0 дауыс
17.7k көрілді
Барлық Қазақстандықтарды 30 тамыз - Конституция күнімен құттықтай отырып, мықты денсаулық бейбіт тұрмыс, тұрақтылық тілеймін! Береке – бірлігіміз мәңгілік болғай! Заңды білу заман талабы ашық тәрбие сағаты?

4 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Сыныбы: 9 сынып
Тақырыбы: Заңды білу – заман талабы
Мақсаты:
1. Оқушыларға адам құқықтары мен бостандықтары жайлы баптардан түсінік қалыптастыру, құқықтық білімдерін толықтыру;
2. Адамгершілік, ізгі қасиеттер мен ар – ождан бостандығына, адалдық пен мейірімділікке баулу арқылы құқықтық тәрбие беру;
3. Оқушылардың саяси саналылығы мен таным белсенділігін арттыру, заңдарды талдай отырып, өз беттерімен салыстыра білуге, өмірде қолдана білуге баулу;
Түрі: Ашық тәрбие сағаты
Әдісі: сыныпішілік, топтық сайыс
Көрнекіліктері: Қ. Р - ның рәміздерінің суреттері, Қ. Р - ның Конституциясы, тб. заң жинақтары, көрме, заң туралы қанатты сөздер;

Сабақтың барысы.
Ұйымдастыру
а) Оқушыларды түгендеу,

ә) Оқушыларды үш топқа бөлу:
1 - топ «Ақиқат»,
2 - топ «Заңгерлер».
3 - топ «Болашақ»
б) Әділқазылар алқасын тағайындау.
в) Сайыстың мақсаты мен мазмұнын таныстыру.

Мұғалім сөзі: Құрметті оқушылар! Бүгінгі «Заңды білу – заман талабы»атты тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз.

Сайыс жоспары:
1. Визиткалық карточка (топ аты, топ ұранымен таныстыру)
2. «Тікелей сұрақ» әр топқа 10 сұрақтан
3. «Тапқырлық»
4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері.
5. «Жағдаяттық сұрақтар»
6. Пікірсайыс
7. «Мұны әрбір оқушы білуге тиіс»
8. Қорытынды

Қанатты сөздер:
“Тәртіпке бас иген құл болмайды,
тәртіпсіз ел болмайды” Б. Момышұлы.
“Балам бол, басқа бол - бәріңе заң біреу - ақ”,
“Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ”
(Ж. Баласағұн)
Куәсіз істі күмән табар,
Куәлі істі куә табар»
(Халық мақалы)
«Бір қазаға екі жаза жоқ»
(Халық мақалы)

І бөлім.
Визиткалық карточка
(топ аты, топ ұранымен таныстыру)
ІІ бөлім
«Тікелей сұрақ»әр топқа 10 сұрақтан

Ақиқат тобының сұрақтары:
1. «Конституция» сөзінің аудармасы қалай?
(Латынның «constitution» құрылым, өкілім);
2. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік биліктің бірден – бір бастауы. (халық)
3. Республика заңдары қай кезде күшіне енеді? (Президент қол қойғаннан кейін)
4. Егемендік алғаннан кейін Қ. Р - да Конституция қанша рет қабылданды? (2 рет, 1993 ж, 1995)
5. Республикадағы жоғарғы заң шығарушы орган.(Парламент)
6. Қ. Р азаматтары еңбек етуге міндетті ме? (міндетті емес)
7. «Қасым ханның қасқа жолы» қанша тараудан тұрады? (5 тараудан)
8. Қ. Р өзін қандай мемлекет ретінде орнықтырады?
(демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік
9. Қазақстан Республикасында қабылданған қандай заңдарды білесіңдер?
(Бала құқығы, білім заңы, неке және отбасы
туралы заң т. б.)
10. Қ. Р - ның тәуелсіздігі туралы заң қашан қабылданды? (1991 жыл, 16 желтоқсан)

«Заңгерлер» тобына
1. «Құқық» дегеніміз не?
2. Қазақстан Республикасының
Конституциясы қанша бөлімнен және қанша баптан тұрады?
3. Қ. Р - да билікті иемденіп кетуге кімнің құқы бар?
4. Қ. Р - да ресми түрде қолданылатын тіл?
5. Қ. Р - да «Баланың құқықтары туралы» заң қай жылы күшіне енді?
6. Қ. Р - ның теңгесі қашан қолданысқа енгізілді?
7. Қ. Р әкімшілік құрылымы жағынан қандай мемлекет?
8. Қазақстан Республикасы қазіргі Конституциясы қай елдің Конституциясына ұқсас?
9. «Жеті жарғыда» бір құнның мөлшері қанша?
10. Дүние жүзіндегі тұңғыш Конституция қай елде пайда болды?

