0 дауыс
56.8k көрілді

Махмуд Қашғаридің еңбегі несімен құнды?

Түріктердің Ислам дінінің қабылдауымен Түркі өркениетіндегі ғылыми еңбектердің саны арта түсті. Бұл үдеріс бір жағынан түріктердің дүниетанымдарының, салт-дәстүрлерінің Ислам әлемі елдеріне жайылуына жол ашса, енді бір жағынан Ислам дінінің жетістіктері түріктердің арасында да тарай бастады. Осы алыс-берістің кезінде түріктер араб әріптерімен өз тілін сөйлете бастады. Түріктердің Ислам әлеміндегі ықпалының артуына байланысты арабтар мен парсылар үшін түрік тілін үйрену қажеттілігі туды. Өйткені тоғызыншы ғасырдан бастап, түріктердің құрған Ғазнауилер мемлекеті, сосын Селчуктар мемлекеті Ислам әлемінде негізгі күшке айналған еді. Ислам дінін жаңадан қабылдап, Ислам дінінің таралуына жан-тәнімен атсалысып жатқан түрік-мұсылмандарды тану қажеттілігін Қарахандар мемлекетінен шыққан ғұлама Махмут Қашқари өтеді. Оның жазған «Диуанү лұғати әт-түрік» яғни «Түркі тілдері жинағы» еңбегі түріктердің тек қана тілі емес, сонымен қатар салт-санасы, дүниетанымы, жер аттары, ру аттары, қысқасы түріктерге қатысты барлық ақпаратты қамтитын энциклопедия болып саналады. Олай болса бүгінгі тақырыбымыз Махмут Қашқари және оның «Диуани лұғати әт-түрік» еңбегі болып табылады.

Махмут Қашқари 1029 жылы Қарахандар мемлекетінде, Ыстық көлдің жағасындағы Барысқан деген қалада туылды. Ұлы тұлғамыздың толық аты-жөні – Махмут ибн-әл-Хусейн ибн-Мухаммед әл-Қашқари. Патшалық Ресей мен Кеңес Одағы кезінде түріктердің аты-жөндері -ов, -ова, -ев, -ева болып бітетініндей, Түркі-Ислам өркениеті кезінде де түріктердің аты-жөндері араб пішінін алған еді. Егер тұлғамыздың толық аты-жөнін ашып, тарататын болсақ, ол Хүсейіннің баласы, Мұхаммедтің немересі және Қашқар қаласынан шыққан. Махмут жастайынан жақсы білім алды. Онсыз да Қарахандар мемлекеті өзінің ғылымы мен медреселерімен тарихта танымал. Махмут Қашқар қаласындағы Сәжие медресесінде оқыды. Онда сол кезеңнің Имам Захид Хусейн сынды белгілі ғалымдары сабақ беретін.

Махмуттың тегі Қарахан әулетімен тікелей байланысты. Мысалға, 1056 жылы Қашқарда билікке оның атасы Мухаммед Бурахан келді. Тарихтан мәлім болғандай, Қарахан әулетінің шығыс қанатын билеген өкілдері «бура» атағын алады. Ал әулеттің батыс қанатын билеген өкілдері «арыслан» атағын алады. Есімізге түсіре кетсек, Юсуф Хас Хажип Баласағұни өз еңбегін Баласағұн билеушісі Сүлейман Арысланханға тарту еткен еді. Қашқар қаласын Махмуттың атасынан кейін әкесі Хусейін билейді. Алайда, 1057 жылы қалада бүлік шығып, Махмут батысқа қарай қашуға мәжбүр болады. Осы кезден бастап, Махмут түріктердің тілдері туралы зерттеуін жүргізе бастайды. Диуанү лұғаттың берген мәліметіне қарасақ, Махмут түріктер тұратын барлық өңірді аралап, шарлап шыққан. Ақырында батыстағы оғыз-сечуктардың жеріне барып, одан әрі Бағдат қаласына жеткен. Шамамен 1075 жылы Махмут Бағдаттағы Ислам халифы Мұқтадирге өз еңбегін тарту етеді. 1080-жылдарда ол өз еліне қайтады. Өлім жылы кей деректерде 1101 деп көрсетілсе, кей деректерде 1126 деп көрсетіледі. Өлім жылы нақты болмаса да, жерленген жері нақты белгілі. Махмут Қашқар қаласының маңындағы Опал ауылында жерленген. Моласының үстіне үлкен кесене салынған.

