Хақназар хан жорықта жүріп, баласынан айырылып, кейін өзі де құрбан болғаннан кейін соңында үш бала қалады. Олар: Дінмұхамед, Мұңғылтай, Бозғыл (Құба). Кейін Дінмұхамед біраз жыл Ташкент пен Хиуаны басқарады. Одан соң Хақназар (Ақназар) ханның тұқымдары тарихи себептермен билік басына келе алмады. Қазақ хандығының тізгінін 16-ғасырдан 19-ғасырға дейінгі аралықта Жәнібек ханның ұлы Жадық сұлтаннан тараған хандар ұстайды.
Хақназар (Ақназар) ханның 1579 жылы үйленген соңғы әйелінен туған Бозғыл (Құба) атты баласының тағдыры Арал өңірін мекен етіп келе жатқан халық тағдырымен тамырлас болғандықтан, ендігі әңгімені Бозғылдан (Құба) өрбітуді жөн көрдік.
Хақназар (Ақназар) соңғы әйеліне үйленіп, отасқаннан кейін бір айдан соң, жау қолынан қаза табады. Соңғы алған әйелі жаугершілік заманның құрбаны болып, қалмақ Қарақұла батырдың қолына түседі. Күңдікке алып келгеннен кейін, көп ұазамай Қарақұланың бала көтере алмай жүрген тоқалының қызметшісі болады. Тұтқын жас әйелдің екіқабат екенін байқаған Қарақұланың әйелі мұны ерекше қамқорлыққа алады. Тектілігіне тәнті болған ол, қызметшісімен құрбысындай сырласады. «Босанғаннан кейін, баланы бауырыма бассаң, азаттық алып беруге көмектесемін» - дейді. Тұтқын жас әйел: «Егер ұл босансам, аты - Бозғыл болсын, осыған келіссең, мен де сенің талабыңды орындаймын» - деп кесімді сөзін айтады. Екі әйел осылайша құпия келісімдерін жасап, ана дүниеге кеткенше сыр ашпауға серттеседі. Бозғыл есімі баланың бойтұмарына жазылатын болады. Бозғыл деп қою себебі жас әйел Шөмекейдің Бозғыл руынан екен. Түптің түбі,бала қазақ екенін ұмытпасын деген-ау! Осылай байлам жасаған жас әйел екіқабаттылығын жасырып, Қарақұланың әйелі «екіқабатпын» деп жариялап, айы, күні толғанда, жоспарын іске асырады. Екі мұңлықтың тілегін Алла Тағала қолдап, ұл бала дүниеге келеді.
Ұлды болғанынан хабардар болған Қарақұла қырық күн той жасап, «сүйіншісін өзім алам» деген босанған әйеліне келеді.
- «Сүйіншіні өзім аламын» деген екенсің. Тілегіңді айт! - дейді.
- Батыр, тілегімді берсең, айтамын, - дейді әйелі.
- Сен тарығып жүріп, осындай қуанышты болып жатқанында, тілегіңді орындамай қайтейін. Айта бер, - дейді Қарақұла.
- Айтсам, мына қазақ әйелінің жолы құтты болды. Мен қырыққа келгенше тумай жүріп, ер бала таптым. Әрі маған істеген қызметі де артық болды. Сондықтан, осы әйелдің бас бостандығын беруіңізді өтінемін. Екіншіден, он бес еркек, он бес әйел, отыз нөкерімен еліне, өзінің барам деген жеріне аман-есен жеткізіп тастауыңызды сұраймын. Осы тілегімді орындасаңыз, екі дүниеде де ризамын, - деп әйелі әңгімесін түйіндейді.
Қуанышты батыр әйелінің бар тілегін орындайды. Ертеңіне батыр елінің данышпандарын жиып, балаға ат қойғызады. Көп талқыдан соң, бір қарт данышпан: «Бұл баланың аты Құба болсын!» дейді. Көп осы атқа тоқталып, бала Құба атанады. Бірақ, Алла Тағала алдында ант ішісіп, Бозғыл есімі жазылған қағаз тұмарда жасырылып қалады.