«Болашақ»тобына…
1. «Демократия» грек тілінен аударғанда қандай мағына білдіреді?
2. Адам құқығының жалпыға бірдей Декларациясы қашан қабылданды?
3. Қ. Р - ның басқару нысаны қандай?
4. Халықпен мемлекет атынан билік жүргізуге кімнің құқығы бар?
5. Қ. Р. «Мемлекеттік нышандары туралы» заң қай жылы қабылданды?
6. Қ. Р - дағы «Баланың құқығы» туралы заң қанша баптан, қанша тараудан тұрады?
7. 1998 жыл қандай жыл болып аталып өтті?
8. 17 - желтоқсан қандай күн?
9. «Жеті жарғыны» қабылдаған қазақ ханы кім?
10. Балалар құқықтарының Конвенциясы қашан қабылданды?

ІІІ бөлім «Ақиқат» тобына:
Сұрақ: 36 - бап, 1 - тармақ.
Қазақстан, әрбір, азаматының, парызы, оның, және, Республикасын, қасиетті, міндеті, қорғау,

«Заңгерлер» тобына:
Сұрақ: 22 - бап, 1 - тармақ.
Құқығы, бостандығына, бар, ар - ождан, әркімнің.
«Болашақ» тобына:
Сұрақ: 14 - бап, 1 - тармақ.
Тең, алдында, мен, бәрі, заң, сот, жұрттың.

ІV - бөлім
«Қазақстан Республикасының тәуелсіздік рәміздері»деп аталады. Әр топ парақша таңдау арқылы, тақтадағы суретке қысқаша анықтама береді.
Ақиқат тобына:
(ту суреті)

Заңгерлер тобына:
(елтаңба суреті)

Болашақ тобына:
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны:
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!

V бөлім.«Жағдаяттық сұрақтар».
«Ақиқат» тобына:
Мәдина түрік жігітіне тұрмысқа шықпақшы, бірақ ата - анасы қарсы. Себебі, олар Мәдина ҚР - ның азаматтығын жоғалтады деп қорқады және өз еліне келе алмайды деп алаңдайды. Мәдина азаматтығын жоғалтады ма, әлде?

«Заңгерлер» тобына:
Ирина мен Қайрат ҚР - ның азаматтары. Бірақ олар Украинада келісім бойынша жұмыс жасайды. Олардың отбасында ұл бала дүниеге келді, балаға қай елдің азаматтығы беріледі?

«Болашақ» тобына:
Қарт адам Париж қаласындағы ҚР - ның елшілігіне келіп, оған ҚР - ның азаматтығын беруді өтінді, бірақ ол кісі жасырынып жүрген, халықаралық соттың шешімімен өмір бойы темір тордың ар жағында отыруы керек қылмыскер болатын. Оған азаматтық беріле ме?

VI бөлім.
Пікір сайыс. Берілген бейне клипке байланысты сұрақтарға әр топ өз ой тұжырымдарын білдіру керек.

Тақырып: «Жастар және қылмыс»
Сессия кезіндегі студенттер. Осы кезде бейне фильм көрсетіледі, яғни соған сыбайлас жемқорлықтың пайдасы ма? әлде зияны ма? Деген сұрақ туындайды.
«Заңгерлер»тобына:
Жастарды қылмысқа итермелейтін не?
“Ақиқат”тобына:
Мектеп жасындағы жастардың құқықтық норма бұзу шарттары қандай деп ойлайсыңдар?
«Болашақ»тобына:
Жастар арасындағы қылмысқа жол бермеу үшін не істеу керек?

VII бөлім
«Мұны әрбір оқушы білуге тиіс».
Тақырып:
«Ақиқат» тобына: «Оқушы құқықтары»
«Заңгерлер» тобына: «Оқушы міндеттері»
«Болашақ» тобына: «Оқушы жауапкершілігі»

VIII - бөлім.
Қорытынды бөлімде 3 топтың білімдері бағаланып, озаттары марапатталады.

