Кезінде «Шуақты күндерімен» оқырман жүрегіне жол тапқан Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» атты жаңа кітабы жарық көрді. Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, батыр атамыздай тектінің тұяғы, асылдың сынығы - жазушы Бақытжан Момышұлының жан жары Зейнеп апа бұл кітапты ұзақ жылдар жүргізген күнделігінің негізінде жазған. Мұндағы басты әңгіме арқауы Батыр атамыздың баяндауында ұсынылады. Автор осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы оқиғаларды күні кеше ғана өткендей, тап қазір ғана болғандай көз алдыңызға келтіріп, сондағы Момышұлы шаңырағында айтылған әңгіме, шертілген сырды шешен тілмен баяндайды.
Біз оқыған жанды ойландырмай қоймайтын мазмұнды кітаптан үкілі үзінділер ұсынып отырмақпыз.
*
- Бұрын қазақта қазіргідей үлкен-кіші, еркек-әйел жаппай сүйісіп амандаспайтын, - деді ата мен сусын апарғанда.
Әлгінде Бәкеңнің кішкентайдан бірге өскен, бірге оқыған досы келіп, екеуінің орысшалап сүйісіп сәлемдескенін көрген болатын. Мына айтқан сөзіне сол сүйісу түрткі болды-ау деймін...
- Әсіресе батпандай ер-азаматтардың кездескен жерде сүйісіп амандасуы деген қазақ қауымында бұрын атымен жоқ еді. Осы сүйісу Хрущевтің билік құрған кезінен кең етек алып, жайылып кетті. Жақсыны да, жаманды да алаламай тез қабылдай қоятын «талантымыз» бар. Бастықтың әр қимылын қалт жібермей, қайталап кәукелектейтін жағымпаз жампаңдығымыз тағы бар. Сөйтіп, жалпаңдап жүріп, жапалақ болып кетер ме екенбіз, құдай білсін... Ер-азаматтар қолдасып амандасушы еді. Сағынысып көріскенде құшақ айқастырып қауышатын. Міне, осыларды «еркекше сәлемдесу» дейді. Ал әйелдер өзара құшақтасып, сүйісіп амандаса беретін. Қариялар өзінің баласындай, немересіндей жастарды жақсы көріп еміренгенде құшағына қысып, арқасынан қағатын. Осы жерде бір нәрсеге тоқтала кетейін. Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған. Арқасынан қаққан. «Басына сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады» деп түсінген. Ата-ана, ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп ұлды арқадан қағыпты. Ал қыздарды керісінше басынан сипаған. Қыз - жатжұрттық, қыздың бағы - үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады» деп басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық биязы мінез қалыптасады. Арқадан қағу мен бастан сипаудың осындай талғамды астары, тәрбиелік мәні бар екен.
Ал енді әжелер мен апалар жасы кіші жақындарын жақсы көргенде ұл болсын, қыз болсын, оларды құшақтап, маңдайынан не қолынан сүйеді. Қазір де ел ішінде жиі болмағанымен бұл әдет сақталып келеді. Жас балалардың маңдайынан иіскеп не сүйіп: «Үлкен азамат бол!», «Бақытты бол!», «Өркенің өссін!», «Өмір жасың ұзақ болсын!» - деп тілектерін қос қабат айтып жатады. Тегінде қазақ жас баланы, әсіресе кішкентай сәбиді бетінен сүймейтін, қызығып қарамайтын, таңданып сұқтанбайтын. Бұлар - тыйымдар. Ертеден келе жатқан осы ырым-тыйымдар негізсіз емес. Сәби құстың балапаны сияқты, нәзік әрі сыртқы әсерді өзіне тез қабылдайды. Ересек адамдар баланы мейірленіп сүйгенде әр адамның бойындағы әртүрлі деңгейде болатын биоөрісті сәби көтере алмайды. Сәбиде қорғану күші әлі жетілмегендіктен науқастанып қалады. «Көз тиді», «сұқ өтті», «аш кірді» деп жатамыз ондайда. Бұрын халық емшілері сумен ұшықтап, адыраспан, аршамен аластап, тұзбен емдеп жататын. Әрине, ешкім де жас баланы әдейі ауыртайын демейді. Көп адамдар өзінің бойында, көзінде қандай дәрежеде өріс бар екенін біле бермейді, ол тіпті ойына да келмейді. Сондықтан сәбиге қатысты жерде үлкендердің абайлап, сақ болғандары жөн. Өте еміреніп жақсы көру зардапсыз емес, балаға қауіп болуы ықтимал, - деді ата.
Мен осы әңгімеден соң ойланып қалдым. Атаның өзі жас балаларға онша жұғыса бермейді. Балаға үйірсектігі шамалы. Бір қарағанда баланы жаратпайтын секілді әсер қалдырады. Өзге адамдар сияқты жас баланы құшақтап, елжіреп сүйгенін өз басым көрген емеспін. Біреудің баласына керемет көңіл бөлгенде «жақсы бала екен ғой» немесе «жігіт екен ғой өзі» деп қана қолынан ұстап, арқасынан қағып қояды. Жас балаға тура қарамай, басынан, иығынан асыра назар салады. Атаның тіке қараған отты жанарына бала түгілі ересек адамның төтеп беруі екіталай.
Өзгені былай қойғанда, елу тоғыз жасында алғаш көрген немересін де көпе-көрнеу жақсы көре бермейді. Алғашқы кездерде атаның осы салқындығын түсінбейтінмін әрі жүрегіме тікендей қадалатын. Біз атаның қолына көшіп келіп, бірге тұрған соң ғана сырын ала бастадым. Ата баламен ойнауды білмейді, олармен үлкен адамша сөйлеседі. Немересінің толып жатқан бітпейтін сұрауларына жалықпай жауап береді. Бала қиялын жетелеп, оны әдейі сөзге салып, ойлау қабілетін өрістетеді. Қате кеткен бұрыс жерін сол замат түзеп, түсінік береді. Керек жерінде солдат құсатып қақшитып тұрғызып қойып, қаталдығын да көрсетіп жібереді. Бірақ қорқытпайды. Атаның көп қолданатын әдісі - қайталау. Немересіне әлденені үйреткенде осы әдісі арқылы нәтиже шығарады. Ержанға деген аталық пейілін айналып-толғанбай-ақ өзіне тән ерекше табиғатымен жеткізеді. Сырттай көрсеткісі келмегенімен бір ауыз сөзінен, бір қимылынан, көзқарасынан бұлтты жарып шыққан күндей жарқ ете қалатын аталық мейірімі бәрбір анық та айқын байқалатын.
