Баспанасы жоқтың бабы келіспейтіні анық жайт. Осы ретте мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралар да аз емес. Әсіресе, елімізде соңғы 4-5 жыл бедерінде тұрғын үй саясаты жақсы жолға қойыла бастағаны мәлім. Сондай шаралардың бірі, «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы осы мақсаттағы тіршіліктердің шоқтығы биік тұрғаны деп айтуға болады. Ендеше, бағдарлама бүгінгідей қарқынмен іске асырыла берсе, тұрғын үй нарығын реттейді деген болжам бар.
Демек, баспана өзекті тақырып болып тұрған шақта аталған бағдарлама аясында сауалдар көп-ақ. Сол себеппен редакцияда «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасының тиімділігі турасында дөңгелек үстел болып өтті.
Дөңгелек үстел басында жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндаған Тұрғын үй инспекциясының маманы Гүлмира Фазылованың айтуынша, тұрғын үймен қамту саясаты 2005-2007 жылдардағы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру халықтың әлеуметтік қорғалған бөлігі үшін, азаматтардың басым құқық берілген санаттары (балалары бар жас отбасылары, мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлері және әлеуметтік саланың мемлекеттік кәсіпорындары қызметкерлері) үшін мемлекеттік қаражат есебінен сату құны бір шаршы метрі 56 515 теңгеден аспайтын коммуналдық және қолжетімді тұрғын үй салу, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысын дамыту, жеке капитал инвестицияларын тарту есебінен тұрғын үй салуға бағытталған шараларды қабылдау арқылы жүзеге асырылып келген.
Ал, 2005-2012 жылдар аралығында 239 жастар мен жас отбасыларына жеңілдетілген несие арқылы ипотекалық пәтерлер берілді.
Қазіргі таңда Қызылорда қаласы бойынша тұрғын үй алу кезегінде 533 жетім мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар тіркелген. Жетім балалардың алдыңғы қатары кезекке 2006 жылдан бастап тіркелген. Жуырда Астана мөлтек ауданынан 112-пәтерлік «Жасөспірімдер үйі» салынып, ғимараттың төменгі қабатын жатақхана типтес, онда балалар үйінен шыққан 18-23 жас аралығындағы балалар паналаса, ғимараттың жоғары қабаттары 23-29 жас аралығындағы жетім балаларға арналған 1 бөлмелік пәтерлер ретінде берілгендігіне ерекше тоқталғаны шынында да атап айтуға тұрарлықтай игілікті іс болғаны анық.
Мемлекет басшысының 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бекітіліп, төмендегідей негізгі бағыттар көзделіп отыр:
1. Жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтар үшін тұрғын үй салу.
2. Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі бойынша:
1) халықтың барлық санаттары үшін;
2) жас отбасылар үшін тұрғын үй салу.
3. «ҚИК» Акционерлік қоғамының тұрғын үй салуы.-деп негізгі жұмыс барысымен таныстырды Г.Фазылова.
-2013 жылы аймақта “Қолжетімді тұрғын үй-2020” бағдарламасы бойынша жас отбасылар үшін 6 тұрғын үй, яғни 270 пәтер салынып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Бағдарлама бойынша жас отбасыларға арналған тұрғын үйлерді алу мақсатында бағдарламаға қатысушыларды іріктеу және тұрғын үйді беру кезектілігінің тәртібін Жергілікті атқарушы орган белгілейді.
Мәселен, тұрғын үй қарыздарын алу үшін аталған бағдарламаға қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:
- Отбасының құрамына ерлі-зайыптылар, кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз балалар, ерлі-зайыптылардың еңбекке жарамсыз ата-аналары қосылады;
- Ерлі-зайыптылардың екеуінің де Бағдарламаға қатысуға өтініш берілген елді мекенде тіркелуі;
- Соңғы 5 жыл ішінде ерлі-зайыптылардың және олардың отбасы мүшелерінің тұрғын үй жағдайларын қасақана төмендету фактілерінің болмауы;
- Өтініш берердің алдындағы соңғы 6 ай үшін отбасының ай сайынғы жиынтық таза табысы (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және басқа да аударымдарды есептемегенде) мынадай шекте:
а) ең төменгі Алматы, Астана қалалары үшін төменгі күнкөріс деңгейінің 4 есе мөлшері, басқа қалалар үшін төменгі күнкөріс деңгейінің 3 есе мөлшері;
б) ең жоғарғы-төменгі күнкөріс деңгейінің 12 есе мөлшерінен артық емес.
Жергілікті атқарушы орган өтінішті қабылдаудың басталғаны туралы хабарландыру берген күннен бастап, бірақ жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысы басталған күннен бастап 3 айдан кешіктірмей Бағдарламаға қатысу үшін өтініштерді қабылдауды бастайды және жалға берілетін тұрғын үйді іске қосуға 6 ай қалғанда аяқтайды.
Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлер аз болған жағдайда атқарушы орган өтінішті қабылдау мерзімін ұзартуға құқылы.
Бағдарламаға қатысу үшін өтінішті қабылдаған кезде жергілікті атқарушы орган өтініш иелерінің жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізеді.