Алысқа шет ел аспай, Қазақстанда жүріп ақ, ағылшыннан көп курс өтпей ақ, өз бетіңмен дайындалып, IELTS сияқты тесттен жоғары нәтиже көрсетуге болады ма? Ондай жоғары нәтиже көрсету үшін қандай дайындық қажет? Көптен бері қалай дайындаламын деп бас қатырып жүрсіз бе, әлде дайындықтан шаршап, жоғары ұпай ешқашан алмаспын деп үмітіңізді үздіңіз бе? Немесе үйрететін біреу болса екен деп, «таңғажайып» сиқыршы мұғалімді әлі күтіп жүрсіз бе? Кім болсаңыз да, IELTS-тан жоғары ұпай — 7,5 жинаған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Инновациялық менеджмент» мамандығы бойынша 2-курс магистранты Ақнұр Жидебекқызының бөліскен тәжірибесінен аларыңыз көп болар деп сенеміз.
1.Сәлем Ақнұр! Жақында IELTS тестін өте жақсы тапсыруыңмен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстанда болып, диссертацияңды жаза жүріп, Listening: 8.5 Reading 8.0 Writing 7.0 Speaking 6.5-ке тапсыру екінің бірінің қолынан келе бермейді деп есептеймін. Білімге ұмтылған көп құрдастарымыз, таныстарымыздың осындай стандартты тестті қалай тапсырамын деп көп кеңес сұрап жататыны да жасырын емес. Әрбір адамның жеке оқиғасы болуына, мақсатқа түрлі жолдармен жететіне қарамастан, сенің айтарыңнан өзіне түйері бар болар. Кеңестеріңмен, алған әсеріңмен бөлісемін деп келіскеніңе көп рахмет!
— Сәлем, Талшын! Әрине, IELTS тестінен жалпы 7.5 балл жинағаныма қуаныштымын, бірақ өз басым бұл ерекше мән беретіндей көрсеткіш деп ойламаймын, 8.0 немесе 8.5 болса әңгіме басқа. Сондықтан жай ғана өзімнің осы тестті тапсыруға қатысты тәжірибеммен бөлісе отырайын, ең болмағанда бір адамға болса да пайдасы тиіп қалар деген үміттемін.
2. Ең алдымен сәтті тапсырылған тесттің себебі – ағылшын тіліннің жалпы деңгейінің жоғарылығы деп білемін. Осыған дейінгі ағылшын тілі бойынша дайындығың қандай болды? Ағылшын тілінен курстар алып көрдің бе? Мектепте не университет қабырғасында жүрген кезде ағылшын тілін қаншалықты оқыдың? Шетел азаматтарымен жұмыс істеп көрдің бе?
Шыны керек, қандай курсқа барып дайындалғандығымды білгісі келіп хабарласып жатқандар көп. Бірақ мен ағылшын тілін оқу мақсатында курсқа өмірімде 2-ақ рет барғанмын. Бірінші рет осыдан 2 жыл бұрын. Ол жерде, өкінішке орай, мұғалім тек әңгіме айтып отыратын, оның үстіне шетелден заңсыз келген және құжатсыз азамат екендігі анықталған соң бұл курстан бас тарттым. Нәтижесінде, басқа оқыту орталықтарына да үлкен күмәнмен қарап, керек дүниені өзім-ақ оқып аламын деп шештім. Екінші рет дәл осы тесттің алдында IELTS-қа дайындайтын курсқа 1 ай бардым. 12 сабақтың 4-ін диссертацияны қорғау кезінде жіберіп алғанмен, қалғаны да жеткілікті болды деп айта аламын. Қысқасы, мектеп және университет қабырғасында сабақты жақсы оқығанның пайдасы осы – курстарға шығынданудың қажеті жоқ.