*
Жарма есіктің бір жағын болар-болмас ашып сығалағанымда ата бір нәрсені жазып жатыр екен. Бөгет болып, ойын бөлмейін деп есікті ақырын қайта жаптым. Сол кезде:
- Бермен келгін, - деп дауыстады ата.
Мен кірген соң «отыр» дегендей ым қақты да, мұрнына қарай сырғып кеткен көзәйнегін түзеді. Кеудесін көтеріңкіреп, қағаздағы жазуды оқи жөнелді.
- «Қай ұлттың болсын ана тілі, ата дәстүрі, салт-санасы - сол халықтың өзіндік қадір-қасиетін, жан дүниесін, тұрмыс-тіршілігін көрсететін төл белгілері. Олар - бүкіл бір халықтың өмір жолында ғасырлар бойы мысқалдап жинаған рухани қазынасы, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған ардақ-мұрасы. Онсыз қара шаңырағы бар іргелі ел болып, бүтін ұлт болып қалу мүмкін емес. Ана тілі, ата дәстүр өзінен-өзі жалғаспайды немесе біреу сырттан келіп сен үшін көсегеңді көгертіп сақтап та бермейді. Халықтың өз бет-бейнесінен айырылуы не сақтап қалуы - әрбір ұрпақ өкілінің өзінен кейінгі ізбасарларына бабалар аманатын қай сапада жеткізуіне байланысты», - деп көзәйнегін алып былай қойды. Жаңағы оқыған қағазды маған ұсынды. Сынып кетер нәзік затты ұстағандай қос қолымды тең созып, абайлап қағазды алдым. Неге екенін толқып кеттім. Ата мұны байқамады дей алмаймын. Бірақ ештеңе көрмегендей, сезбегендей сөз бастады.
- Өкінішке қарай, арқау жіпті босатып алдық. Ескектен айырылған су бетіндегі қайықтай теңселіп қалтылдап жүрміз. Бабалар аманатына адал бола алмай, күнәміз көбейді. Қашан тәубеге келерімізді кім білсін?! - деді.
Көкті қымтаған бұлттай қабағы түнеріп, біразға дейін тұйықталып қалды. Атаның күрт өзгерер мінезіне төселген жанмын. Сондықтан үндемей тым-тырыс отырдым. Арасында көзімнің астымен ұрлана қарап қоямын. Тастан қашалған мүсіндей бір нүктеге қадалып, міз бақпай қатып қалған. Қоңырқай өңі қарауытып, буырыл мұрты айбат шеге едірейіп, онсыз да қисая қоймайтын кірпі шаштары атой салған қалың қолдай өре түрегеліп, тікірейіп кетіпті. Атаның қабырғасын қайыстырып, жанын кемірген күйдің не екенін аңғарып отырмын. Әлгінде өзі оқып берген түйдек-түйдек ойлы сөздері мына қиналысының жауабы еді. «Саналы ерде ұйқы жоқ», өз басының мұратын күйттеп, жан тыныштығын бағып жатқан жоқ. Ұлттық құндылықтардың қиюы кетіп, ұлттық намыссыздық пен жан мүгедектігіне душар болсақ, кейінгі ұрпақ кім болады деп күйзеліп отырғаны анық.
- Зерігіп отырсың ба? - деп ата оқыс үн қатқанда:
- Ойланып отырмын, -дедім. «Үкі батылдығынан түнде ұшпайды», тайғанақтамай тақ еткізіп жауап бергенім батылдығым емес, шынымен, ойланып отырғам.
- Ойлайтын ми болмаса, тыңдайтын құлақ әркімде бар. Иә, естігенді саралайтын сана болмаса, айтылған сөз тастаққа түскен дәнмен тең, солай ма?!
- Солай секілді...
- Секілді-мекілді деген дүдәмал көмескі сөзге көп әуес болмағын. Айтар ойыңның негізі - берік, ішкі сүйегі түзу болса, солқылдақ, буыны бос сөзді қоспай, түйіп сөйлегін! Ұқтың ба?
- Ұқтым, ата.
- Менің ығыма неге жығыла бересің? Әлде «бәлесінен аулақ, қырсық шалдан құтыла салайын» деп, бәріне бас изейсің бе?
Ә дегенде үндей алмай қалдым. Ата алдында әр сөзіңді өлшеп сөйлемесең, әлдеқалай боларыңды болжай алмайсың. Дегенмен «көтерем көтерілсе, көштің алдын бермейді» дегендей, әлдебір күш қолтығымнан демегендей осы жолы мен де көтеріліп кеттім.
- Ата, мен сөз түсінетін жақсы тыңдаушымын, - дедім шімірікпей. «Тым аспандап кеттің» дейді ішкі бір үн мені ұялтқысы келіп. Дәл қазір ұяла қоймадым. Ақиқатты айттым.
