Ойлы, саналы адамдардың ғасырлар бойы миын тыншытпай, өмірін сарп еткен, әлі де сан адамдардың арын қозғап, ойларын тыншытпайтын осы сұрақтар.
«Адам өмірін түзейміз» деп сан ғалымдар түрлі ойлар айтып, ол ойларын халыққа таратып, том-том кітаптар жазды.
Солардың ойларының мен білетін бастылары: біреулер «адам өмірі жаратқан иесін танумен түзеледі» десе, кейбіреулері «үкімет жойылса, әркім өз бетімен өмір сүрсе - түзеледі» деді.
«Адам өзі жаратқан иесін танумен түзеледі» десе, жарат¬қан иесін танып күнде бес уақыт намазын оқып, Құранды қақпан қып, елді алдап жүретін молда-сопылардың қылықтарын ойлап қараңыз.
Үкімет жойылса, адам бет-бетімен кетсе, біреу-біреуге жәрдем етпесе, азулы айуандар жекелеген адамдарды жей берсе, қайтіп өмір сүрмек?
Мен көрген адамдар үйренген ғылыммен түрлі қару жасап, улы газдар тауып, басқа адамдарды аң есебінде атып, әлсізді құлданып, жердің бетін адам қанымен бояғаннан басқа бітіргені шамалы.
Ақырында, «өмір - тіршіліктің таласы, сондықтан адам таласып, бірін-бірі қыруға жаралған» деген ой негізсіз, өйткені барлық зат, оның ішінде адам жаратылыстағыдан өзгеретіні сөзсіз.