+2 дауыс
51.5k көрілді
Әбдіжаппар Әлқожа жайлы өмірінен мәліметтер айтасыздар ма? Менің сүйікті әншім! Ол жайлы толығырақ білгім келеді?!

2 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап

Әбдіжаппар ӘЛҚОЖА, әнші: РОЗА ӘПКЕМ БОЛМАСА... 
«МҰҒАЛІМНІҢ БАЛАСЫ БҰЗЫҚТЫҚ ЖАСАП ЖҮР» ДЕГЕН АРЫЗ-ШАҒЫМДЫ КӨП ЕСТІДІМ

– Cіз жайында әпкеңіз, әнші Роза Әлқожа бір сұхбатында: «Өнерді сүйіп, осы салаға өз жүрек қалауымен бет бұрған інім» деген екен. Ең алдымен киелі өнер өлкесіне басқан алғашқы қадамыңыз туралы өз аузыңыздан естісек. 
– Кеудеде асыл армандардың оянар кезі балалық шақ қой. Өнерге деген іңкәрлік сол бал дәуреннің алтын бесігі болған мектеп кезінен басталды. Күні бүгінге дейін көз алдымда, түрлі мәдени шаралар мен концерттерге қатысып, ән айтатынмын. 6-сыныпта оқып жүргенімде әпкем Роза өнерімді байқап, Алматыда әнші-продюсер Алтын Махамбетова ұйымдастырған «Әнші болғым келеді» атты концертке қатыстырды. Әлі есімде, «Бақыт қайда?» атты өлеңіне ән жаздыртып, мені алғаш Республика сарайының үлкен сахнасына алып шығып, үлкен өнерге тұсауымды кесіп еді. Одан кейін көп ұзамай Алматыдағы «Мен бақытты баламын» атты байқауға қатыстым. Міне, өнер жолым осылай басталған болатын. 2008 жылы 9-сыныпты бітірген соң, Роза әпкем: «Алматыда Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі бар. Соған оқуға тапсыр, бағың жанса көрерсің, болмаса 11-сыныпқа дейін оқуыңды жалғастырарсың», – деді. Содан аталмыш колледждің эстрадалық вокал мамандығына оқуға тапсырмақшы болдым. Алайда бұл мамандыққа 17 жастан бастап қабылдайды екен. Жасым жетпегендіктен актер мамандығына түстім. Сонда да әнге деген ынтызарлығым басылған емес. 2011 жылы Роза әпкем екеуміз бірлесіп «Иман келтіру» және «Ақ тілек» атты екі ән жаздырып, оны әпкемнің «Мен сыйға тартқан орамал» атты концертінде орындадық. Одан кейін жеке әндер жаздырта бастадым.
– Халыққа танымал болуыңызға тікелей әпкеңіздің ықпалы тиді ме, жоқ әлде өзіңіздің тынбай еңбек етуіңіздің арқасы деп түсіндіресіз бе?
– Тек қана өз еңбегімнің арқасы дей алмаймын. Өйткені осы күні халық мені Әбдіжаппар Әлқожа деп таныса, ол Роза әпкемнің арқасында деп ойлаймын. Ол ылғи жеке концерттерінен қалдырмай, әндеріме үнемі аранжировка жасатып береді. Өзі ұнатып тұрған ән болса да маған ұсынып, ақыл-кеңестерін айтып отырады. Қазір өзім де жұмыс істеп, әпкеме салмақ салмайтындай деңгейге жеткендеймін. Әпкем болмаса өнерде көрінбей қалуым да мүмкін еді. Өйткені өзім арманыма қол жеткізу үшін өздігімнен әрекет жасамайтынмын. Мақсатқа жету үшін де талпыныс керек екен ғой. Оның бәрін енді түсіндім. 
– Өзіңіз туралы жұрт біле бермейтін мәліметтерді де айта отырсаңыз. 
– Мен 1992 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келдім. Мақтаарал ауданының арғы қырында Амангелді деген ауыл бар. Балалық шағым сонда өтті. Кейін ол жер Өзбекстан аумағына кіріп, туған жердің топырағына табанымыз тимей зар боп қалдық. Қазір ата-анам Шымкентте тұрады. Өзім алты баланың кенжесімін. Сондықтан шығар, әке-шешемнің маған деген көңілдері ерекше. Мені ғана еркелеткендіктен, өзімді олардың ең сүйікті балаларындай сезінетінмін. Әпкем Роза ата-әжесінің қызы болды. Ал үлкен ағаларым ерте есейді. Барлығы менің қамқоршыларым. Сахнаға шығып ән айтқанымда анам көзіне жас алып, тамсана тыңдаса, әкем үнемі жетістіктерімді мақтанышпен айтып жүреді. 
Бала кезімде өте бұзық болдым. Анам 25 жыл мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Бұзықтығымның кесірінен анамды талай ұятқа қалдырдым. «Мұғалімнің баласы осындай бұзықтық жасап жүр» деген арыз-шағымдарды көп естідім. 
Мені өнерге алғаш баулыған анам еді. Кеңес заманында анам дәстүрлі әнші болыпты. Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова апаларымызбен қатар үлкен сахналардан көрініп, телеарналарға шығып ән айтқан. Әкем анамды алғаш Мақтаарал театрында қызмет етіп жүрген кезінде көрсе керек. Ұнатып, кейін алып қашқан екен. Анамның өнер жолында жүруіне әкем қарсы болмаған. Алайда әкемнің туыстары қарсылық білдіріпті. Ол кезде халық, әсіресе үлкен кісілер өнерді кәсіп етуді хош көрмеген ғой. Сөйтіп, тұрмыс құрған соң анам өнерден қол үзіп қалған.

