Кітап, Әдебиет | 1.1k қаралды
1.1k қаралды
Маған Ұлы Отан соғысы туралы мақала қажет!Көмектесіндерші өтінемін!!

1 жауап

Ұлы Жеңіске 70 жыл толды. Сұм соғыста жау оғымен арпалысып, бейбіт өмір мен мамыражай тірлік үшін жан беріп, жан алысқан аға  ұрпақтың бұл ерлігін ұмытуға тиіс емеспіз.

Қарлығаш  қадам

Жарсуат ауылдық округі бойынша майдан шебіне 200-ге жуық жауынгер алынған еді. Бірі ауыр дене жарақатымен елге оралса, сұм соғыс енді бірінің өмірін жалмады. Бүгінгі әңгіме Жеңісті жақындатуға үлес қосқан жандардың бірі, соғыс ардагері, Қызылжар, Құрылыс және Жарсуат ауылдарының өсіп-өркендеуіне бар өмірін арнаған шебер ұйымдастырушы, жауынгер-ұстаз  Құбаш Мырзаұлы туралы болмақ.

Құбаш ағамызды «Тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы»  десек те болады. Себебі,  ол – жазушы Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясындағы    Кеңес үкіметінің тап жауларымен күресте 1924 жылы қаза тапқан командир Мырза Кенжебековтің ұлы. Құбаш Мырзаұлы 1922 жылдың мамыр айында бұрынғы Бақсай ауданының 7-ші ауылында дүниеге келген.

«Қарашығанақ бастауыш мектебінің табалдырығын алғаш рет 1930 жылы аттаған ол кейін «Қызыл үй» орталау және 1940 жылы Есбол ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектептерді бітірген. Еңбек жолын 1940 жылы Құрылыс ауылындағы мектепте бастаған ол кейін ауданның басқа білім ордаларында ұстаздық жолын жалғастырады.

Сын  сағатта

Соғыстың басталуы туралы майдангер-ұстаз өз естелігінде: «1941 жылы Гурьев қаласында қысқа мерзімді курста оқып жүрген едім. Маусым айының 22-ші жұлдызы болатын. Сол күні ертеңгі сағат 10-да барлығымызды алаңға жинап, неміс басқыншыларының Кеңес еліне опасыздықпен соғыс ашқандығы хабарланды. Бұдан былай Отанды қорғауға дайын болуымызды ескерткен партияның «Барлығы  майдан үшін, барлығы жауды талқандау үшін!»  деген ұраны мектепте қолдау тапты» деп келтірген екен. Көп ұзамай, 1942 жылдың қаңтар айында 20 жастағы Құбаш Мырзаұлына да  Қызыл Армия қатарына шақырту келеді. Осылайша ол Орынбор облысына қарасты Бузулук қаласында кіші командирлер даярлайтын полк мектебінен алты айлық курстан өтіп, сержант шенін алады.

Жас мұғалім үшін соғыс Ленинград майданының «Старая Русь» маңындағы ұрыста  басталады. 1942 жылдың мамыр айында болған ұрыс «Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы» кітабында «Жау бар  әскерін «Старая Русьқа» төгіп, күштерді жұмылдырды. Ұзақ уақыт қорғаныс ұрыстарын жүргізген Кеңес Армиясының 22-дивизиясындағы адам күші мен қару-жарақтардың шығыны 50 пайыздан астам болды. Осы әлсіреген күштерге қарсы жаудың «Солтүстік армиялар»  тобының 21 дивизиядан құралған күштері шабуыл жасады. Смоленск  аймағынан жаудың 39-моторлы корпусы әкелінді. Жаумен тең емес ұрыста және шабуылды қолдайтын танктер мен артиллерияның болмауына байланысты біздің 34-армияның бөлімдері Ловать өзеніне қарай  тез кері шегінді» деген жолдар бар. Сол шайқасқа қатысқан Құбекең өзі құрамында болған дивизияның көп шығынға ұшырап, көптеген майдангер достарын жоғалтқанын  айтып отырушы еді. Осы ұрыста оның өзі де ауыр жараланып, алты ай госпитальде емделеді.  Кейін Чкалов қаласы маңындағы орман ішінде аз уақыт әскери әзірліктен өтіп, майданға кері аттанады.