- Сөз түсінеді деп сенген соң саған көп сөйлеймін. Бірнеше күннен бері үздік-создық айтып жатқан сәлем төңірегіндегі әңгімелеріміз де - бабалар аманаты. Мен білгенімді саған айтам, сен өзіңнің балаңа айтасың, үйретесің. Кейін балаң өз баласына айтса, сөйтіп, бір шаңырақта бабалар аманаты жалғасады. Күнделікті тілімізде «елге еңбек сіңіріп, халыққа қызмет ету» деген сөз әр деңгейде жиі айтылады. Мұның шынайы мәнін көбі ұға бермейді. Елге еңбек сіңіріп, халқыңа, ұлтыңа қызмет ету деген - ең алдымен, ана тіліңді, ата дәстүріңді отыңның басында сақтап, ұрпағыңның бойына сіңіру деген сөз. Осыны ұмытпаған адам өз халқының алдында жеген нанын, татқан тұзын ақтайды. Басқа үшін жауап бермеймін, әркімнің өз еркі өзінде. Бірақ мына менің өз тұжырымым - осы! Балаларым ретінде сендерге де мұны аманат, өсиет етемін.
- Кіруге бола ма? - деген Бақыттың дауысы естілді.
- Кіргін, - деді ата.
Бірдеңенің жөнін сұрауға келді ме десем, креслоның арқалығына шалқая жайғасып отырып жатыр. Жазудан қолы бос болса, ара-арасында біздің қасымызға осылай келіп әңгіме тыңдап, өзі де кірісіп кетеді. Қайта бұл келгенде сөз жанданып, ажарланатыны бар. Мен секілді ішкі сырын бүгіп, тымырайып үнсіз отырмайды. Айтып қалатын жерде көбінесе аузымды бағып, талай нәрсе ішімде босқа өледі. Бәкеңнің жөні бөлек, ойындағысын сырғанақтатпай, көсілтіп әкете береді. Әкесіне сұрақ қояды, таласады. Кейде әңгіме ауаны қисайып бара жатқанда аяқ астынан қисынын тауып, оң жамбасқа оңай келтіріп, сытылып кетеді. Ал кейде қиямпұрыс қиқарлығына басып, атаның ыңғайына икемделе қоймай, теке тіреске түсіп, есе теңдік бергісі келмей, тым өзеуреп кеткенде ата жынын қағып алады. Қасынан қуып та шығады. Бір қызығы, екеуі де мұндай шекісулердің аяғын шиеленіс-тірмейді, соңы кексіз бітеді. Тағы бір байқағаным, дүниені аралап кететін үлкен ауқымды әңгімеге кіріп кеткенде, егесу жоқ, бірінің ымын бірі түсіне қояды. Тегі бір болғандықтан шығар...
- Неге үндемей қалдыңдар? Сәлемдерің бітіп қалды ма? - деді Бәкең қулана жымиып.
Ата оның сөзін құлағына ілмей, елеусіз қалдырды.
- Онда мен сендерге әңгіме болатын бір нәрсе айтып берейін, - деп Бәкең тағы үн қатты.
- Ішіңе сыймай бара жатса, айтқын, тыңдайық, - деді ата.
- Өткенде Жазушылар одағының алдында бір жігіт Мәриям апа Хәкімжановаға: «Ассалаумағалайкүм, апа!» - деп қолын кеудесіне қойып, сәлем берді. Ана кісі: «Бар бол, айналайын!» - деді. Шынымды айтсам, әйел адамға бұлай сәлемдесуді бірінші рет естідім. Өзім әдеттегідей «сәлеметсіз бе, апа» деп амандастым, - деп әкесіне сұраулы жүзбен қарады.
- Ы-ы-ым... Мына бауырлас өзбек, ұйғыр халықтарында қыз-келіншектер, жігіттер мен балалар өздерінен жасы үлкен ер адамға да, әйел адамға да: «Саламалейкум!» - деп қолын кеудесіне басып сәлем береді. Бұл салт олардың өздеріне жарасып тұрады әрі ұлттың бір ерекшелігі секілді табиғи көрінеді. Дүниежүзіндегі барлық мұсылман халықтар «ассалаумағалайкүм» деп амандасады. Өйткені бұлайша сәлемдесу - ислам дінімен бірге келген. Десек те, әрбір ұлттың ислам дінінен бұрынғы таным-нанымы болғаны тарихтан белгілі. Мүмкін сондай бір өзіндік ұғымдардың әсерінен бе, әйтеуір, қазақта ер адамдар ғана бір-бірімен «ассалау» деп сәлем береді. Ал ер адамдар - әйелдерге, керісінше әйелдер - ер-азаматтарға немесе өзара олай сәлемдессе, көзге де, көңілге де біртүрлі томпақ көрінер еді. Сонда да, жиі болмағанымен ел сыйлайтын үлкен әжелерге, өзің айтқан Мәриям апа секілді ел анасы болып кеткен кісілерге жігіттердің жоғарыдағыдай сәлемдесуінің ешбір қателігі жоқ. Құлаққа салқын естілмейді, қайта ерекше ілтипат белгісіндей салмағы арта түседі. Бірақ әйелдердің барлығына таралған әдет емес. Қазақта бұл жаппай сипат алмаған.
Сәлем жосындарының түрлерін айтқанда бір нәрсе ойымнан қалыс қалыпты, ұмытыппын. Олар - балдыз бен жезденің, қайны мен жеңгенің арасындағы амандасулар. Бұлардың былайғы адамдармен есендесу шеңберінен шығып кететін тұстары бар. Өзге ұлтты білмеймін, ал қазақта балдыз-жезде, қайны-жеңгелер әзіл-қалжыңдары жымдасатын, әңгімелері жалғасатын, ойын-күлкілері жарасатын өте бір тату жандар болып келеді. Бір-біріне батып та, батыл да сөйлейтін әрі оған ешқайсысы шамданбайтын, өзгеге айтпайтын жүрек түкпіріндегі сырларын өзара ашатын да - осылар. Қазақ ғұрпында балдыздың жездеге наздануы, қайнының жеңгеге еркелеуі сыйластығы ерекше сүйкімді қарым-қатынас болып саналады. Тонның ішкі бауындай жандары жақын сырлас әрі қимас болғандықтан олар қолдасып та, құшақтасып та амандаса беретін. Бұл еркіндікті қазақ атаулы біледі, түсінеді. Сонда да үлкендердің көзінше әдептен озбаған. Өз қатарларының арасында немесе қариялардың көзінен тасалау болмаса, кез келген жерде жұрт көзінше бойларын тартып ұстап, ұстамдылық қалыпты сақтаушы еді.
