Ана туралы баллада
әні: Жақсыгелді Сейілов
сөзі: Аманжол Шамкенов
Әлі есімде, біледі жұрт, біледі,
Ел басына қатер төнген жыл еді.
Қимастарын қан майданға ұзатып,
Қарс айырылған аналардың жүрегі.
Қайырмасы:
О, аналар, осындайсың бәрің де,
Осындайсың жасың-дағы, кәрің де.
Сыйынатын болса өмірде құдірет,
Сыйынар ем ана деген тәңірге.
Соғыс жұлып кетті үйінің тірегін,
Соғыс бұзды қуанышын, реңін.
Тұрды ана күйеуінен айырылып,
Тұрды құшып тек қана оның күрегін.
Қайырмасы.
Ақ сүті оның өтеусіз жай қала ма,
Борышты оған небір дарқан, дана да!
Тірлік сеуіп келе жатқан дүниеге,
Әй, адамдар, жол беріңдер анаға.
Қайырмасы.
Тағы да үміт, шек қала ма арманға,
Өмірге ынтық, ана шөлі қанған ба?!
Ана – үміт, ана – жігер, ана – азамат,
Одан берік, одан нәзік жан бар ма?!
Қайырмасы.
Кестелі орамал
сөзі: А.Лекеров
әні: М.Төлебаев
Кестелі ақ жібек орамал
Алыстан жолдаған сүйген жар
"Жауынгер жарым сен, есіңе ал"
Деп жазған оюлап хаты бар.
Қайырмасы:
"Жауынгер жарым сен, есіңе ал"
Деп жазған оюлап хаты бар.
Есіңе ал еркетай, жазғы таң
Қол қысып құшақтап аттанған
Қас дұшпан мейрімсіз жауыздан
Аяма деп едің қасық қан.
Қайырмасы:
Қас дұшпан мейрімсіз жауыздан
Аяма деп едің қасық қан.
Жас қазақ
сөзі: Ғабиден Мұстафин
әні: Рамазан Елебаев
Қар жамылған кең дала қанға бөгіп,
Күрілдейді сұр аспан өлім төгіп.
Жас қазақ мұрттай ұшты уралап.
Жанын қиып кете алмай жас өмірден,
Асқақтаған арманға өрмелеумен.
Жас қазақ жатты көзі от жайнап.
Сол бетінде жан берді ол, тұрмады,
Ары үшін елімнің боп құрбаны.
Жас қазақ атылды оқтай көре сап.
Ел қорғаған майданда жас арыстан
Төлегендей артыңа қалдыр дастан.
Жас қазақ жатты жауын жаныштап.
Солдаттар, қалғып кетпеңдер
әні: Өмірбек Байбілдаев
сөзі: Ақұштап Бақтыгереева
Көңілдей тұнық көк аспан,
Бақыты жанған әр үйдің.
Күлкісі балғын жарасқан,
Ұйқысы тыныш сәбидің.
Қайырмасы:
Әлі де туған жер үстін,
Кезіп жүр ағаш балдақтар.
Әкеден қалған жеңістің,
Сақтаңдар туын, солдаттар.
Үн қосып жайсаң өмірге,
Бұлбұлдар бақта ән салса да.
Жазылмай жүрген көңілде,
Жара бар әлі қаншама.
Қайырмасы.
Қыздардың үміт, тағдыры,
Оранған гүлге көк белдер.
Сендерге сенген барлығы,
Солдаттар, қалғып кетпеңдер.
Қайырмасы.
Әлия
сөзі: Б.Тәжібаев
әні: С.Байтереков
Қобда, Нева суларын сүйіп өскен
Әсем гүлін құшаққа жиып өскен
Аққу құстың бейнебір баласындай
Сұлу сазды, жастықтың күйін кешкен
Қайырмасы:
Әлия - ару қызы сен халқымның
Әлия - батыр қызы сен халқымның
Ерке құсы сен даламның!
Саған белгі орнаттық мәрмәр тастан
Саған күнде қызыққан мөлдір аспан
Саған күнде жазылған көркем дастан
Саған күнде құшағын көктем ашқан
Қайырмасы.
Шолпан жұлдыз - өзіңсің шоқтай жарық
Көз алмаймыз көркіңнен тоқтай қалып
Туған жердің төсінде мәңгілікке
Тұр ғой сенің жүрегің оттай жанып.
Қайырмасы.
Соғыстан қайтқан солдаттар
сөзі: С. Мәуленов
әні: Т. Әбілхатич
Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?
Кешікпей жарым келер деп,
Төрінен сайлап орынды.
Батысқа қарап елеңдеп,
Ару жүр тосып жолыңды.
Көтерді бәрін ауырдың,
Азамат болып арды ақтар.
