Заң | 110 қаралды
110 қаралды
Қылмыстың салдарымен күресу бір бөлек те, оның себептерімен күресу екі бөлек. Құқық қорғаушылар қалай жұмыс істейді?

1 жауап

Қылмыстың салдарымен күресу бір бөлек те, оның себептерімен күресу екі бөлек. Бізде көбіне салдарымен күрес жүргізіледі. Ал, қылмыстың алдын алу, оны болдырмау жұмыстары жұтаң күйде. Тіпті, кейде тәртіп сақшылары қылмыстың немесе құқықбұзушылықтың орын алуына мүдделі ме деп те қаласың.

Біз тек ұзынқұлақтан естігендерімізді айтайықшы. Нақтылығы сол салада қызмет ететіндерге не сол саланы зерттеушілерге ғана мәлім шығар. Айталық, тәртіп сақшысының жұмыс белсенділігі қылмысты ашу, қылмыскерді не құқықбұзушыны ұстау көрсеткішіне қарай бағаланса керек. Яғни, көбірек заң бұзушылықты анықтаса, соғұрлым марапатқа, шенге ие болмақ. Қарап отырсаңыз, дұрыс сияқты. Алайда, бұл құқыққорғаушының заң бұзушылықтың алдын алуына кері әсерін тигізуі ықтимал. Ол өз жұмысын көрсету үшін қылмыстың орын алуына мүдделі болуы ғажап емес. Демек, біз құқыққорғаушының еңбегін бағалауда мұндай жүйеден бас тартуымыз қажет.

Қарапайым мысал. Бір кісі көшеде темекі шегіп тұрады, оны сырттан тәртіп сақшысы бақылап тұр. Сөйтеді де әлгі адам темекі тұқылын жерге тастаған уақытта жанына жетіп бара қояды: "Сіз тәртіп бұздыңыз, қоғамдық орынды ластадыңыз". Темекі тұқылын жерге тастамас бұрын ескертіп, темекіні арнайы орынға барып шегу қажеттігін айтуға болмайтындай-ақ. Шыны керек, қазір тәртіп сақшыларының көпшілігі осындай майда-шүйде тірлікті қолай көріп алды. Көше бойын аңдып отырсаң болды, мұрны құрттағандар, жолды белгіленбеген тұстан кесіп өтетіндер міндетті түрде табылады әрі әр бес-он минутта кемі біреуден. Ұстап ал да, үстінен хаттамаңды толтыра бер. Ұры іздеп, қылмыскерді қуалап әуреге түсудің қажеті жоқ. Есесіне мемлекетке ақша түсіріп жатыр (айыппұл арқылы) немесе өзара келісу арқылы қалталарын томпайтып алулары да ғажап емес.

Жуырда ғана ғаламторда еліміздегі жол полицейлерінің өз-өздерін әшкере еткен видеосы жарық көрген болатын. Жол бойында жасырынып тұратын дұрыс қалқа табылмаса керек, радар ұстаған полицей жіңішке бағананың артында тұр. Әккі жүргізушілер оны алыстан байқаса керек, жол ережесін бұзатын түрлері көрінбейді. Жасырынған полицей әбіржіп кеткен. Оны бергі жақта көлікте видеоға түсіріп отырған өз әріптестері келеке етіп мәз-мейрам. "М-Ломбардтың" жарнамасы бар ғой, қарыз болып қалған құрбысынан жасырыну үшін етжеңді келіншектің жіңішке талдың артына жасырынып қалатыны туралы. Полицейдің әрекетін көргенде сол жарнама есіңе түседі, еріксіз күлесің. Ол неге жасырынады? Әлбетте, жүргізушілердің бірі жол ережесін бұзса екен, сосын оны ала таяғымды көтеріп тоқтата қойсам деген пендешілік пиғыл жатқандай. Әлде өз жұмысынан ұялып, жасырынып жүруге мәжбүр ме?

Жалпы, құқық қорғау қызметкерлерінің негізгі жұмысы заңбұзушылықты болдырмау, оның алдын алу болуға тиіс. Барлық күштерін соған салса, жағдай да біршама өзгерер еді. 

118,354 сұрақ
305,191 жауап
153,292 пікір
67,550 қолданушы