Алла Тағаланың қолдауы ма, қалмақтардың қойған аты Құба да, қазақша мағынасында «Бозғыл», «Боз» - деген екен. Өйткені, баланың түсі қалмақтардан өзгеше - ашаңдау болды.
Құба жастайынан зерек болып өседі. Алты жасқа келгенде, қара танып, оқи бастайды. Қытай, түрік, араб тілдерін түгел меңгереді. Он екі жасынан мемлекеттік іс жүргізуді үйренеді. Жиырма бір жасынан жауынгерлік шеберлігін шыңдап, қонтайшыны қорғайтын ұланның әскербасы болады. Бір жылдан соң, әкесі Қарақұла қайтыс болып, ойрат халқының тізгініне Қарақұланың Батыр деген баласы ие болады. Ол көп ұзамай қазақ халқын жаулап алудың қамына кіріседі. Әр тұстан бөлек-бөлек барлау жасап, қазақ жерінің әлсіз тұсын білу мақсатында дүркін-дүркін шабуылдар жасап тұрды.
Сол шабуылдардың бірінде, Жақайымның (Әлім) немересі Асан батыр қаза болады. Жорыққа аттанарда: «Мен әкем Ақбурадан жалғыз едім. Бүгін түнде түс көріп, түсімнен қорқып тұрмын. Егер мен жау қолынан қаза тапсам, әйелімнің құрсағындағы бала ұл болса, атын Асан қойыңдар. Қыз бала болса, өздерің біліңдер» - деп аманаттап кеткен-ді. «Аманатқа қиянат жүрмейді» деген, әйелі үш айдан кейін босанып, ұл баланы дүниеге әкелген соң, баланың атын Асан қояды.
Бұл кіші Асан анасы Мақпалдың әмеңгерлік жолмен тұрмысқа шыққан күйеуі, өзінің немере ағасы Көлімбеттің қолында ер жетеді. Кейін арандатушылардың кесірінен арада келіспеушілік пайда болып, анасымен бөлек кетеді. Көлімбеттің қолында Мақпалдан туған төрт бала: Әйтімбет, Дандай, Бәселек, Бозтай қалады. Күн артынан күн өткенде, кіші Асан өшпенді болып қалыптасады да, он сегіз жасында «Қанға - қан!» ұранымен әкесі - үлкен Асанның кегін алу үшін жауына қырғидай тиеді. Ол уақытта Жақайым ауылы Шу өзенінің жағасында екен. Кіші Асанның мұндай қанқұйлы соғысынан шошынған ағайындары «Түбі бізді бірдеңеге ұрындырар» деген оймен іргесін аулақ салып, өзін жалғыз тастап, Сыр бойына үдере көшіп кетеді. Жалғыз қалған Асан саны мардымсыз сарбаздарымен талай мәрте шайқасып, әлденеше рет тұтқынға да түседі.
Осы тұста тумысынан зерек Құба (Бозғыл) бойтұмарындағы жазылған есімінен-ақ, өзінің қазақ екенін іштей сезіп жүретін. Сол себепті Құба тұтқынға түскен талай қазақтарды «шекараға бекініс салдырам» деген желеумен өлім жазасынан құтқарып, талайын елден қашыртып жіберетін-ді. Сондай қашып құтылып кеткен қазақтардың ішінде талай рет Асан да болған еді.
Мұндай басына қатер төндірер іс ел арасында жата ма? Ойрат елінде гуілдеген өсек етек алады. «Қарақұланың қырыққа келгенше тумаған әйелі аяқ асты бала көтеріп, туа қалатын реті жоқ еді. Осы баланың қазақтарға іштартып тұруы - сол кездегі тұтқын қақзақ әйелінің баласы болмаса игі еді. Өйткені, күңдікке келген әйелді отыз нөкерімен еліне апарып тастаудың еш мәнісі жоқ еді» деген мағынадағы жел сөз елдің ханы, әрі әскери қолбасшы Батырдың да құлағына жетеді.
