Өткенде сыныптасымды кездейсоқ жолықтырып қалдым. Ол өзі біртүрлі оқушы болатын. Ауызша сабақ айтқанды ұнатпайтын, көп сөйлемейтін. Мұның құпиясын кейін білдік. Тістері қисық, көзге оғаш көрінетіндіктен, сөйлеуге ұялады екен. Ал бүгінде сыныптасым қатты өзгеріпті. Маржандай тістері жарқырап тұр. «Қисық тісті қалай жөндедің?» дедім шыдамай. Брекет жүйесі арқылы жөнге келтіргенін жасырмады. Осы кездесуден кейін тістің қадірін түсінгендей болдым. Жақында брекет жүйесін алғаш рет елімізге әкелген ғалыммен әңгімелесудің сәті түскен еді.
Ұлан: Мақсұт аға, тісті күніне неше рет тазалаған жөн?
М.Темірбаев: Негізі тісті күніне екі рет тазалаған дұрыс. Тісті кешке ас ішіп болған соң тазалау керек. Өйткені, ұйқыдағы адам ас ішпейді ғой. Тіс таза болады. Сосын таңертең сумен шайқап, ас ішіп болғасын тазалаған дұрыс. Қазір жарнамаларда көрсетілетін тіс пасталары арнайы ғылыми зерттеуден өткізілген. Олардың барлығын пайдасыз деп айтуға болмайды.
Ұлан: Қызыл иек не үшін қанайды?
М.Темірбаев: Қызыл иек жұмсақ ұлпалардан тұрады. Олар тістің төменгі бөлшегін қоршап тұрады. Ағзаға С дәру-мені жетіспегендіктен қанайды. Мұндай кезде жеміс-жидектерді көп жеу керек. Қызыл иек ауруы – бұл жұқпалы. Егер күтім болмаса, қызыл иек тістен алшақтайды. Сөйтіп, тіс пен қызыл иек арасында қуыстар пайда болады. Бұл қуыстарға тістің айналасындағы сүйек ұлпасын зақымдайтын микробтар жиналады. Асқынып кетсе, тістер босап, түсе бастайды. Оның бірнеше белгілері бар. Мәселен, тісті тазалаған кезде қызарады, ісінеді немесе қанталайды. Ауыздан үнемі жағымсыз иіс шығады. Бұл ауруды тісті күніне екі рет щеткамен, тіске арналған жіппен тазалау арқылы алдын алуға болады.
Ұлан: Кейде қызыл иектің астына қара дақтар пайда болады. Оны шұқып алып тастаймыз. Осы дұрыс па?
М.Темірбаев: Адам ағзасына фтор жетпеген кезде тістің бетіне дақтар шығып, бүдір-бүдір болып кетеді. Тістің сырты өте қатты, жылтыр келеді. Сондықтан оның бұзылуы өте сирек. Бұл флероз деген ауру болуы мүмкін. Егер дақтар көбейсе, уақыт өткізбей дәрігерге көрінген жөн. Ондайда тістің бетін қырып тастап, жылтыр керамика жапсырады.
Ұлан: Тіске құрт түсті дейміз. Шынында, осылай ма?
М.Темірбаев: Мұны ғылыми тілде «тіс жегісі» деп атаймыз. Тіс жегісі қышқылдары тістің қатты жабыны, тіс эмалі бүлінген кезде пайда болады. Қышқылдар тісті ойып, қара түсті шөгіндіге айналдырады. Бұл шөгіндіні тіс өңезі деп атаймыз. Қышқылдар тісті үздіксіз жейді. Тіс жегінің алдын алу үшін ең алдымен тәттіні азайту керек. Көбірек су ішкен пайдалы. Құрамында фторы бар тіс пастасын қолданған дұрыс.
Ұлан: Тіс жегісі бар тісті жұл-дырған жөн бе?
М.Темірбаев: Тісті жұлдыр-маған жөн. Өйткені, ол тіс орнына қайтіп келмейді. Балалар 6 жасқа толғанда, сүт тістері түгел түсіп қалады. Оның орнына тұрақты тістер шығады. Міне, тіске осы кезде күтім керек. Құрт түскен сүт тістерді бор машинамен теспей-ақ, фтор жағып емдеуге болады. Пломба тісті кесу арқылы жасалатындықтан, ол орнына қайтып келмейді. Тісті іріңдеуден сақтау керек. Ол өте қауіпті. Ірің қанды улап, сепсис деген ауруға әкелуі мүмкін.
Ұлан: Қисық біткен тістерді емдеуге бола ма?
М.Темірбаев: Сіз брекет жүйесін айтып отырсыз ғой. Брекет құлып деген мағынаны білдіреді. Ғылымдағы соңғы жаңалық. Адам денсаулығына еш зияны жоқ. 12 жастан асқан балаларға қолдануға болады. Тек брекет жүйесінің өз бағдарламасын мұқият орындау керек. Брекет адамның тісінің үлгісіне қарай орнатылады. Қисық біткен тістерге құлып қойылып, сыммен тартып байланады. Емдік шаралары уақыты науқастың жасына, ауру дәрежесіне байланысты. Сосын тұрақты тістерде тіс жегісі пайда болғанда, оны жұлдырып тастайды. Тіс тамырымен жұлынғасын, қайта шықпайтын сәттері кездеседі. Бірін-бірі тіреп тұрған тістердің орны босап қалғасын, аралары алшақтап кетеді. Бұл алшақтықты эджуайс әдісімен жақындатуға болады.