Әдетте, өз халқыңның ұлттық өнеге-өлшемдері қашанда ерекше сезіліп, басқалардікінен озық көрінетіні бар. Бұл - барлық ұлттарға тән табиғи қасиет. Алайда «менікі артық, басқанікі нашар» деген жаңсақ ой тумаса керек. Әр нәрсенің үйлесім тауып жарасатын өз ортасы, өсіп-өнетін өз топырағы бар. Саналы адам елін-жұртын, оның ұлттық табиғи болмысын ардақтай отырып, өзгенікін құрметтеп түсінуі керек. Өзін зор санап, өзгені қор санау - көргенділік емес, өзімшілдіктің, надандықтың бір белгісі. Ал енді туған халқыңды білмей, оның жанын ұғынбай тұрып, басқанікін келістірем деп еліктеу де кісілік емес. Ол намыссыздыққа жетелейді. Намыссыздық - жаман дерт. Оның өсер ұрпаққа, халықтың келешегіне кесірін тигізетінін ешқашан ұмытпау керек. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», әр халық, әр ұлт өзіне-өзі ұқсағаны жақсы, - деп ата баласының сөзіне орай мол мағлұмат беріп тастады...
Ойымды атаның жөтелгені бөлді. Әлгінде баласы «ұйықтап жатыр» деп еді, шамалы көз шырымын алса керек. Түскі астан кейін осылай сәл тынығатын әдеті бар.
- Ата, шай әкелейін бе? - деп қасына бардым.
- Кейінірек... - Мен айналсоқтап кете қоймадым.
- Бір нәрсе айтқың келген пішініңді көріп тұрмын. Сөйлегін, - деді ата.
- Анау күні «жеті» сөзінің мәніне байланысты әңгімелегенде сіз «жеті қазына», «жеті ырыс», «жеті байлық», «жеті жұт», тағы басқа «жетілерді» атап едіңіз... - Осы араға дейін мүдірмей келдім де, тоқтап қалдым.
- Ие, сонымен... - Атаның бұл сөзі мені ары қарай жетектеуі керек еді, керісінше, төмен қарап, үндей алмадым.
- Тіліңді жұтпай, ойыңды ашық баянда деп қанша рет айтам? Құлағыңа сөз кірмей ме? - деп атаның дауысы көтеріліп кетті.
- Сондағы... Сондағы айтқандарыңызды білгім келіп... Білейін деп...
- Болды. Түсінікті. Білгің келгені дұрыс. Барғын, шайыңды дайында, - деді. Қоңыр қабақ танытып, қыртыстанбады. Соған риза болып, бұйрықты орындауға кеттім.
Қай арада кіріп үлгергенін, мен қайта оралғанда Бәкең креслода отыр екен. Ата «Правда» газетіне үңіліп қарап жатыр. Көп бөгелмей газетті үстел үстіне тастады да, бір кесе шайдан соң маған қарап:
- Сұрағаныңды мен айтпай қояды деп жалтақтап отырсың ба? Онда тыңдағын, - деп әңгіме бастады.
- Жеті сөзімен байланысты көптеген халықтардың тілінде қалыптасқан ұғымның бірі - «Жеті қазына»* екен. Бұл тіркестің әр елдің тұрмыс-тіршілік салтына, таным-нанымына қарай әртүрлі айтылуы - табиғи нәрсе. Ертедегі грек аңыз-әңгімелерінде жиі кездесетін «жеті қазына» өзге халықтарға, оның ішінде қазаққа да тән. Өйткені мұнда айтылатындардың барлығы адамзатқа ортақ. Сондықтан көкейге қонымды, қисыны анық ұғымдар. Оны былайша таратады. Бірінші - Аспан. Аспан дүние жаратылыстың тылсым құпия сырларын аясына сыйғызып тұр. Өмірге пана болып, аспан денелерінің қалпын сақтап тұрған көк күмбез - планеталар мен жұлдыздардың құтты мекені. Көшпенділер жерді «әлемнің анасы» десе, аспанды жарық, нұр, жылу беріп, жаңбыр жаудырып есіркеуші атасы санаған. Сондықтан олар Көк тәңірге, Жер-анаға табынған. Көктемде күн күркіреп, алғашқы жауын жауғанда: «Көктен жаудыр! Жерден өндір!» - деп тілек тілеген. Баскиімін шешіп, «дерт-дербезден басымызды аман сақта» деп жаңбырға басын тосқан, «Көкте Тәңір бар, жерде әулие бар» деп жас балалардың аяғын көкке көтеруіне және аспанға қарап түкіріп, аспанға тас лақтыруға қатаң тыйым салған. Жазғытұрым найзағай алғаш жарқылдағанда: «Тәңірім, ырыздығымызды молынан бер, малымыздың желінін сау, сүтін мол ете гөр!» - деп шөмішпен ақ алып, босағаға тамызып және үйдің жабығына жаққан. Көкке қарап, қол жайып, тілек тілейді. Бұл - халық емшілерінің де қолданатын әдісі. Олар аспаннан, яғни ғарыштан күш-қуат аларда қолын көкке қаратып, алақанын жайып, үнсіз тұңғиыққа батып, бойына энергия жинайды. Ал көкке қарап қарғану жантүршігерлік жаман іс саналған.
Аспанға - Көк Тәңірге табыну - ислам дінінен бұрынғы таным-нанымдар. Тарихтың даму белестерінде діни нанымдар да өзгеріп, күшті діндер үстем әсер еткен. Қазақтар ислам дінін қабылдаған, әйтсе де, көшпенді өмір тіршіліктері ислам дінінің терең тамыр алып нығаюына кедергі болған. Отырықшы елдердей емес, қазақтарда мешіт-медреселер аз болған. Сондықтан қазақтар ислам дініне кіргеннен кейін де бұрынғы салт-санасын сақтап қалған. «Тәңір» мен «Алла» ұғымдары алғашында жанаса жүріп, кейіннен «жаратқан», «жасаған» бір мағынаға бірігіп кеткен. Уақыт өте келе көптеген нанымдар діндік дәрежеден ығысып, кәдімгі қарапайым тұрмыс-салттағы ырымдар, жөн-жоралғылар қатарында қолданылған.
