"Қазақстан-2050" Стратегиясы - 2012 жылы желтоқсанда Мемлекет басшысының ел халқына Жолдауында таныстырылды. Оның басты мақсаты – мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуы.
Қазақстанның үздіктер қатарына ену жолдарын айқындап берген маңызды құжат бұл.
Пайдасы:
ҚР Президентінің "ҚАЗАҚСТАН-2050" - стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты халыққа Жолдауы ұлттық құқық пен білім жүйесінің даму жолдарын және жастардың болашағын айқындайтын құқықтық құжат.
"Қазақстан-2030" Стратегиясы ел дамуының қиын-қыстау кезінде қабылданғанын бәріміз білеміз. Қазақ "Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан" деп тегін айтпаса керек. Елуіңіз не, мінеки, он бес жылда адам сенбестей өзгеріске түстік, еліміз жаңарды, санамыз жаңғырды, әлемді таныдық, әлем бізді таныды. Денсаулық сақтау, білім беру халықтың әл-ауқатын арттыру салаларында да зор табыстарға қол жеткіздік.
"Қазақстан-2030" Стратегиясы негізгі параметрлері бойынша мерзімінен бұрын орындалған. Яғни, мемлекет дамуының бүгінгі күн талабына лайық жаңа Стратегия қабылдауды уақыттың өзі туындатып отыр. Елбасы соны көрегендікпен танып, 2050 жылға дейінгі дамуымыздың жаңа тұрпатты Стратегиясын ұсынуда. Қазақстанның кемел келешегі жолындағы атқарар бұл бағдарламаның ауқымы орасан, міндеттері зор, межесі тиянақты.
ҚР Президентінің "Қазақстан-2050" стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауының жөні ерекше, мағынасы терең, бағдары айқын, стратегиялық маңызды өте жоғары құжат деп есептеймін. Себебі, Президенттің өзі айтқандай, "Мықты мемлекет… жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамуымен және экономикалық өсуімен ерекшеленеді" [1, 5б]
Қазіргі жаһандану заманында білім-ғылымсыз экономиканы алға қарай өрлету мүмкін емес. Сондықтан даМемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы мәселеге ерекше мән бере отырып, еліміздің одан әрі де табысты алға жылжуын жалғастыру үшін білім, ғылым салаларында алда тұрған жаңа міндеттердің жайына тоқталу үшін,еліміздің болашағы жастарға үшін бұл Жолдаудың маңызы ерекше.
Биылғы Жолдауда Елбасының жастарға үлкен жауапкершілік артып отырғанын сезіндік. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиясының өзі жастар үшін қабылданып жатыр. Өйткені, жастар - мемлекеттің болашағы. Ал болашақтың қалыбы бүгіннен басталады. Елбасы осы бастан жастардың келешекте жүрер бағытын анықтап берді. Адастырмайтын жолын нұсқап көрсетіп отыр.
Жолдаудың кең ауқымды бағыттары еліміздің экономикалық қуаты мен мерейін асыруда бәрімізге міндет-мақсаттар жүктеді. Солардың бірі - "Білім мен кәсіби машық - заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарлары". Бұл Жолдау жастардың болашағына үлкен серпін беріп, олардың келешекке деген көзқарасына зор сенім ұялатты және білімге, еңбекке және табандылыққа талпынуға шақырды. Өйткені, елдің келешегі, елдің ертеңгі тағдыры солардың қолында. Елбасымыз жар құлағы жастыққа тимей осы жылдар ішінде дүркіретіп Қазақстанның атын шығарып, әлемге танытып жатса, сайып келгенде, соның бәрі ұрпақ үшін. Жастарымыз Қазақстанды әрдайым мақтан етсін, туған халқы үшін ұялмасын, еңсесі биік, кеудесі тік, өзгелермен тең жүрсін деген ниет
Ол өткенді саралай отырып, Қазақстан жастары үшін, алдағы уақытта атқаратын міндеттерді белгілеп берді. Сондай-ақ, ел дамуының жаңа кезеңі мен тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына бет бұрған тұста қоғамдағы ең ірі әлеуметтік топ - жастарға деген Президенттің сенімі мен қамқорлығы олардың білім мен ғылымға деген құштарлығын одан әрі күшейтті. Осы тұста Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауынан мынадай ұлағатты сөздерін айтуға болады: "Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Сондай-ақ балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды. Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар қолданбалы және ғылыми-зерттеушілік бөлімшелерін құруы және дамытуы қажет. Біз академиялық автономия кепілдігін берген жоғары оқу орындары тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен шектелмей, өздерінің ғылыми-зерттеушілік қызметін де белсенді дамытуы тиіс. Жеке бизнестің, үкіметтік емес және қайырымдылық ұйымдарының, жеке адамдардың әлеуметтік жауапкершілігі білім беру саласында айрықша көрінуі керек. Бұл ең бірінші кезекте лайықты білім алуда оқу ақысын өз бетінше төлей алмайтын жастарға көмек беруге қатысты. Ол үшін қажетті шаралар:
Жоғары және орта білім беру жүйесін дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі желісін құру.
