+1 дауыс
333k көрілді
Тұсау кесу. Тұсау кесу салт дәстүрі туралы толық ақпарат болса? Тұсау кесу қай уақыттан бастап тойланып келеді, қайдан, қалай шыққан салт-дәстүр. Бұл Тұсау кесу сал дәстүрінде қандай мән-мағына бар?

7 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Тұсау кесу

Бала бесіктен белі шығып, еңбектенуден өткен соң, аяғын қаз-қаз баса бастайды. Өз аяғымен туған жерінің топырағын басып, із түсіріп, өз көзімен алдына қарап, таң-тамаша болады. Бұл кішкентай бөбектің ең алғашқы талпынысы, өзі жасаған тіршілігі. Осындайда дана қазақ баланың келешегіне ақ жол тілеп,«балам тез жүріп кетсін» деген ниетпен «тұсаукесер» тойын жасайды.

Халықтық түсінік бойынша, тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады.Тұсаукесер тойы да сүндет той секілді әрбір қазақ шаңырағында ерекше дайындықпен міндетті түрде аталып өтілетін дәстүрлі қуаныш.

Тұсау кесу

Алдымен тұсаукесер күні белгіленіп, арнайы қонақтар шақырылады. Бұл күні кейбір ауқатты адамдар көкпар тартқызып, арты думанды тойға ұласып кетуі ғажап емес. Жиналған көпшілік арасынан көбінесе жүрісі жылдам, қимылы ширақ, іске епті қасиеттерімен көзге түсетін қағылез, пысық адам таңдалып алынып, нәрестенің тұсаукесерін соған тапсырады. Тұсау кескен адамға сәбидің тұсауына байланып, арнайы «тұсау кесер» сыйлығы беріледі. 

Әдетте қазақтар бала тұсауынала жіппен, қылдан ескен шыжыммен немесе ішекпен кескен. Мұның мәні мынада: қазақ баласын сөзді естіп ұға алатын, айтқанды ептеп істейтін кезінен – осы тұсауы кесілген күннен бастап ұрлыққа, зорлыққа, жырындылыққа барма, жолама деп баулиды. Біреудің ала жібін аттама, бүлінгеннен бүлдіргі алма дегенді әу бастан-ақ құлағына сіңісті етеді. Аяқтағы жіптің ала болуы да, оның кесілуі де жоғарыдағыларға жолама, ондайдың жолын қолыңнан келсе кес, дүниенің азы біреудің бір құлаш жібіне ең құрығанда бұзауға бас жіп болар ма деп қызықпа, тұсауындағы жіпті кескендей ондай арам кезіксе, кесіп құртуға тырыс дегені. 

Тұсау кесер сәті алдында жиналғандар кең дала, таза ауаға шығып, үсті түрлі тәтті дәмге толы бала-шағаға арналған дастарқан маңына, қызық тамашаға жиналады. Дастарқан жанына қазық қағып, аяғы тұсалғанбаланы арқандап қояды.Тойдың негізгі жанкүйерлері – балалар алыстан жаяу жарысқа жіберіледі, озып келгені арқанды қиып, дастарқандағы бар дәмге ие болады, оған арнайы сыйлық беріледі. 

Тұсау кесу

Бұдан соң, «Жүйрік бол!», «Шауып кет!» т.б. тілектерді айта отырып, екі қолынан екі адам жетектеген баланың тұсауын таңдалып алынған адам кесіп жібереді. Тұсауы кесілген соң, сәбиді екі адам ортаға алып шығады да, тез-тез жүгіреді. Осы кезде«Тұсаукесер» жыры шырқалады: 

Қаз-қаз, балам, қаз балам, 

Қадам бассаң, мәз болам. 

Қаз-қаз, балам, қаз балам. 

Тақымыңды жаз балам. 

Күрмеуіңді шешейін, 

Тұсауыңды кесейін, 

Қадамыңа қарайық, 

Басқаныңды санайық, 

Қаз-қаз, балам, жүре ғой... 

Балтырыңды түре ғой.

Тай-құлын боп шаба ғой,

Озып бәйге ала ғой.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың!

Өмірге аяқ баса бер,

Асулардан аса бер.

Жүгіре қойшы, құлыным,

Желбіресін тұлымың.

Елгезек бол, ерінбе,

Ілгері бас, шегінбе.


Тұсау кесу

Міне, осыдан бастап шынашақтай қазақтың өмір жолының алғашқы ізі жер бетін шимақтайды, қиындығы мен қызығы мол жаңа өмірі басталады. «Тұсаукесер» – баланың осы өмір сапарының сәтті болуы үшін ақ ниетпен жасаған ырымы, Құдайға деген құлшылығы.

0 дауыс
дәстүр ұмытылған, әркім әртүрлі айтады.

дұрысы алдынан пышақпен кесу дейді.

ақ-қара жіптің мағынасы тек қана ұры болмасын деп емес, философиялық мағынасы терең жатыр. себебі осындай ала жіпті бесік буғанда да қолданады, киіз үйде де қолданады.

білетін қарттар ауызынан, архивтерден жинап мемлекеттік түрде бекіту қажет.
0 дауыс


Тұсау кесер
0 дауыс

Тұсаукесер тойы – сәби алғашқы қадамдарын жасап, қаз-қаз баса бастаған кезде жасалатын думанды дәстүр. Ол тұлымы желкілдеген ұл бала мен кекілі желпілдеген қыз балаға да бірдей жасалады. Бұл тойға көрші-қолаңмен бірге аймақтың  игі жақсылары шақырылады. Тойдың басты мақсаты – баланың алғашқы қадамына тілектес болу.