Мектепте ағылшын тілі ел қатарлы аптасына 2 рет болды, 10-сыныпта сол 2 сағаттың бір сағатын Флоридадан келген ерікті мұғалім (волонтер) өткізетін. Ал университетте 1-2 курста 3 семестр, одан кейін араға екі жыл салып магистратурада 1 семестр Business English оқыдық. Сол сәттен тест тапсырғанға дейін тағы 1,5 жыл өтті. Бұл аралықта мен ағылшын тілін арнайы оқыған да, қолданған да жоқпын. Сондықтан IELTS тапсырардың алдындағы дайындығым жаңа нәрсені үйренуге емес, бар білетінімді еске түсіріп, қайталауға бағытталды.
Оқырмандарға айтарым, егер сіз әлі де университет қабырғасында ағылшын тілін оқитын болсаңыз, алдымен сол сабақтағы тапсырмаларды тыңғылықты және мұқият орындауды әдетке айналдырыңыз. Тегін, арнайы уақыт бөлінген сабақтың мүмкіндіктерін толық пайдаланбай жатып ақылы оқуға ұмтылу жақсы емес.
Жоғарыда айтып өткен флоридалық оқытушымыздан басқа шетел азаматтарымен жұмыс істеген емеспін. Ал табиғатымнан әр нәрсені мінсіз қалыпқа жеткізуді көздейтін адам болғандықтан, қазіргі ағылшын тілімнің деңгейіне әлі де көңілім толмайды, сондықтан оған «орташа» деген баға берер едім.
3. Келесі бір факторлардың бірі – уақыт және тәртіп. Көпшілік адам сағат 9-6 арасында жұмыста не сабақта жүреді, тіпті кейде қосымша істерге уақыт табылмайтындай көрінеді. Өз уақытыңды қалай басқардың? Күнделікті ұстанатын оқу тәртібің не оқу жоспарың болды ма? Қандай study plan ұсынар едің?
Менің субъективті пікірім бойынша адам шынымен керек деп тапқан нәрсеге міндетті түрде уақыт табады. Сондықтан, тесттен жоғары балл алу үшін бүкіл сылтауды ысырып қойып, күніне 1,5-2 сағат уақытты дайындыққа арнау қажет. Дұрысы, кем дегенде 3 ай бұрын жоспар құрып, сынақ кітапшаларын тапсырып, оқу керек кітаптардың тізімін реттеп, жан-жақты дайындалу керек.
Алайда, дәл осы кеңесті өзім қолданбадым. Себебі, тестке алдын-ала жазылып қойғаныммен, дәл сол уақытта мен үшін мемлекеттік емтихан мен магистрлік диссертацияны қорғау әлдеқайда маңызды болды. Сонымен қатар қорғаудан тестке дейін 20 күн (8.06-27.06) бос боламын деген оймен дайындықты осы күндерге шегеріп қойдым. Бәлкім, мұндай шешімге ағылшын тілінде жаңалықтарды оқып, фильмдерді көріп, ең бастысы түсініп жүргендіктен «төмен балл алмаспын» деген ішкі сенімділік әсер еткен болар.
Бірақ, құрметті достар, бұлай тәуекелге барудың қажеті жоқ. Мүмкіндігінше Cambridge IELTS Collection оқулықтары бойынша тест тапсырып, өз деңгейіңізді шамамен білген соң, қажетті баллға қол жеткізу үшін алдын-ала қамданған жөн.
4. Енді әрбір секция бойынша кеңестеріңмен бөліссең:
Listening:
Listening бойынша сізге өзіңізден басқа ешкім көмектесе алмайды. Егер күн сайын кем дегенде 30-40 минут бойы ағылшынша подкаст (podcast), жаңалықтар, радио немесе аудио-кітап тыңдайтын болсаңыз, 2 аптадан кейін-ақ оң өзгеріс байқайтыныңызға кепілдік беремін. Сондықтан, көшеде, автобуста, ыдыс жуып, үй жинағанда және т.б. кезде тыңдайтын сүйікті әуендеріңізді ағылшын тіліндегі аудио материалдарға ауыстыруға дайын болыңыз. Нәтижесі көңіліңізді қалдырмайды.
