0 дауыс
1.4k көрілді
Экспо 2017 ге дайындық басталу үстінде ме?

4 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап
Я басталып кетті. Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
+1 дауыс
Жапырақ жайған «жасыл» энергия «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық қызып тұр

VII Астана экономикалық форумы аясында Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің мұрындық болуымен «Smart Green Business Forum» жиыны өткізілді. «Жасыл академия» ғылым-білім орталығымен бірге ұйымдастырылған шараға Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігі мен Орталық Азиядағы ЮСАИД ұйымы өкілдері де белсене атсалысты. 2017 жылғы ЭКСПО көрмесіне дайындық болашақтағы «жасыл» экономикаға өтудің бір баспалдағы екені анық.

Жиында «Жасыл көпір» серіктестігінің бағдарламасы талқыланып, бұл саладағы білім мен тәжірибе алмасу мәселелері сөз болды. Бұл ұсыныстардың бәрі Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы жоспар жобасына енгізіледі.

Шынтуайтына келгенде, энергетикалық қауіпсіздік мәселесі әлемдік қауымдастықты түгел алаңдататын тақырыпқа айналды. ХХІ ғасырда дамудың басты тетігі арзан әрі тиімді қуат көздерін табуда болуы ғажап емес.

Бүгінде Үлкен жиырмалық елдерінің өзі «жасыл» экономикаға көшу қажеттігін мойындап отыр. G20 клубының соңғы жиынында олар келешек ұрпақтың игілігі үшін табиғи қорларды үнемді пайдалануға, рәсуа етпеуге міндеттеме алды.

Ағылшын экономист сарапшысы Николас Стерннің айтуынша, алдағы 10-15 жылда ауа-райының өзгерісі ғаламдық экономиканың дамуы­на кері әсерін тигізеді, тіпті оның зияны әлемдік ЖІӨ-нің 5 пайызына жетуі мүмкін. Ал таяу жылға дейін бұл көрсеткіш 20 пайыздан асады. Әзірге тек болжам түрінде айтылғанымен, соңғы кездегі зерттеу нәтижелері бұл қауіптің бекер еместігін байқатады. Мысалы, кейбір деректерге сәйкес, егер қазіргі жағдай өзгермесе, 2050 жылға қарай қуат көздерін өндіруден ауаға бөлінетін көмірқышқыл газының көлемі екі есе артады. Ал бұл газдың ауа райының бұзылуына орасан ықпал ететіні белгілі.

Сондықтан әлемнің озық ойлы ғалымдары, экономистері, мемлекет қайраткерлері, тіпті саясаткерлері баламалы қуат көздерін дамыту идея­сын қолдайды. Себебі бүгінде «жасыл технологиялар» – табиғи қорларды сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға, қуат көздерін үнемді жұмсауға, экономикалық дамуға тың серпін беруге таптырмас жол.

Баламалы қуат көздерін табуда және оларды пайдалануды жетілдіруде экологиялық қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс. Алдағы уақытта күн, жел, су көздерін пайдалану, өндірістік суды қайта пайдалану жолдарын қарастыру жоспарланып отыр. Оның үстіне қуат тасымалдаудың үнемді де арзан жолын табу керек. Қазіргі электр қуатының 20 пайызы тасымал кезінде ысырап болып жатқаны белгілі.

Астаналық ЭКСПО көрмесінің басты тақы­рыбы – «Болашақтың энергиясы» баламалы қуат көз­дерін дамытуды талап етеді. ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесі адамзаттық деңгейде энергия тапшылығын жою және кедейшілікті азайту мә­селелеріне оң ықпал етуді көздейді.

Қазақстан алдағы төрт жылда болашақтың қуат көздерін пайдалануда бастамашыл болуы тиіс. Күн сәулесін жинайтын модульдер салу, жел электростанцияларын құру, тау өзендерінің арқыраған күшін пайдалану – бұл салада атқарар жұмыстардың бір парасы ғана. Осы орайда, Елбасы бір сөзінде жер астындағы ауа температурасының өзгешелігін пайдалану қажеттігін айтқан еді.