Ұлан: Тісті ағарту зиян емес пе?
М.Темірхан: Жеткіншектер тісті ағартуға қатты қызығады. Алайда тісті ағарту кезінде тістің сыртқы эмалі азайып, ішіндегі дентині ашылып қалатын болса, өте қауіпті. Ауру сезімі қатты білінеді. Қышқыл тамақтар тисе, суық ішсе, сыздап ауырады. Сол үшін тісті ағарту бәріне тиімді деп айта алмаймын. Сосын үлкен кісілер тісін көбіне мисуакпен тазалайды ғой. Бұл ағаштың пайдасы тіс пастасымен тең десе де болады. Бірақ кез келген мисуакпен тісті тазалауға болмайды. Оның түрлерін тани білу керек. Сондықтан сапасы жоғары тіс пастасын пайдалануға кеңес берер едім.
Ұлан: Былтыр британдық ғалымдар тісіне пломба салған балалардың тәртібі нашарлайтынын айтқан еді. Осы пікірге қалай қарайсыз?
М.Темірхан: Дәрігер плом-баны жасағанда, қоспаларына мұқият болған жөн. Біраз елдер бисфенол А қоспасына тыйым салды. Ғалымдар бисфенолдың бүлдіршіндерге кері әсері ба-рын дәлелдепті. Бірақ нақты шешім қабылданған жоқ әлі. Біз бисфенолдың орнына фтор сынды қоспаларды қолданамыз.
Ұлан: Тісін тазалауға ерінетін балаларға не айтасыз?
М.Темірбаев: Ауыз қуысының тетіктерінде тамақтың қалдықтары жиналады. Қалдықтарға микробтар жиналады. Тісті ағартатын, микробтарды жоятын, тісті қатайтатын пасталар бар. Мысалы, «Тотал -12» тіс пастасы 12 сағат бойы өз күшін жоймайды.
Гүлфарида Зейнуллина
Халық емі
Қызыл иек босаса…
Тіс ауырса, жалбызды қою етіп қайнатып, жұтпай, ауызды шайқау керек.
Тұзды, сарымсақты, пиязды қосып бірдей мөлшерде араластырып, ауырған тістің қуысына қойып, үстіне мақта басады.
Егер қызыл иек әлсіз болып, тіс бос болса, күніне сарымсақтың 1-2 бөлігін жеу қажет.
Дайындаған Жалғас Замадин,
№90 орта мектептің 6-сынып оқушысы.
Жанқожа батыр ауылы,
Қазалы ауданы,
Қызылорда облысы
облысы
Лимонның пайдасы көп
Біз С дәруменін кейде аскорбин қышқылы дейміз. XVII ғасырда Британияның көпес теңізшілері қырқұлақ дертімен ауырмас үшін лимонды жиі соратын болған. Оларды басқа елдің теңізшілері «лимоншылар» деп атапты. Әлгі аурумен ауырған адамдардың тісі қанап, қызыл иекпен тістің арасы алшақтайды екен. Ақырында лимонның шырынында әлгі ауруды болдырмайтын ерекше зат бар екеніне көздері жетеді. Ол – С дәрумені. Лимонда бұл дәрумен мол. Күніне С дәруменін 0,2-5 грамм мөлшерінде пайдалану керек. Сонда адамға тұмау тимейді, тістің әрі сақталады.
Мұхтар Серікбол,
Ә.Қастеев атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы.
Алтыүй ауылы,
Панфилов ауданы,
Алматы облысы
Салауаттылық – салтымыз
Біз болашақ чемпионбыз!
Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Лондон Олимпиадасы көптің есінде қалды. Батыр ұл-қыздарымыз телеарнадан халыққа деген ыстық ықыласын білдірді. Спортшылар «Мықты денсаулықтың кепілі – спорт!» деген сөзді жиі қайталады. Осы олимпиададан кейін біздің ауылда ерекше серпіліс болды. Балалар шелекпен су тасып, күресіп, спортқа деген құлшыныстары оянғандай болды. Тіпті, мектепте «Денсаулығы адамның – денсаулығы ғаламның» атты акция ұйымдастырдық. «Би – Қозғалыс – Денсаулық» атты би марафонында 5-11 сынып оқушылары «Ең үздік спорттық би» марапатын иемденуге таласты. А.Шакенов, Н.Еркебұланов, С.Берік, Ұ.Жәрдемов, Ә.Сайлаукенова, Э.Садықова, Ж.Маратова, З.Чаучаева сынды оқушылар спорттың қай саласынан болмасын, озып шығарын көрсетті. Байқау барысында кейбір балалардың спортқа, өз денсаулығына мән бермейтіні байқалды. Соған қарамай, ұзақ өмір сүріп, бақытты болғымыз келеді. Спортпен шұғылдануға ерінеміз. Мәселен, Ольга Рыпакова бір сөзінде жүгіруді бала кезінен армандағанын, бірақ сыныптастары бұл спорттың ең жеңіл түрі деп күлкі ететінін айтыпты. Бұл дұрыс емес. Бойыңда талап болса, білімді де, спортты да, өнерді де игересің.