0 дауыс
10.2k көрілді
Күйші

I

Қамаудың хан ауылы қыр жағында,

Аңқытып ақ орданың бір жағында.

Күйші отыр домбыраны дүрілдетіп,

Құмар қып тартқан күйдің ырғағына.

Буынсыз он саусағы күй қағуға,

Көңіліне тыңдағанның от жағуға.

Бал тамған бармағынан домбырашы

Жан терге түсіп отыр мынау дуда.

Күйшінің қошаметке көңілі тасып,

Бес бармақ маймаң қақты перне басып.

Толқынтып тоқсан күйді дүрілдетті,

Көңілді бірде шымшып, бірде қасып.

Екі ішек жүрек жарып көңіл ашып,

Бірде ойнақ, бірде баяу сыбырласып,

Зарлы күй, ащы күйдің, тәтті күйдің-

Бәрін де лақылдатып төгіп шашып.

Күңіренген бір мұңды күй даланы алды,

Табиғат тып-тыныш бола қалды.

Қырдағы қоян құлан құлақ тігіп,

Қамыстан жолбарыс та ыңыранды..

Күңіреніп «Асанқайғы» күй толғанды,

Желмая желе жортып жерді шалды.

Алатау, Алтай, Арқа, Қырды, Сырды

Аралап, қоныс таппай күй зарланды.

Алатау күй тыңдады ауылдай боп,

Тас балқып толқып жатты бауырдай боп.

Аңқылдап алтын күрек домбырадан

Құйып тұр жазғы жылы жауындай боп.

Қағылды кейде бір күй дабылдай боп,

Бұрқырап кетгі түтеп дауылдай боп.

Әлде күш, әлде дауыл, әлде ат шапқан,

Әйтеуір қырдан көшкен сарындай боп.

Мұз еріп, қатты аяздың кәрі қайтып,

Қас батыр көңілі жұмсап, зәрі қайтып.

Майрылып ақ семсерлер қалайы боп,

Қажытты мұзбалақты күй мұңайтып.

Құлпыртып бәйшешекті кетті шалқып,

Аққудай көкте күйлеп, көлде қалқып.

Ақтарып, лекілдетіп, лепілдетіп,

Талдырып, тамшылатып сығып сарқып.

Біресе ағытылып күй сылдырлап,

Тербетіп тыңдағанның көңілін ырғап,

Бұлақтай таудан тасып, тастан орғып,

Аңқылдап жатыр жосып сайды құлдап.

Күлдірлеп қоңыраудай, күй сыңқылдап,

Бота күй маймаң қақты үн былқылдап.

Қоғадай салбырасып хан, қарасы,

Намазға ұйығандай отыр тыңдап.

Қаққанда деген күйді «Терісқақпай»

Жым-жырт боп тына қалды жел де соқпай.

Домбыра айналаға дүбір салды,

Адақтап жалғыз шапқан жүйрік аттай.

Тартқанда батыр күйін «Қорамсақтай»,

Ақ түтек тұра ала ма боран соқпай.

Ару боп ат артында қалмақ қызы,

Безектеп перне басты шынашақтай.

Күй алды Бақанастың қара өзегін,

Дауылдай бұрқыратып ебелегін.

Қара жер қалқып барып қата қалды,

Саймақтың суырғанда «Сары өзенін».

Үн қылып домбыраның өндіршегін,

Тіл қылып сөйлеп, зарлап екі шегін,

Күңіреніп жұрттың көңілі түйе болды,

Шерткенде Тойтан тартқан «Боз інгенін».

Күн тыңдап кірмей тұрды ұясына,

Бұлт тыңдап мінбей тұрды тау басына.

Мақұлық жерде, көкте маужырады,

Қараған бір жан болмай шаруасына.

Су ақпай жатты тоқтап арнасында,

Қарғалар қалқып қалды жар басында.

Сүйсініп домбыраны тыңдады жұрт,

Тырп етпей, тілеулес боп зарласынға.

Қалмақгың қақты қара жорғасына,

Айналды ақ алмастар қорғасынға.

Мәжіліс міне осындай болып жатгы

Бір кеште хан Кененің ордасында.

II

Хан орда, хан тағында, жайнап көркі,

Күй болып, ұйып отыр есіл-дерті.

Отырған кұлағын caп, құлай тыңдап,

Кенеге үн бір сарын, күй біркелкі.

Қоршаған хан қасында қошаметші,

Даяшы, төленгіті, би, жендеті.

Ауылы Бақанастың өлкесінде,

Арқадан Алатауға ауған беті.

Өзінің ордасында батыр Кене,

Тарттырып домбыраны отыр Кене.

Қиялы домбырамен сыбырласып

Жатқандай шабуыл не? Жортуыл не?

Келелі кеңестер не? Ақ найза не?

He тоқтау толқып жатқан айдын көлге?

Көтерген Абылайлап ала жалау,

Шақыртқы ту бола ма тозған елге?..

«Абылай Көкшетауда көшелі хан,

Кәні, кім ондай болды ұрпағынан?

Ақ туын Абылайдың кім көтерді

Алашта, дүниеден көшкелі хан?

Жау жорық, болды заман жұрт шулаған,

Шаң беріп әржерден бір қиқулаған

Абылай аруағым, ала туын

Көтерсем… көтерілер өшкен ұран…»

Ойынан көшіп жатыр өткен күндер,

Сарыарқа, Көкшетаулар, Жайық, Еділдер.

Көк шалғын керегедей желі тартқан,

Көзінен бұлаң қағып бұйра белдер.

Ат сайлап, қылыш қайрап сарбаз ерлер,

Зеңбірек атанға артқан, найзагерлер

Жарқылдап сыбызғылы күй тартқандай,

Алатау берік қорған, жұмақ жерлер.

Көңілінен Кене ханның кірді ашқандай,

Домбыра ауған елге сырласқандай,

Ел қандай, Арқа қандай,, дұшпан қандай,

Ауған ел арт жағымен жауласқандай.

Тасытып көкірегін кек ашқандай,

Тынбасқа жауды жеңбей, жер жастанбай.

Нажағай ашуында жарқ-жұрқ ойнап,

Бұлтты бұрқыратып от шашқандай.

Көңілден керуендеп күй кешкендей,

Әркімнің өз көндімен тілдескендей.