Қазақстанда күн панельдерін, жел энергетикасы құрылғыларын шығаратын зауыт салынып жатыр. Енді «жасыл» экономиканы қалыптастыруға мемлекет те, жеке кәсіпкерлік те өз үлесін қосуы тиіс. Сонда қазіргі экономикалық өсім қарқыны сақталып, оны тұрақтандыру шарты орындалады.

Бұдан былай бизнес өкілдерін «жасыл» экономикаға қаржы құю үшін ынталандыру қажет.

Бұл орайда, Германияны озық үлгі ретінде мысалға алсақ жеткілікті. 2009-2012 жылдар аралығындағы төрт жылда Германияда орнатылған күн сәулесін өндіретін құрылғылардың 70 пайызы жеке кәсіпкерлер мен фермерлердің қолында екен. Жалпы, Германия, Финляндия сияқты елдер «ақылды үйлер» салуда өзгелерден алда келеді. Ал Данияда 1980 жылдан бері жыл сайын пайдаланылатын қуат көлемі өзгеріссіз қалса да, сол кезден бері елдің ЖІӨ 80 пайызға дейін өскен. Баламалы қуат көздерін дамытуға айрықша көңіл бөліп, қолдау білдіріп отырған елдердің тәжірибесі осындай.

Қазақстан – Азия-Тынық мұхиты айма­ғын­да «жасыл» экономикаға көшу туралы Тұжырым­даманы алғашқылардың бірі болып қабылдады. Бұл – ұлттық экономиканың барлық саласында «жасылдану» қағидасын жан-жақты енгізу деген сөз.

Алдағы төрт жылда ғана емес, одан кейін де Қазақстан «болашақтың қуатын» пайдалануға көшіп, «жасыл экономика» талаптары бойынша өмір сүруге дайын болуы тиіс. Бұл үшін таза қуат көздерін қолданысқа енгізу және оларды ұдайы пайдалануда инновациялық бастамалар ауадай қажет.

Түптің түбінде, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуден ешбір аймақ тыс қалмайды. Мысалы, Қазақстан қолға алған болашақтың энергиясы бағыты бойынша ғылыми тұрғыда ізденуге Ерейментаудағы жел станциялары мен Астанада салынатын күн көзі қуатын пайдалану жобалары айтарлықтай сеп болмақ. Бұдан бөлек, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстары қазірдің өзінде жел қуатын пайдалануға көше бастады.

Шығыс Қазақстан облысы да қазіргі таңда елдегі баламалы қуат көздерін пайдалануға бет бұрған аймақтардың бірі. Бұл облыс аумағында 20 шақты жел станциялары орналасқан. Десе де, аймақтың электр энергиясы тапшылығын жоюға бұл аздық етеді. Облыс аумағында 700 тау өзені ағып жатыр, бүгінде оларды қуат алу үшін пайдалану мәселесі талқылануда.

2017 жылға дейін елордада жыл сайын «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бойынша конференциялар мен симпозиумдар өтеді. Осылайша, Қазақстан «жасыл технологиялар» мен балама қуат көздері мамандарын жер-жерден тартуды көздеп отыр. Алдағы уақыттағы жиындар мен басқосуларда Қазақстан жасыл технологиялар тақырыбын белсенді түрде насихаттау­ды жоспарлап отыр.

Он жеті жыл бұрын Халықаралық көрмелер бюросының мүшесі болып таңдалған Қазақстан бұған дейін ЭКСПО көрмелеріне төрт рет қатысты. 2005 жылы Жапонияның Аичи өлкесінде өткен көрмеге, 2008 жылы – Сарагос (Испания), 2010 жылы – Шанхай (Қытай), 2012 жылы Йосу (Есу) (Оңтүстік Корея) көрмелеріне белсене атсалысып, өз павильонын құрған еді. Онда Қазақстан ғылым мен мәдениет, бизнес пен туризм салаларындағы дәстүр мен жаңашылдық негіздеріне сүйеніп, су көздерін пайдалану, Қазақстанның кешегісі мен келешегі тақырыптарына арналған жобалар ұсынған еді. Астана қаласы мен «Болашақтың энергиясы» атты тақырыптары соңғы павильонда жан-жақты насихатталды.

