0 дауыс
2.7k көрілді
Аңыз ба, әлде ақиқат? кімде қандай қызықты аңыз әңгімелер бар? Мүмкіндік болса бөліссінші.

3 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
Қазғұрт тауы

Халық арасында Қазығұрт тауы қақында бұрыннан қалған аңыз бар. Қарт адамдардың айтуларына қарағанда, құдай баста жерді, көкті жаратқанда,Қазығұрт тауы да бірге жаралған. Өзі аласа тау болса да, жер жүзіндегі таулардың қасиеттісі. Ілгеріде жер жүзін топан суы басып кеткенде, жалғыз осы Қазығұрт тауы аман қалған екен. Қазығұрт тауының басында, күнбатыс жағында азырақ тегіс жер бар. Ол жер Нұқ пайғамбардың кемесінің орны дейді.Қазығұрттың басында бір үңгір болса керек. Ол -үңгірдің үстіне ағаш шаншып қойған Қазығұрт атаның моласы дейді екен. Басқа жерлерді бұлт басса да, Қазығұрттың басын бұлт шалмайды екен. Егерде Қазығұрттың басына бұлт шөгіп, көрінбей қалса, қариялар Қазығұрт қарасын киді деп, қатындар күлпарасын киеді екен. Сол уақытында жұрттың бәрі даладағы нәрселерін үйге қояды екен, Қазығұрттың басын жапқан бұлт жаумай кетпес деп, қазақтардың бұрынғы замандағы ақындары Нұқ пайғамбардың кемесінен қалған жануарлар туралы мынаны айтады екен:

«Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол «әулие» болмаса, неге қалған?

Жетім бота үстінде жатып қалып,

Ойсылқара жануар содан калған.

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол «әулие» болмаса, неге калған?

Қыршаңқы тай үстінде жатып қалып,

Қамбар ата жануар содан қалған.

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол «әулие» болмаса, неге қалған?

Тышқақ тана үстінде жатып қалып

Зеңгібаба жануар содан қалған.

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол «әулие» болмаса, неге қалған?

Қотыр тоқты үстінде жатып қалып,

Шопаната жануар содан қалған...»

Осындай ырыммен түрлі жануарлардың атын келтіреді екен.

Қазығұрттың басында көп «әулие» Мінсең аттай желеді айыр түйе, -деген мақалдар да бар. Қазығұрттың басы түйеніңөркешіне ұқсаған. Оның себебі: басқа таулардың бәрін топан суы басып кеткенде, Қазығұртты су баспаған соң, басқа таулар намыс қылып Қазығұртпен ұрысамыз деп, жиылысып келген екен. Бәрінің үлкені Ордабасы деген тау Бадам суының Қазығұртқа қараған күнбатыс жағында болған.

- Ордабасы балама айт,

Қызыл сеңдей қызыма айт,

Еншілес інім Қаңғыраққа айт! -

- Сізден арғы Қараққа айт! -

деген даусын есітіп, қалғандары бір-біріне солай айқайлаған дейді. Барлық таулар келсе, біздер көп болып кетеміз ғой, ұрыс қылмай-ақ қоялық деседі. Әдейі әуре болып келген соң тым болмаса, қылышты бір сілтеп қалайық деп, қылышты сілтегенде, Қазығұрттың басы айрылып қалыпты дейді. Қазығұрттың басы түйенің өркешіне ұқсаған себебі осыдан екен дейді қариялар.
+1 дауыс
Тас мүсіннің тағдыры

Ертеде тау ішінде аң аулап күнелтетін бір кісі болыпты. Оның есігінің алдында алып тас мүсін бар екен, бірақ, үй иесі оны елеп-ескермепті. Бір күні қаладан келген оқымысты біреу оның үйінің алдынан өтіп бара жатып, әлгі тас мүсінді көреді. Сатып алғысы келгенін айтып, үй иесіне мың теңгеге беруін өтініпті. Отағасы даладағы тастың мың теңгеге жарағанына қуанып, оны сатып жіберіпті. Есік алды кеңігеніне қуанып, мәз болып қалыпты. Күндердің бірінде әлгі таулық адам көшеде сейілдеп жүрсе, аса сәулетті бір үйдің алдында адамдар иін тіресіп, бірдеңеге кезекке тұрып жатыр екен.

Біреу: «Тезірек келіп көріңіздер, дүниедегі ең тамаша, сәулетті ойма мүсінді көріп көз мейірін қандырыңыздар! Екі мың теңге ғана төлесеңіз болғаны, әлемде теңдесі жоқ көркемөнер туындысын көріп ләззат аласыз» деп бар даусымен айғайлап тұр екен. Бұл не қызық екен деп, әлгі кісі қалтасында бар екі мың теңгесін төлеп, кезекке тұрып үй ішіне кірсе, өзі сатқан әлгі алып тас мүсіні тұрады. Бірақ ол тас мүсіннің әлдеқашан оқымыстының иелігіне өткенін мойындамасқа шарасы болмай, еңсесі түсіп үйіне қайтыпты.

