Тұсаукесер тойы – сәби алғашқы қадамдарын жасап, қаз-қаз баса бастаған кезде жасалатын думанды дәстүр. Ол тұлымы желкілдеген ұл бала мен кекілі желпілдеген қыз балаға да бірдей жасалады. Бұл тойға көрші-қолаңмен бірге аймақтың игі жақсылары шақырылады. Тойдың басты мақсаты – баланың алғашқы қадамына тілектес болу.
Қандай жіппен кеседі?
«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей, тұсаукесер рәсімдері еліміздің әр аймағында әртүрлі тойлануы мүмкін. Солардың бірі – жіп мәселесі.
Еліміздің бірқатар өңірінде баланың тұсауы ала жіппен кесіледі. Тұсау үшін ала жіп таңдаудың мәнін Ү. Қыдыралин «Батыс Қазақстан қазақтарының ғұрыптарындағы ерекшеліктер» атты еңбегінде былай деп жазады:
«Қазақ халқы баланың тұсуын да, көшкенде жүк артатын арқанның бірі – қом арқанды да, бесіктің ұзын қолбауын да, түндіктің бауларын да ала жіппен ескен. Құн дауына жиналғанда да айтысушы екі жақтың ортасына ала арқан тасталынады екен. Себебі ала жіп – «Жаным – арымның садағасы» деп білетін қазақ халқы үшін мәңгі сарқылмас тіршілік – күн мен түннің, сондай-ақ бір-бірінен тым алыстап кетпейтін адалдық пен арамдықтың, зорлық пен қамқорлықтың, жақсылық пен жамандықтың, ең ақыры өмір мен өлімнің рәмізі. Ала жіптің адам өмірімен байланыстырылуын «Біреудің ала жібін аттама» деген мақалдан көруге болады. Яғни баланың аяғын ала жіппен тұсау арқылы, ең алдымен, келер ұрпақтың адал да пәк болуын мақсат тұтқан».
Қазіргі қызылды-жасылды қоғамда баланың тұсауын да түрлі-түсті жіппен кесу кең таралған. Бірақ қарама-қайшылықтың белгісі ақ пен қара түс болғандықтан, тұсаукесер рәсімінде ақ пен қарадан есілген ала жіпті қолданған дұрыс.
Сондай-ақ, еліміздің кейбір аймақтарында баланың тұсауы көк шөппен, қойдың ішегімен кесіледі. Бұл рәсімді де жоққа шығаруға болмайды. Бұл рәсімнің мәні Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» кітабында: «Шөп орап кесу – ұрпағым шөптей көп болып өсіп-өнсін дегені. Ал, майлы ішек орап кесу – балам бай-бақытты болсын, қадамы жайлы, қазаны майлы болсын деген игі тілегін бейнелейді»,-деп түсіндіріледі.
Осы жерде айта кететін бір мәселе – баланың тұсауын кесетін құрылғы туралы. Қазір тұсауды қайшымен кесіп жүр. Көпті көрген көнекөз әжелеріміздің айтуынша, тұсауды қайшы сияқты екі жүзді құралмен кесу дұрыс емес. Егер баланың тұсауы қайшымен кесілсе, оның өмірі де қайшыланып қалады, қиындыққа, кедергіге толы болады деген сенім бар. Сондықтан, тұсауды өткір пышақпен кескен дұрыс.
Тұсауды кім кеседі?
Ата-анасы баланың аяғына ала жіп байлаған соң, тұсауын сыйлы адамға кестіртеді. Қазіргі таңда бұл құрметті істі ұрпақтары өсіп-өнген ақ жаулықты әжелер атқарып жүр. Бұл «Балаға әженің жасын берсін! Ұрпағы салиқалы болсын!» деген ниеттен туындаған болар. Бірақ, әйгілі салт-дәстүр жанашыры Зейнеп Ахметова мұнымен келіспейді.
“Қай кезден бастап жаппай үрдіс алған дәстүр екенін білмеймін, бұл күндері тұсауды жасы үлкен әжелерге кескізіп жүрміз. Осыған жете мән беріп көрдік пе? Жүрісі ауырлаған қарт әжеге немесе ілби басатын кейуанаға тұсау кескізгенде, бала қалай тез жүріп кетеді деп ойлайсыз? Осындай келеңсіздікті, әсіресе, телеарналар көп көрсетеді. Бұрындары жіпті көпті көрген, талай немере-шөбере сүйген әжелер әдемілеп ақ батасын беріп, баланың аяғына байлап берген. Ал тұсау кесетін адамды ата-ана алдын ала дайындап қоюған. Қыз бала болса, қимылы ширақ әрі пысық, ақжарқын мінезді, көпке қадірлі, елге сүйкімді келіншектерге; ұл баланың тұсауын «Пәленше ағасындай сері болсын, үлкен азамат болсын» дегендей, ел алдында, елдің ауызында жүрген азаматтарға кескізген. Бір жағынан, халқымыздың ырымшылдығы шығар, бірақ ата-бабамыз істеп келе жатқан салттың астарында үлкен мән, әдемі тілек, жақсы ниет жатыр”,- дейді Зейнеп Ахметова.
Толық сілтемені мына сілтемеден оқи аласыз.