Астанада ЭКСПО көрмесін өткізу туралы идеяны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет Испанияда өткен көрмеде айтқан болатын.

ЭКСПО халықаралық көрмелері 160 жылдан бері әлемнің әр түкпірінде өткізіліп келеді. Шындығында, ЭКСПО-ның әрбір көрмесінің қай елде, қай қалада өтетіні туралы шешім талапкер елдің саяси, экономикалық, географиялық және мәдени ерекшеліктерін ескере отырып қабылданады.

Сондықтан ТМД аумағында осындай халықаралық көрмені өткізу мәртебесі Қазақстанға сеніп тапсырылуы оның мемлекеттік әлеуетінің мықтылығын, келешек даму бағдарының айқындығын білдіреді.

Бір ғажабы, Қазақстанда өтетін ЭКСПО көрмесі де ел өміріндегі айтулы датаға орайлас келгелі тұр. 2017 жыл – Астана қаласының 20 жылдығы тойланатын мерейлі жыл. Ендеше, Астананың өзі инновациялық шешімдер тоғысқан, ғылыми ой мен озық технологиялар дендеп енген заманауи қала ретінде ЭКСПО-2017 көрмесінің басты символына айналуға лайықты.

Болашақ қалашықтың аумағы 173,4 гектарды құрайды. Оның ішінде 25 гектарда көрме кешені орналасады. Ал қалған 148 гектарға тұрғын үй нысандары, әлеуметтік-мәдени нысандар, білім беру, денсаулық сақтау мекемелері, саудаойын-сауық орталықтары т.б. нысандар салынады.

ЭКСПО-2017 көрмесінің басты символы «Қазақстан-Астана» павильоны болмақ. Ол бірнеше қабаттан тұратын шар пішіндес ғимарат. Алып «шардың» диаметрі 80 метр, жалпы аумағы 24 мың шаршы метрді құрайды. Шар тәріздес пішін жердің биосферасын еске түсіреді. Болашақта бұл шар-ғимарат қоршаған ортамен үндестікте өмір сүретін адамзат нәсілінің символына айналмақ. «Бұл болашаққа саяхатқа ұқсайды» дейді жоба авторларының бірі Роберт Форест. Оның айналасында халықаралық, тақырыптық және корпоративті павильондар салынады. Тақырыптық павильондар «Қуат әлемі», «Өмірге қажетті энергия», «Энергия әркім үшін», «Менің болашақ энергиям» деп аталады.

Көрме кешені Астана қаласының бір бөлшегі ретінде жоспарланып отыр. Болашақта «жасыл технологиялар» дендей енген жаңа қалашық елорданың ажырамас бөлігіне айналмақ. Оның жаңа тынысты орталығы саналуы да ғажап емес. Халықаралық көрме кешенінің құрылысы қаланың да, жаңа қалашықтың да инфрақұрылымын жақсартып, жолдарын жаңартып, өзгеше пішіндегі нысандардың бой көтеруіне ықпал етпек. Мұндай ауқымдағы істерді жүзеге асыру барысында көптеген жаңа жұмыс орындары ашылып, қала экономикасы ерекше серпін алуы мүмкін.

Ең бастысы, Астанада күннің де, желдің де қуатын пайдалану мүмкіндігі мол. Баламалы қуат көздерінен елорда таршылық көруі неғайбыл.

Кешен аумағында Өнер орталығы, Үздік тәжірибелер аймағы, Конгресс-орталық салынады. Үздік тәжірибелер аймағында баламалы қуат көздерін пайдаланудың ең озық мысалдары таныстырылады.

Көрме аяқталған соң оның павильондарын бизнес-орталықтарға және Назарбаев университетінің лабораторияларына айналдыру көзделіп отыр.

ЭКСПО көрмесіне арналып салынатын құрылыс нысандары, басқа мемлекеттердің павильон салудағы, экспонат ұсынудағы технологиялары біздің елде қалады. Ең бастысы, болашақтың энергиясына қатысты тың жобалар мен жетістіктер жайлы жаңалықтар Қазақстанның ғылыми ортасына сіңіріледі. Мұндай тәжірибені сатып алу мүмкін емес.

