0 дауыс
3.9k көрілді
Маған Қазақ елінің 550 жылдығына шағын ғана көрініс керек еді..көмектесе аласыздарма?

1 жауап

0 дауыс

 Қазақ хандығының 550 жылдығы елдігіміздің түп-тамыры тереңде жатқанын ұқтырады - Ғалымтай Төлепбергенов.
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуіміз кейінгі ұрпаққа елдігіміздің түп-тамыры тереңде жатқанын кең көлемде тағы бір мәрте дәлелдеп береді

Бұл туралы әлеуметтік ғылымдар магистрі, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, облыстық конфессияаралық қатынастарды дамыту және талдау орталығының маманы Ғалымтай Төлепбергенов өзінің пікірін білдіріп отыр.

Оның айтуынша, бүгінгі Қазақстан Республикасы - бір жарым ғасыр бойына үзіліп қалған елдігіміздің заңды, тарихи жалғасы. Бұл - осыншама қасірет пен қайғы шеккен қазақ баласының маңдайына біткен бақыты. Оны сақтау, нығайту, көздің қарашығындай қорғау Елбасымыз айтқандай, әр қазақстандықтың қасиетті міндеті. Бүгінде Сарыарқа төрінен орын  тепкен Астанамызда Президент сарайының Ақ Орда, Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің  Хазрет Сұлтан аталуында  да үлкен мән, тарихи негіздер жатыр.

"Қазақ елі - ерте заманғы Ғұн империясы мен орта ғасырлардағы  Түркі қағанатының, Қыпшақ хандығы мен  кешегі алтын баулы Алтын Орданың, 1370 жылдары Алтын Ордаға тура билігін жүргізген Ақ Орданың тікелей мұрагері. Ұрыс хан кезінде дәуірлеген айбынды Ақ Орданың Қазақ мемлекеттілігі  тарихы үшін маңызы зор. Қазақ руларының бірыңғай Қазақ одағына бірігуі, халық ретінде саяси сахнаға шығуы осы кезден бастау алады. Жошы әулетінен шыққан Ұрыс хан - қазақ хандары әулетінің негіздеушісі. Сан ғасыр өтсе де, оның мазарының қазіргі кезге дейін сақталуының бір сыры осында жатса керек. Әйтпесе, бүгінгі күнге дейін Ұлы жаулаушының бірде-бір баласының мазарын басқа бір елден таба алмайсыз. Ондай ешқайда  жоқ. Бұған басты себеп - Жошы хан орныққан елге келіп билеуші болды, ол билеуші ретінде осы елдің мүддесін қорғады.

Сондықтан да, бұл елге оның өзі де, ұрпағы да әбден орнығып қалған сыңайлы. Тұңғыш қазақ ханы Керей  Ұрыс ханның үлкен ұлы Тоқтақиядан тараса, Жәнібек хан Ұрыс ханның кіші үрім-бұтағынан шыққан. Жәнібек ханның әкесі - Ақ Орданың соңғы ұлы билеушісі Барақ хан. Ол 1428 жылы Ордада басталған бүліншілік соғыста қазаға ұшырағаннан кейін ондағы билік Шейбанилер әулетінің өкілі Әбілқайыр ханның қолына өтті. Әбілқайыр хан өзінен атақ-даңқы асқан, Жошы негізін салған  мемлекеттердегі саяси-ел басқарушылық дәстүр бойынша Ордаға заңды хан болуға тиісті Ұрыс хан ұрпақтары Керей мен Жәнібекті өршелене қудалап отырды. Оларды 1446 жылдар шамасында Сыр бойындағы мұралық қала иеліктерінен айырды. Әуелден Ұрыс хан әулетіне арқа сүйеп келген қазақ руларының көпшілігі Әбілқайыр хандығындағы ішкі тартыста әулеттің заңды мұрагерлері Керей мен Жәнібекті қолдап, Сыр мен Сарыарқадан Шу мен Таласқа үдере көшкен уақыт Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-Рашидиі» дерегі бойынша 1455-1456 жылдарға сәйкес келеді. Осы оқиға жөнінде тарихшы Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай дейді: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілқайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң, Әбілқайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан, Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп, олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер  «қазақтар» деп атады. «Қазақ сұлтандары 870 жылдары  (1465-1466)  билей бастады...».

Алаша хан, Жошы хан мазар-кесенелері орналасқан Ұлытау исі қазақ баласы, алаш жұрты үшін қасиетті мекен. Себебі, осында Жошы Шыңғысұлы жаңа  Ұлы мемлекеттің негізін қалады, одан бергі хандардың көпшілігі осында хан тағына отырғызылды. Жоңғар-қалмақ, цин және қоқан шапқыншылықтарына қарсы күрестерді асқан ерлікпен жүргізіп қазақ елін тұрақтандырған, алты алаштың айбыны атанған Абылайдың, оның немересі Жошы әулетінің ең соңғы өкілі Кенесарының да осы жерде 1841 жылы үш жүзге хан сайланып, ақ киізге  көтерілгені де тарихи факт.

Тәуелсіздік жылдары әсіресе, көп талқыға түсіп жүрген мәселелердің бірі - ол қазақ халқының діни-менталдық болмысы. Қазақ жеріне дін исламның келгеніне 1200 жылдай уақыт өтсе де, барлық қазақ хандары өздерін мұсылман елінің билеушілері ретінде санап, мұсылманша ныпсы есімдері болғанына қарамастан, әртүрлі тарихи негізі жоқ пікірлер халық арасында көп жүргені жасырын емес. Ақиқатына келгенде, қазіргі дін тарихын танушы мамандардың пікіріне сүйенер болсақ, мына мәселені баса айтуға тура келеді. Ол - қазақ мемлекетіне тек исламның ханафи бағытын қабылдаған түркі-қыпшақ, басқа да рулардың енуі. Қасым ханның қасқа жолында, Есім ханның ескі жолында, Тәукенің «Жеті жарғысында» шариғат нормаларының кіргізілуі  ислам дінінің сол кезеңдегі қазақ қоғамына орныққанының айғағы емей немене? Түркістан қаласының қазақ хандығының саяси ғана емес, діни-рухани орталығына айналуы біздің басқа емес, мұсылман елі болғандығымыздың дәлелі дер едік. Әрине, ислам дінінің далалықтар арасында кең таралуында сопылық тарихаттардың рөлі күшті болғандығы да ақиқат. Қазақтың ұлы ханы Абылайды бұрынғы дәстүр бойынша Ұлытауда ғана емес, Әзірет Сұлтан іргесінде хан көтеру - оның мұсылман қазақ халқының елі билеушісі екендігін көрсететін оқиға. Осы турасында Абылай ханның Ресей императрицасына жазған хаты да  бар екені мәлім. Әрбірдесін жоңғар-қалмақ соғысын бастау үшін Жоңғар қоңтайшысы қазақтардың ислам дінінен бас тартып, будда дінін қабылдамағанын айта кетуіміз қажет. Жоғарыдағыдай әртүрлі пікірлердің пайда болуы ол тарих оқулықтарында әлі де болса, біздің төл тарихымыздың осындай мәдени-рухани қырларының кең көлемде көрініс таба алмай отырғандығының салдары дер едім.

Сондықтан, биылғы 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуіміз біздің осы олқылықтарымыздың орнын толтырып, кейінгі ұрпаққа елдігіміздің түп-тамыры тереңде жатқанын кең көлемде тағы бір мәрте дәлелдеп береді", дейді Ғалымтай Төлепбергенов.

...