Керчь  түбінде      

Құбекең Керчь бағытындағы соғысқа қатысып, атқыштар дивизиясының 691-полкінде пулемет расчетінің командирі міндетін де атқарды. Бірде оларға Қара теңіз бен Азов теңізін байланыстырып тұрған Перекоп бұғазынан түнде өтіп, Қырым жеріне шұғыл өту туралы жауынгерлік тапсырма беріледі. Осы кездегі қиын жағдай туралы Құбекең «Қараңғы түн. Айнала жау. Жарқылдаған зымыран, зуылдаған оқтар. Өмір мен өлім белдескен шақта алға қарай бір адым жылжудың өзі мұң болады екен. Аса қауіпті шығанақты немістер оқтың астына алып тұр. Сүйретіліп, жер бауырлап, «өлдім дегенде» алты шақырымға әрең, зорға жеттік-ау!» деп еске алады.

Қазір ойлап қарасақ, Құбекең суреттейтін жер Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың Қырым жеріне алғаш десант болып түскендегі окоптары мен блиндаждары екен. Өйткені, Құбекең ұзақ жолғы зорыға жер бауырлаудан кейін айналаға қарағанда, ілгеріден «Элтиген» поселкесі мен атақты Митридат тауының көрінгенін айтады. Бұл жер туралы жазушы Ғ.Мүсірепов «Қазақ солдаты» романында «Екі жақтың талай солдаттары құлап, өліп жатыр. Дәрінің ащы иісіне өліктердің борсып, сасыған иістері араласып, дем алғызбай келеді. Амал жоқ, мұрныңды жеңіңмен басып, сол өліктердің бауырына тығыласың. Алақаның әлсін-әлсін қанға тиеді, тізеңнен өткен қанды денең сезіп, тітіркеніп кетеді» деп жазады.

Таң ата Құбекеңдерді әскери бөлімдерге бөледі. Дивизия командирі сібірлік генерал-майор өзін таныстырып, жағдайды баяндайды. Бұл дербес Приморье армиясының  қолбасшысы, армия генералы Иван Петров еді. Айнала қорғаныс шебін құрып үлгергенше, жаумен соғыс басталып та кетеді. Бұл Керчь қаласының іргесінде болған қиян-кескі ұрыс еді.        

Бірде Құбаш ағадан соғыс жылдарындағы дәрігерлердің жанкешті еңбегі жайында айтуды сұраған едік. «Кезекті ұрыстардың бірінде жараландым. Менің жарам ауыр болып шықты, «газовая гангрена» деген дертке ұшыраппын. Денемнің бәрін ісік кеулеп кетті. Мені пойызбен тылға жөнелтуге әзірледі. Пойыз орнынан қозғала бергенде қансырап, талып қалдым. Кейін білдім, орыстың Валя атты 13 жасар қызы пойызды тоқтатып, мені шофер жігітке тапсырып кетіпті. Лайсаң балшыққа қарамастан өзін өлімге байлаған жігіт машинаны жарықсыз айдап, мені көп кідіртпестен таяудағы поселкеге әкеледі. Сол уақытта сағат түнгі үш болса керек. Жұрттың бәрі ұйқы құшағында, маған дереу ота жасалып, қан құйылып, наркоз берілді. Сөйтіп, менің өмірге қайта оралуыма себепкер болған дәрігерлерге өмір бойы қарыздар және борыштымын» деп күрсіне еске алады майдангер.

Құбекең бейбіт өмірге оралған соң да ел экономикасын, әлеуметтік ахуалын көтеруге барынша күш салды. 1944-45 жылдарда аудандық оқу бөлімінің инспекторы, 1945-56 жылдары Құрылыс, Қызылжар мектептерінде мұғалім, мектеп басшысы қызметінде де болды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Құбекең 1953 жылы Орал қаласындағы педагогикалық институтты «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп те шықты. 1956-58 жылдары Есбол аудандық партия комитетінде жауапты жұмыс атқарып, «Коммунизм жолы» колхозында партком хатшысы болды.

Ұрпақ тәрбиесінде білімнің сөнбес шырағын жағып берген Құбекең ауылдың қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласып, бастауыш партия ұйымының хатшысы, халықтық бақылау тобының жетекшісі, ұзақ жылдар бойына насихатшы да болды. Еңбегі еленді.  Құбаш Мырзаұлы Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Г.Жуков» медальдарымен марапатталды. Білім саласындағы еңбегі үшін 1975 жылы «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағы берілді.

Бүгінде Құбекең де, Мақпал жеңгеміз де арамызда жоқ. Бірақ, олар маңдайы жарқыраған төрт ұл, төрт қызды тәрбиелеп өсірді.  Өмірі өнегеге толы жауынгер-ұстаз, аяулы ағаның жарқын бейнесі біздің жадымызда мәңгіге сақталады. 

Бисен АТАЛЫҚ.

ҚР Білім беру ісінің үздігі, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері,

Индер ауданының Құрметті азаматы.

Ұқсас сұрақтар

118,553 сұрақ
305,777 жауап
153,304 пікір
68,204 қолданушы