Көбінесе адамдар ағылшын тіліндегі сериал немесе фильмдерді көруге ұмтылады. Дұрыс-ақ, бірақ келесі дүниелерді ескерген жөн:
1. Егер IELTS тапсыратын болсаңыз британдық немесе австралиялық туындыларды таңдаған жөн. Себебі, Голливуд фильмдерінде американдық акцент басым.
2. Басында субтитрмен көрген жақсы, бірақ ол тыңдаудан гөрі тез оқуға көбірек ұқсайды. Дегенмен, таныс емес сөзді жазып алып, бірден аудармасын қарап, жаттап алуға таптырмайтын дүние. 10-15 фильмнен соң субтитрсіз көруге дағдыланыңыз.
3. YouTube-тан танымал BBC (Worldwide, Documentary) сияқты арналарға жазылып алсаңыз, жаңалықты сол жерден-ақ көруге болады. Артықшылығы – әлемнің түкпір-түкпірінен хабар тарататын журналистердің неше түрлі акценттерін ести аласыз. Шын өмірде барлығы English file кітаптарының артындағы дисктегі ағай мен апай сияқты түсінікті әрі жай сөйлемейді…
4. BBC words in the news – керемет дүние! Аудио нұсқасымен қоса pdf форматтағы скрипт және күрделі сөздер мен сөз тіркестеріне түсіндірме беріледі.
5. Cambridge IELTS Collection кітаптарындағы Listening-ді жасап шығуға кеңес беремін, емтихан дәл сондай болады.
Reading:
Reading кезінде «мәтінді толық оқымай-ақ, бір қарап шығып сұрақтарға жауап беруге болады» немесе «сұрақтағы сөзді мәтіннен ізде» деген сияқты «ақылды кеңестер» шындыққа жанаспайды. Біріншіден, әр мәтінге орта есеппен берілетін 20 минут оны толық оқып шығуға да, сұрақтарына жауап беруге де жеткілікті. Екіншіден, Yes/No/Not given немесе True/False/Not given форматындағы сұрақтарға мәтінді мұқият оқымасаңыз қате жауап бере салу оп-оңай.
Сондықтан, дайындық барысында тестті үнемі (!) таймермен жасап, әр мәтінге 20 минут қана жұмсап үйреніңіз. Тест барысында 1 минут та артық берілмейді.
Reading-нан табысты нәтижеге жету сіздің сөздік қорыңыз бен мәтіндік ақпаратты жылдам қабылдап, қорыта алу қабілетіңізге тікелей байланысты. Ол үшін күнделікті жаңалықтарды ағылшын тіліндегі The Guardian, The Telegraph, Daily Mail сияқты үнқағаздардан оқуға кеңес беремін. Алғашында қиындау болатыны сөзсіз, бірақ өзіңізге қызықты бір саланы таңдап алып (экономика, саясат, спорт, танымал адамдардың биографиясы) соған қатысты жаңалықтарды оқи берсеңіз, уақыт өте келе дағды қалыптасады.
Басқа тілді үйренетін кейбір адамдардың ең басты қателігі – сөзді жекелей жаттау. Ол не есте қалмайды, қалса да қалай дұрыс қолдану керек екендігін түсінбейді. Сондықтан түсініксіз сөзді мәтіннің ішінде (контекстте) оқып, аударып, сөйлемді қайта оқитын болсаңыз мықтап есіңізде қалатынына сенімдімін. Және Reading-нан жақсы балл алу үшін мәтіндегі барлық сөзді білу міндетті емес, керісінше бұл бөлім сіздің таныс емес сөздері араласқан мәтіннің жалпы мағынасын түсіне білу қабілетіңізді тексеруге арналған. Ендеше, бір сөзді білмей жатсаңыз, уайымға салынбай, сөйлемді интуитивті түрде өзіңізге түсінікті қалыпта оқи беріңіз.
