Қазақстандық автокөлік бизнесі Ассоциациясы (ҚАБА) таяуда өткен жылдың қорытындысын жасады. Еліміздегі ресми автодилерлер 2010 жылы 22 409 көлік өткізген. Яғни, сатылым 2009 жылмен салыстырғанда 14,5 пайызға артық. Қалай десек те, бұл еліміздегі автокөлік делдалдарының 2010 жылға жасаған жоспарынан әлдеқайда жоғары.
– Қазақстандық автокөлік нарығы соңғы жылдары тұрақты өсіп келеді. Бұл нарықтың дағдарыстан шыққанын көрсетеді. Сатылған көліктердің басым бөлігі Қазақстанда құрастырылған машиналарға тиесілі, – деді ҚАБА президенті Арсений Сидоров.
2010 жылы сатылым көлемі бойынша үш бірінші орынды Lada, Тоyоtа және Uz-DАЕWОО брендтері бөліскен. Қазақстанда және Ресейде құрастырылған Lada автокөліктері байырғыдай көшбасшылық танытып отыр – 2009 жылмен салыстырғанда сатылым өсімі 28 пайыз және 5 125 машинаны құрайды. Екінші орынды жапондық Тоyota бренді берік ұстанды. Алайда Тоyota көліктерінің алдыңғы жылмен салыстырғанда сатылымы 5 пайызға төмендеді. Тізім бойынша келесі орында тұрған Uz-DАЕWОО сатылымы 2009 жылмен салыстырғанда 39 пайызға артты.
Тізімдегі төртінші орынды сатылымдары 2009 жылмен салыстырғанда 15,7 пайызға азайып, 1 430 бірлікті құраған ресейлік УАЗ бренді иеленіп отыр. Рейтингтің ондығын 576 автокөлік сатқан, Қазақстанда құрастырылған Сһеvrolet бренді қорытындылайды. 2009 жылмен салыстырғанда Сһеvrolet өзінің сатылымдарын 27 пайызға арттырған.
2010 жылы 8 364 автокөлікті сатып өткізген «БИПЭК АВТО» компаниясы дилерлер арасында Қазақстан нарығының көшбасшысы атанды. Екінші орынды ауыр және жеңіл жүк техникасын қоса есептегенде 3 804 бірлікті өткізген «Вираж» компаниясы, үшінші орынды 3183 автокөлік өткізген «МЕRCUR Auto LTD» компаниясы иеленіп отыр. Төртінші орында сатылымдары 2564 машинадан тұратын «Астана Моторс» ҚМК тұр. Бесінші орынға 2010 жылы 960 көлік сатқан «Аllur Auto» компаниясы жайғасты.
ҚАБА мәлімдегендей, 2010 жыл отандық автоқұрастырушы өндірістердің пайда болуымен ерекшеленеді. Қостанай қаласында «Агромашхолдинг Қазақстан» АҚ негізінде Оңтүстік Кореялық жол талғамас SsangYong көліктерінің өндірісі іске қосылды. Оның алғашқы өнеркәсіптік топтамасы өз тұтынушыларын Қазақстаннан жылдам тапқан. Оған қоса Алматыда жапондық «Isusu» және «Itochu» компаниялары, сонымен қатар «СВС» қазақстандық топпен ұйымдастырылған Isusu жүк көліктерін құрастыру бойынша автомекеме құрылды.
– Өткен жыл Қазақстанның бүкіл автобизнесі үшін жемісті болды, еліміздің қарқынды индустриалды дамуының мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде экономиканың алуан түрлі салаларында бірқатар автоқұрастырушы өндірістер іске қосылды. Автокөліктерді Қазақстанда жасау олардың тұтынушылар үшін бағасын төмендетуге және қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа жоғары технологиялық өндірістер отандық экономиканың индустриалды әлеуетін арттыру бағдарламасына елеулі үлес қосады. – деп атап көрсетті «Аllur Аutо» автокомпаниялар тобының бас директоры Андрей Лаврентьев.
Автокөлік делдалдары Қазақстанда құрастырылған көліктерді несиелей 4-5 пайызға жеңіл екендігін айтады.
1 шілдеден бастап Кедендік одақ күшіне енген кезде Ресейдегі белгілі брэндтер біздің рынокқа енетін болады. Дегенмен, жергілікті автокөлік дилерлеріне Қазақстан да тарлық етеді. Сондықтан олар да Ресей нарығына шығуды көздеп отыр.
Баспасөз мәслихатында корпоративтік сатылымдардың да ұлғайғаны сөз болды.
– Бұл да экономикалық ахуалдың тұрақталып келе жатқанын айғақтайды. Қазақстандық компаниялар мен мекемелердің өздеріне қызмет көліктерін сатып алуға әлеуеті жетеді, – дейді автокөлік сатумен айналысатын компания өкілдері.
