелендірудің түрі.

Қарызды толықтай немесе белгілі бір бөлігін қайтарған соң, несие алушы бұл қаражатты қайта пайдалана алады. Яғни, сізде револьверлік несие желісі ашылған болса – жаңа несие алу үшін уақыт құртып, банкке барудың қажеті жоқ. Мысалы: несиелік карта алдыңыз. Ішінде 50 мың теңге бар. Оны алып жұмсадыңыз. Банк жұмсаған қаражатты орнына қоюға 55 күн жеңілдік мерзімін береді. Сол кезде алынған ақшаны орнына қойсаңыз, ешқандай комиссия төлемейсіз. Картаңызға қайта салған ақшаны, қайта алып пайдалана аласыз.

Әдетте револьверлік несиенің қолайлы және қолжетімді болуы үшін несие алушыға пластикалық карта беріледі. Бір нәрсені түсіну керек, карта өз-өзінен қаржы қызметін жүзеге асыра алмайды. Револьверлік несие картасын қолданбасаңыз (активация жасамасаңыз, ақша шешіп алып немесе қолма-қол төлемсіз несие операциясын жүзеге асырмасаңыз) банк алдында ешқандай қарызыңыз болмайды.

Алайда есте ұстаңыз: револьверлік картаны қолдана отырып, сіз келісім-шартта көрсетілген талаптармен банктен қарыз аласыз. Бұл қарызды қайтару керек. Әрі пайыздармен.

Егер несие картасын ақылмен қолдансаңыз, үлкен пайыздарды төлеу қажеттігі жоқ –тіпті мүлдем артық төлем жасамауға болады. Қазіргі кезде банктер револьверлік несие желісі бойынша жеңілдіктер ұсынады. Мысалы: қарызды қайтарудың жеңілдетілген мерізімі. Өз банкіңіз ұсынған жеңілдік шарттарын іздеп көрсеңіз, мұндай несиенің басымдылығына көз жеткізесізү

Жеңілдік кезеңі – қолданылған несиелік қаражатты пайызсыз қайтаруға берілетін уақыт. Револьверлік несиеде несиелік лимитіңізді бір ғана емес, бірнеше мәрте қолдана аласыз. Жеңілдік мерізімі кезінде қанша қолдансаңыз да банкке ешқандай пайыз төлемеуге болады. Яғни, несиелік қаражатты тегін қолдану мүмкіндігі бар. Мысалы: несие лимитін неше мәрте қолданғаныңызға қарамастан, берілген 55 күн жеңілдік мерізімі аралығында картадан алған соманы орнына қойсаңыз, ешкімге қарыз емессіз. Артық пайыз да төлемейсіз.

Алайда, қолайсыз жағдайға тап болмас үшін банкпен арадағы келісім-шартты мұқият оқу қажет. Мысалы: сіздің банкіңіз сізге белгілі бір деңгейде несие лимиті бар револьверлік  несие ашуды ұсынды. Мұндағы жеңілдік уақыты 55 күн делік. Сіз екі айда қарызды қайтарсам ешқандай пайыз қосылмайды деп есіңізге сақтап алдыңыз. Алайда 55 күн деген екі ай емес, тура 55 күн. Қалған 5 күн үшін пайыз қосылатынын ұмытпаңыз.

Егер сізге револьверлік несие өте ыңғайлы болып, қолдануды шешсеңіз, несие картасынан алынған әрбір соманы қайтару қажеттігін ұмытпаңыз. Өз қаражатыңызды ақылмен қолданыңыз. Барлық шығындарыңызды алдын-ала жоспарлаңыз.
...