Батыр да, хан да, қыз да, қазаншы да —

Бәрі бір домбыраға мінгескендей.

Жып-жым-жырт, тыңдағандар тіл кескендей,

Құрыштап құлақгарын үн кескендей,

Сылдырлап кейде қамыс, кейде бұлақ,

Қырдағы қоңыр түнде жыр көшкендей.

Арыстан ашуланса арс ұрады,

Сескеніп жан-жануар жаншылады.

Желді аяқ, шауып тұлпар топты жарса,

Саусақтар үсті-үстіне қамшылады.

Салбырап тыңдап отыр домбыраны,

Домбыра көшіреді, қондырады.

Күйші айдап көшкен елдің күйін тартып,

Қошамет болса қалай болдырады.

Шаңқылдап бірде аспанда тау қыраны,

Күрпілдеп бірде бие саудырады.

Майдалап бірде қоңыр самал соғып,

Бұрқ-сарқ бірде нөсер жаудырады.

Домбыра қарғылады, орғылады,

Манаурап, тыңдаған жан салбырады.

Батырып күймен күнді, көз байлантып,

Күйшінің күйін сонда қойдырады.

Қарашаш ақылы дария, алтын басы,

Әйелдің ақ сұңқары, ханзадасы.

Өз басын мың қараға теңгермейтін,

Кененің кеңесінде ақылдасы.

«Дат!»- деді ханның өжет Қарашашы,

Немере, хан Кененің қарындасы.

«Ханыша, не датың бар?»- деді Кене,

Аңырып тұрып қалды айналасы.

Сырттан қыз сілкінгендей беріп сыртын,

Талайдың айдынымен алған сұрқын.

Иілді «Алдияр!» деп хан алдына,

Қалды ұйып үйдің іші, болды жұрт жым.

«Қамалым, хан данышпан, Кенем — құтым,

Менің де сыртым бүтін, ішім түтін…

Ордадан бұдан артық тілемеймін,

Бер маған осы адамды басы бүтін…»

Көтерді Кене ақырын қыздың басын,

Отырды майда сипап қара шашын.

Жолбарыс жымың қағып сылқ-сылқ күлді,

Қарашаш жарлық күтіп керді қасын.

«Осы ма сұрағаның, Қарашашым?

Қаласа, қалағанын алсын, алсын!

Үйсіннің ерулігі болар бізге!

Бергенім басы бүтін байлап басын!»

Жүйрік жан, маймыл күйші, сорлы маңдай,

Сөзіне түсінбеді қыздың қандай.

Хан: «Бердім басы бүтін» дегеніңде,

Сұп-суық болды көңілі мұз құйғандай.

He жазды бұл осындай іс қылғандай?

He жөн бар хан осынша күш қылғандай?

Әлде өңі? Әлде түсі? He жын соқты?

Өзіне отыр күйші ешбір нанбай.

«Алдияр, маған жарлық еткенің бе?

Байланып басы бүтін кеткенім бе?»

Жіберді күйші сонда солқ-солқ жылап,

Сорғалап сортаң жасы беттерінде.

«Бердім мен ханышаға,- деді Кене,

Сатса да, сойсадағы өз еркіңде!»

«Екі емес хан жарлығы!» десіп жатыр,

Бұғыбай, Бақай, Бұқай дегендер де.

«Көрмеген бұрын орда неткен елсің?

Қылатын қызметің күй күйлерсің.

Жау қуып, отын алып, су құймайсың,

Құдайдан бұдан артық не тілерсің!»

Хан айтты, өкім болды! Жансын, күйсін!

Жігіттің жері Балқаш, руы Үйсін!

Жазығы домбыраны сөйлеткені,

Сонымен кете барды сорлы күйшің!..

III

«Тыңдасын домбырамды хан тағында»

Деп келген сорлы күйші атағына.

Айтылып хан жарлығы кете берді,

Қақтығып орданың бір шатағына.

Ілініп ханның байлау, матауына,

Азат бас айналды оңай ата құлға.

Күйшіні ертіп келіп есік ашты,

Мақпал бау, манат ойған отауына.

«Алдияр!» ауызына азар түсті,

Алақтап алды-артына назар түсті.

Кіргендей болып кетгі бір сарайға,

Алтын мен жібек жайған базар түсті.

Ханыша мынау аппақ сазан түсті,

Көріңді әзірейіл, ажал түсті.

Жыланнан сырға салған жолбарыс қыз

Сықылды жын патшасы дажал түсті.

«Адам ба, осы отырған айдаһар ма?

Ауылдан ажал мені айдаған ба?

«Ақ көбек» күй айтқаны осы болып,

Алдына жарлықпен хан байлаған ба?

Анықта, аңғал көзім байқаңқыра,

Жоқ, өзі түсі жылы, пенде бұ да…»

«Сенікі сонау ірге!- деді ханыша,-

Орын ал, жайлан дағы тарт домбыра!»

Қалтырап буындары, тұрып жүрек,

Жүгінді тізелерін тіреңкіреп.

Жаутаңдап екі көзі, кемсең қағып,

Алдына ханышаның қылды тілек:

— Алдияр, ханыша!

— He айтасың, күйшім?

— Мен үйімді қашан көрем?

— Үйіңде нең қалды?

— Шешем…

— Оны күй біледі!

Сөз бітгі, сонан әрі тілдескен жок,

Қарашаш қайтуына күн кескен жоқ.

Болғанда бүгін мұңда, ертең қайда…

Мекені Кене ханның бір көшкен жұрт…

IV

Арманын — «Не боламын?» ішіндегі

Шешкенін қыздың қалай түсінбеді.

Ақырын айналамен танысты көз,

Айқындап төңіректің пішіндері.

Ақ отау іші-сырты зер кестелі,

Бір тозаң тимегендей ел көшкелі.

Қазына — жібек, жанат, алтын, күміс,

He патша, не хандардың берместері.

Үй іші сап-сары ала, жапқан зері,

Ақ күміс, ауыр тұрман, кім зергері?

Ұстасы Көкшетаудың күміс шапқан

Бақан тұр сырға қылып сәукелені.

Қадаған бітеу үкі, шым кестелі,

Түскиіз түрлентіп тұр керегені.

Құс мамық, атлас көрпе, шайы жастық,

Жолбарыс, аю жатқан іргелері.