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген. Адам өмірі де сол сияқты. Сіз өзіңізде бар дүниелерді ілікке алғысыз деп санамаңыз. Ол бәлкім басқа жерге барғанда, орнын ауыстырғанда керемет құнды дүниеге айналатын шығар...

*

Реніш туралы өсиет әңгіме

Шәкірті ұстазынан:

- Сіз сондай ақылдысыз. Үнемі көңіл күйіңіз көтеріңкі болады. Ешкімге ашуланбайсыз. Маған дәл өзіңіз секілді сабырлы болуға көмектесіңізші, - деп өтініш білдіреді.

Шәкіртінің өтінішін ұстазы қабылдап, түссіз пакет пен картоп алдырады.

- Егер сен біреуге ренжіп, ренішіңді іште сақтайтын болсаң, қолыңа бір картоп ал. Ренжісіп қалған адамыңның есімін сол картопқа ойып жазып, пакеттің ішіне сал.

- Бар болғаны осы ма? - деп шәкірті таңырқап қалады.

- Жоқ, - деп жауап береді ұстазы. - Сен үнемі өзіңмен бірге осы пакетті алып жүруің керек болады. Біреуге ренжіген сайын әр кез бір картоптан қосып отыр.

Шәкірті ұстазының айтқанын бұлжытпай орындайды. Арада біраз уақыт өтеді. Шәкірттің пакеті картопқа толып, айтарлықтай ауырлайды. Оны өзімен бірге алып жүруі қиынға соғады. Әрі картоп бұзылып, жағымсыз иіс шығара бастайды. Сол кезде шәкірті ұстазына келіп:

- Өзіммен бірге мұны алып жүру мүмкін емес. Біріншіден, пакет тым ауыр. Екіншіден, картоп бұзылып, жағымсыз иіс шығарды. Мұның орнына басқа тәсіл ұсыныңызшы, - дейді.

- Сенімен дәл осындай жағдай болып жатыр. Сен мұны бар болғаны байқай алмай тұрсың. Біздің жасаған істеріміз әдетке, ал әдетіміз қатыгез мінезге айналады. Мен саған осы үрдісті сырттай бақылауға мүмкіндік бердім. Біреуге ренжімес немесе ренжітпес бұрын әр кез мұның қаншалықты қажеті бар екенін ойла, - деді ұстазы.



Айша бибі туралы аңыз

Сонау орта ғасырларда елі мен жерін жау найзасынан қорғаған Қарахан есімді батыр өмір сүрген екен. Талай алыпты тағынан түсіріп, қарсыласының алдында тайсалмаған Қарахан батыр қас жауының қызына ғашық болады. Көп ұзамай қыз әкесінің бұл некеге қарсы болатынын білген соң сүйгенін алып қашуға бел буады. Екі жастың қол ұстасып қашып кеткенін білген әкесі сарбаздарына оларды өлтіруді бұйырады.

 

Қуған нөкерлерден қашамыз деп ғашықтар ұзақ жол жүреді. Арада біраз уақыт өткен соң тоқтаусыз шапқылай беруден шаршаған ару Асу атты өзеннің жағасында аялдауды ұсынады. Хан жарлығын бұлжытпай орындауды жөн көрген сарбаздар Қарахан мен Айша бибіні көре салысымен қыздың сәукелесіне жылан салып қояды. Бақыттың құшағында жүрген ғашықтар мұны байқамай қалады.

Жылы суға рахаттанып түсіп шығып, Айша бибі киіне бастайды. Ақырында сәукелесін кие берген кезде жылан шағып алады. Осы сәтте ғашығының қолында мерт болып бара жатқанын көрген Қарахан алай-дүлей күйге түсіп, мына өмірден баз кешеді. «Бұл жалғанда бірге болу бұйырмаса да, о дүниеде жұбымыз жазылмасын» деп сүйгенін жақын маңдағы молдаға алып барады. Жас жігіттің Мәжнүндей қайысқанын көрген молда ғашықтарға батасын беріп, некесін қияды.  

 

Бейкүнә екі жастың отбасылық бақыты небары бірнеше минутқа созылады. Даналардың «Шын ғашықтар қосылмайды» деген сөзі бекер айтылмаса керек.

Ешбір жауының алдында иілмеген батыр тағдырдың алдында бас иіп, Айша бибі қайтыс болған жерге мазар тұрғызады. Қарахан батыр сүйгенінің жанында болу үшін Айша бибінің қасынан өзіне де мазар салдырады. Өмірінің соңына дейін ақ киім киіп, Айша бибі мазарында түнейді. Жаратқанға жалбарынып, кешірім сұрайды. Осы адалдығы үшін халық оны есінде сақтаған. Ал бұл жер «Әулие ата» деп аталып кеткен.
0 дауыс
Ақиқат туралы аңыз керек
...