+1 дауыс
8.8k көрілді
Семей қаласының өсімдіктері туралы мәлімет керек тезірек
Семей облысы аумағында өсетін өсімдіктер шығар.

2 жауап

+3 дауыс
 
Жақсы жауап
Өсімдігі. Облыс территориясында солтүстіктен оңтүстікке қарай дала, шөлейт, шөл зоналары алмасып отырады. Таулы аудандарда зоналардың ауысуы жер бедеріне байланысты (биіктік белдеулікке байланысты). Облыстың өсімдік жамылғысына жер бедерінің әсері өте мол. Далалы жерлердің сан алуан болуына байланысты аңғарларда, сай салаларда, теріскей беткейлерде өсімдік жамылғысы сирек кездеседі.

Сортаңды жазық пен  сусымалы құмды жерлерге қарағанда, облыстың ұсақ шоқылы үстіртті аудандарында, таудың жартасты бөлігі мен оңтүстік беткейлерінде өсімдік жамылғысы  бітік өседі.

Дала. Облыс жерінің солтүстігі мен Ертістің оң жағалауын құрғақ дала зонасы алып жатыр. Даласы шөптесін өсімдіктерге бай. Шөптесін өсімдіктерден атқонақ, ұйқы шөп, бидайық, бетеге, жусанның әр түрлері және тобылғы өседі. Шабындық өсімдіктері: жалбыз, бидайық, қоға, қияқ, қамыс өзен аңғарларында және ылғалды аласа жерлерде көптеп кездеседі.

Қарағайлы бор. Ертісті қуалай жіңішке алап болып 300 км жерге дейін созылып жатыр. Оны өте сирек кездесетін реликтілер қатарына жатқызуға болады. Аңызақ желдің өтіне тұрған қарағайлар сусымалы құмды бекітіп, ылғалды ұстап, аймақтың экологиялық жағдайын жақсартады. Орман шеттерінде итмұрын, долана, қар жидек өседі.

Ертіс аңғары. Ылғалдың жеткілігіне орай аңғардың өсімдік жамылғысы өзінің сан алуандылығымен, молдығымен ерекшеленеді. Өзен жамылғыларында шалғын шөптер, ылғал сүйгіш жапырақты ормандармен алмасады.

Ағаш тұқымдастардан қара терек, ақ терек, тал, қайың, көк терек; бұталарадан: ырғай, тобылғы, итмұрын, долана, мойыл, қара жидек, жоңғар розасы өседі.

Семейтау, Делбегетей тауларының территориясында бұршақ тұқымдастары басқа шөптесін өсімдіктермен бірлестіктерді құрайды.

 

 

2.1. Семей аймағындағы рудеральды өсімдіктердің түрлері.

Ι. Қалақайлар тұқымдасы - Urticaceae

Қалақай туысы - Urtica

Күйдіргіш қалақай - Urtica urens бір жылдық шөптесін өсімдік. Сабағы тік, ұзындығы 15—35 см. Сабағы мен жапырағы түкті. Жапырақтары қарама- қарсы орналасқан, кішкене, ұзындығы 2-5см, жұмыртқа пішінді. Қосалқы жапырақтары бар. Өсімдікті түгелдей күйдіргіш безді түктер жапқан. Безді түктер денеге тисе түктің ұшы морт сынып, түбіндегі (ішіндегі) сұйықтық дереу денеге жайылып күйдіреді. Халық аузындағы «қалақай шақты» деген осы. Ұсақ және реңсіз гүлдері көбінесе дара жынысты. Аталықтарының саны 4, аналықтары екі жеміс жапырақшаларынан түзілген. Гүлшоғыры сырға, масақ түрінде. Жемісі өте ұсақ келген жаңғақ немесе сүйекті жемістер. Көлеңкелі, ылғалды жерлерде, орманда, бақта, жол бойында өседі, жиі кездесетін арамшөптер қатарына жатады. Қазақстанда кездесетін барлық түрінің құрамында белок көп болады. Көктемнің аяғынан бастап, жаз бойы гүлдейді. Қалақайдың барлық түрінің құрамында белок, сондай-ақ К, С, В витаминдері, илік заттар және минералды тұздар, әр түрлі органикалық қышқылдар болғандықтан, ол тағам ретінде және медицинада пайдаланылады. Қалақай препаратын диабетпен ауырғанда, кептірілген жапырағынан жасалған қайнатындыны қақырық түсіру және асқазанды тазарту үшін ішеді. Жаңа жұлып алған жас жапырағын сүйелге жапсырады.

 

ΙΙ. Крестгүлділер тұқымдасы - Brassicaeae.