Қандай жіппен кеседі?

«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей, тұсаукесер рәсімдері еліміздің әр аймағында әртүрлі тойлануы мүмкін. Солардың бірі – жіп мәселесі.

Еліміздің бірқатар өңірінде баланың тұсауы ала жіппен кесіледі. Тұсау үшін ала жіп таңдаудың мәнін Ү. Қыдыралин «Батыс Қазақстан қазақтарының ғұрыптарындағы ерекшеліктер» атты еңбегінде былай деп жазады:

«Қазақ халқы баланың тұсуын да, көшкенде жүк артатын арқанның бірі – қом арқанды да, бесіктің ұзын қолбауын да, түндіктің бауларын да ала жіппен ескен. Құн дауына жиналғанда да айтысушы екі жақтың ортасына ала арқан тасталынады екен. Себебі ала жіп – «Жаным – арымның садағасы» деп білетін қазақ халқы үшін мәңгі сарқылмас тіршілік – күн мен түннің, сондай-ақ бір-бірінен тым алыстап кетпейтін адалдық пен арамдықтың, зорлық пен қамқорлықтың, жақсылық пен жамандықтың, ең ақыры өмір мен өлімнің рәмізі. Ала жіптің адам өмірімен байланыстырылуын «Біреудің ала жібін аттама» деген мақалдан көруге болады. Яғни баланың аяғын ала жіппен тұсау арқылы, ең алдымен, келер ұрпақтың адал да пәк болуын мақсат тұтқан».

Қазіргі қызылды-жасылды қоғамда баланың тұсауын да түрлі-түсті жіппен кесу кең таралған. Бірақ қарама-қайшылықтың белгісі ақ пен қара түс болғандықтан, тұсаукесер рәсімінде ақ пен қарадан есілген ала жіпті қолданған дұрыс.

Сондай-ақ, еліміздің кейбір аймақтарында баланың тұсауы көк шөппен, қойдың ішегімен кесіледі. Бұл рәсімді де жоққа шығаруға болмайды. Бұл рәсімнің мәні Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» кітабында: «Шөп орап кесу – ұрпағым шөптей көп болып өсіп-өнсін дегені. Ал, майлы ішек орап кесу – балам бай-бақытты болсын, қадамы жайлы, қазаны майлы болсын деген игі тілегін бейнелейді»,-деп түсіндіріледі.

Осы жерде айта кететін бір мәселе – баланың тұсауын кесетін құрылғы туралы. Қазір тұсауды қайшымен кесіп жүр. Көпті көрген көнекөз әжелеріміздің айтуынша, тұсауды қайшы сияқты екі жүзді құралмен кесу дұрыс емес. Егер баланың тұсауы қайшымен кесілсе, оның өмірі де қайшыланып қалады, қиындыққа, кедергіге толы болады деген сенім бар. Сондықтан, тұсауды өткір пышақпен кескен дұрыс.

Тұсауды кім кеседі?

Ата-анасы баланың аяғына ала жіп байлаған соң, тұсауын сыйлы адамға кестіртеді. Қазіргі таңда бұл құрметті істі ұрпақтары өсіп-өнген ақ жаулықты әжелер атқарып жүр. Бұл «Балаға әженің жасын берсін! Ұрпағы салиқалы болсын!» деген ниеттен туындаған болар. Бірақ, әйгілі салт-дәстүр жанашыры Зейнеп Ахметова мұнымен келіспейді.

“Қай кезден бастап жаппай үрдіс алған дәстүр екенін білмеймін, бұл күндері тұсауды жасы үлкен әжелерге кескізіп жүрміз. Осыған жете мән беріп көрдік пе? Жүрісі ауырлаған қарт әжеге немесе ілби басатын кейуанаға тұсау кескізгенде, бала қалай тез жүріп кетеді деп ойлайсыз? Осындай келеңсіздікті, әсіресе, телеарналар көп көрсетеді. Бұрындары жіпті көпті көрген, талай немере-шөбере сүйген әжелер әдемілеп ақ батасын беріп, баланың аяғына байлап берген. Ал тұсау кесетін адамды ата-ана алдын ала дайындап қоюған. Қыз бала болса, қимылы ширақ әрі пысық, ақжарқын мінезді, көпке қадірлі, елге сүйкімді келіншектерге; ұл баланың тұсауын «Пәленше ағасындай сері болсын, үлкен азамат болсын» дегендей, ел алдында, елдің ауызында жүрген азаматтарға кескізген. Бір жағынан, халқымыздың ырымшылдығы шығар, бірақ ата-бабамыз істеп келе жатқан салттың астарында үлкен мән, әдемі тілек, жақсы ниет жатыр”,- дейді Зейнеп Ахметова.

Толық сілтемені мына сілтемеден оқи аласыз.

0 дауыс
Тусау кескен адамнын миндети? Не истеу керек?
0 дауыс
"Тұсау"деген сөздің мағынасы қандай?
0 дауыс
Бұл баланың тұсауын жоғары қызметтегі адам кесе алады немесе өз жұртынан үлкен әже кесуі керек. Сонда бала сол адамның жолын қуады.
...