ТЕГІМДІ ӨЗГЕРТУГЕ ТҮРІМНІҢ ӨЗГЕ ҰЛТҚА ҰҚСАУЫ СЕБЕП БОЛДЫ
– Көп адам сізді өзге ұлттың өкіліне ұқсатады. Бұл туралы өзіңіз не дейсіз? 
– Алматыға келгелі бері бұл сауал маған жиі қойылатын болды. Алғашында әжептәуір намыстанатынмын. Орысша білмейтін қазақ балаларының маған «здравствуйте» деген кездері де болды. Дүкенге кірсем де қаракөз қазақ қыздары орысша тілдесетін. Расымен де, мені көпшілік қазаққа ұқсатпайды. Руым болса қожа. Ол – қазақтың Үш жүзіне де жатпайтын, түбі арабтан шыққан, кезінде қазақ даласына ислам дінін алғаш таратқан бабаларымыздың руы. Осы елге сіңісіп, қазақ болып кеткен. Бәлкім, түр-әлпетімнің басқа ұлт өкіліне ұқсауының себебі осы шығар. 
– Алғашында сіз сахнаға Мәліков деген текпен шығып жүрдіңіз, кейін Әлқожа деп өзгертуіңіздің себебі неде?
– Өйткені атамның аты Мәлік еді. Тегімді өзгертуіме түрімнің өзге ұлтқа ұқсайтындығы басты себеп болды. Бір жағынан, Роза әпкеммен қосыла ән шырқап, концерттерге Әбдіжаппар Мәліков деп шығып жүргенімде көпшілік «інісі ме, інісі емес пе?» деп күмән келтіре бастады. Тойға барсақ та, сахнаға шықсақ та, «Інісі деуге мүлдем келмейді, ұқсамайды ғой, қасына өзбекті ертіп алған ба?» деп қалжыңдап тиіскендер де кездесті. Содан бір жолы әпкемнің өзі: «Сен Әлқожа болып шық, осы текпен жүрген мен жаман болған жоқпын. Халық танып жатыр, елдің ерке қызына айналдым, жұрт әнімді тыңдап, батасын берді. Халықтың көзі тура болсын. Әбдіжаппар Әлқожа деген саған әдемі жарасады. Солай өзгертейік», – деп ұсыныс жасады. Әпкемнің сөзін жерде қалдырмай, мен де мақұлдадым. 
– Репертуарыңызда бас-аяғы неше әніңіз бен бейнебаяныңыз бар? Қазір қандай жобаларды қолға алдыңыз? 
– Жалпы дуэттерімді қосқанда бас-аяғы 30-ға жуық ән мен 5 жеке, 2 дуэт түріндегі бейнебаяным бар. Роза әпкем екеуміз осы күзде Астанада концерт береміз деп жоспарлаған болатынбыз. Алайда әпкемнің бесінші перзентін күтіп жүруіне орай бұл жоспар кейінге қалдырылды. Қазір сұраныс түскен жерлерге жеке концерт беріп жүрмін. Бәлкім, бұл да менің кәсіби деңгейімді шыңдауға септігін тигізер. Әпкемді күтіп отырмай, еңбектене бермекпін. Енді менің де оған жәрдемдесетін кезім келді-ау деймін. Жуырда Қаскелең, Қапшағай өңірлеріне барып жеке концерт беру ойда бар. Сондай-ақ жаңа әндер жаздыру үстіндемін.