Writing
Менің жазғандарымды оқып, мені бір IELTS-ті кездейсоқ тапсырған адамға ұқсатып отырған боларсыз. Бірақ жасыратыны жоқ, тестке 1 ай қалғанда дайындықты бастағанша ағылшын тілінде бірде-бір рет эссе жазып көрмеппін. Сондықтан 20 күннің 14 күнін тек қана Writing бөліміне арнадым. Дәл осы тұста Improve your IELTS — Writing skills деген кітап пен курстағы мұғалім көп көмектесті. Кітап бойынша тапсырмаларды өз бетінше орындап, жазған эсселерімді тексертіп отырдым. Сондықтан жазбаша тапсырмаға жақсылап дайындалу үшін білікті оқытушының көмегі керек-ақ. Егер сөздік қорыңыз орташа болса, бұл – 6.0-ден кем емес балл жинауға мүмкіндік беретін тамаша кітап! Ғаламтордан жүктеп алып, қағазға шығарып алуға кеңес беремін. Сатып алудың қажеті жоқ, себебі баспаның жылтыр парақтарына қарағанда кәдімгі А4-ке шыққан кітапты жазып, сызып және шимайлап оқыған ыңғайлырақ.
Speaking:
Speaking-нан небәрі 6.5 балл алғандықтан не істеу керек дегеннен гөрі не істемеу керек екендігін жақсырақ айта алатын сияқтымын. Бұл жерде ең бастысы тәжірибе. Қазақтың «сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген мақалының кері келіп тұр. Менің ең басты қателігім – бұл бөлімге дайындық ретінде отбасы, спорт, хобби, оқу, жұмыс, дәстүр, мәдениет және т.б. тақырыптарға ойша дайындалғанмен, оларды дауыстап айтпадым, бұл тақырыптарда сөйлемедім және ешкіммен талқыламадым. Сондықтан, Speaking тест басталғанда ағылшын тілінде сұрақтарға жауап беріп отырған Ақнұрдың дауысын есту мен үшін қызық әрі таңсық болып көрінді.
Кеңестер:
— English club-тарға бару және белсенді болу;
— ұяңдықты жеңіп, қатемен болса да ағылшынша сөйлеп бастау;
— сіздің талпынысыңызды қолдайтын және өзі де ағылшынша сөйлеуді мақсат тұтқан әріптес табу;
— тіпті болмағанда өз-өзіңізбен сөйлесуге болады.
Тағы бір ескеретін нәрсе, Speaking лоторея сияқты, сіздің жақсы жауап беруіңіз дайындығыңыздан бөлек берілген тақырыпқа да байланысты. Кейбір таныстарыма «Әскери коммунизм жайлы пікірің қандай?» немесе «Қазақстандағы ең сүйікті заңың туралы айтып бер» деген сұрақтар келген. Тосыннан қойылған мұндай сауалдарға ағылшын тұрмақ қазақша не айтарыңызды да білмей қалуыңыз ғажап емес…
5. Тестке бір күн қалғанда:
Тестке бір күн қалғанда оқу, қайталау, жаттау, кітап ақтару және сынақ тестін жасау дегеннің барлығын тоқтатқан жөн. Қарапайым түрде миды тынықтыру керек. Осы уақытқа дейін оқығаныңыз ешқайда қашып кетпейді, ал бірақ түн ортасына дейін барыңызды салып оқи беретін болсаңыз, ертеңгі маңызды күні зейініңізді тестке аударып, ойды жинақтау қиын болады. Одан да ұйқыны қандырып, тестке сергек баруды ойлаңыз. Мен тестті Рамазан айының бірінші күнінде (28.06.2014) тапсырдым. Сондықтан бір күн бұрын сәресі мен ауызашардың қамын жасап, дүкен аралап, ораза ұстауға дайындалып, ойымды тесттен басқа жаққа бөлдім.
6. Тест күні. Қобалжу болды ма? Тест жазу барысында шаршамадың ба? Өзіңді қалай ынталандырып отырдың?
