+2 дауыс
37.9k көрілді
1995 жылы 30 тамызда Ата Заңымыз- еліміздің Конституциясы қабылданып, бұл күн былтырдан бері«Қазақстан Республикасының мерекелері» заңына сәйкес мемлекеттік мерекелер тізіміне енген болатын. Осылайша,Республика Конституциясының күні - барлық Қазақстан халқы мерекелейтін жалпы мемлекеттік мейрамы. 30 тамыз - Конституция күні туралы шығарма бар ма?

5 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап

Конституция – тәуелсіздігіміздің айғағы

Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихы да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Конституция мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі!

Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуметті елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Еуразияның жүрегіне орналасқан Елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды.

Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды.

Ата Заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде Отанымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты.
Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырды. Ал, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп айқындалды. Мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық.

Сондай-ақ, халық билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырып, өз билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттiк органдарға бередi.

Конституцияда Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi ретінде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу белгіленді.

Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.

Осыдан жиырма жыл бұрын, 30-тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң — мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды.

Өркендеп дамуымыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңды құрметтеу біздің міндетіміз әрі парызымыз. Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің негізгі заңының асқақ рухы мен маңызын, Конституцияны қалыптастыру тарихын жақсы білуі керек. Конституцияны құрметтеу және сақтау арқылы және оның тарихы мен маңызын білуімізбен ғана біз өз елімізді, Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Өйткені, біздің Ата Заңымыз – Қазақстан халқының саналы таңдауы, өркенді дамуымыздың кепілі.

+2 дауыс

Ата заң-құқықтарымыз бен бостандығымыздың кепілі

1995 жылы 30 тамызда Ата Заңымыз- еліміздің Конституциясы қабылданып, бұл күн былтырдан бері«Қазақстан Республи-касының мерекелері» заңына сәйкес мемлекеттік мерекелер тізіміне енген болатын. Осылайша,Республика Консти-туциясының күні- барлық Қазақстан халқы мерекелейтін жалпы мемлекеттік  мейрамға айналды.
 
Ата Заңымыздың назар аударатын басты ерекшелігі- бұған дейінгі консти-туциялар өкілдік органдар арқылы қабыл-данған болса, 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституция халықтың тікелей қатысуымен референдум арқылы қабылданды, осылайша еліміздің халқы өзінің және келер ұрпақтың болашағын айқын белгілеп  берді.
 
Еліміздің Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Конституциямызда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту,Қазақстанда азаматтық қоғам құру туралы дүниежүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді. Ең жоғарғы заңдық күші бар Қазақстан Конституциясы Республикадағы қолданылатын және қалыптасып жатқан құқықтық жүйесінің нормативтік бастауы бола тұра, қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың маңызды жақтарын реттейді. Ол-ел тәуелсіздігінің, мемлекеттігінің негізгі тірегі, саяси-құқықтық төлқұжаты.
 
Ата Заңның 1-тармағында «Қазақстан өзін ең қымбат қазынасы-адам және азаматтың өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады»делінген. Заңда белгіленген барлық тұжырым, қағидалар өмірдің салаларын өркениетті заң жүзінде басқаруға  мүмкіндік береді.
 
Осылайша, мемлекетіміздің Ата Заңы халқымыздың тәуелсіз ел болуды армандаған мүддесін заң тілінде айшықтаған, әлемге адамзат ғаламына Қазақстан деген мемлекет бар екенін паш еткен құқықтық құжат болып табылады. Осы Конституциямен еліміздің мемлекеттік тұғыры нығайды, оның басқару тетігі бір жүйеге келді. Еліміздің бұл негізгі Заңы бірінші рет Қазақстан Республикасын президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет деп жария етті. Саяси партиялардың рөлі көтеріліп, адам құқығын қорғау жаңа деңгейде қамтамасыз  етілді. 
Ата Заңымыздың 2-бөлімі «Адам және азамат» деп аталып, адамның және Қазақстан Республикасы азаматының табиғи құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылды. Осы ретте Конституциямызбен бекітілген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына назар аударғым келеді. Әлбетте, адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға,конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтiрмеуге тиiс. Әркiм өзінің құқықтары мен бостандықтарын,қажеттi қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтiн барлық тәсiлдермен  қорғауға  хақылы.
 
Сондай-ақ, әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар. Әркiмнiң бiлiктi заң көмегiн алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегi тегiн көрсетiледi. Заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең. Конституциямыз паш еткен мемлекетіміздің аса құндылығы-адам өмірі, ол әркiмнiң табиғи құқығы болып табылады.
 
Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Бұл сөздерді мен басып айтқым келеді, себебі қазіргі заманымызда адам өмірі кейбір азаматтар үшін шыбын құрлы болмай жатыр. Адам өміріне қауіп келтіру, адам өлтіру заманымыздан, ұрпағымыздан алыс кетсе екен деп тілеймін. Осы ізгілік қағидасын ұстанған Ата Заңымыз «өлім жазасы тек адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ, соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету  хақы  бар» деп  бекітті.
 
Конституциямыздың 16-бабы әркiмнің жеке басының бостандығына құқын жария етті. Яғни, заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы берiледi. Соттың санкциясынсыз адамды жетпiс екi сағаттан аспайтын мерзiмге ұстауға  болады.
Конституциямыздың 17-бабында «адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды» делінген. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездiк немесе адамдық қадiр-қасиетiн қорлайтындай жәбiр көрсетуге не жазалауға бол-майды.
 
Ата Заңымыздың 18-бабы «әркiмнiң жеке өмiрiне қол сұғылмауына, өзiнiң және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқын» паш етті. Мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматқа өзiнiң құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжаттармен, шешiмдер мен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi. Сонымен бірге, Ата Заңымыз сөз бен шығармашылық еркiндiгiне кепiлдiк бередi. Цензураға тыйым салынады. Әркiмнiң заң жүзiнде тыйым салынбаған кез-келген тәсiлмен еркiн ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиясы болып табы-латын мәлiметтер тiзбесi заңмен  белгiленедi.
 
Ата Заңымыз «Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгiттеуге жол берiлмейді» деп жария етті. Ата Заңымыз «әркiмнiң ар-ождан бостандығына құқын» бекітіп берді. Сондай-ақ, әркiмнiң еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдауына,  жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғалуға құқын  жария  етті.
 
Ата Заңымыз әркiмнiң тынығу құқығына кепілдік береді. Әркім еңбек шарты бойынша, жұмыс iстейтiндерге заңмен белгiленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндерiне, жыл сайынғы ақылы демалысқа құқылы. Сонымен бірге, Ата заңымыз азаматтардың тұрғын үйге құқына кепілдік береді. Соттың шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға жол берiлмейдi. Тұрғын үйге басып кiруге, оны тексеруге және тiнтуге заңмен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша  ғана  жол  берiледi.
 
Қазақстан Республикасында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету ішiн жағдайлар жасалады. Заңда көрсетiлген санаттағы мұқтаж азаматтарға тұрғын үй заңмен белгiленген нормаларға сәйкес мемлекеттiк тұрғын үй қорларынан олардың шама-шарқы көтеретiн ақыға берiледi.
Ата Заңымыз сонымен қатар, әркімнің меншік құқына кепілдік береді. Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады. Меншiк, оның iшiнде мұрагерлiк құқығына заңмен  кепiлдiк  берiледi.
 
Ата Заңымыз «әркiмнiң кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне, өз мүлкiн кез-келген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалануға құқығын жария етті. Монополистiк қызмет заңмен реттеледi әрi шектеледi. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады. Сонымен қатар, Ата Заңымыздың 27-бабы «неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады» деп жария етті. Бұл ретте, балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу-ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi.
 
Ал, кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.Қазақстан Республикасы Конституциясының 28-бабымен «Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негiздерде оған ең төменгi жалақы мен зейнетақының мөлшерiнде әлеуметтiк қамсыздандырылуына  кепiлдiк  берiледi.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар. Республика азаматтары заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмектiң көлемiн тегiн алуға хақылы. Ата Заңымыз азаматтардың мемлекеттiк оқу орындарында тегiн орта бiлiм алуына кепiлдiк берiледi. Орта бiлiм алу мiндеттi. Азаматтың мемлекеттiк жоғары оқу орнында конкурстық негiзде тегiн жоғары бiлiм алуға құқығы бар. Мемлекет адамның өмiр сүруi мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етiп қояды. Адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн деректер мен жағдаяттарды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауапкершiлiкке  әкеп  соғады.
 
Сонымен қатар, Ата Заң Қазақстан Республикасы азаматтарының саяси құқықтары мен бостандықтарын, яғни тiкелей және өз өкiлдерi арқылы мемлекет iсiн басқаруға қатысуға, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына тiкелей өзi жүгiнуге немесе жеке және ұжымдық өтiнiштер жолдауға құқығын бекітті. Республика азаматтарының мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ  республикалық референдумға қатысуға және мемлекеттiк қызметке кiруге тең құқығы бар. Мемлекеттiк қызметшi лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық мiндеттердiң сипатына ғана байланысты болады  және  заңмен белгiленедi.
 