БІР ҚЫЗҒА ҚОЛЫМ ЖЕТПЕЙ ҚАЛҒАН
– Жеке өміріңіз жайында не айтасыз, сүйіктіңіз бар ма?
– Сүйіктім әзірге жоқ. Асау басқа тұсау салуға асыққым келмейді. Себебі атқарар ісім мен алға қойған жоспарларым көп. 
– Қоңырау шалып, мазаңызды алатын бойжеткендер қатары аз емес шығар?
– Мені ағасындай көріп, анда-санда хабарласып, хал-жағдайымды сұрап тұратын парасатты, ақылды қыздар бар. Сол үшін де оларды жақсы көремін. Осындай қарындастарымның «Жаңа әніңіз ұнады, бейнебаяныңыз жақсы шығыпты» деген сөздері мені әрі қарай еңбек етуге шабыттандыра түседі. Үнемі қоңырау шалып, үндемей тұратындар да бар. 
– Болашақ жарыңыздың қандай болғанын қалайсыз? 
– Қай кезде де жағдайымды жасап, өнерді түсінетін, үйге келген кезде жылы қабағымен қарсы алып, көп қоңырау шалып мазаламайтын, қатты қызғанбайтын, иманды қыз болса деймін. Бес уақыт намаз оқыса тіпті жақсы. Бастысы, өнеріме ешбір зияны тимесе екен. Жалпы, өнер адамдарының ішінде үлгі ретінде Сәкен Майғазиев ағамыздың келіншегін айтар едім. 
– Сіз үшін өмірлік жарыңыздың сырт келбеті маңызды ма, әлде жан дүниесінің сұлулығы басты назарда ма?
– Мен үшін екеуі де маңызды. Сымбатты да ақылды қыздар біздің қазақта өте көп. Бірақ әрбір жігіттің оларға қолы жете бермейді. Өйткені ондай қыздар өз ортасында ғана жүреді. 
– Сөзіңізге қарасам, қолыңыз жетпей қалған ғашығыңыз болған секілді... 
– Менің бір қызға қолым жетпей қалған (күліп алды). Өзімнен жасы үлкен еді, басты себеп сол болды. Екінші себеп, оның бой жетіп, тұрмысқа шығатын уақыты болған еді. Мен ол кезде кішкентай болдым ба, болмаса түсінігім жетпеді ме, әйтеуір, сырттай ғана ғашық болып қала бердім. Ол қыз кетті, мен қалдым дегендей. Міне, осындай бір ғана оқиға болған. Ал қазір ұнататын қызым жоқ. Бірақ көңілімнен шыққан қыз болса, қарап қалмаймын (күліп). 
– Өмірдегі жеке ұстанымдарыңыз қандай? 
– Жалқаулығым басым, ұмытшақтығым да бар. Көп жұмысты артқа шегеріп қоятын әдетім де жоқ емес. Бірақ әкемнің «Алла пейіліңе береді, пейіліңді қанша кең қылсаң, сонша елмен тең боласың» деген сөзін жадымнан шығармаймын. Кеңпейіл болуға тырысамын. Біреуге ренжуге, біреуді ренжітуге қорқамын.