Үй- іші қарсақ, түлкі, құндыз, жанат,

Зер тоқып, күміс шауып, ойған манат.

Бөленген осы асылға қыз төсегі,

Күйдіріп көрген көздің жауын алат.

Тауыс па, тоты кұс па жасыл қанат?

Жарықтық жұмақ құсы қайда болад?

Тұсында ханышаның ілулі тұр

Нар кескен — аспаһани қайқы болат.

Ақ отау асыл бұйым тұмшаланды,

Бір үйге жия берген мұнша малды.

Қол жетпес қазынаны көрген шақта

Өзінің шекпеніне құсаланды.

Жасауға үйге жиған көз байланды,

Жібекке алтын, күміс, көз майланды.

Қыдырып күйші көзі түскен кезде

Айдаһар алдындағы қызға айналды.

Қара қас, қылаң қабақ, керқұба қыз,

Қара шаш, алма сағақ, құралай көз.

Сырықгай ордадағы сымдай бойы,

Тал шыбық, қыпша белдің өзі нағыз.

Түлкі қыз қызыл алтай, кер марал қыз,

Ақ қоян, бозша байтал, ақша нар қыз.

Қымыздай балға ашытқан тәтгі қызға,

Жігіттер, бәріңізде-ақ сұқтанарсыз.

Жамылып орман ішік иығына,

Күлкі алып қалам қастың қиығына,

Оралтып шәй көйлекті судыратқан,

Мәсілер зер тоқытқан жұлығына.

Молда айтқан ұшпақтағы хор қызы ма?

Періште, әлде пері, әлде жын ба?

Құлпырып қыздың беті албырайды,

Ұқсаған алтай түлкі жондығына.

Күлкісі тау бұлағы төгілгендей,

Сөйлесе меруерт, маржан себілгендей.

«Алғандай жерден пішіп» деген сұлу,

Көркіне көз тойынып семіргендей.

Алдыңа бір алма ағаш егілгендей,

Кер марал жусап өрген керілгендей.

Бойыңды ішпей-жемей буы мас қып,

Сөйлескен жүрегінен сөгілгендей.

Алды жаз, ескек аңқып жел жүргендей,

Екі ерні ерте піскен бүлдіргендей.

Қасынан бір моланың жүріп кетсе,

Жыбырлап көрдегіге жан кіргендей.

Бәйшешек, балауса, гүл, балдырғандай,

Қаратып шырайына талдырғандай.

Суындай әбілхаят шөлдеп ішкен,

Лебізі сусыныңды қандырғандай.

Тамсантып ауызға бал алдырғандай,

Күйдіріп көкірегіңе от жандырғандай.

Қар кетіп, қу жасарып, аш тойынып,

Кәрі жан жігер бітіп жаңғырғандай…

Жұтқанда аспаһани шарабынан,

Көрініп жұтқан шарап — тамағынан.

Текті құс, теріс азу, ақиық қыз,

Паң қыран, қыр тағысы жаралудан.

Аң іздеп Алатаудың алабынан,

Тастүлек, түлеп ұшқан бала қыран,

Үстіне пенде батып кіре алмайтын,

Қаймығып қарауынан, қабағынан.

Ақылмен, аруағымен елді билеп,

Кей, кейде Кенеге де әкім сөйлеп.

Биі де, батыры да, қарасы да

«Қарашаш айтгы» десе, «мақұл», жөн» деп.

Түйіліп кейде тастай ашу кернеп,

Жайдары, кейде дарқан келсең-кел деп.

Найза алып жау алдынан шықпаса да,

Айырып мақұл, тентек дауды тергеп.

Алыпқаш, кесірлі қыз, ашуы өргек,

Дария ақыл, кесте сөзі тастап өрнек.

Жайдары, жайраң қаққан, жаны бала,

Ән-күйді, ойын-сауық еткен ермек.

Айрылды күйші есінен қызды көріп,

Кірпігін қақпай қалды көзі төніп.

«Адамның арғымағы осы шығар,

Пендеге бітеді екен мұнша көрік?»

Кер торы кәмшат киіп, қасын көріп,

Жұқалап екі бетке еңлік беріп.

«Тарт күйшім!» деп ханыша жарлық етті,

Қанғанда сусын ішіп, бойы сергіп.

Көңілі быж-тыж болған жаңа жылап,

Өзгеріп өзге аранға кеткен құлап.

Ойында тоқсан күйдің бірі де жоқ,

Тантырап домбыраны отыр бұрап.

Соққандай бейне пері талмаусырап,

Түкіріп қайта-қайта, тұрмай құлақ.

He болып, не қойғанын домбыраға,

Ішінен отыр толғап, қыз да сынап.

Домбыра әлі күнге жөнделмейді,

Күйлер жоқ… Қыздың көркі көлбеңдейді.

Бақсыдай жыны буған буыңды күй,

Жынданды… Қыздан өзге күй келмейді.

Жүйрікке тышқан тиді, жүгірмейді,

Домбыра таңқ-тұңқ етіп, күй білмейді.

He пұшық, не мысық боп, не күшік боп,

Мыңқылдап, шәуілдейді, мәуілдейді.

«Сарыөзен», «Терісқақпай», Інген де» жоқ,

«Қалмақ қыз», «Қара жорға» мінген де жоқ.

Есалаң… Ескі күйдің бірі түспей,

He тартып, не қойғанын білген де жоқ.

Саусақтар шаппақ, түгіл желген де жоқ,

Пернеге әлі бір күй келген де жоқ.

Ханыша қарсы алдында күтіп отыр,

Тартасың енді қашан деген де жоқ.

Жіберді бір мезетте қағып-қағып,

Тасқындап тыңнан бір күй қосылды ағып.

Байырғы тоқсан күйдің бірі де жоқ,

Жаңа күй, жаңа жолмен кетті лағып.

Саусақтар ойнап, орғып, қаздаң қағып,

Суырып ішек тілін, мұңын шағып,

Жүйріктің шыны күйі келгенінде,

Шығаннан шыға шаппай тұрсың нағып.

Асқақтап, кейде күйді көкке өрлетіп,

Алыстап, шырқап, сілтеп, әрі кетіп.

Қайырып, қалықтатып, қайта оралтып,

Бірден-бір, ақырын-ақырын төмендетіп.