Назар аударатыным, Ата Заңымыз азаматтарына құқықтар мен бостандықтар белгілеумен қатар, бірқатар міндеттер жүктейді. Ең алдымен, әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi.
Әркiм Республиканың мемлекеттiк рәміздерін құрметтеуге мiндеттi. Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу әркiмнiң борышы әрі мiндетi болып табылады. Қазақстан Республикасын қорғау-оның әрбiр азаматының қасиеттi  парызы  және  мiндетi.
 
Республика азаматтары заңда белгiленген тәртiп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады. Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауға және табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға мiндеттi.
Ұлтаралық татулықты бұзатын кез-келген әрекет конституциялық емес деп танылады. Халық өзі қабылдаған заңын құрметтеп, қастерлеуі керек. Заң жақсы жұмыс істеу үшін, оны бұлжытпай орындау күнделікті дағдыға, әдетке айналуы керек. Біздің Ата Заңымыз дүниежүзіндегі ең жас Конституциялардың бірі. Негізгі Заңға құрметпен, құнттылықпен қарау-біздің ортақ  парызымыз.

Конституция күні-Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық өмірінде мән мен маңыздылығы жағынан ерекше орынға ие,халқымыздың ең жоғарғы дәрежеде атап өтетін басты мерекелерінің бірі. Осы мереке күні барша қазақстандықтарға татулық пен келісім, денсаулық, табыс пен молшылық тілеймін. Ата Заңымыз тарихымыздың мақтанышына  айналсын.

+1 дауыс

Ата Заң – адам құқығының арқауы

1995 жылдың 30 тамызы ҚР-ның Конституциясы қабылданып, ел тарихында алтын әріппен жазылған уақыт. Бұл Республикамыздың тәуелсіздікке қол жеткеннен бергі екінші Конституциясы.

Тарих үшін 20 жыл қас-қағым сәт. Алайда бұл мемлекет өміріндегі сындарлы жылдар болды. Осы қысқа да болса мазмұнды мерзімде халқымыздың бүгінгісі мен болашағына байланысты қыруар саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени мәселелер оң шешімін тапты.

Ал 1993 жылдың 28-ші қаңтардағы қабылданған тұңғыш Конституция екі жылдай қолданылып, өз әлеуетін тауысқан болатын. Ол одан әрі елімізде болып жатқан экономикалық, саяси және әлеуметтік түбегейлі өзгерістерге бағыт-бағдар бере алмайтындығын көрсетті. Мемлекеттіліктің қалыптасуының алғашқы кезеңінде заңдық тұрғыдан реттеушіліктің рөлін атқара отырып, бұл саяси құқықтық актінің қалай дегенмен де өтпелі сипатта болатынын өмірдің өзі растады.

1993 жылы қабылдаған Конституция – тарихи маңызға ие болғанымен, жаңа мемлектеттік қажеттіліктеріне жауап беретін құқықтық нормалар мен идеяларды тұжырымдаған жоқ. Сондықтан да жаңа конституцияны қабылдау ең өзекті мәселе болып, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қазіргі қолданыстағы Ата заңымыз – Конституцияны қабылдадық.

Бұл конституция тәуелсіз, демократиялық, зайырлы мемлекет құруға негіз салды, Қазақстан мемлекетін жекелеген бір ұлт емес, бүкіл халықтың саяси ұйымы деп жариялады. Тұңғыш рет адам құқықтары мен бостандықтары және міндеттері нақты түрде жарияланды. Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы – халық болып бекітілді. Республикадағы мемлекеттік билік — заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары өзара іс-қимыл жасау қағидасына сай жүзеге асырылатын болды. Қазақстан Республикасының Президенті халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғарғы лауазымды тұлға болды. Конституцияда Президенттің рөлін биіктеткен, шығыстың және батыстың тәжірибесін ұштастырған президенттік басқару көрсетілді. Сөйтіп, Қазақстан Республикасында басқарудың мықты президенттік жүйесі бекітілді. Жоғары соттың шеңберінде біртұтас жүйе орнықты. Конституциялық Сот сот органы болып табылмайтын Конституциялық Кеңеспен алмастырылды және басқа да мемлекетімізге тиімді оңды өзгерістер орын алды.