МЕНІҢ ЕКІ МІНЕЗІМ БАР 
– Сахнадағы Әбдіжаппар мен өмірдегі Әбдіжаппардың арасында айырмашылық бар ма?
– Айтарлықтай айырмашылық жоқ. Сахнада қандай мұңды ән айтсам, өмірде де солай еңсемді мұң басып жүретін кезім жиі болады. Қандай көңілді ән айтсам, сондай көңілді жүретін күндерім де жоқ емес. Жалпы, менің екі мінезім бар. Бір жаман әдетім – көп уәде беріп алып, орындауға үлгере алмай жүремін. Сол үшін мені достарым кешірсін. Баратын жеріме де көбіне кешігіп жетемін. Әйтеуір, Алматының кептелісіне рахмет, үнемі соны сылтау ете қоямын (күліп).
– Роза Әлқожамен бірлесіп түсірген «Әпке» атты бейнебаян өмірден алынды десек шындыққа жанаса ма?
– Ол тұнып тұрған шындық. Әпкеме бейнебаянға қатысты біраз ұсыныстарды мен айтқам. Әні мен сөзі ақылдаса келе жазылды. Бейнебаяндағы тентектік бойымда бар. Күнімен ұйықтайтыным, түнімен қыдыратыным да шындық (күліп). 
– Балалық шақтың сарғайған беттерін парақтағанда ойыңызға ең бірінші не оралады? Қандай естелікпен бөлісер едіңіз?
– Ұмытпасам, 1999 жыл ғой деймін. Футболдан чемпионат болған кезде Рики Мартиннің әнін телеарналардан көп беретін. Сол уақытта бір көшеде тек біздің үйде ғана теледидар болды. Оны әкем Мәскеуден әкелген. Барлық ауыл үйге келіп футбол көретін еді. Сонда әнді тыңдап тұрып, Рики Мартиннің биін айнытпай қайталайтынмын. Бәрі маған қол соққанда, өзімнің жеке концертімді бергендей сезімде болатынмын. 
– Биден де құр алақан емеспін дейсіз ғой?..
– Иә, дәл солай. Бала кезден батыстың стиліндегі брейк-данс биін билейтін едім. Қазір де үйде, не болмаса студияда қолайлы жер бола қалса немесе брейк билеп жатқан жастарды көзім шалса, арасына түсем де билеп кетемін. 
– Тағы қандай жұрт білмейтін өнеріңіз бар? 
– Асабамын. Домбырада ойнаймын, пародия саламын, бейнебаян түсіремін. Режиссерлік, актерлік шеберлігімді де шыңдау үстіндемін. Кейде шабыт келсе, өлең де жазамын. Бірақ оны ешкімге оқытпаймын. Ақындыққа бет бұрып кетпеген ақынмын десем де болады (күліп). Сазгерлік қырыммен де танылып қалуым әбден мүмкін. Алла қаласа, жуықта киноға да түскелі жүрмін. 
– Түнгі клуб секілді жастар көп жиналатын орындарға бас сұғып тұрасыз ба? 
– Қазір түнгі клубты жақтырмайтын болдым. Баяғыда сол жерден шықпайтынмын. Өйткені Алматыға алғаш келгенде айналамдағы ағайындарымның бәрі менен үлкен болды. Олар қайда барса, соңдарынан қалмай мен де еріп шығатынмын. Клубтарда билеп, өнерімді көрсетіп, барған ортамды қыздырып қайтатынмын. Өнерге шынайы бет бұрғандығым шығар, қазір ондай жерге бармағаныма бір жарым жылдай болды. 
– Түнгі клубтағы түндерден есіңізде қалып қойған оқиға бар ма? 
– Онда жиі барып жүргенімізде бір ұлтаралық оқиғаға тап болдық. Сонда ашуымызды туғызған, намысымызды жанып, жұдырықтасуға дейін апарған бір сөз естігенбіз. Қазір оның не сөз екенін айтпай-ақ қояйын, әйтеуір, ұлттық намысқа тиетін сөз болды. Басқа ұлттың өкілі қазақ қызының қолынан ұстап алып бізге «Ей» деген кезде қайда қарарыңды білмей, тек жұдырығыңды ала жүгіреді екенсің. Біздің де олай етер жөніміз болды. Өйткені оған жаңағы қазақ қызы да, сол сөзді айтқан өзге ұлттың жігіті де кінәлі еді. Бұл әңгімені өзіміз әлі күнге дейін айтып жүреміз. 
– Кім жеңді ол ұрыста?
– Біз жеңдік. Бірақ жаңағы қазақ қызына ыза болып қайттық. 
– Әлеуметтік желіні қаншалықты жиі пайдаланасыз? 
– Қазір бәрі әлеуметтік желіде отыратын болды ғой. Мен де күніне бір-екі рет Вконтактеге және қолым босай қалса Инстаграмға қосыламын. Ал Фейсбукке жаңа хабарламаларды оқу үшін анда-санда ғана бір кіремін.
– Еліміздің бүгінгі шоу-бизнесіне көңіліңіз тола ма?
– Қазақилықты шегеріп тастап, батыстың стиліне еліктеушілік басым бізде. Сол қазақилықты ысырып тастағаннан кейін «шоу» деп аталмай-ақ та қойсын. Қазақы шоу-бизнес жоқ деп мен толық айта аламын.

0 дауыс
Сіздің тәкаппар қыздарға деген қарым қатысынсыз қандай?
...