Көптеген тұрғындардың баспана мәселесіне алаңдаушылығы бар екенін білеміз. Халықты, соның ішінде тұрғын үй көмегіне мұқтаж адамдарды баспанамен қамту әрдайым Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың назарында екенін жақсы білесіз. Елбасы халыққа жолдауында бұл мәселеге айрықша назар аударып, Үкіметке, әкімдерге нақты тапсырмалар берген болатын. Өткен жылы облысымызда «Қолжетімді баспана» және «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламалары аясында 38 мың шаршы метрді құрайтын 466 пәтерді пайдалануға бердік. Биылғы жыл соңына дейін біз облыста республикалық, жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттарға және «Қазақстанның Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық Ұйымы» АҚ және «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры есебінен 180 мың шаршы метрді құрайтын 2700-ден астам пәтерді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда 4-5 есеге артық. Қазір тұрғын үй кезегінде тұрған адамдардың саны әлі көп. Егер осы қарқынмен тұрғын үй құрылысын арттыра беретін болсақ, барлық қажеттілікті өтейтін боламыз. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» Бағдарламасының «Жас отбасыларына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша азаматтардан құжаттар қабылданатындығы жөнінде қала әкімдігінің (www.kyzylorda.gov.kz) веб-сайтына және жергілікті баспасөз құралына («Ақмешіт ақшамы» газетіне) хабарландыру беріледі. Бағдарламаларға қатысушыларға қойылатын негізгі талаптарды, толық мәліметті М. Шоқай көшесі, № 147, «Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінен (тел: 24-80-98, 24-80-61, 24-80-97) анықтауыңызға болады.