Көрдің бе жарын арудың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?
Кетерде солдат жарының,
Ішінде қалған ана жыл.
«Көкемді айтпай танырмын», -
Деп бір сәби бала жүр.
Қайрылмай қалай кетесің,
Хабарсыз қалай ол тоқтар?
Көрдің бе оның көкесін,
Соғыстан қайтқан солдаттар?
Тыныштық - әлемге
әні: Сыдық Мұхамеджановтікі
сөзі: Қуандық Шаңғытбаевтікі
Ежелден халықтар бостандық қалайды,
Ертеңгі күніне үмітпен қарайды.
Сондықтан әлемді аралап,
Тыныштық ұраны тарайды.
Қайырмасы:
Сапқа тұр, ақ ниет адамдар,
Кел, қосыл бейбітшіл шеруге,
Тыныштық жауларын жеңуге.
Тыныштық тулары биікке самғасын,
Тыныштық ұраны қиырды шарласын.
Жетім боп ана мен балалар,
Ойран боп от басы қалмасын.
Қайырмасы.
Қара бұлт тағы да аспанды торлады,
Самсады қарайып зеңбірек орманы.
Жол берме соғысқа, адамзат,
Сен ғана тыныштық қорғаны.
Қайырмасы.
Бейбітшілік сақталады
әні: Әбілахат Еспаевтікі
сөзі: Нұтфолла Шәкеновтікі
Әлем сүйген салтымыз бар,
Бейбітшілік – ел ұраны.
Өмір сүйген халқымыз бар,
Бейбіт елдің біз ұланы.
Қайырмасы:
Халықтар өмірді қорғайды,
Әділет ұранын қолдайды.
Шырқаңдар, кел достар, әр елде,
Бейбіт күн жасасын әлемде!
Қайырмасы:
Қорғау үшін өмір көркін –
Бүгіннен де ертең нұрлы.
Болдырмаймыз соғыс өртін,
Достар берік сапқа тұрды.
Қайырмасы:
Ел ұраны мәңгі анық,
Әр жүректе жатталады.
Қолға алса барлық халық,
Бейбітшілік сақталады.
Қайырмасы.
Майдан жыры
сөзі: Ә. Тәжібаев
әні: Б. Ерзакович
Тиді жау Отанға гүл жайнаған,
Жан болмас аттанбаған.
Жалындай лаулай, қаптаймыз қалмай,
Жүрекпен тайсалмаған.
Қайырмасы:
Отаным әмір берді,
Ашылған күн зор майдан.
Тасқындай ұмтыламыз,
Ағызамыз жаудан қан!
Ақ алмас қайырылмас тағынамыз,
Майданға ағыламыз.
Соғысқа, айуанға кешірім жоқ,
Қанға қан ағызамыз.
Қайырмасы.
Соғыстан соңғы ән
сөзі: М.Әлімбаев
әні: Ә.Бейсеуов
Кербез күй қайда кешегі
Суық жел неге еседі
Қалтырап түзде қайыңдар
"Қалқашың қайда?"- деседі
Аяулым мәңгі сендікпін
Қара бұлт неге көшеді?!
Қайырмасы:
Неге тұр бүгін жайнамай
Қызыл гүл қайда құлпырған?
Неге отыр бұлбұл сайрамай
Неліктен тынды сүйкімді ән?!
Жүзімді көрер, айнам-ай
Ояншы, қане, ұйқыңнан!
Жауынгер құрбым, жан құрбым
Айқасқа бірге сен кірдің
Сескенбей оқтан сен барда
Жауымды естен тандырдым
Жүруші ең жебеп сен мені
Досыңды қайда қалдырдың?
Қайырмасы.
Көтерген туын ерліктің
Қан майдан бітпей, сен біттің
Жеңістің күні келгенде
Махаббат тойын мен күттім
Ғұмыры арман әнімсің
Аяулым мәңгі сендікпін
Қайырмасы.
Дариға, сол қыз
сөзі мен әні: Қ.Аманжолов
Өңімде ме еді, түсімде ме еді
Көріп ем ғой бір армандай қызды
Бір нәзік сәуле күлімдеп еді
Сұрапыл соғыс соқты да бұзды
Сапырды дауыл, тебіренді теңіз
Тулады толқын, шайқалды шың-кұз
Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз
Қайда екен, қайда Дариға, сол қыз?!
Оқ тиді келіп, қайратым кеміп
Барамын сөніп, келмейді өлгім!
Тұрғандай сол қыз жаныма келіп
Талпына берді қайран жас көңілім!
Көрсетпей жүзін, естіртпей сөзін
Каһарын төгіп тұр долы соғыс
Арманым бар ма өлсем бір көріп
Қайда екен, қайда Дариға, сол қыз?!