Ызғытып, өлке өрлетіп, баяулатып,

Соқтырып кейде боран, дауылдатып.

Көңілдің асқарынан тұманды айдап,

Артынан нөсерлетіп, жауындатып.

Ұшырып жер бетімен жазыққа айдап,

Бұрқылдап бірде әлсіреп, бірде қайнап.

Құмайдай түлкі қуған құлдыраңдап,

Қырандай түлкі алатын көзі жайнап.

Бурадай кейде ауызын қарш-қарш шайнап,

Ойнақтап, оқ жыландай андағайлап.

Тұлпардай жер тарпыған пысқырынып,

Жорғадай майда дауыс, кейде маймақ.

Қызарып екі көзі қыз көргендей,

«Кел, кешке күтемін» деп сөз бергендей,

Жете алмай айналсоқтап жүргеніңде,

Жеңгесін жауабымен жібергендей.

Ай жарық, ауыл арты кім жүргендей,

Қызғанып қызды ауылдың иті үргендей.

Атқанша таң талдырып ашық жар жок,

Сарғайтып сарылтып күй өртегендей.

Құмар қып ханыша қыз күйдіргендей,

Құбылып ол да өз ішін түйдіргендей.

Үстінде құс төсектің құшағына ап,

Ернінен ып-ыстық қып сүйдіргендей.

Аққу құс айдын көлге шомылғандай,

Лашын құс өз бойынан қорынғандай.

Үніндей домбыраның дүрілдетіп,

Көк тұйғын қуға түсіп соғылғандай.

Дауасыз дертке ұшырап ауырғандай,

Жарылып жүректен қан ағылғандай.

«Ойбайдың» орайына «асық жарлап»,

Сарылтып сары ауыру, сағынғандай.

Күй төкті күшті қатты құмарланған,

Көзі жоқ, орны қалды мұнарланған.

Әлде қыз, әлде аққу, әлде марал,

Алдында бір сұлу тұр шоғарланған.

Күй жүйрік, кейде түнде сылаңдаған,

Қашаған қыз алдында қылаңдаған.

Құрықтап жетегіне ап жортады күй,

Арты «Аттан» жер күңірентіп ұрандаған.

Кейде күй қыран болып қылмаңдаған,

Алдынан қызыл алтай бұлаңдаған.

Саңқылдап домбырадан бір құмар күй,

Сағынып cap балақгы жұмарланған.

Бұлбұл боп кейде қақсап таңда зарлап,

Торғай боп аспанда ұшып, көкте шарлап.

Басына аққу киіп, дуана боп,

Қасына ханышаның кеп тұр сарнап.

Дуана ақтап отыр — я, аллайхақ!

Сарынын ішіндегі шерге жалғап.

Ойнақгап қара дауыл соқты қырдан,

Ебелек ел алдымен қашты қаңбақ.

Безектеп бір өткір күй құлдырады,

Күйшінің көзінде қыз бұлдырады.

Тамызда таңдай кеуіп талды күйші,

Бір бұлақ мөлдіреген сылдырады.

Ауырып домбыра да ыңыранды,

Санасыз, саусақ қаңғып қыдырады.

Бірде ысып, бірде суып, күйіп-жанып,

Жүректей сандыраған күй жынданды.

Қияңдап кетті мініп қиялына,

Ондайда қиял бойын жияды ма?

Ұмытып қайда екенін, кім екенін,

Быж-тыж боп отыр сорлы қыз алдында.

Әлде қыз, әлде түлкі, кім алдымда?

Үстіне, не боп кеттім, құлармын ба?

Әлде өңім, әлде түсім, қайда кеттім?

Апырмау, бар ма, жоқ па көз орнында?

А, білдім, аққу екен қыз пернелі,

Қыран боп көлден қағып, сілкер ме еді?

Кұс болмай, қыз боп шықса құшағыма ап,

Бетіне қалампырды бүркер ме еді!..

Қыз екен! Ақ тамағын сүйер ме еді,

Алпыс жыл асығына күйер ме еді!

Көрінбей тірі жанға жүру үшін

Құс кебін перілердің киер ме еді!

Құс кепті пері болып көкте қалқып,

Алатау үстінде ұшсаң көз алартып.

Іздесем мына қызды ойдан, қырдан,

Көрінсе жерден бір күн көзім тартып.

Бұрқырап алай-түлей дауылдатып,

Үскіріп, нөсерлетіп, жауындатып,

Аспаннан тіке түсіп алар ма еді,

Ауылын Кене ханның баурымдатып!

Аялап, ақырын ұстап, алып ұшып,

Бауырға басып алып кетсем қысып.

Жерінен жеті дария арман өтіп,

Апарып алтын тауда жатсам құшып.

Қуа алмай жердегілер ізге түсіп,

Қалар ек жете алмасқа біз кетісіп.

Жер соғып қанатымен хан қалар ед,

Тек қана құмалақ caп іздетісіп.

Апырмай, пері болмай, құс болмадым,

Құс болып осы қызға тұс болмадым.

Сонарда құмай болып қуып алмай,

Қу басым, құр сандалдың, түк болмадың…

Апыр-ау, жел боп неге жаралмадым,

Қасына кісі болып бара алмадым.

Жыбырлап ертеңді-кеш аймалақтап,

Бетінен сүймес пе еді самалдарым.

Су болсам сылдыр қаққан, ием иіп,

Жүрер ем денесіне әбден тиіп.

Жуынып меніменен жүрмес пе еді,

Алмас па ем екі беттен шөп-шөп сүйіп.

Су болмай, түлкі болсам орман иық,

Қыз кисе қызылымнан ішік жиып.

Жамылтып үстіндегі ішігіндей,

Құшақтап алсам, әттең, жүрсе киіп.

Болмадым ең болмаса аспанда күн,

Елжіреп анда-санда қарайтұғын.

Жалындап кешке жақын таудан ассам,

Бір бұрып қаратпас па ем бетін мұңын!

Болмадым әлде күміс, әлде алтының,

Білезік білегіңе салатұғын.

Болмадым тым болмаса қауырсыны

Тоты құс сонау тұрған қанатыңның.

Қарар ма ед, әлде, көкте жұлдыз болсам,

Киер ме ед, қамшатына құндыз болсам.

