Ендi “МУЗ-ТВ” арнасының жүлдесi жөнiнде. Музыкалық арнаның басшылығы лауреаттарына “тәрелке” табыстады. “Тәрелке” деп отырғанымыз – iшiнде бiр түйiр “бiрдеңесi” бар шынымен де тәрелке. Ал ендi әлгi “бiрдеңесiнiң” не екенiн анық бiле алмадық. Белгiлi жазушы һәм сатирик Бейбiт Сарыбай Фейсбуктегi парақшасында осы “тәрелке” туралы бүй дептi: “...Бiз жақта бұны итаяқ дейдi. Айналайындар-оу, iшiнде ең болмаса бiр шала мүжiлген сүйек болсайшы!”.
“МУЗ-ТВ” арнасы таратқан “итаяқта” ең болмағанда бiр “сүйектiң” жоқтығы сияқты тiлде де сүйек болмайтыны рас екен. Бейбiттiң айтқанына алып-қосарымыз жоқ. Бәлкiм, ұйымдастырушылар сүйегiне дейiн кемiрiп жеп қойған шығар?
Сонымен, “итаяқ” кiмдерге тидi? Бiр “итаяқты” әншi Филипп Киркоров әкеттi сүйретiп. Ендi бiрi ресейлiк әншi Ани Лорактың жанына байланды. Дима Билан, Валерия, Нюша, Николай Басковтар “итаяққа” таласып көрiп едi, бiр-бiреуден тидi, әйтеуiр. Одан әрi Роза Рымбаева мен Қайрат Нұртас... Несiн айтасыз, сол күнi Ресейдiң бүкiл әртiсi Астанаға көшiп келiп, итаяққа таласып жатқандай көрiндi
Иiсi қазақтың сүйiктi тобы “МузАРТ” “МУЗ-ТВ” арнасының жүлдесiне бармайтынын алдын ала мәлiмдегенде разы болғанбыз. Алтын жалатып қойса да, “итаяқтың” аты – итаяқ екенiн түсiнгенi үшiн. Бiрақ мұны кейбір шалақазақтар түсiнбегенiне ерiксiз қайран қаласың.