0 дауыс

Ата Заң – адам құқығының арқауы

1995 жылдың 30 тамызы ҚР-ның Конституциясы қабылданып, ел тарихында алтын әріппен жазылған уақыт. Бұл Республикамыздың тәуелсіздікке қол жеткеннен бергі екінші Конституциясы.

Тарих үшін 20 жыл қас-қағым сәт. Алайда бұл мемлекет өміріндегі сындарлы жылдар болды. Осы қысқа да болса мазмұнды мерзімде халқымыздың бүгінгісі мен болашағына байланысты қыруар саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени мәселелер оң шешімін тапты.

Ал 1993 жылдың 28-ші қаңтардағы қабылданған тұңғыш Конституция екі жылдай қолданылып, өз әлеуетін тауысқан болатын. Ол одан әрі елімізде болып жатқан экономикалық, саяси және әлеуметтік түбегейлі өзгерістерге бағыт-бағдар бере алмайтындығын көрсетті. Мемлекеттіліктің қалыптасуының алғашқы кезеңінде заңдық тұрғыдан реттеушіліктің рөлін атқара отырып, бұл саяси құқықтық актінің қалай дегенмен де өтпелі сипатта болатынын өмірдің өзі растады.

1993 жылы қабылдаған Конституция – тарихи маңызға ие болғанымен, жаңа мемлектеттік қажеттіліктеріне жауап беретін құқықтық нормалар мен идеяларды тұжырымдаған жоқ. Сондықтан да жаңа конституцияны қабылдау ең өзекті мәселе болып, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қазіргі қолданыстағы Ата заңымыз – Конституцияны қабылдадық.

Бұл конституция тәуелсіз, демократиялық, зайырлы мемлекет құруға негіз салды, Қазақстан мемлекетін жекелеген бір ұлт емес, бүкіл халықтың саяси ұйымы деп жариялады. Тұңғыш рет адам құқықтары мен бостандықтары және міндеттері нақты түрде жарияланды. Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы – халық болып бекітілді. Республикадағы мемлекеттік билік — заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары өзара іс-қимыл жасау қағидасына сай жүзеге асырылатын болды. Қазақстан Республикасының Президенті халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғарғы лауазымды тұлға болды. Конституцияда Президенттің рөлін биіктеткен, шығыстың және батыстың тәжірибесін ұштастырған президенттік басқару көрсетілді. Сөйтіп, Қазақстан Республикасында басқарудың мықты президенттік жүйесі бекітілді. Жоғары соттың шеңберінде біртұтас жүйе орнықты. Конституциялық Сот сот органы болып табылмайтын Конституциялық Кеңеспен алмастырылды және басқа да мемлекетімізге тиімді оңды өзгерістер орын алды.

Конституциялық реформалардың негізінде мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасында түбегейлі өзгерістер орын алды, еліміздің аяғынан тік тұрып, мемлекетіміздің жүйеленуінде, азаматтардың өмірінде жаңа нарықтық экономикаға бет бұрған сана-сезімнің қалыптасуында маңызды рөл атқаруда. Бұл Конституция қоғамымызда өміршең құжат болып, соның арқасында қоғамдық тұрақтылық нығайды, әлеуметтік экономикалық тұрғыдан алға ұмтылуымыздың құқықтық алғы шарты жасалды.

Дүние жүзіндегі қазіргі озық ойлы қағида жарғыларымен теңдесетін Конституциямыздың қадір-қасиеті әрқайсымыздың азат елімізді сүйіп, кең-байтақ еліміздің өсіп-өркендеуіне жеке үлес қосуымызбен асқақтайтынын шынайы сезінуге қызмет етеді, ал біз елге қызмет етуге тиіспіз. 

0 дауыс

Ата Заң – Азат елдің Ар-намысы!

Еліміздің Конституциясы – бұл заң қарпінде өрнектелген жалпыұлттық идея.

Ол біздің ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтарының азаттық және өз тағдырын өзі шешу мүмкіндігі туралы, билік барша халықтың мүддесіне қызмет ететін мем­лекет туралы, бүкіл әлемге белгілі әрі құр­мет­телетін тәуелсіз ел туралы арман­дарының осы заманғы құқықтық түсінік­те­рін бейнеледі.

Қазақстан халқы осыдан 20 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, бағыт-бағдарын айқындап, алға қойған мақсаттарына жету жолында жаңа қадам жасап, жаңа Конституцияны қабылдады.

Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда бүкіл халықтық референдумда қабылданды.

1998 және 2007 жылдары Конституцияға елеулі өзгерістер енгізілді. Бұл оқиға сол кезде қазақ халқы үшін, біздің мемлекетіміз үшін үлкен қуанышты жағдай болды. Өйткені, Кеңес Одағының құрамында жүргенде біздің Республикамыздың Конституциясы Одақтық Конституцияның сарынымен жасалып, сол арқылы жұмыс істейтін.

Ал бұл Қазақстан дербес мемлекет болып құрылған соң қабылданған, реттелген, бірізділікке келтірілген Конституция болды. Ол Конституцияның ең бірінші ерекшелігі – мемлекет басқару жүйесін толық бір жүйе ретінде қарастыруы еді. Яғни, заң шығарушы, атқарушы және сот биліктерін өз алдына бөлек орган ретінде емес, тұтас құрылымдық жүйе қылып қалыптастырып, олардың міндеттері және жауапкершілігін белгілеп берген Конституция болды.

Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Осы Ата заңымыз қабылданған сәттен бастап, тәуелсіздік туын желбіретіп, дербес, егеменді елдердің қатарына қосылып, алға қарай дамуымыздың жаңа сатысына көштік.

Құндылықтарымыздың негізін айнытпай орындаудың нәти­же­сінде аз ғана уақыттың ішінде тұғыры берік, туы биік мем­лекеттігімізді орнатып, тәуелсіздігімізді паш еттік. Конституция біздің еліміздің бірлігінің, тұтастығының белгісі іспеттес болды.

Елбасымыз айтып өткендей, Ата заң – мемлекеттік биліктің қай­нар көзі – халықтың өзі екенін ай­қын­дады, жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Конституцияны қабылдау кезінде жүргізілген референдум егеменді еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттаған бірден-бір тарихи, әлеуметтік маңызы зор құжатқа айналды.

Конституциямызда айтылғандай, еліміздің ең басты қазынасы адам, оның құқығы мен бостандықтары болып табылады. Аталған заңнама осындай ұлан-ғайыр елімізде бірлігіміз жарасып, бір жеңнен қол, бір жеңнен бас шығарып, тату-тәтті өмір сүруіміздің кепілдігі мен айқын нышаны болып табылады.

Халықтың бірлігі – бұл ең алдымен мем­лекеттік институттардың мызғымастығы. Бұл мақ­сатқа Конституцияның арқасында қол жеткізілді. Елімізде халықтың барынша ба­сым қолдауы жағдайында күшті президент­тік би­лік орнықты. Мемлекеттің қа­лыптасуы, әлеуметтік, экономикалық және саяси жаң­ғырту жағдайында жоғары биліктің әлсіз болуға құқығы жоқ. Барлық мәселелер біртұтас мемлекеттік билік тармақтарының өзара ықпалдастығы туралы қатаң конститу­циялық қағидаттар негізінде шешілді.

Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді.

Қорытындылай келе, жылдан жылға біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын! 

0 дауыс

Конституция – тәуелсіздігіміздің айғағы

Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихы да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Конституция мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі!

Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуметті елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Еуразияның жүрегіне орналасқан Елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды.

Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды.

Ата Заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде Отанымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты.
Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырды. Ал, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп айқындалды. Мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық.

Сондай-ақ, халық билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырып, өз билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттiк органдарға бередi.

Конституцияда Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi ретінде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу белгіленді.

Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.

Осыдан жиырма жыл бұрын, 30-тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң — мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды.

Өркендеп дамуымыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңды құрметтеу біздің міндетіміз әрі парызымыз. Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің негізгі заңының асқақ рухы мен маңызын, Конституцияны қалыптастыру тарихын жақсы білуі керек. Конституцияны құрметтеу және сақтау арқылы және оның тарихы мен маңызын білуімізбен ғана біз өз елімізді, Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Өйткені, біздің Ата Заңымыз – Қазақстан халқының саналы таңдауы, өркенді дамуымыздың кепілі.

...