Көшпенділер, оның ішінде қазақтар көктегі Күн, Ай, жұлдыздарды киелі санаған. Аспан әлеміндегі жұлдыздар адам өмірімен тығыз байланысты. Әрбір адамның тағдырымен ұштасып жататын өзінің жұлдызы болады дейді. Жұлдызы жоғарыласа, ол адамның бағы ашылады, төмендесе, бағы таяды. Жұлдызы оңынан туса, ісі сәтті болады, солынан туса, қырсық шалады. Ол жұлдыз жерге ағып түссе, сол жұлдыздың иесі өледі. Тіліміздегі «жұлдызы батты», «жұлдызы сөнді» дейтін ұғымдар осыған байланысты шыққан. Ісі сәтті болып, басына бақ қонған адамдарды «жұлдызы оңынан туды», «жұлдызы жанды» дейді. Аспаннан аққан жұлдызды көрген адам: «Менің жұлдызым жоғары, сақтай гөр тәңірім», - деп сыйынады. Ата-бабаларымыздың ұғымында адамдардың жұлдыздары әр алуан, бірінікі біріне ұқсамайды. Кейбір жұлдыздар - топырақ, кейбірі - су, енді бірі - от, тағы бірі - ауа, жел сипаттас болып келеді. Бұл адамның мінезін, арадағы қарым-қатынасын белгілейді. Мысалы, жұлдызы су текті адам жұлдызы от текті адаммен жараса алмайды. Бір-бірімен тіл табыса алмайтындарды «жұлдызы жараспады» деп, өмірі өш болып жүретіндерді «бұлардың жұлдызы қарсы» дейтіні осы жұлдыздарға байланысты түсініктерден шыққан. Адам тағдырын жұлдызбен болжап айту, көріпкелдік жасау Шығыс әлемінде баяғыдан бар. Бірақ бұған ислам діні тыйым салады. Алайда аспан денелерінің адамдар түгілі жан-жануар, өсімдіктерге тікелей әсер ететінін ырым-жырымға сенбейтін ғалымдардың өздері дәлелдеп жүр.
Екінші қазына - Күн. Күн - әлемдегі тіршілік тірегі. Күллі адамзат, өсімдіктер әлемі, құрт-құмырсқа, жан-жануар күннің шуағынан нәр, күш-қуат алады. Күн - жылу, жарық көзі. Күнсіз тіршілік жоқ. Бұл дәлелдеуді қажет етпейді. Қазақтар ұл-қыздарының атын күнмен байланыстырып, сәбилеріне Күнту, Күнтуар, Күнімжан, Күнсұлу, Күнтай деген секілді аттарды қояды. Мұның барлығы «күндей мейірімді», «күндей көпке ортақ, мейірбан», «күндей арайлы болсын» деген ниеттен шыққан.
Үшінші қазына - Ай. Ай - әлемнің түнгі нұры. «Ай болмаса аспанда адасады» дегендей, Ай болмаса, дүниені қара түнек басар еді. Жаратылыстың түнгі ырғағы бұзылады. Табиғат түн әлемінде Ай сәулесімен ерекше бір тебіреніске түсіп, тынығады екен. Ай - Жердің табиғи серігі. Ай Жер шарындағы ауа райына, Жер қозғалысына, оның өз осінде айналып тұруына зор ықпал жасайды. Яғни Ай - Жердің тірегі. Ай Жер мен Күннің аралығына келгенде екі-үш күн көрінбейді. Қазақ мұны «өліара» деп атайды. Содан кейін Ай Күннің сол жақ шетінен шығып, Жердің батыс көкжиегінен жіңішке орақ тәрізді болып көрінеді де, күн санап өсе береді. Қазақтар жаңа туған Айды көргенде басын иіп, тәжім етеді. Қолын көкке жайып: «Ай көрдік, аман көрдік, баяғыдай заман көрдік. Ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа!» - деп тілек тілейді. Ай «орағы» күн санап өсіп, дөңес жағы оңға қараған жарты дөңгелек болады. Бұл - Айдың бірінші ширегі. Шығыс халықтары, оның ішінде қазақтар алғашқы ширек - жеті күнді қасиетті санайды. Тағы жеті күн өткенде Ай дөңгеленіп толады. «Он төрттегі айдай толықсыған» деп бойжеткен қыздарды айтып жататыны сондықтан. Бұдан ары қарай толық Ай оң жақ шетінен бастап кетіліп, азая береді. Жеті күн өткенде Айдың сол жақ жартысы қалады, бұл - Айдың соңғы ширегі. Сол кемігеннен кеміп, Ай көрінбей кетеді. Бітер Айдың бейнесін қазақтар өлген адамның бейітіне, күмбезіне орнатады. Ана бір жолы Зейнеп екеуміз Жәмкенің басына, зиратқа барғанда туар Айдың бейнесін қадап қойған бірнеше ескерткішке көзім түсті. Бұл дұрыс емес. Жаңа туған Ай төңкерілген «)» таңбасына ұқсайды да, біткен Ай «С» әрпіне ұқсайды. Бұрын қазақтар Айдың алғашқы ширегі мен соңғы ширегін ешқашан шатастырмайтын. Қазір жазба күнтізбеге әбден үйренгендіктен көбі мұны ажырата алмайды. Туатын жаңа Айдың орағы батыстан кешке қарай көрінеді. Бітер ай шығыстан таң алдында шығады. Ертеде қазақтың кез келген баласы бұл айырмашылықты жақсы білген.
