АЙШУАҚ ХАН
Айшуақ хан (1720-1810) - Кіші жүзді билеген хан (1797-1805), Әбілхайыр ханның баласы.
Айшуақ сұлтан Нұралы ханның тұсында Жетіруға билік жүргізген. 1748-1749 жылдары қазақ шонжарларының төрт баласымен бірге (інісі Қожахметті алмастырып) Жаманқалада (Орск қаласы) аманатта болған. Апақ және Жантөре деген балалары Сырым батыр бастаған қозғалысқа белсене қатысуына байланысты 1785 жылы атаман Донсков Айшуақ ханды тұтқынға алып, екі жылдай қамауда болған кезінен Сырым батыр және Ералы сұлтандардың араласуымен босатылады.
Айшуақ хан 1797 жылы 8 тамызда ашылған Кіші жүздегі хан кеңесіне төрағалық еткен. Бұл кеңеске шекті сары Шонай би, сықылар Сұлтанбек, алаша Шақшақ, табын Көшекбай, кердері Бітік мырза және патша үкіметінің өкілі мүфтий М.Хұсайынов мүше болған. Кеңестің жұмысына, негізінен патша үкіметінің өкілі мүфтий М.Хұсайынов ықпал еткенімен, Айшуақ хан Орынбор әкімшілігі мен Сырым батырдың арасын бітістіру, ел ішіндегі тыныштық орнату бағытында елеулі жұмыстар атқарған.
Хандық басқаруды шайқалтуға әбден машықтанған патша үкіметі 74 жастағы Айшуақ сұлтанды 1797 жылы қазанда Орынборда таққа көтереді. Әскери губернатор жоспары бойынша хан мен Хан Кеңесі бір жерде тұрақтауы тиіс болған. Айшуақ хан Кіші жүзді басқарған жылдарда әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайлардың шиеленісіп, рулар арасындағы тартыс күшейіп, түсінбестік жағдай қалыптасады.
1805 жылы 17 ақпанда өз билігінің дәрменсіздігін сезінген Айшуақ хан біржолата хандық биліктен бас тартып, орнына Айшуақтың баласы Жантөре сайланады.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том