Тесттен шыққан соң «қанша балл жинадым екен?» деп уайымдауға болады, бірақ оған дейін тестті ойлап қобалжудан түк пайда жоқ деп ойлаймын. Сондықтан сабыр сақтап, салқынқанды түрде қарау керек.
Тест басталардың дәл алдында біраз балалар кітап-дәптерлерін ашып, аудиторияға кіргенше солардан көз алмай қараумен болды. Бірақ дәл осыдан нәтиже жақсаратынына күмәнім бар. Ал тесттің өзіне келер болсақ, маған объективтілік пен оның темірдей тәртіппен өтетіндігі қатты ұнады. Аудиторияға кіргеннен шыққанша тест бір деммен өтеді, шаршауға, артық дүние ойлауға, тіпті бас бұруға мұрша жоқ. Ең, ең, ең маңызды дүние – ойды жинақтап, зейінді шоғырландыру. Бір ғана мысал, Listening басталғанша бойдағы үрей, қорқыныш, уайым, күйгелектену және т.б. сезімдерден арылмасаңыз көп нәрсе жоғалтасыз.
7. Пайдалы болған кітаптар:
Cambridge IELTS Collection 5-7, Improve your IELTS — Writing Skills.
8. Телефонға, компьютерге арналған қосымшалар (application-дер)
English Topics, IELTS Skills, Dictionary “Английский язык”, Google Translator – барлығын Google Play арқылы жүктеп алуға болады.
9. Пайдалы вебсайттар тізім:
1. www.bbc.co.uk/podcasts/series/6min
2. www.bbc.co.uk/worldservice/learningenglish/general/
3. www.youtube.com/channel/UC16niRr50-MSBwiO3YDb3RA
4. www.youtube.com/channel/UCaRMivfyupj3ucUyJbZbCNg
5. tunein.com/
6. www.examenglish.com/IELTS/IELTS_Band_Scores.html?PageSpeed=noscript
7. www.ielts.org/
8. Twirpx.com – тамаша сайт! Кез келген кітапты тегін жүктеп алуға болады. Сайт авторларына мың алғыс!
Бұдан бөлек өз қажеттілігіңізге қарай жүздеген пайдалы сайттарды тауып алуға болады. Барлығы тек сізге нақты не қажет екендігіне байланысты. Қайталап айтамын, ақшаңызды алып, ағылшын тілі орталығына қарай жүгірместен бұрын ғаламтордың шетсіз-шексіз мүмкіндіктерін пайдаланып көріңіз.
10. Мұны оқыған жанға қандай тілегің не тағы қосар кеңесің бар?
Ағылшын тілін білу қазір заман талабына айналып отыр. Еңбек нарығында ағылшынша бір сөз қолданбайтын ұйымдардың өзі жұмысқа аларда ағылшын тілінің деңгейін сұрап жатады. Алдыңғы қатарлы оқу орындарына түсу үшін де ағылшын қажет. Сондықтан жоғарыдағы сайттар мен жалпылама кеңестерді пайдаланып, ой, сөз, жоспардан нақты іс-әрекетке көшу керек.
IELTS тапсыруға ниеттеніп жүрген барлық жандарға сәттілік тілеймін! Барынша жоғары балл жинауды мақсат етіңіз, азды қанағат етіп, маған осы да жетеді деген ой биіктерге жетелемейді.
Қымбатты Ақнұр, алтын уақытыңды бөліп, кеңестеріңмен бөлісіп, жауаптарыңды осындай көркемділікпен қағаз бетіне түсіргеніңе көп рахмет! Алдыда алар асуларың көп болсын, сендей өз ісін білетін қайсар қазақ қызының әр бастаған ісі алға басатынына сенімдімін. Бұл кеңесті оқыған тағы бір қазақ баласы білімін одан әрі арттырып, өзіне үлкен күш алсын!
Талшын Тоқыжанова
Филадельфия-Алматы