Адам ағзасы жалпы Жер мен кеңістіктегі құбылыстардан әсерленеді. Ай толғанда жүрек-қан тамырлары аурулары мен өлім азайып, адамның ойы, еңбекке қабілеті артады екен. Керісінше, өліарада жауын-шашын болып, ауа райы өзгереді, бас ауруы, ұйқысыздық, қан қысымы көтерілуі жиілеп, созылмалы аурулар қозады екен. Ал «айкезбе» дерті барлар Ай сәулесі болмағандықтан тынышталып қалады. Айдың өсімдіктер әлеміне, оның тіршілігіне тікелей әсері болатынын ғалымдар дәлелдеп қойған. Айталық, Ай толғанда өсімдіктер суды бойына көп сіңіреді, осы кезде отырғызған көшет тез өсіп-жетіледі. Орман шаруашылығымен ертеден айналысатындар ағашты Айдың жаңа туған бас жағында кеседі екен, ол кезде ағаштың бойында су аз болғандықтан, шірімей, көпке шыдайды. Қазақтың үй жасайтын шеберлері киіз үйдің ағашын Айға қарап дайындауды баяғыдан білген.
Қазақ халқы Айды қолмен көрсетпейді. «Айға қарап түкірме», «Айға қарап дәрет сындырма», «Айға телміріп қарама» деп тыйым айтуы тегін емес. Тілімізде Айға теңеп, Аймен байланыстырып айтатын сөздер көп. Әсіресе, адам аттары: Айтуған, Айтуар, Айдабол, Айбек, Айбол, Айжарық, Айжан, Айгүл, Айсұлу, Айғаным, Толғанай секілді әдемі есімдер жеткілікті, - деп ата темекісіне қол созды.
- Вот это да-а-а! - деп Бәкең таңдайын қақты. - Астролог емес адам мұның бәрін қайдан біледі? - деп басын шайқады. Ата үндемей темекісін түтіндете берді.
Қазақтар Ай көрінбейтін өліарада жұбайлардың жақындасуына тыйым салғанын анам талай рет құлаққағыс етіп ескертушы еді. «Сол кезде бойға біткен баланың болмыс-бітімінде, мінезінде, денсаулығында қандай да бір кемдік болады», - дейтін. Атаның айтқан әңгімесінен өліара кезінде адамға қатер бар екеніне тағы да көз жеткізіп, анық түсіндім.
- Төртінші қазына - Жер, - деп ата сөзін жалғады. - Жер - барлық тіршілік иесінің анасы. Жер болмаса, еш нәрсе өсіп-өнбес еді. Құдай тағала керемет сұлулықпен көмкерілген, байлық пен ырысқа толы мекен - Жерді адамзат үшін жаратқан. Таулармен асқақтатып, далалармен кеңейткен. Мұхит-теңіздермен тереңдеткен. Адамның ырыздығын Жерден берген. «Адам топырақтан жаратылған, өлгеннен кейін оның жатар орны - Жер, адам туғанда қай жердің топырағы бұрқ етсе, сол жерге жерленеді» деп болжам айтқан. Қарап тұрсақ, мұның да негізі бар. Адамның топыраққа жерленіп, топырақпен көміліп, топыраққа сіңетіні - шындық. Қазақта мақсатсыз, себепсіз жер қазу, әсіресе балалардың жер қазып, топырақ шашып ойнауы - жаман ырым, оны өлім тілегенмен бірдей көріп, қатаң тыйым салынады. Сол секілді жерді тепкілеуге болмайды, киесі ұрады делінеді. Адамның артынан топырақ шашу қарғыстың ең жаманы саналады. Өте бір маңызды нәрсеге серт еткенде, уәде жасап, сөз бергенде топырақ жеп, ант етеді. Мұның да жолы - ауыр. Егер айтқанын орындамай, өтірік ант берген болса, Жердің киесіне ұшырайды деп түсіндіріледі. Өйткені ол Жерді куәлікке тартты.
Найзағай түскен адамды жер қазып жатқызып, топырақта ұстап емдеген. Жер адам бойындағы артық энергияны өзіне қабылдап, адам денесін тазартады. Қазіргі кезде электр тоғы соққан адамды алдымен топыраққа көметіні сол халықтық емнен алынған. «Атың шықпаса, жер өрте» деп қазақ жер өртеуді үлкен қылмыс санайды. Өйткені топырақ күйіп, ылғалынан айырылады, топыраққа түскен өсімдік дәндері, тамыры қоса күйеді. Ал өсімдік шықпаса, мал қырылады, мал қырылса, адамның тіршілігі тығырыққа тіреледі деп түсіндіреді. Қарапайым әрі талас туғызбайтын қисыны берік ұғым екеніне дау жоқ. Тілімізде «өртеңге шыққан» дейтін тұрақты тіркес сөз бар. Бұл - өртенген жерге әйтеуір аман қалып, жауын-шашынның нәр беруімен өскен шөпті бағалау. Кейде образды түрде бұл сөзді адамға да арнап айтады. Үлкен төңкерістен, аштықтан, 37-жылғы нәубеттен, кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстан тозып, еңсесі түскен халықтың енді өсіп жатқан ұрпағын, оны ішінде қаулап бас көтерген ғалым, ақын-жазушы, суретші, өнерпаздары мен еңбек ерлерін «өртеңге шыққандар» деуге болады.
«Біздің қазақтардың кіндігі туған жеріне жабысып қалған» деу - ақиқат шындық. Көшпенділер ұлтарақтай жері үшін жанын да, қанын да, қайрат-жігерін де аямаған. Қазақ - жер сатпаған халық. Оны анасын сатумен бірдей көрген. Жерін жатқа тарту етпеген. Патшаның қол астына бағынған соң кетті ғой қазақтың небір құйқалы атақоныстары. Бұл үдіріс оқтын-оқтын әлі тоқтаған жоқ. Күні кеше Хрущевтің дәуірлеп тұрған кезінде әкесі Сергейден қалған мұрадай қазақтың едәуір жерін көршілерімізге бөктертіп жіберген жоқ па?! - деп өңі сұрланып, тісін шықырлатып үнсіз отырып қалды.