Оймақтай ауызынан жұтылар ем

Ашыған ашығыма қымыз болсам.

От болып ең болмаса маздамадым,

Күйдіре, жақындаса жаздамадым.

Осыған жарық қылып жылындырып,

Қызметін істемедім азғана күн.

Па, шіркін, құдіретім бұған келсе,

Мұқтаж боп қалар еді бұл да менше.

Жел, қымыз, жұлдыз, шуақ, от, су болсам,

Болмадым мұның бірі, кұдіретім жоқ.

Бұл менен айрылар ма ед өмірімше?

Сарылып ізге түстім, індету жоқ.

Ішімді, уа дариға, қайдан білсін,

Айтуға өмірімше менде тіл жоқ.

Жүргенім дәулет пе екен құр күйші боп?

Мен-дағы жігітпін ғой, құл иісім жоқ…

Тумаған төре заттан — сорым-дағы,

Туғаным, әтгеген-ай, Сарыүйсін боп!

Келгенде осы араға қиял мұқап,

Жүйрік ой тоқырады жарға тақап.

Қаңғыбас қиялға ерген адасқан күй,

Сүмеңдеп балдырғандай қақты шоқақ.

Ханыша қарай құлды шын таңырқап,

Үйткені қалған екен күй байырқап.

Тізгінін қайта жинап, қамшы басып,

Жөнелді жазған жүйрік қайта шырқап.

Сабаулап кетті тағы дірілдетіп,

Желдіртіп, маймаңдатып, дүрілдетіп.

Бірде құс, бірде құмай, жігіт болып,

Жетелеп бәрі қызға жүр-жүрлетіп.

Төпелеп тағы шапты дүбірлетіп,

Ақсады тойтырақтап, кібірлетіп.

Түсінген күй тіліне ханышайым,

— «Қой, күйшім, жетер!»- деді жымың етіп.

V

Осылай өте берді талай күндер,

Шертілді шер шығарған талай күйлер.

Айрылып тоқсан күйден қалды күйші,

Бір-ақ күй билеп алып күндер, түндер.

Пәлен деп бастаса да мынау күйлер,

Сындырап өзге жаққа саусақ билер.

Айналып қыздың күйін қылмыңдатып,

Қалмайды бастап тартқан күйден сүлдер.

Бір-ақ күй — қыз күйігі Қарашаштың,

Ханыша есін алып есіл жастың,

Күйшінің көңілінен соққан дауыл,

Лақылдап жүрегінен тасқан тасқын.

Шерткені — сандырағы қызға мастың,

Қызығу алмасына алма ағаштың.

Айрылып тоқсан күйдің торабынан,

Қаңғырған өзге жақга бұл бір қашқын.

Егерде «Домбыра ал!» деп айта қалды:

Бір күйді бас-аяғы қайталайды.

«Ой, бауырым!», «Ақсақ құлан», «Қос келіншек»

Сандырап мұның бірін тарта алмайды.

Тартпайды даңғыл күйді, тайқалайды,

Сүзгілеп өзге бір күй анталайды,

Жүрегі қолын қағып қыз жетелеп,

Кеткенін өзі қайда байқамайды.

Тайпалып жорға болып салдырған күй,

Мейірін тыңдағанның қандырған күй.

Тартқанда зарылдатып, сұңқылдатып,

Аққуды аспандағы қондырған күй.

Лапылдап, мұз көңілді күйдірген күй,

Балқытып мұз жүректі сүйдірген күй.

Тасытып тас емшекті тағдыр болған,

Бота боп нар інгенді идірген күй.

Қажытып қам көңілді жылатқан күй,

Бекітіп жылағанды жұбатқан күй.

Пәлен деп бірауыз сөз айтпаса да,

Әркімнің өз көңліне тіл қатқан күй.

Жорға күй жолда шаңы бұрқыраған,

Жалын күй көкке шапшып лыпылдаған.

Кәріні бала қылып ойнатқан күй,

Бұлақ күй сусағанға сыңқылдаған.

Тәтгі күй, құмарлық күй сылқылдаған,

Ауыру асық дертпен ыңқылдаған.

Домбыра Қарашашты қайыстырды,

Бір тілмен ертеңді-кеш қыңқылдаған.

Соққан жел айдын көлді шайқамас па?

Мүмкін бе күйдің, тілін байқамасқа?

Құршына қыз кұлақтың қақсай-қақсай,

Домбыра өз арманын айта алмас па?

Ап-анық күйдің тілі Қарашашқа,

Күй өткір ақ алмастай түскен тасқа.

Мысқалдап қыз көңіліне ауын жайды,

Қалмады ханышаға құламасқа…

Ханыша анда-санда шерттіреді,

Ол-дағы екі ішектен өрт тіледі.

Қоймады домбыра да сарнай-сарнай,

Ішіне Қарашаштың дерт кіреді.

Қарашаш зеріккенде тартгырады,

Қағынтып, жындандырып, қақтырады.

Сорлыны қалшылдатып күй безгегі,

Күйшіні қара терге баттырады.

Тартгырып, іші пысса күй тыңдады,

Күй шіркін ылпылдады, бипындады.

Күйшінің ауыруы күйден жұғып,

Жыбыршып ханыша да құйтыңдады.

Дәмденіп шерлі күйі сылқылдады,

Жалынған жалынды бір жыр тыңдады.

Жыбырлап, сыбырласып бір тәтті күй,

Ханыша домбырадан сыр тыңдады.

Белгілі ханышаға күй мазмұны,

«Қызық бар, қыз қызықтар» деген тілі.

Ойға айдап, ханышаны қырға қуып,

Әкетгі қызды қағып күйдің жыны.

Тартылған бір тәтті күй күні-түні,

Қытықгап ертеңді-кеш күйдің үні.

Бірде бал, бірде шарап кезек беріп,

Жуып жүр қыз жүрегін күй сылдыры.

Ол-дағы екіленді домбыраға,

Домбыра қақсай бермей болдыра ма?

«Тартпа!» деп күйді кейде тоқтатады,

Өйтпесе ышқынған күй оңдыра ма?..

Жынды күй жылыта ма, тондыра ма?

Көшіріп қыз көңілін қондыра ма?

Қаһарлы ханышадан көлеңке жоқ ,

Ала өкпе болды, кетті ол бір бала.

