Бұл сұраққа бірнене ғасыр бұрын жауап берілген сияқты.
Мұсылмандардың алғашқы төрт халифасының бірі Әли ибн Әбу Тәліп аса білімдар адам болыпты. Білімінің арқасында ел ол кісіні «ілімнің қақпасы» деп атаған. Бірде замандастары оған 10 адамды кезекпен жіберіп, бәріне бірдей: «Білім артық па, байлық артық па?» деген сұрақты қойдырған екен. Сонда Хазіреті Әли әрбір сұраққа әртүрлі дәйектемелермен былай деп жауап берген:
1. Білім артық, өйткені, ол – пайғамбарлардан қалған мирас, байлық –бақылдардан қалған мұра.
2. Білім артық, білімдінің жанында адал достар көп болады, ал бай адамның қасында амал достар көп болады.
3. Білім артық, ол досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды арттырады.
4. Білім артық, оны қанша жұмсағанмен азаймайды. Байлықты жұмсай берсең, бір күні түгесіледі.
5. Білім артық, оны ұры-қарыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді сырт көздерден қорғаштаумен өтесің.
6. Білімің көп болса ел саған қызығады, байлығың көп болса ел сені қызғанады, білімнің артық болатыны сол.
7. Білім артық, білімің көп болғанмен есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп тұруың керек.
8. Білім қанша көп болса да іріп-шіріп кетпейді, дүние-мал болса бүлінеді, сондықтан да білім артық.
9. Білім артық, ол кісілігің мен кішілігіңді арттырады. Байлық болса сараңдық пен қомағайлығыңды арттырады.
10. Шынайы білімді адам орнымен сөйлейді, ізеттілігі де артады. Байлығы мол адам оған мастанып мақтанады, астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық, деген екен.