- Адамзат үшін, - деп сөзін қайта сабақтады, жан-жануар, өсімдік үшін жалғыз ғана ырыздық бар, ол - Жер. Қазақта жермен, топырақпен байланысты небір мағыналы, көркем мақал-мәтелдер бар. «Асыл - жерден, ақылды - елден», «Жері байдың елі - бай», «Жер - ырыстың кіндігі, еңбек - ырыстың қазығы», «Көзін тауып еңбек етсең, жеті қабат жер семірер», «Асыл - жерден, ақылды - елден», «Жер тоймай, ел тоймайды», «Жерге жақсылық қылғаның, тасыды дей бер қырманың», «Әкім елге ие, ел жерге ие», «Алтының да, малың да топырақтан садақа»... Мысал үшін айтып отырмын, әйтпесе мұндай өнегелі сөздер тілімізде жетіп жатыр.
Бесінші қазына - Су. Сусыз тіршілік жоқ. Бүкіл адамзат, қыбырлап-жыбырлаған барлық жан иесі, өскін-өсімдіктер тек су арқылы өмір сүреді. Жерді анаға теңеген халқымыз суды да ертеде «Су-ана» деп қасиеттеген. Анасыз адамның өмірге келмейтіні секілді, су жоқ болса, өмір сүру де жоқ. Сондықтан қазақ ұғымында суға түкіру ананың бетіне түкіргенмен бірдей, суға жуынды төгу, дәрет сындыру қылмыс, күнә саналады. Су - таза. Оның тазалығын сақтау өмір-тіршілікті сақтау екенін бұрынғы замандарда өткен ата-бабалар жақсы түсініп, бізге өсиет еткен. «Таза болсаң судай бол, бәрін жуып кетірген», «Сулы жер - нулы жер», «Бұлақты жер - құрақты жер», «Толысып аққан дария - мейірбанды қария», «Жылай-жылай құдық қазсаң, күле-күле су ішерсің» деген мақалдар бар. «Су ішкен құдығыңа түкірме» деп тыйым айтады. «Сумен ойнама, батарсың» деп сақтандырады. «Тау мен тасты су бұзар» деп судың ғаламат күшін ұқтырады. Шошынып ауырған адамды сумен ұшықтап емдейді. Бұл күні бүгінге дейін ел ішінде жалғасып, өз пайдасын көрсетіп келеді. «Сулы жер құрақсыз болмас, таулы жер бұлақсыз болмас» деп су бар жерде сұлулық, тіршілік бар екенін түсіндіреді. Суды қадірлеп бағаламаған ел апатқа, азапқа ұшырайтынын тіршілік тәжірибелері адамға көрсетіп-ақ келеді. «Судың да сұрауы бар», «Аққан судың да тоқтауы бар» деп халық көрегенділікпен айтқан.
Алтыншы қазына - От. От - Күннің жердегі ұшқыны. Қазақта «от көктен түскен» дейтін көнеден келе жатқан сөз бар. Ертедегі адамдар шатыр-шұтыр найзағай ойнап, аспаннан жерге түскенде жанды-жансыз нәрселерді өртеп, күйдіріп жіберетінін көрген. Көріп қана қоймай, отты пайдалануды, оның жойқын күшін игеруді үйренген. Оттың жылу, жарық беретін, суықтан қорғап, ауру-сырқаудан сақтайтын құдіретін жан-тәнімен түйсініп-түсінген. От бар жерде өмір бар. Адамзат отты пайдаланып, меңгеру арқылы әлемге тарап, өсіп-өнді. От арқылы небір кереметтерді жасап, өмірге келтірді. Қазақ халқы От-ана деп жылуы мен жарығы үшін отты да анаға теңеген.
Көшпенділер ертеде оттың атын киелеп «алас» деп атаған. Адам науқастанғанда маздап жанып тұрған отты айналдырып ұшықтайды. Қыстаудан жайлауға көшерде, шығаберістегі көш жолына екі жағынан от жағып, түйелі көшті, қоралы қойды, басқа да малды от арасынан өткізіп, ыстық жалынмен тазартады. Қазіргі ұғымымызша, залалсыздандырады. Өйткені қыс бойы бір орында қозғалмай отырғандықтан қыстау ластанып, адамға, малға зиянды кесірлер жұғуы мүмкін. Ал жайлау - таза қоныс, оған ауру-қырсық апаруға болмайды деп, бұл ырымды мықтап ұстаған.
Баланы бесікке бөлерде міндетті түрде отпен аластап, «алас, алас, әр пәледен қалас» дейді. Жаңа түскен келіншек сәлем бере табалдырықтан аттаған соң, отқа май құяды. От лаулағанда жасы үлкен әжелердің бірі алақанын отқа тосып, одан кейін келіннің бетін сипап: «От-ана, жарылқай гөр, өмірін өзіңдей жарық ет!» - деп тілейді. Осылай келіннің алғашқы қадамын жылумен, жарықпен қарсы алып, келешегіне сәттілік тілеп тұр.
От ертеден бері шаңырақтың символы саналады. «Менің үйім» демей - «от басым», «от жаққан жерім», «бір үй» демей - «бір түтін», үй иесін «отағасы» деген әдемі тіркестер шыққан. От - ырыстың тіреуі, үйдің қамқоршысы, береке-құты. Сондықтан отқа түкіруге болмайды. Айталық, адамдар бір нәрсені өте жеккөргенде, жиіркенгенде, жаман иістен жүрегі айнығанда түкіреді. Ал от - өте таза, ол - қасиетті, сол үшін отқа түкіру - күнә, бұл - тыйым. Сол секілді оттан аттау, отты аяқпен тебу анаңның басынан аттап, ананы тепкенмен тең саналған. Ешбір себепсіз от шығару, отпен ойнау - от құдіретіне жауапсыз қарау. Оның қадір-қасиетін бағаламау кімді болса да орны толмас өкінішке ұрындырады. Ата-бабамыз «отпен ойнама, күйерсің», «Ойнақтаған от басар» деп мақалдаған.