Бұл сөздің анық-қанығына жету үшін елде айрықша уәкілдік құрылады. Уәкілдер Батырдың тумаған шешесін тергейін десе, ол әлдеқашан қайтыс болып кеткен. Бірақ, қыз кезінен тумаған шешесіне қызмет етіп келе жатқан бір күң әйел бар сырды біледі екен. Оны тыңшылар арқылы анықтап, тергеуге алады. Жантүршігерлік ауыр азаптаудан кейін, ант бұзылып, шындық айтылады.
Құпия ашылған соң, Батыр: «Құба ұсталып, дарға асылсын!» деген бұйрық шығарады. Достары арқылы құлағдар болған Құба ертерек қам қылып, сол түнде өзіне шынайы берілген отыз нөкерімен қашып, қазақ жеріне өтіп кетеді.
Ол күнде Құба алпыстан асқан шағы еді. Жау қолында қалған балаларының тағдыры жанын күйзелтті. Бірақ, амал не? Тек жанына медеу етер жұбанышы - халқына деген адалдықтан ауытқымағаны. Күндердің күні болғанда, ұрпақ алдында рухы биік тұрары анық-ты.
Құба баяғы өзінің құтқарып жіберген Асан батырын іздеп келеді.
Әлім еліне келген соң, Құба жақайым Асан батырдың қызы Күнбибіге үйленеді. Одан Мәделі атты ұл сүйеді. Өкініштісі сол, Күнбибі апамыз бала үстінен қайтыс болады да, ұзамай елге келген обадан Құба да о дүниелік болады. Жетім қалған Мәделіні Асанның үлкен баласы Түктібайдың жаңа босанып отырған әйелі Жанбике бауырына алады. Өте қайратты боп өскен Мәделі тоғыз жасқа келгенде, ауыл балаларын шыдатпай, содан жанжал туып, елден кетуге мәжбүр болады.
Тағдыры өте қатал болған Мәделі өмір сынынан сүрінбей өтіп, Хиуа хандығының белгілі адамы болады. Одан Бүкірек атты әскери өнерге аса жетік бала дүниеге келеді. Осы Бүкірек батыр кейін қазақ даласын шарлап кеткен, аттары аңызға айналған «Мың бала» жасағын тәрбиелеп шығарады.
Еліне өкпелеп кеткен әкесі Мәделінің жағдайын жақсы білетін Бүкірек батырдың елге қайта оралуы да отаншылдыққа толы үлкен оқиға!
Аталмыш кітаптан бұл туралы үзінді келтірсек: «Өкініш өзегін өртеген Шеке батыр әрі інісі, әрі жиені Бүкіректі елге қайтарудың жайын ойлай бастайды. Хорезм еліне үш рет іздеп барады.
Үшіншісінде:
- Әй, Бүкірек! Сен менің інімсің, әрі жиенімсің! Бұл жолы мен сені туысқаным деп келіп тұрғаным жоқ! Сені қазақ деп келіп тұрмын! Бабаң әз-Жәнібек бытырап жүрген халықты бір тудың астына біріктіріп, «қазақ» атандырып, іргелі ел жасап еді. Берідегі тағы бір ұлы бабаң Хақназар бүкіл ноғайлыны қазақтың құрамына қосып, ұлы ел қылған еді. Атаң Бозғыл үзілерінде: «Бабаларымдай қазаққа шерепетім тимеді-ау! Мәделім саған аманат! Дұрыстап тәрбиелеп, қазақтың мүддесіне қызмет ететін азамат қыл!.. Ұрпақтары да қазаққа қалтқысыз қызмет етсін! «Төреміз» дегендерінің төбесінен ұр! «Қазақпыз» дегендерді төбеге көтеріңдер! Соңғы тілегім осы болсын!» - деп Жанбике әжеңнің қолына өз аталарының алтын шежіресін табыстап кеткен еді..