Махмут Қашқариді Түркі өркениетінің ұлы тұлғасы деп атауымыздың себебі, әлбетте оның шығармасына байланысты. Түркі өркениетінің энциклопедиясы болып саналатын бұл кітаптан біз түріктерге қатысты барлық ақпаратты білеміз. Егер сол замандағы Түркі әлемімен жиырма бірінші ғасырдағы Түркі әлемін салыстыратын болсақ, мынаған көз жеткіземіз: түріктер әу бастан түрлі-түрлі диалекттерде сөйлеген. Бүгін жалпы түрік тілдері қазақ, қырғыз, татар, башқұрт, өзбек ұйғыр, түркімен болып бөлінсе, ол заманда түрік тілдері оғыз, қыпшақ, арғу, шигил болып бөлінген. Енді екінші бір жағынан түріктер әр түрлі диалекттерде сөйлеп, түрлі руға бөлінсе де, ортақ «түрік» деген ұғым болған. Оғыздар, қарлұқтар, арғулар, қыпшақтар өздерін «түрікпіз» деп атаған. Басқаша айтқанда түрік рулары өздерін бір өркениеттің, бір елдің, бір халықтың бөлшегі екендігін сезінген. Алтыншы ғасырда қалыптасқан «түрік» болмысы бес ғасыр бойы өз ықпалын жоғалтпаған. Түріктер ортақ мақалдармен, ортақ жыр-дастандармен, ортақ күнтізбемен  яғни ортақ құндылықтар әлемінде өмір сүрген. Ол заман бүгінгідей ақпараттық заман болмаса да, Махмут Қашқаридің еңбегі түрік білгелерінің, шежіре мамандарының қай түрік руының қайда отырғандығын, кімнен кім тарайтындығын жақсы білген.

Махмут Қашқари бізге он бірінші ғасырдың Түркі әлемін сипаттап береді. Ол кезең де бүгінгі жиырма бірінші ғасырдай түріктердің өрлеу кезеңі еді. Түріктер бүкіл Ислам әлемінде құрметке ие бола бастаған еді. Түріктер Исламның қорғаны, Алланың әскерлері деген атқа ие болды. Бұл түсініктерді біз Махмут Қашқаридің келтірген хадистерінен байқаймыз. Сол хадистердің бірінде Аллаһ Тағала Мұхаммед пайғамбардың тілімен былай дейді: «Менің жер бетінде әскерлерім бар. Оларға мен «Түрік» деген ат бердім...» Бұл хадистен аңғаратынымыз: түріктер жай Ислам өркениеті аясына кіріп қана қойған жоқ, олар Ислам дінін өзімсініп, Алланың әскерлеріне айналды. Уақыт өте келе «түрік» деген сөз «мұсылман» деген сөзді білдіре бастады. Сондықтан Ислам өркениетіндегі соңғы мың жылды Түркі-Ислам кезеңі деп сипаттаған жөн.

Қорыта айтқанда, Махмут Қашқари өзінің «Түркі тілдері жинағы» шығармасында Түркі өркениетіне сипаттама береді. Кітаптың мазмұны түріктерді тану үшін өте маңызды әлбетте. Оған қоса, кітаптың жазылу кезеңін ескерсек, шығарма түріктердің бұдан кейін қандай өркениет аясында тұратындығын жақсы сараптап береді. Сондықтан бұл еңбек адамзат тарихындағы тек алғашқы сөздік, алғашқы энциклопедия ғана емес, түріктердің кешесі мен бүгінін және ертеңін білуге арналған нұсқаулық болып саналады.

2 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Махмұд Қашқари (толық аты-жөні Махмұд ибн Әл-Құсайын ибн Мұхаммед) (1029–1101) – түркі тілдерінің тұңғыш сөздігін құрастырушы, энциклопедист-ғалым, атақты «Диуани луғат-ат-түрік» еңбегінің авторы. Қашғарда туып, Баласағұн қаласында өмір сүрген. Қарахандар ақсүйектері ортасынан шыққан. Әкесі Құсайын Мұхаммед Мауреннахрды жаулаушы Боғырханның немересі. Ол Қашғарда білім алып, Бұхара мен Бағдадта оқуын жалғастырған. Түркі халықтарын түгелге жуық аралап, заң ілімі, арифметика, Құран, шариат пен хадис бойынша білім алды.

Араб-парсы тілдерін, әдебиеті мен мәдениетін меңгерді. XI ғасырда «Диуани луғат-ат-түрік» еңбегін жазып, түркі тілдерінің мәртебесін көтерді. Кітапта тек түркі сөздерін теріп жазып, өзге тілден енген сөздерді қолданбаған. Ғалым бұл кітапта Бағдад оқымыстысы Әбдірахман әл-Басридың (VIII ғ.) «Китабул айни» атты еңбегі негізінде түзген. Сөздіктің түпнұсқасы жоғалған. А. Абулфатхтың 1266 жылы жасаған көшірмесі 1915 жылы Ыстамбұл базарында ескі заттарды сатушының арбасынан табылған. Қазір Ыстамбұлдағы Фатих кітапханасында сақтаулы тұр.