Конституциялық реформалардың негізінде мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасында түбегейлі өзгерістер орын алды, еліміздің аяғынан тік тұрып, мемлекетіміздің жүйеленуінде, азаматтардың өмірінде жаңа нарықтық экономикаға бет бұрған сана-сезімнің қалыптасуында маңызды рөл атқаруда. Бұл Конституция қоғамымызда өміршең құжат болып, соның арқасында қоғамдық тұрақтылық нығайды, әлеуметтік экономикалық тұрғыдан алға ұмтылуымыздың құқықтық алғы шарты жасалды.

Дүние жүзіндегі қазіргі озық ойлы қағида жарғыларымен теңдесетін Конституциямыздың қадір-қасиеті әрқайсымыздың азат елімізді сүйіп, кең-байтақ еліміздің өсіп-өркендеуіне жеке үлес қосуымызбен асқақтайтынын шынайы сезінуге қызмет етеді, ал біз елге қызмет етуге тиіспіз. 

0 дауыс

Ата Заң – Азат елдің Ар-намысы!

Еліміздің Конституциясы – бұл заң қарпінде өрнектелген жалпыұлттық идея.

Ол біздің ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтарының азаттық және өз тағдырын өзі шешу мүмкіндігі туралы, билік барша халықтың мүддесіне қызмет ететін мем­лекет туралы, бүкіл әлемге белгілі әрі құр­мет­телетін тәуелсіз ел туралы арман­дарының осы заманғы құқықтық түсінік­те­рін бейнеледі.

Қазақстан халқы осыдан 20 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, бағыт-бағдарын айқындап, алға қойған мақсаттарына жету жолында жаңа қадам жасап, жаңа Конституцияны қабылдады.

Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда бүкіл халықтық референдумда қабылданды.

1998 және 2007 жылдары Конституцияға елеулі өзгерістер енгізілді. Бұл оқиға сол кезде қазақ халқы үшін, біздің мемлекетіміз үшін үлкен қуанышты жағдай болды. Өйткені, Кеңес Одағының құрамында жүргенде біздің Республикамыздың Конституциясы Одақтық Конституцияның сарынымен жасалып, сол арқылы жұмыс істейтін.

Ал бұл Қазақстан дербес мемлекет болып құрылған соң қабылданған, реттелген, бірізділікке келтірілген Конституция болды. Ол Конституцияның ең бірінші ерекшелігі – мемлекет басқару жүйесін толық бір жүйе ретінде қарастыруы еді. Яғни, заң шығарушы, атқарушы және сот биліктерін өз алдына бөлек орган ретінде емес, тұтас құрылымдық жүйе қылып қалыптастырып, олардың міндеттері және жауапкершілігін белгілеп берген Конституция болды.

Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Осы Ата заңымыз қабылданған сәттен бастап, тәуелсіздік туын желбіретіп, дербес, егеменді елдердің қатарына қосылып, алға қарай дамуымыздың жаңа сатысына көштік.

Құндылықтарымыздың негізін айнытпай орындаудың нәти­же­сінде аз ғана уақыттың ішінде тұғыры берік, туы биік мем­лекеттігімізді орнатып, тәуелсіздігімізді паш еттік. Конституция біздің еліміздің бірлігінің, тұтастығының белгісі іспеттес болды.

Елбасымыз айтып өткендей, Ата заң – мемлекеттік биліктің қай­нар көзі – халықтың өзі екенін ай­қын­дады, жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Конституцияны қабылдау кезінде жүргізілген референдум егеменді еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттаған бірден-бір тарихи, әлеуметтік маңызы зор құжатқа айналды.

Конституциямызда айтылғандай, еліміздің ең басты қазынасы адам, оның құқығы мен бостандықтары болып табылады. Аталған заңнама осындай ұлан-ғайыр елімізде бірлігіміз жарасып, бір жеңнен қол, бір жеңнен бас шығарып, тату-тәтті өмір сүруіміздің кепілдігі мен айқын нышаны болып табылады.

Халықтың бірлігі – бұл ең алдымен мем­лекеттік институттардың мызғымастығы. Бұл мақ­сатқа Конституцияның арқасында қол жеткізілді. Елімізде халықтың барынша ба­сым қолдауы жағдайында күшті президент­тік би­лік орнықты. Мемлекеттің қа­лыптасуы, әлеуметтік, экономикалық және саяси жаң­ғырту жағдайында жоғары биліктің әлсіз болуға құқығы жоқ. Барлық мәселелер біртұтас мемлекеттік билік тармақтарының өзара ықпалдастығы туралы қатаң конститу­циялық қағидаттар негізінде шешілді.

Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді.

Қорытындылай келе, жылдан жылға біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын! 

0 дауыс
Әрбір жаңға өзінің отбасы туған туыстары жолдастары ыстық болса Отанда адам баласына солайша ыстық.
...