Сарбасқурай туысы - Sisimbrium

Дәрілік сарбасқурай – S.officinale көп жылдық шөптесін өсімдік. Шалғынды жерлер мен таудың тастақты беткейлерінде, өзен бойларында, жол жиектерінде, тұрғын үйлердің маңында, егістіктерде өседі. Оның биіктігі 20- 100см. Сабағы тік, жапырақтары қауырсын салалы, шеті иректелген, сырты түкті. Сары түсті, ұсақ гүлдері шашақ гүлшоғырына топталған. Маусым, шілде айларында гүлдеп, жеміс салады. Жемісі бұршаққын. Сарбасқурайдың кейбір түрлері (мысалы, Лезелиев сарбасқурайы, өзгергіш сарбасқурай, биік сарбасқурай)- жақсы мал азықтық шөптер, олардан сүрлем дайындалады. Кейбір түрлері улы. Ал шалатікенді сарбасқурай (S.subspinescens)- эндемик түр деп саналады. Сарбасқурайдың арамшөптік түрлерінің өте көп ұсақ тұқымының құрамында 30%- ға дейін май болады.

Жұмыршақ туысы - Capsella

Кәдімгі жұмыршақ - Capsella bursa-pastoris бір жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның барлық жерінде өседі. Оның биіктігі 50 см- дей. Сабағы жалаң немесе бұтақты болады. Ұзынша жапырақтары сабақ түбіне шоғырлана өседі. Ұсақ гүлдері ақ түсті шашақ гүлшоғырына топталған. Жұмыршақ айқас (мысалы, қоңыз, шыбын, т.б. ұсақ жәндіктер арқылы), өздігінен тозаңданады.сәуірден қара күзге дейін гүлдеп, жемістенеді. Жемісі- үш бұрышты бұршақ. Жылына 2- 3рет өнім береді (бір өсімдік 30мыңға дейін жеміс бере алады). Кәдімгі жұмыршақ арамшөптер сияқ, бір жылда екі рет тұқым шаша алады. Жұмыршақтың құрамында витаминдер, калий тұзы, гликозидтер, илік заттар, органикалық қышқылдар және эфир майы бар. Халық медицинасында жұмыршақты несеп ауруларын, жараны емдегенде және қан тазартатын дәрі ретінде, ал жазғытұрым оның көк шөбін тағамға пайдаланады.

 

ΙΙΙ. Бақажапырақтылар тұқымдасы - Plantaginaceae

Бақажапырақ туысы  - Plantago

Үлкен бақажапырақ - Plantago major Қазақстанның барлық аймақтарында таралған тамырсабақты екі жылдық шөптесін өсімдік. Өзендер мен көлдердің жағалауларында, ылғалды шалғындарда, батпақты жерлерде өседі. Сонымен қатар, сирек те болса да үй маңайында және жол жиектерінде кездесетін арамшөптер ретінде де белгілі. Бүтін жиекті, розеткалы жапырақтары 3-7 жүйкелі. Гүл жапырақтарының қойнауындағы гүлдері жапырақсыз сабақтарда масақ гүлшоғырына жинақталған. Күлтесі қабыршақ тәрізді. Жапырағы халық медицинасында асқазан- ішек ауруларына және әр түрлі жарақаттарды емдеуде қолданылады.

Кең таралған өкілдеріне орташа (P.media), қандауыр (P.lanceolata) және үлкен  бақажапырақты атауға болады. Бұл  тұқымдас өкілдері жәндіктер және жел  арқылы тозаңданады.

 

ΙV. Ерінгүлділер тұқымдасы - Labiatea

Сасықшөп туысы – Leonurus L

Қабықшалы сасықшөп - L.panzerioides екі не көп жылдық шөптесін өсімдік. Бұл тау баурайларында, өзен жағалауларында, жол жиегінде, бұталардың арасында өседі. Биіктігі 50- 200 см аралығында, тамырсабақты өсімдік. 4қырлы сабағы түзу өседі және түкті боп келеді. Жапырақтары қалақ тәрізді, саусақ салалы. Тостағанша жапырақшалары жіңішке конус пішіндес. Күлтелері алқызыл, жоғары еріні ақ түсті. Көп гүлді гүлшоғыры жапырақ қолтығына орналасқан. Маусым- шілде айларында гүлдеп, тамыз- қыркүйекте  айларында жеміс салады. Жемісі- көп жаңғақша. Сасықшөптің құрамында алкалоид 0,009- 1,97%, эфир майы 0,04-0,15%, илік заттар 2,3-8,2%, С витамині бар. Халық медицинасында сасықшөпті шемен, ревматизм, асқазан ауруларын, созылмалы ішек аураларын емдеуге пайдаланады.