«Тарт! Тарт!»- деп алағызып кейде шалқып,

Күй тыңдап отырады бойы балқып.

Қызықгап қиялымен күйге толқып,

Уһлеп кейде шерін іштен сарқып.

Сапылдап кейде көңілі көлдей толқып,

Асқақтап, кейде сөйлеп, желе жортып.

Түйткілді әлденені ойға алғандай,

Ышқынып өз-өзінен кейде қорқып.

«Апырмай, неткен жігіт күйі тәтті?

Күй бар ма екен күйігі мұнша қатты?

Өмірдің бар қызығы домбыра екен!

Жалмап жеп жүрегімді қайда тартты?.

Күй тәтгі-ау… Көк балбырап, күн мұнартты,

Күңгірт не? Көлеңкені күн ұзартты…

От алды Алатауды, кеш кірді-ау күн…

Әлде күн, әлде көкті күй қызартты?

Маймыл ма, саусақтары неткен епті?

Осындай тәтті күйді қайда шертті?

Міндіріп домбыраға ап кеткендей,

Күй шіркін көкке ұшырып кетсе нетті?

Бұлақ па мынау күйі сылдыр етті,

Барады жүректегі жуып дертті.

Егіліп қайыршақтай жұмсардым ба,

Қайратым қара тастай қайда кетті?

Беу шіркін, таудың күйі, тастың күйі!

Құмартқан бір нәрсеге мастың күйі.

Сылқылдақ міне бір күй тым тәтгі екен,

Қосылып қызықтаған жастың күйі!

Соғады кейде суық мұздың күйі,

Мұз жатқан қарлы Алатау, құздың күйі.

Осы-ақ қой, жаза басып, жаңылмасам…

Толғанған жар сағынып қыздың күйі!

Беу жаным жігіт екен! Бағлан торы!

Безектеп не қылмақшы мынау қолы?

Есіл ер хан боп неге тумады екен?

Қарадан неге туған, алда сорлы?

Түу шіркін! Мынау бір күй неткен оңды!

Балқытгы-ау, ішіме бір жылу толды.

Хан ием тағында ағар, мұны берген!

Бұлбұлым, бұл байғұзым, күйшім болды!

Бұл сорлы Дулат па екен, Үйсін бе екен?

Күйшім боп өміріне жүрсін бе екен?

Сүйкімді, жігітгің бұл бұлбұлы ғой,

Қарашаш осыған-ақ тисін бе екен?

Бұ сорлы күйді неге үйренді екен?

Күйата бұған дарын жүрген бе екен?

Қарашаш мұны қалап алдым десе,

Хан Кене намыстанбай ти дер ме екен?

Жок, болмас! Ауырдым ба, жындандым ба?

Қараға хан затымды былғармын ба?

Бұл менің басыбайлы бір маймылым,

Тиюге енді маған құл қалды ма?!

He болды? Ауырдым ба, жындандым ба?

Жоқ әлде түңлік жауып, ұрлармын ба?

Төсіме құл басымен шықса мынау,

Сүйекке кетпес таңба ұрмаймын ба?

Қарайтып хан басымды итіме исем,

Аузыма тас толмай ма мұны сүйсем.

Сұлтандай сүйегімді сындырмаспын!

Өзіме өз ауруым, жансам-күйсем…

Аузыңа сорлы бейбақ ерік берсең,

Айтқанын домбыраның сөйлеп көрсең!

Алмадай, басыңды алып алдаспаным,

Жазаңды не істеген біліп өлсең!

Соқ жігіт! Соқ! Соқ! Жігіт! Күйіңді тарт!

Тоқтатпа, «Тарт!» дегенім — қылғаным шарт!

Толғауы тоқсан күйдің бір-ақ күй бар —

Сылқылдат! Бастыр! Бастыр! Қадалт! Қадалт!

Соқ жігіт! Соқ! Соқ жігіт! Күйіңді тарт!

Лапылдат! Жандыр! Күйдір! Құмарт! Құмарт!

Безілдет! Сарнат! Зарлат! Үздіктірші!

Керек жоқ! Лақтыр әрі! Қысқарт! Қысқарт!

Ханыша осылайша ауырғандай,

Аһласа, кейде демі тауды ұрғандай.

Жатады күйді тыңдап кейде жылап,

Жастыққа жылы жаңбыр жаудырғандай.

Қояр ма жалын күйге жан жынданбай,

Бей-жай боп жалғыз өзін жау қуғандай.

Еріксіз домбыраны тыңдай-тыңдай,

Қалады айдалада қаңғырғандай…

Күңде күй, күнде думан қыз алдында,

Ханыша ішін жармай, өз салтында.

Төпелеп домбырасын күйші де жүр,

Күйімен жұдырық қып хан артында.

Оңаша ханышайым отауында,

Отауы оңашалау орта ауылда.

Үстіне рұқсатсыз жан кірмейді,

Жалғыз-ақ домбырашы жатады онда.

1 жауап

0 дауыс

Ілияс Жансүгіровтың "Күйші" поэмасы


Қазақ поэзиясында бүгінге дейін өнер жайында көп жазған және көркемдіктің шыңына жеткізе жазған І.Жансүгіров пен теңдесер қаламгер жоқ. Сонау 20-жылдардың бас кезінде өмірге келген "Әнші" өлеңінен басталған бұл тақырып тек қазақ әдебиетінде ғана емес, қазіргі әлемдік поэзиядағы айтулы туындылар санатындағы "Күйші" мен "Құлагер" сияқты классикалық поэмаларға ұласты. Акынның осы екі аралықтағы шағын көлемді, бірақ керемет суретті, екпіндеп ескен желдегі көтеріңкі лепті туындылары жоғарыда талданды.


Ілиясты ылғи да ән-күйдің әсерінен туған, өзіне ғана мағлұм күшті сезімдер булықтырып жүретін болса керек. Ол соларды сарқа, ақтарыла бір, құйқылжыта, нөсерлете бір жырлауға біртіндеп жақындай берген тәрізді. Осы жолдағы оның асқан бір айтулы белесі - өзінің қазақ күйлерін жетік білетінін, олардың сыры мен сипатын нәзік сезініп, оларды өздеріне лайық көп бояқты құлпырған тілмен суреттеп бере алатын ерекше талант екенін танытты. Поэманың басты кейіпкерін:

Қобызшы Малқыбай шал Матайдағы


Матайда Кенже, Тұңғат, Сақайдағы


Қазақта қобызшының қалғаны сол,


Жорға еді маймаңдаған бақайшағы, - деп таныстыруынан-ақ күй құдіретіне елтіп, шарықтаған   шабыттың екпіні сезіледі. Осы "жарықшақ үні тозған  қаңсыған", "еңкейіп екіндідей күні кеткен" шалыңыз кім десеңіз:                                                            


Қобызшы ол "Ақ көбікті" аңыратқан


Боздатып "бозінгенді" күңіренткен.

