0 дауыс
735 көрілді

27 маусым күні Бүкіләлемдік EXPO Milano көрмесінде Қазақстанның ұлттық күні өтеді. Шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Италия премьер-министрі Маттео Ренци қатысады.

Бұл күні көрмеде Қазақстанның презентациясы өтеді. Дәстүр бойынша ұлттық күн өтетін кезде ұйымдастырушылар көрме қонақтарын өз елінің тарихымен, әдет-ғұрпымен, мәдениетімен таныстырады. Күн сайын Миландағы ЭКСПО-ға бірнеше мың адам келетінін, ал көрменің өзінде 147 елден келген делегация жұмыс істеп жатқанын ескерсек, Қазақстан күнін ұйымдастыру елімізді таныстырудың, жай таныстырып қана қоймай, 2017 жылы өтетін келесі ЭКСПО-ның иесі екенімізді көпшілікке жеткізудің тамаша мүмкіндігі болмақ. Ұлттық күндердің ресми бөлігі бір-біріне ұқсайды: көрмеде ту көтеру салтанатты рәсімі жүріп, мемлекеттік әнұран орындалады. Ал шараның көңіл көтеретін бөлігін әр ел өзінше ұйымдастырады. Қазақстан көрме қонақтарына Astana Ballet артистері, классикалық музыка бойынша көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Бекзат Рақымов, Шернияз Мұсахан, Оксана Шевченко, Нұрия Кәрімбаева, сонымен қатар танымал «Ринго» тобы, Асылбек Еңсепов және басқалар шығатын ашық сахнадағы концерт ұсынатын болады.

Милан көрмесіндегі алғашқы екі айда Қазақстан павильоны қонақ ең көп келетін орындардың біріне айналды. Итальяндық БАҚ-тың пікіріне сүйенсек, ол ең танымал бес павильонның қатарына кіреді: бір жібергенде 80 адам өткізе алатын қазақстандық көрме күн сайын 4500-дай адам қабылдайды.

Итальяндық Reppublica газеті сауалнамасының қазіргі уақыттағы қорытындысы бойынша, қазақстандық павильон Колумбиядан кейінгі екінші орынды алып тұр.

«Миланнан кейінгі ЭКСПО көрмесі Астанада өтетінін ескерсек, Қазақстан павильоны екі міндетті атқаруы керек: біріншіден, ЭКСПО-2015-тегі Қазақстанның бетке ұстар мақтанышы болуы қажет, екіншіден 2017 жылы осындай үлкен көлемдегі ауқымды шараны өткізуге еліміздің дайын екенін көрсетуі тиіс», - деп атап өтті Бүкіләлемдік «Expo Milano 2015» көрмесіндегі Қазақстан ұлттық секциясының бас комиссары Әнуарбек Мусин.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының мемлекеттік сапары барысында екіжақты кездесулер ұйымдастырылып, жалпы сомасы 500 млн доллардан асатын 20 келісімге қол қойылады деп жоспарланған қазақстандық-итальяндық бизнес-форум өтеді.

Миландағы ЭКСПО-ға 147 елдің өз жетістіктерін паш етуге келгенін атай кетейік. Олардың 110-ы ұлттық күндерін өткізеді. Бұған дейін мұндай шараны Түркіменстан, Марокко, Аргентина, Тунис, Қырғызстан, Конго, Ұлыбритания, Корея және басқалар ұйымдастырған болатын. Барлығы екі ай ішінде миландық көрмені 3 миллионнан астам қонақ тамашалады.

Сіздің жауабыңыз

Ескерту: Email пошта сізге хабарлама жіберу үшін қолданылады
Спамға қарсы тексеру:
Төртке бесті қоссаң қанша болады?
Модерациядан өтпес үшін сайтқа кіріңіз немесе тіркеліңіз
...