3 томнан, 8 кітаптан тұратын еңбекте 6800 түркі сөзі ғылыми жүйеге түсірілген. Ғалымның бұл кітабы ерте орта ғасырлық түркі халқының энциклопедиясы сияқты. Ол түркітану тарихында тұңғыш рет тарихи-салыстырмалы әдісті қолданып, диалектология ғылымының негізін салды. Түркі тайпаларының ерекшеліктерін сақтай отырып, тіл байлығын зерделеу, айтылу, жазылу, заңдылықтарын, қолдану аясына қатысты айырым белгілерін зерттеу ғалымның басты ұстанымы болды. Сөздерге түсінік беруде 242 бәйіт пен 262 мақал-мәтелді пайдаланды. Ауыз әдебиетінің жоқтау («Алып Ер Тоңға өлді ме?»), айтыс («Жаз бен қыстың айтысы») үлгілерін де қамтыды.
Кітапта ерлік істерді мадақтаған, табиғат көріністері мен ғашықтықты жырлаған жыр шумақтары кездеседі. Түркі топырағында Яссауиден басталады деп танылып келген сопылық поэзия үлгілерін Махмұд Қашқаридің сөздігінен табуға болады. Ғалым өз сөздігінде 29 тайпаның этноним, топонимдерін, туыстық атаулары мен киім-кешек, тағам аттарын, салт-дәстүр ерекшеліктерін атап көрсетіп, ұсақ рулардың таңбаларына дейін сипаттайды. Сол кездегі түркі халықтарының дүниені қабылдауы, этникалық нормалары мен құндылықтары, өзін-өзі ұстау әдеті тілге тиек етіледі. Әртүрлі тайпалар арасындағы тарихи-мәдени байланыстар, Қазақстан мен Орта Азия аумағында болған кейбір тарихи оқиғалар жайында (Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын жорығы туралы) құнды мәліметтер келтіріледі.

Ғалымның дөңгелек картасы ең ежелгі түркі картасы ретінде белгілі. Мұнда ол түркі халықтарының таралым аймағын көрсетеді. Кітапты түзуде бірнеше жылын сарп етіп, 1072–1078 жылдары Бағдад қаласында жазып бітірген. Бұл кітап 1997–1998 жылдары қазақ тілінде жарық көрді. Аударып, баспаға әзірлеген А. Егеубаев. Махмұт Қашқаридың «Түркі сөздігінен» басқа «Китап-и-джавахир ан-нахв фи луғат ат-түрік» («Түркі тілдері синтаксисінің құнды қасиеттері туралы») атты еңбегі болған, бірақ кітап біздің заманымызға жетпеген. Ғалым өзінің кітабы туралы «Түркі тілін үйренудің қажеттілігін өмір талабы мен ақыл таразысы әбден дәлелдейді.

Түрік, түрікмен, оғыз, жігіл, яғма, қырғыздардың сөздері мен сөйлеу мәнерлерін зерттеп, қажеттісін пайдаландым. Әрқайсысының тілі мен салты санама әбден қалыптасты. Соларды мұқият зерттеп, арнайы әліппелік тәртіпке келтірдім. Мәңгілік ескерткіш әрі таусылмас әдеби-көркем мұра боп қалсын деген ниетпен түркі елдерінің сөздігін жасап, кітапқа „Түркі сөздерінің жинағы“ деп ат қойдым. „Жинақты“ сегіз бөлімге топтастырдым. Әрбір тайпаның тілінен сөз жасауға болатын түбір сөздерін ғана алдым. Түркі халықтарының бәйіт-жырлары мен мақал-мәтелдерінен мысалдар келтірдім. Бұл кітапты пайдаланғандар кейінгілерге, олар өздерінен кейінгілерге жеткізсін деген ниетпен тағы біраз табылмайтын тіркестерді пайдаландым. Сөйтіп, бұл кітап ұрпақтан ұрпаққа халықтық мұраны қаз-қалпында жеткізу мақсатымен қиянға қанат қағып, әсемдік әлем — мәңгілік өмірге біржола жолдама алдым», — деп жазды. ЮНЕСКО 2008 жылды ғұлама ғалымның туғанына 1000 жыл толуына орай «Махмұт Қашқари жылы» деп жариялаған болатын.

0 дауыс
Махмуд қашғаридің еңбегі мен құндылығы пж аитындарш

Ұқсас сұрақтар

0 дауыс
2 жауап
0 дауыс
1 жауап
...