Малқыбай қобызшыдан ақынның бала кезде тыңдаған "Бозінген" күйінің әсері шер-күйік боп жүрегіне байланып  қалғанын сол күй жайындағы поэмада суреттелген аңыздан анық байқаймыз.


Міне, осылайша Ілияс асудан-асу бел асып келіп, 1934 жылы өзінің әйгілі "Күйші" поэмасын жазды. Поэма оқырманды салған жерден тау өзенінің арынды ағысындай үйіріп әкетеді: оқиға Арқадан ауып Жетісуға келген хан Кененің ордасынан басталады. Абылайдың арыстан жүректі немересін ардақ тұтып, сыйлаған халық, Жетісудың  ығайы мен сығайы оның құрметіне ту бие сойып, той жасап, ерулік беріп, тарту-таралғы ұсынып, жік-жапар болуда. Поэманың қаһарманы Сарыүйсін руынан шыкқан салт атты, сабау қамшылы бір жігіт сондай той-думанның біріне тап болады. Бар жақыны - жар дегенде жалғыз шешесі ғана. Ел оны күйші деп қана атайды. Ешкім есімін ауызға алмайды, сірә білмейтін болса керек. Бірақ сол аты жоқ Сарыүйсініңіз осында жиналған хан мен қараны тамсандыруда:


Аңқытып ақ орданың бір жағында


Күйші отыр домбыраны дүрілдетіп,


Құмар қып тартқан күйдің ырғағына.


Оның күйін тыңдаған жұрт:


Жып-жым-жырт тыңдағандар тіл кескендей,


Құрыштап құлақтарын үн кескендей.


Сылдырап кейде қамыс, кейде бұлақ,


Қырдағы қоңыр түнде жыр көшкендей.


Оның тартқан алуан түрлі: зарлы, ащы, тәтті күйлері тас бұлақтың суындай лақылдатып, біресе жүректі шымырлатып, біресе көңіл шымшиды." Асан Қайғы", "Теріс қақпай", "Сарыөзен", "Бозінген", "Қаражорға", "Қорамсақ" күйлері Алатау, Алтай, Арқа, Қыр, Сырды шарлатып, Ұлы Дала аумағында өткен ел тарихын елестетеді. Осыларды автор:


Анқылдап алтын күрек домбырадан


Құйып тұр жазғы жылы жаңбырдай боп, - деп суретті сөзге көшіреді.


Табиғат тып-тыныш бола қалды.


Қырдағы қоян, құлан құлақ тігіп,


Қамыстан жолбарыс та ыңыранды.


Күн тыңдап кірмей тұрды ұясына,


Бұлт тыңдап, мінбей тұрды тау басына.


Мақұлық жерде, көкте маужырады.


Қараған бір жан болмай шаруасына.


Су ақпай, жатты толқып арнасында,


Қарғалар қалқып қалды жар басында.


Сүйсініп домбыраны тыңдады жұрт,


Тырп етпей тілеулес боп зарласынға.


Осылайша, адам түгіл, жан-жануар, өлі, тірі табиғатты манауратқан Күйшіні ханның қарындасы - " Ақылы дария, алтын басты, әйелдің ақ сұңқары, ханзадасы" Қарашаш — ағасынан басы бүтін сұрап алады. Бишара күйші не күйге ұшырағанын аңғара алмай, ханшаның соңынан сүмірейіп кете барады. Құлағында хан Кененің:


Үйсіннің ерулігі болар бізге,


Бергенім басы бүтін байлап басын, -деген мұздай сөзі.


Поэмаға өзек болған негізгі идея - қазақ халқының тоқсан тарау,   яғни мың сан күйінің терең өмірлік сырын, көп қырлы эстетикалық қасиетін ашып көрсету. Бұл Қарашаш пен Күйші арасындағы терең психологиялық тартыс, адам сезімдерінің алапат шарпысуы арқылы беріледі.


Ә дегенде Қарашашқа тұтқын, құл болдым деп есеңгіреп қалған Күйші біртіндеп есін жиып, үй ішінің көріністеріне көзін салады. Небір асыл дүние-жиһазбен сәндеген ханша отауының гүл-гүл жайнаған ішкі жасауы Күйші сезімін арбап, көңілін сергітеді. Алғашында айдаһардай әсер еткен ханша енді:


Қара қас, қылан қабақ, кер кұба қыз


Қарашаш, алмас  сағақ, құралай көз.


Сырықтай ордадағы сымдай бойы,


Талшыбық қыпша белдің өзі нағыз.


Түлкі қыз қызыл алтай, кер марал қыз,


Ақ қоян, бозша, байтал, ақша нар қыз.


Қымыздай балға ашытқан тәтті қыз,-болып көрінеді. Оңаша тыныш сәнді отауда осылай елестеген сұлу Қарашаш   Күйшінің жүрегінде ғашықтық отын  жандырып, құштарлық сезімін лаулатады. Осыдан кейін үйреншікті күй тілі кенет жаңа, сұрапыл, ыстық  тасқын боп бұрқайды. Оқырман жалынды жаңа саздың туу сәтінің  куәгеріне айналады, өнер психологиясын аңдайды.


Күйшінің жан дүниесін баурап алған құштар сезімді бейнелейтін жаңа шығарма тудырған шабыт құшағындағы кезі былай суреттеледі:


Саусақтар ойнап, орғып, қаздаң қағып,


Суырып ішек тілін, мұңын шағып.


Жүйріктің шын күйі келгенінде


Шығаннан шыға шаппай тұрсың нағып.


Асқақтап, кейде күйді көкке өрлетіп,


Алыстап, шырқап, сілтер, әрі кетіп,


Қайырып, қалықтатып, қайта оралтып,


Бірден-бір ақырын-ақырын төмендетіп.