Қазақ ұғымында біреудің отын сабалау, отын өшіру - үлкен қылмыс. Ондай адамдар жазаға лайық. Тілімізде «оты өшті», «түтін түтетері қалмады» дейтін сөздер бар. Бұл «бір әулеттің ұрпақ жалғастығы үзілді, ешкімі қалмады» дегенді білдіреді. «Отың өшсін!» дейтін сұмдық ауыр қарғыс осыдан шыққан. Қазақтар үйде адам бола тұра ертелі-кеш оты жанбайтын үйді молаға теңейді. Тірі адамның тіршілігі үйіне от жағудан басталады. Ертеңгілікте тұрғанда таза қолмен от жағып, алдымен өз үйіңнен дәм татуың міндет. Кешкілікте, әсіресе бейуақта үй отсыз болмауы керек. Кейде ұрыс-жанжал болған шаңырақта от жанып, қазан қайнамай, дастарқан жайылмай, үйдің берекесі кетіп, көңілсіздік басатыны бар. Ондайды халқымыз «от басы ала болса, кереге басы сайын бәле болады» деп татулық жоқ жерде от өшіп, үйден жылылық кететінін ұқтырады.
От қаттыны жұмсартады, жұмсақты қатайтады, ласты тазартады, ажырағанды біріктіреді, көңілді жадыратады. Алайда от бағаламағанды оңдырмай жазалайды. Әрбір адам отқа бір сәт қарап ойланып, оттай жылы, оттай өткір, оттай жұмсақ, оттай күшті, оттай мейірімді болуға тырысқаны қажет-ақ. Бабаларымыз оттың сан алуан қасиетін жан дүниесімен түсініп, ұғынғандықтан да неше түрлі ырымдар мен тыйымдарды, мақал-мәтел жұмбақтарды, өлеңдерді тамаша теңеу сөздермен өрнектеп, бізге мұра етіп қалдырған. «Шырағым» деген бір ауыз сөздің өзінде қаншама мейірім, ақ ниет, ықылас жатыр. Әділ де шыншыл әрі шешен сөйлейтін кісіні «от тілді, орақ ауызды» деп, ержүрек, таланты мен талабы өрге сүйреп тұрған адамды «жүрегінің оты бар», «көзінде от бар» деп жатады. Айта берсе, мұндай теңеу-ұғымдар көп-ақ. Әлемнің төрт негізі - топырақ, от, су, ауаға ешқандай ғылыми түсініктің керегі жоқ, бұларсыз тіршілік болмайтыны баршаға аян. Жаратылыстың осы түп-тектерінің қасиетін бір-бірінен артық не кем санау мүмкін емес. Олардың бірлігі - тіршілік тірегі.
Жетінші қазына - Ит. Ит адамзаттың жер бетіндегі алғашқы серігі, қорғаушысы. «Адам ата мен Хауа ана пейіштен қуылғанда жерге бірге келген» деген аңыз әлем халықтарының барлығы дерлігінде бар екен. Бұл да қызыл сөз емес. Итті басына ұрмайды, аяқпен теппейді, тамақ дәметкен итті «кет» деп қумайды. Әрине, бұл ырымдар қазір қалды ғой. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» дейтін сөз бар қазақта. Шындығында солай, оқыстан бірдеңеге ұрынып өлмесе, қартайған иттің қашан есігіңнен кетіп қалғанын білмей қаласың. Іздесең де таба алмайсың. Таңғаларлық құбылыс. Енді бір аңызда «Адам ата мен Хауа анаға ілесіп келгенде иттің ұртында бидай болыпты, сол бидайдан өсіп-өніп, көбейіп, дүниежүзіне бидай солай жайылған» делінеді. «Біздің жеп жүрген нанымыз - иттің ырыздығы» деп көшпенділер итті жақсы асыраған. Енді бір қызық бар. Табиғатта арпа, сұлы, бұршақ, тары, алма, өрік, сол сияқты дақылдар мен жемістердің жабайы түрі бар. Бірақ жабайы бидай жоқ. Болған емес. Адам өзге тамақтан жалықса да, наннан ешқашан жалықпайды. Алдыңда астың түр-түрі тұрса да, адам нан іздейді. Нан - пейіштен келген дәм дейді. Ар жақ-бер жағын тереңірек ойланып, материалистік көзқарасты итеріп тастасаң, бидайдың ғарыштан келгеніне сенесің. Оны алып келген итті «жеті қазынаға» қосудың қисынды екеніне және иланасың, - деп ата бүгінгі сөзін осылай бітірді.
«Жеті қазынаны» сыдыртып санап шықпай, жүйелеп тұрып кеңінен таратып әңгімеледі. Ертең жалғастырар ма екен деген қанағатсыз көңілдің көзімен қарап, асүйдегі үстелдің тартпасынан сырты майлана бастаған күнделігімді алдым. «1974 жыл. IV-12. жексенбі» деп жаза бастадым...
---------------------------------------
* Ел аузындағы «Жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қақпан, алмас кездік, сұлу әйел» делінетін тізімді Бауыржан Момышұлы «ер жігіттің жеті қазынасы» деген. Оның: «Бұл ер-азаматтың жеке басына, тұрмыс-тіршілігіне қажетті бағалы дүниелеріне байланысты айтылған. Жүйрік ат - жігіттің қанаты. Қыран бүркіт - жігіттің алғырлығы, бүріп түсер күш-қуаты. Құмай тазы - сенімі, досқа адал беріктігі. Берен мылтық - оты, қаһары. Қақпан - серті, бірсөзді мәрттігі. Алмас кездік - сұсы, айбыны. Сұлу әйел - ер-азаматтың артындағы қамалы, отының берекесі...», - дейтін түсіндірмесі де кітапта толық қамтылған.