Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданына қарасты ауылдардың бірінде кісі өлтіріліп, соның кесірінен жаппай тәртіпсіздік болды. Бұл туралы облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға 4 ақпан күні түнде болған. Сарыағаш ауданына қарасты Бостандық ауылына жақын жерде көрші Ынтымақ аулының тұрғыны, 1985 жылы туған Б.Д.Артықовтың мәйіті табылған. Мәйіттің денесінде пышақтаудан қалған ауыр жарақат іздері бар.
Кісі өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ретінде Сарыағаш ауданына қарасты Бостандық ауылының тұрғыны 1976 жылы туған Нарметов іздестіріліп жатыр.
Қылмыстық оқиғаға Нарметов жалға алып отырған Артықовтың жылыжайына байланысты жағдай себеп болған көрінеді.
Осы оқиғадан кейін, 5 ақпан күні Артықовтың ауылдастары, бір топ жас көршілес ауылға келіп, бірнеше машинаны өртеп, бірді-екілі үйге шығын келтірген.
Бұл тәртіпсіздіктерді дер уақытында полиция тоқтатқан. Қазір оқиға болған ауылда тыныштық орнап, құзырлы орындар жұмыс істеп жатыр.