Қазақтың мақалына салып «Тегін адам таз болмас» десек те, бастың таздануы, яғни, шаштың түсуі – бұл да бір ауру түрі. Ол медицина тілімен айтқанда алопеция деген атауға ие. Бұл орта жастағы адамдар түгілі, жастарда да жиі кездеседі. Мамандардың айтуынша, ол балалар арасында жаз кездері көп ұшырасады.
Бұған балалардың жазда уақытының көбін жағажайларда немесе көшеде өткізуі сеп. Тері ауруларын емдейтін мамандардың дәлелінше, таз ауруларын көбіне-көп жұқтыратын үй жануарлары.
Таз ауруы да өз кезегінде түрлерге жіктеледі. Соның ішінде, ошақты алопеция ең көп тараған түрі. Оған шаштың әр жерден түсуі жатады. Екіншісі – жаппай таздану. Бұл баста бір тал шаш қалмай түсіп қалатын түрі. Алопецияның ең сирек кездесетіні – толық немесе жаппай таздану. Мұнда бастағы шаш тұрмақ, денедегі барлық түк түсіп қалады.
Шаштың түсуі жастың ұлғаюына ғана емес, денсаулыққа да тікелей қатысты. Жүйке жүйесі қызметінің бұзылуы, эндокриндік және асқазан-ішек жолдарының аурулары, созылмалы инфекция ошақтары таз ауруының пайда болуына ықпал етеді. Бұл аурудың алғашқы белгілері ретінде таз ошақтары пайда болады. Оның диаметрі 1 см-дей болып, шаштың түбінде фолликула қапшықтары көрінеді, алайда, бас терісінің түсі өзгермейді. Ауру асқынғанда ошақтардың көлемі үлкейіп, тіпті, бірнешеуі пайда болады, кейін олар бір-бірімен қосылып, шаштың толықтай түсуіне әкеледі. Таздың мұндай түрін емдеу қиынға соғады. Кейде емдегеннен кейін де шаштың қайта түсіп қалуы мүмкін. Шашты өсіретін стимуляторлар – алопецияны тиімді емдеудің бір жолы. Бұл таздануға қарсы гомепатиялық құралдар, алопецияға қарсы дәрумендер. Сонымен қатар, басты уқалау, физиотерапия да пайдалы. Соңғы кезде таздануды лазермен емдеу де қолданылып жүр. Витаминдерге бай, калориясы жоғары тамақ ішу де артықтық етпейді. Таз ауруын тоқтатуға қарсы халық емдері де жоқ емес. Соның бірі майсана майының біраз мөлшерін алып, су моншасына қыздыру қажет. Сосын тіс щеткасымен оны бас терісіне жағады. Масканы кем дегенде 15 минут ұстаған жөн. Содан соң шашты шөптердің табиғи сығындысы бар сабын сумен жақсылап жуу керек. Осы процедураны аптасына бір реттен 1-2 ай бойы қайталаса, шаштың түсуі тоқтап қана қоймай, шаш қалыңдап, жылдам өсе бастайды. Бұл шашқа арналған емдік шөптердің бірі ғана.
Шаштың түскені, бастың «піскені» емес, ол – гормондық, тұқым қуалаушылық немесе денсаулық жағдайына байланысты болатын ауру. Оның емі де жоқ емес екендігін еске салып өттік. Тек оған ерен еңбек, үлкен күш пен төзім қажет-ақ.