ҚазАқпарат - Қазақстанда құрастырылған SsangYong Nomad көліктері жақын арада Ресейде сатылатын болады, деп хабарлады AllurGroup автомобиль компаниялары тобының баспасөз қызметінен.
Компанияда атап өткендей, бұл үшін экспорттың түрлі амалдары қарастырылыпты.
«Бұл мәселені оңтүстік кореялық серіктесіміздің қатысуымен шештік. Яғни Nomad көліктерін SsangYong Motor Company компаниясы бізден сатып алып, кейін оны Ресейге тасымалдаумен айналысады. Бұл тиімді шешім деп ойлаймын. Осылайша Nomad көлігінің сапасына Ресейдегі серіктестіктер сенетін концерн жауап береді», - деді AllurGroup президенті Андрей Лаврентьев.
SsangYong Nomad көлігінің негізгі артықшылығы ол CKD әдісімен құрастырылған, бағасы да бәсекеге қабілетті.
Еске сала кетейік, бір жыл бұрын SsangYong Motor Company-дың Ресейдегі өкілі - «ДЦ СанЙонг» Қазақстанда құрастырылатын оңтүстіккореялық маркілі көліктер Ресей нарығына шықпайтынын айтқан. Оған «ДЦ СанЙонг» брендтің Ресейдегі жалғыз өкілі және «SsangYong» тауарлы белгісі лицензиясының иесі» болуы негіз болған.
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысы бойынша жұмыс сапары барысында Талғар ауданы Колхозшы ауылында орналасқан Hyundai AutoTrans автокөлік құрастыру кәсіпорнын аралады. Мемлекет басшысы өндірістік цехтардың жұмысымен танысып, жұмысшылармен және компания өкілдерімен әңгімелесті. Елбасы «Астана Моторс» Қазақ мотор компаниясының Hyundai AutoTrans автокөлік құрастыру кәсіпорнында жасалған ең алғашқы автобусқа естелік ретінде өз қолтаңбасын қалдырды.
«Астана Моторс» Қазақ мотор компаниясы 2011 жылдан бастап Hyundai коммерциялық техникасын ірі бөлшекті құрастырудың SKD4 жүйесі бойынша шағын тонналы жүк автокөліктерін шығаруды қолға алып келеді. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылғы сәуірдегі Оңтүстік Кореяға ресми сапары кезінде қол жеткізілген сенімхаттардың арқасында жүзеге асты. Сол сапар барысында «Астана Моторс» ҚМК мен Hyundai Motor Co-ның арасында өзара келісім және ынтымақтастық туралы, Hyundai маркалы жүк автокөліктері мен автобустарын Қазақстанда ірі бөлшекті құрастыруды көздейтін меморандумға қол қойған болатын. Бүгінде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан құн 1 млрд теңгені құрайтын бұл жоба Қазақстанның машина жасау өнеркәсібінің келелі бағыттарының бірінің дамуына елеулі үлесін қосуда. 2012 жылдың тамызында Hyundai AutoTrans зауыты SKD4 жүйесі бойынша анағұрлым жоғары технологиялық деңгейдегі 19 және 28 орындығы бар Hyundai County жолаушылар автобусын өндіруге кіріседі, ол жерде кузовты бояу, әйнектерін орнату, салонын құрастыру, орындықтары мен тағы басқаларын орнату қарастырылады. Сонымен қатар Қазақстанның өндірістегі үлесі 30%-ға өседі.
«Астана Моторс» ҚМК президенті Нұрлан Смағұлов Мемлекет басшысына компанияның жоспарына сәйкес, 2012 жылы 1000-нан астам автомобиль шығарылатынын, оның 400-ден астамы Беларусь Республикасына, Ресей Федерациясына және Орталық Азия елдеріне экспортталатынын баяндады.
Бұл жоба бойынша 60-тан астам жұмыс орны ашылып отырса, 2015 жылға қарай автокөлік өндіру және басқаруға маманданатын қосымша 200 жұмыс орны ашылмақ. Компания қалқа жабдықтарының модельдік желісін кеңейту үшін халықаралық тәжірибе мен қазақстандық тұтынушылардың қажеттілігін зерттеуде. Оңтүстік Корея өндірушілерімен бірге өнімдер сапа тексерілуінен өтеді. Осылайша, автокөлік құрастырушы Hyundai AutoTrans кәсіпорны шығарған өнімдер халықаралық «HQS-2000» сапа бақылауы жүйесі бойынша және қазақстандық сертификаттау және қозғалыс қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін бақылау бойынша Нyundai Мotor Сompany компаниясы тарапынан мақұлданды. Өндірілген техника сәйкестік сертификаты мен СТ-KZ сертификатын алу үшін зертханалық сынақтар мен жол тестілерінен өтеді. Қазақстанда құрастырылған техника барлық әлемдік стандарттарға жауап берді және Қазақстанның шағын және орта бизнес өкілдерінің сеніміне ие болды.