Ата-бабаларыңның аманатына адалмын десең, қазақпын десең, соңымнан ер! - деп, Шеке батыр қатты қатуланып, атының басын бұрып, еліне қарай шаба жөнеледі.
Шеке батырдың сөзі сүйегінен өтіп кеткен Бүкірек, сөзге келместен, соңынан еруге мәжбүр болады. Бір жағынан, әкесі Мәделі де жақында о дүниелік болған-ды. Енді қарайлайтын ештеңе де жоқ.
Бүкірек батырдың қазақ еліне оралуы - 1705 жылы болатын. Бұл кезде Бүкірек батыр 23 жаста еді.
Жоңғарлармен болған талай шайқастардың бел ортасында жүріп, отаншылдықтың жарқын үлгісін көрсеткен Бүкірек батыр о дүниелік сапарға аттанар алдында ұрпақтарын жинап ап:
«Ұрпақтарым, менің де үзілер шағым келді. Бұл дүниеде халқының бақыты үшін күрескеннен артық ештеңе жоқ екен. Өткеніңе ой жүгіртсең, рухтанасың! Сонау заманда ел бола алмай, әркімнің етегінен ұстап жүрген халықты «қазақ» деген тудың астына біріктіріп, тілі, діні, ділі бір ел жасаған еді, сендердің бабаларың - Керей мен Жәнібек. Пенделік мүддеден ұлттық мүддені жоғары қоюды ұрпақтарына аманат етіп кетіп еді. Сол дәстүр бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Мен де өз кезегімде бабалар аманатын адал орындадым деп есептеймін. Енді сол дәстүрді жалғастыру - сендердің еншілеріңде. Бабалар аманатына адал болыңдар! Пендеуи майдалыққа салынбаңдар! Өмірде кейбір қиындықтар болады. Қандай қиындықтар болса да, елдік қасиеттеріңді жоғары ұстай біліңдер!
Сендер ұлттық намысты ту етіп келе жатқан асыл тұқымысыңдар! Асылды ешқашан тот баспайды. Егер кімде-кім көңілдеріне тот бастырып алса, онда ол асылдың тұқымы болмағаны. Көңілдеріңе келсе де, айтайын, ондай адам - есіктегі құлдан туған болып есептелінеді. Кімде-кім ұлт атына кір келтіріп алса - солай бағаланады.
Сондықтан, ең ауыр аманат сол - қандай заман болмасын, ұлт мүддесіне қайшы әрекет жасамаңдар!
Менің соңғы аманатым - осы!» - деп, аманатын ұрпақтарына арқалатып кетіпті.
Бабалар аманатына адал Бүкірек батырдың бүгінгі ұрпақтары «қазақ» деген ұғымды бәрінен биік қоя алып жүр. Ар алдындағы адалдығынан танбай келе жатқан Бүкірек тұқымдарының бірі - Ақтау қаласының тұрғыны Әлім Жантеке. Ол өзінің қазақ алдындағы перзенттік борышын адал атқарып, елдің бірлігін, Ұлт рухын көтерудегі өткір мақалалары халық арасында кең қолдау табуда.
Хақназар (Ақназар) бабасының жатқан жері - Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданындағы хан ордасына «Хақназар (Ақназар) кешенді кесенесін» тұрғызып, үстіміздегі жылдың 6 қазаны күні бүкіл халықты шақырып, ас беруге дайындық жасады, ешкімді де бөле-жармай бүгінгі бабасы «Әлім Жақайым» кесенесінің тұрғызылуына да 1 млн. теңге аударып, халық бірлігі үшін тындырған мұндай жұмыстары - «қазақ» ұғымын жоғары қоюдағы игілікті ісінің бір парасы ғана дер едік.
Лайым, «қазақ» ұғымын жоғары қоятын мұндай азаматтарымыз көбейе берсе дейміз!