 Ызғытып, өлке өрлетіп, баяулатып,


Соқтырып кейде боран дауылдатып,


Көңілдің асқарынан тұманды айдап,


Артынан нөсерлетіп, жауындатып...


Күй ырғағын, әуен-сазын айнытпай бейнелеп, нөсерлеткен, тасқындай үдей жөңкілген сөз түйдектері кім-кімді де тырп еткізбей, баурап алады.


Домбыра бебеулетті, безілдетті,


Кернетіп кең даланы кезіп кетті.


Біресе қашағанды қырда қуып,


Ән шырқап қоңыр түнде, қой күзетті,


дейді тағы да.


Қазақ күйінің табиғатын қазақ болмысының көрінісі, қимыл-әрекеттерімен мұншама дәл бейнелеу үшін солардын бәрін керемет сезімтал жанмен білу және асқан талант қажет екені көрінеді.


Сұлу қызға көңілі кеткен күйші неше алуан сезім толқындарын, күшті психологиялық толқуларды басынан кешіреді. Сондай сәттерде күйші жігіт біресе түлкі алатын құмай тазы, аққуға түскен тұйғын құс тұрпатты періге де айналып, ханшаны Алатаудың үстінен алып ұшып, жеті дариядан аман өтіп, алтын тауға апарып, кұшып та жатады.

Ал қиял қанаты талып, өзінің шын болмыстағы отырған жеріне оралғанда: ханша - Қарашашты, қарашы Сарыүйсін - өзін көреді. Арадағы тұңғиық - әлеуметтік теңсіздікті көреді.


Күй құдіреті Қарашашты да балқытып, құштарлық жалынына шарпытып, бір сәт басқа дүниенің бәрін ұмыттырып жібереді.


 

Бұл сорлы Дулат па екен, Үйсін бе екен?


Күйшім боп өміріне жүрсін бе екен?


Сүйкімді жігіттің бұл бұлбұлы ғой?


Қарашаш осыған-ақ тисін бе екен?


Бұл сорлы күйді неге үйренді екен?


Күй ата бұған дарып жүрген бе екен.


Қарашаш мұны қалап алдым десе,


Хан Кене намыстанбай, ти дер ме екен? дейді бұл сәтте. Бірақ ол да өзі отырған үйдегі шын өмірге оралады.


 Жоқ, болмас, ауырдым ба, жындандым ба,


 Қараға хан затымды былғармын ба.


 Бұл менің басыбайлы бір малайым


 Тиюге енді маған құл қалды ма?!


Екеуі де ғашықтық құштар сезімнің құшағында өздерін- өздері арпалысқа түсірген психологиялық тартыс желісін Сапақ оқиғасы үзіп жібереді. Күйші мұның қайсысы - өң, қайсысы - түс екенін ажыратудан қалған. Қарашаштың төсегіне барған мен шығармын, біткен жерім осы болар деп, өлі мен тірінің арасында тұрғанда, Қарашаштың домбырашыға тап берген қызметшісіне: "Қолыңды қоқаңдатпа' күйшіме!" - деген әмірін құлағы шалып, жан шақырады.


Қарадан шыққан жігіт Сапақ бізді басынды деп, болған-болмағаны белгісіз болымсыз бірдеңе үшін күллі елді қынадай қырып тастағалы отырған ханшаға Кене "қой"  демейді, бөлтірікке бөрі ырық береді, арыстан тісі ақсиып , сырттан барлап отырады. Ақыры амалы құрыған, қалың жұртты босқа қырғызғанша, жалғыз құрбандықпен құтылмақ болған үйсін пәлекеттен дулат Сапақты Қарашаштың алдын алып келеді. Қарашаш ақырғы сәтте демін ішіне алып, күйзеліп тұрған ел мен өлі-тірінің аралық халіндегі Сапақтың әкесі Әлімкұлга қарап: "Қайтейін қылышымды қандап соған. Көбіңе қидым", - деп Сапақты жөніне жібереді.                                                                   


Осы оқиғаның бәрін бастан аяқ көзімен көріп, Қарашаштың каһарына   мініп, қан төкпек болғандағы айдаһар сықылды ұсқыны күйшінің жан дүниесінде орасан өзгеріс жасайды: кұмарлық сезімін де, одан от алған жүрек тербетер " жалын күйін де сөндіріп тастайды.                                     

Поэмада әділетсіздікті, зорлықты тізе бүктіретін ұлы күш, бостандыққа, азаттыққа жеткізетін құдірет - өнер деген идеяны ақын тамаша суреттер, поэтикалық көркем образдар арқылы терең толғап жеткізген, сонымен қатар онда ондаған күйлердің әлеуметтік мәні, тарихи негіздері, эстетикалық нысанасы ашылып, олардағы образдар, суреттер айқындалған. Соның бәрін ақынның қалай біле бергені таңдандырады. Және әрбір күйдің өзіндік сипаттарын ашық, бейнелеген кездегі басқа ешкім айтпаған, тек Ілияс қана қолданған, тапқан теңеу, образдар қаншама. "Қоғадай салбырасып, хан, қарасы, намазға ұйығандай отыр тыңдап", "домбыра айналаға, дүбір салды, адақтап жалғыз шапқан жүйрік аттай", "батыр да, хан да, қыз да, қазаншы да – бәрі бір домбыраға мінгескендей", "жыланнан сырға салған жолбарыс қыз", "қалтырап, қырау тұрып жүрегіне", "ыңыранып белі кеткен жолбарыстай", "толғантып тоқсан түрлі қыз көңілің, жүректің жазы шығып, жаңбыр төкті", "Таратып тоқсан күйді жібердің деп" бір жақтан керең бір ой күңкіл қақты", т.б. Ылғи осылай. Бұл теңдесі жоқ ғажайып поэмада: күй - өлеңге, өлең - күйге айналады. Ілиястың өзі ақын - сазгер мен сазгер-ақын болып кетеді. Күй мен өлең бір тілде сөйлейді. "Күйші" поэмасы - романтикалық сарында шалқыған шабытпен, поэзиялық құдіретті қуатпен жазылған, қазақ әдебиетінде теңдесі жоқ үздік туынды.

маған шығарма керек.
Осындай шығарма жарайды ма?))))
...