Компания басшылығының айтуынша, автокөліктің қосалқы бөлшектерін отандық зауыттардан сатып алуға мүдделі. Бұрындары Шымкентте автокөлік дөңгелектерін жасайтын зауыт болған, қазір ол жоқ. Егер осындай қажетті өнімдер қайтадан шығарылса, оларды сатып алуға дайын екенін жеткізді. Қазіргі кезде бұл зауыт аккумулятор, орындықтар, өзге де қосалқы бөлшектер шығаратын отандық зауыттармен ынтымақтасып жұмыс істеп жатыр.
Жұмысшылар шеберлік пен тәжірибе шыңдайтын осындай зауытта істейтінін мақтаныш тұтады. Зауыт қызметкерлерінен көлікті қанша уақытта құрастыратынын сұрағанымызда, «екі сағатта» деп жауап қатты. Бұл керемет емес пе!? Бүгін көлік құрастырған қазақтың ертең төл нақыш, ұлттық брендпен мотор шығаратынына сеніміміз мол. Қазірдің өзінде елде құрастырылған көліктер БелАЗ, МАЗ, «Беларус» тракторларының отанының нарығын жаулай бастады десек артық айтпаспыз.
Нұрлан Смағұлов, _«А stana GROUP» холдингінің президенті:
– Нарықта өз орнын ала бастаған біздің зауытымыздың болашағы зор. Елбасы кәсіпорынның жұмысына көңілі толғанын, «20 жыл бұрын сендер маған отандық техникаларды, отандық автобустарды шығарып, жаңа Астананы саламыз дегенде сенбеген едіңдер. Қазір оның бәрі жүзеге асып жатыр» дегенді айтты. Осыларды іске асырып отырған Елбасымыз ұлы адам. Мемлекеттің отандық өндіріс орындарын дамытуға көңіл бөлуі бізге үлкен қолдау болып отыр. Өндірісті дамытуға кедергі болып отырған ешқандай мәселе жоқ. Тек ерінбей жұмыс і істей беру керек. Қазір Қазақстанда шығарылған жүк көліктері БелАЗ, МАЗ бен трактор шығару зауыты сияқты ірі өндіріс орындары бар Беларусь нарығында да сұраныс табуда. Ал Ресейдің бұл бағытта өз саясаты бар. Дегенмен олармен де қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қазақстандық менеджмент пен қазақстандық кәсіпкерлер қазір бәсекелестікке қабілетті бола бастады. Оған осы өндіріс орны айқын дәлел бола алады. Бұл біз үшін зор мақтаныш. Қазір біз бұрынғы кеңестік республикалар арасында машина жасау саласында ең дамыған ел саналатын Беларусь мемлекетіне өз өнімдерімізді сатып жатырмыз. Елбасының бүгінгі сапары біздің көліктерге деген қызығушылықты бұрынғыдан да арттыра түседі деп ойлаймын. Енді мемлекеттік субсидия өндірушіге емес, қазақстандық жүк көліктері мен автобустарын сатып алушыларға жасалатын болады._
Шалқар Нұртілеуов, _Hyundai Auto Track&Bus кәсіпорнының директоры:
– Зауыт іске қосылған 1,5 жыл ішінде 600-ге жуық «Хьюндай» маркалы жүк көліктерін шығарып үлгердік. Оның 50 пайызға жуығы экспортқа шығарылды. Біз ең алғашқы көліктерімізді Беларусь еліне шығардық. Бұл елді таңдауымыз бекер емес. Себебі бұл Кедендік одақ аясындағы кедендік салықтардың болмауы, көптеген кедендік жеңілдіктердің нәтижесі болып табылады. Бүгінгі күні Беларусь еліне айына 5 тоннаға дейін жүк көтеретін 50 жүк көлігін экспорттап отырмыз. Осы тамыз айында ауыр жүк көліктерін де экспорттадық. Бұл да біздің жетістігіміз деп айтсақ артық болмас. Осы тамыз айынан бастап бизнес жоспар бойынша өндіріс орнының екінші даму кезеңі басталды. Қала ішінде қатынайтын, қалааралық 19 және 28 орындық Hyundai County модельді жолаушылар автобустарын шығарып жатырмыз. Бұл жерде баса айта кететін жайт, бұл үлгідегі автобустар Қазақстанда толыққанды өндіріліп отырған көліктер болып табылады. Нарықта өз орнын тапқан осындай автобустардың құны 9 млн теңгеге жуық. Біз 1 тоннадан 10 тоннаға дейін жүк көтеретін 12-14 түрлі жүк көліктерінің модельдерін, сондай-ақ екі түрлі автобустарды шығарып жатырмыз. Біздің зауыт 2015 жылға қарай 10 мың көлік шығаруды жоспарлап отыр._