Әлбетте, сүйген адамыңыздан мұндай сөз есту өте ауыр болары сөзсіз. Сөйтсе де, қайғыға салынып, көз жасыңызды көл қылу мағынасыз нәрсе. Қанша жерден уайымдап, қанша жерден көпшігіңізді көз жасыңызбен суласаңыз да бұдан өзіңізге ешқандай пайда болмайды. Керісінше, дертіңізге дерт жамап, ауырған жүрегіңізді одан сайын ауырта түсесіз. Сондықтан, өз сезіміңізді басқара біліңіз. Ең болмағанда, сөйтуге тырысыңыз.
Оны ауыр сөздермен балағаттаудың қажеті жоқ. Мысалы: "Сұмырай, оңбаған, сенің осындай топас екендігіңді бұрыннан-ақ біліп едім! Жігіт емес екенсің! Нағыз қатын екенсің!" деген секілді. Әрине бұныңызбен жігіттің емес, өзіңіздің абыройыңызды айрандай төгесіз.
Оған қоқан-лоққы көрсетуге тырыспаңыз. "Сенің қандай қатын екендігіңді барлық қыздарға айтамын! Қыздардың бәрі сенің барлық лас тірліктеріңді біліп жүретін болады!", - деген секілді қорқытулар. Оның шешіміне осындай жолмен тосқауыл қою мүмкін емес екендігі белгілі ғой. Тосқауылды былай қойған күннің өзінде, бұл мінезіңізбен кім-кімге де сүйкімді көрінбесіңіз анық.
Кез келген нәрсенің соңы - басқа нәрсенің бастамасы екендігін ұмыта көрмеңіз. Өмір осымен бітпейді. Тіпті, жүрегіңіз оны кешіре алмаса да, барлық ерік-жігеріңізді жиып оны жіберіңіз, ұстамаңыз. Осы уақытқа дейінгі сыйлаған бақытты күндері үшін оған алғыс айтсаңыз, тіпті қатып кетеді.
Сондықтан, сүйгеніңізбен жолыңыз екіге бөлінгеннен кейін, өзіңізді барлық жағынан барынша дамытуға тырысыңыз. Мінезіңізді де, жүріс тұрысыңызды да, сыртқы келбетіңізді де. Дегенмен, оны қайтаруды мақсат қылмай, жаңа өмір бастауға талпынғаныңыз жөн.
Ең бастысы алдағы жаңа онсыз өмірге тез бейімделу үшін құрбыларыңызбен көңіл көтеріп бос уайым ойлануға жіберетін әндерді тыңдаудан аулақ болыңыз.Сеніңіз өзіңізге! Сіз мықтысыз,себебі ішкі сырды бөлісіп отырсаңыз демек бәрін жеңесіз!