ЭКСПО көрме кешені құрылысына атсалысатын компаниялар үшін арнайы салық жеңілдіктері жасалады. Бұдан басқа оларға әкімшілік қолдау көрсетіліп, кешенде корпоративті павильон берілуі мүмкін. Жалпы алғанда, көрменің демеушілеріне көрме кешені аясында өз тауарлары мен қызметтерін ұсынуға қолайлы жағдай жасалады.

Бұған дейін осындай көрмелерді өткізген елдер тәжірибесіне жүгінсек, ЭКСПО әрқашанда экономика, ғылым, техника мен мәдениеттің дамуы­на түрткі болған. Ендеше, ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру жобасын отандық туризмнің, озық технологияның дамуына салынған инвестиция деуге де болар.

Шындығына келгенде, ЭКСПО көрмесі жергілікті шағын және орта кәсіпкерлер үшін тигізер пайдасы көп. Кәсіпкерлер үшін халықаралық көрме серпін берер оқиға болмақ. Олар үшін бұл шара қызмет көрсету сапасын арттыру, қонақ үй бизнесін одан әрі дамыту, ішкі туризмді жетілдіру, инвестиция тартуға жол ашылады.

Көрмені өткізуге дайындық барысында көптеген жаңа жұмыс орындары ашылатыны сөзсіз. Сырттан келетін қонақтарды орналастыру, оларға сан алуан қызмет түрлерін ұсыну, аударма жасау, экскурсия ұйымдастыру, ойын-сауық бағдарламаларын әзірлеу – кәсіпкерлер үшін пайда табу мүмкіндіктерінің бір парасы ғана.

Оның үстіне, отбасылық, экоэтнографиялық, медициналық туризмді дамытуға жол ашылады. ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Алматы, Көкшетау, Түркістан және Қарағанды қалаларына да туристерді шақыру, орналастыру, түрлі таңғажайыптар ұсыну – Қазақстан үшін оңтайлы мүмкіндіктер болмақ. Байқоңыр қалашығы мен ғарыш айлағын ЭКСПО туристерін шақыратын маңызды нысанға айналдыру жоспарланып отыр.

ЭКСПО туристеріне ұсынылатын ғажайып­тардың бірі – Бурабай курортты аймағы болмақ. Ондағы су қоймалары тазартылып, арнайы туристік қалашықтар салынады.

Туристерді құшақ жая қарсы алатын мекендердің бірі – Қорғалжын қорығы. Турис­тер бұл жерде мұрты бұзылмаған табиғат тынысымен қауыша алады.

Сарапшы мамандардың есептеуінше, Қазақстанда өтетін көрмеге 100 шақты мемлекет, 10 халықаралық ұйым қатысып, жалпы саны 2,5 миллион қонақ тамашалауы мүмкін. Шетелден келетін туристерден жергілікті экономикаға миллиардтаған теңге түсім түсуі ғажап емес.

Сәуір айында көрме кешенінің құрылысы басталып та кетті. Оның алғашқы кірпішін Елбасының өзі бастап қалаған болатын.

Келесі айда Халықаралық көрмелер бюросының 155-ші Бас Ассамблеясында Қазақстанға көрменің ресми жалауы беріліп, «ЭКСПО-2017» құжаттарын рәсімдеу жұмыстары аяқталады. Содан кейін Астана 192 мемлекетке 2017 жылғы «Болашақтың қуаты» атты мамандандырылған көрмеге шақыру жолдай бастайды.

Қызғалдақ ҚЫДЫРБЕК

Астана қаласы
+1 дауыс
Басталып кетті. Ұлттық қордан 70млрд. теңге бөлінді. Қазір ғимарат салу жұмыстары басталғалы жатыр. Көптеген ғылыми жобалар жасалынып жатыр. Назарбаев университетінің алаңындағы жерлер ЭКСПОға дайындалуда. Барлық құрлысшылар қазір Астанада.
+1 дауыс
Құрылыс жұмыстары өткен жылдың өзінде-ақ басталып кеткен. Әлі де бос қалатын жерлерге арнаулы оқу орындары мен ЖОО студенттерінің , мектеп оқушыларының жобалары қабылданатын болады. 2017 -ге дейін Астанамыз гүл болып, одан да асып кетердей болады!
...