Көпсатылы оқу гранттары жүйесін әзірлеу.
Бүкіл ел бойынша ғылыми-зерттеушілік және қолданбалы білім берудің өңірлік мамандықтарды ескеретін мамандандырылған оқу орындары жүйесін құру.
Жоғары оқу орындарындағы оқудың екінші курсынан бастап кәсіпорындардағы міндетті өндірістік тәжірибені заңнамалық тұрғыда бекіту.
Бізге оқыту әдістемелерін жаңғырту және өңірлік мектеп орталықтарын құра отырып, білім берудің онлайн-жүйелерін белсене дамыту керек болады.
Біз қалайтындардың барлығы үшін қашықтан оқытуды және онлайн режімінде оқытуды қоса, отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды енгізуге тиіспіз.
Ескірген немесе сұраныс жоқ ғылыми және білім пәндерінен арылу, сонымен бірге, сұраныс көп және болашағы бар бағыттарды күшейту қажет.
Орта және жоғары білім берудің оқу жоспарларының бағыттылығы мен басымдықтарын оларға тәжірибелік машықтарға үйрету бойынша және тәжірибелік біліктілікке ие болу бағдарламаларын қосып, өзгерту.
Кәсіпкерлікке бағдарланған оқу бағдарламаларын, білім беру курстары мен институттарын құру.
Мен сөзімді, әсіресе, жастарымызға арнағым келеді. Бүгін мен жариялаған Жаңа саяси және экономикалық бағыт сіздерге жақсы білім беруді, яғни бұдан да лайықтырақ болашақ сыйлауды көздейді. Мен сіздерге - жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер. Мемлекет басшысы ретінде мен әрдайым сіздердің оқуларыңыз бен өсіп-өнулеріңіз үшін барлық жағдайды жасауға тырыстым. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептер аштым, "Болашақ" бағдарламасын құрдым. Қазір мемлекеттік жастар саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленуде. Мемлекет сіздердің алдарыңыздан жаңа мүмкіндіктер ашылуы үшін барлығын жасауда. Олар - сіздердің ата-аналарыңыз тіпті ойлап та көрмеген мүмкіндіктер.
Естеріңізде болсын: сіздердің табыстарыңыз - ата-аналарыңыздың табысы, туғандарыңыз мен туыстарыңыздың табысы, отбасыларыңыздың табысы, барлық отандастарыңыздың табысы, біздің Отанымыздың табысы", - деген патриоттық рухты көтеретін сөздерін айтуға болады.
Елбасының бұл сөздері білім беру саласының әрбір қызметкеріне жол көрсетуші болып табылатыны анық. Біздің жұмысымыздың басты нәтижесі - жас түлекті тәрбиелеп, білімді, сапалы, саналы азамат ретінде қалыптастыру. Сапалы білім алушы жас ұрпақ интеллектуалдық ұлтты қалыптастырудың негізі болып табылады. Сондықтан білім беру жүйесі ХХІ ғасырда еліміздің стратегиялық дамуының негізгі бағыты болуы қажет. Осы орайда Елбасы ең үлкен құндылықтың білімге ұмтылу екенін атап өтті. Ал кез келген елдің экономикасын дамыту үшін білімді кадрлар керек. Білім беруде жаңалық енгізу күрделі үрдіс. Сондықтан әрбір білім беру мекемесінің оқытушы профессорлар құрамы өз білімдерін дамыта отырып, студенттерге дәріс беру кезінде ғылым мен инновацияны жаңашыл дамытушы болуы керек. Сонымен қатар, бұрыннан қалыптасқан оқыту-тәрбие үдерістерін өзгерту қажет деп, ойлаймын. Шынында да, сапалы білім беру мен жастардың тәрбиесі қоғам дамуының маңызды ресурсы болып табылады. Әрбір мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен жастарға байланысты болғандықтан, Қазақстан жастары Президенттің мемлекеттік жастар саясатын нығайтуын қолдайды. Жастар саясатының ішінде ауқымды және нақты жұмыстар жүргізілуде. Осы бағытта мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының жобасы жасалынған болатын. Оқушыны тек сапалы білім беру арқылы қызықтыруға болады.
Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырды. Оқытудың жаңа әдістемелік жүйелерін жаңғыртып, өңірлік мектеп орталықтарын құрып, білім берудің онлайн-жүйелерін белсене дамытудың керектігі айтылды. Мәселен, қашықтықтан оқытуды және онлайн режімінде оқытуды дұрыс жолға қойып, отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді, құралдарды қарқынды енгізу тиістігіне маңыз берді. Елбасы осы орайда жастарға жаңа саяси және экономикалық бағытты ұсынуыменен жақсы білім алып, лайықты болашақтарын сайлап, сенім артатындығын айтты
Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Қазақстан-2050" стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауы ұлттық білім жүйесінің даму жолдары мен жастардың болашағын айқындайтын құқықтық құжат. Сондықтан, мұндай Президент Жолдауының дәстүрлі сипат алуы бізді қуантарлық жайт деп, - ойлаймын.
Алынған парақ.