Шалфей туысы - Salvia

Дала  шалфейі - S.stepposa сабақтары 30- 40 см, жай, тік болып келеді,сабағының негізі жалаңаш. Жапырағы сопақша- жұмыртқалы, қысқа сағақты, отырмалы жасыл түсті. Гүлшоғыры қарапайым, көбінесе сыпыртқы гүлшоғырына жинақталған. Тостағаншасының ұзындығы 0,6- 0,8 см, түтік немесе түтікті қоңыраулы, жоғарғы еріні жартылай дөңгелек, кішкене тісшелерімен, иректелген, аздап ойысталған. төменгі еріні жұмыртқа пішінді. Күлтесі көк түсті, тостағаншадан 2-3 есе үлкен, ұзындығы 1,5-1,8 см. Аталығы 2еу, тұқымы қара қоңыр түсті. Далалы өңірде тастанды жерлерде, жол жиектерінде кездеседі.

Жебір туысы - Thymus

Кәдімгі жебір - Thymus vulgaris хош иісті шала бұта. Қазақстанның далалы, жол жиегінде, жазық жерлерінде, қиыршық тасты тау бөктерлерінде өседі. Биіктігі 1-25см. Сабағы түп жағынан сүректеніп қатайып кеткен. Жапырағы бүтін жиекті, сағақты, кейде сағақсыз. Ұсақ, қызғылт, күлгін кейде ақ түсті гүлдері шоғырбас гүлшоғырын құрайды. Гүлдері қос жынысты, аталығы – 4, аналығы – біреу, тостағанша жапырағы да, күлте жапырақшасы да – бесеу. Мамыр – тамыз айларында гүлдеп, маусым – қыркүйекте жеміс береді. Жемісі–жаңғақша. Жебірдің құрамында эфир майы көп. Одан алынатын тимол медицинада, парфюмерияда және тамақ өнеркәсібінде қолданылады.

Сайсағыз  туысы - Hyssopus

Күмәнді сайсағыз – H.ambiguus көп жылдық шөптесін өсімдік, кейде жартылай бұталы.  Қазақстанда тау бөктерлерінде, өзен жағалауында, қау-бетегелі далалық алқаптарда өседі. Оның биіктігі 25-40 см, сабағы төрт қырлы, көп бұтақты. Жіңішке жапырағының шеті бүтін, таспа пішінді. Көк, көкшіл түсті гүлдері сыпыртқы гүлшоғырына топталған. Тостағанша жапырақшаларының ұзындығы 4-6 мм, күлтелерінің ұзындығы 1 см-дей. Аталығының саны-төртеу. Маусым -шілде айларында гүлдеп, тамызда жеміс салады. Тұқым-үш қырлы жаңғақша. Сайсағыз-дәрілік өсімдік, халық медицинасында оны қақырық түсіруге, тыныс жолдары қабынғанда, сондай-ақ, қолқа демікпесіне, неврозға, стенокардияға, ревматизмге қарсы қолданады. Құрамында эфир майы болғандықтан парфюмерияда пайдаланылады. Гүлінен ара бал жинайды.

Фломис  туысы - Phlomis L.

Түйнекті  фломис - Ph. pungens биіктігі 50-80см, сабағы төрт қырлы, көпжылдық шөптесін өсімдік. Тамырлары түйнек тәрізденіп жуанданған. Жапырақтары үш бұрыштанған жебе тәрізді, кезектесіп орналасады, қосалқы жапырақтары болмайды. Сабағы мен жапырағы бездеуітті түктермен жабылған, олар эфир майларын бөліп шығарады. Гүлдері жалған шоққа жиналған, масақ тәрізді гүлшоғырын түзеді. Гүлсерігі 5 мүшелі, тостағаншасы 5 жапырақшадан тұрады, бірігіп өскен, оның жиектері қайырылған 5 тісшелі болып келеді. Күлтесі 5 мүшелі, бірігіп өсіп, екі ерінді келеді, жоғарғы еріні 2 желектен, төменгі еріні 3 желектен тұрады. Аталықтары 4-еу, оның  2-і ұзын, 2-і қысқа болады. Аналықтары 2 жеміс жапырақтарынан түзілген, жоғары жатынды, бір ұялы, әрбіреуәнде бірден тұқым бүршігі болады. Аналық мойыны ұзын, екі жақтаулы аналық ауызымен аяқталады. Олар далалы жерлерде, тастанды үйлердің маңында өседі.

 

V. Күрделігүлділер  тұқымдасы - Asteraceae

Мыңжапырақ туысы - Achillea

Кәдімгі мыңжапырақ – Achillea millefolium тамырсабақты көп жылдық өсімдік. Екі рет қауырсынды тілімшеленген жапырақтары қондырмалы немесе қысқа сағақты орналасқан. Сабағы тік, жатаған тамырлы. Биіктігі 5-20, кейде ,60см-дей болады. Ақ, қызғылт түсті гүлдері себет гүлшоғырына топталған. Гүл жабындысының түсі жасылдау келген. Себет гүлшоғыры жусан иісті болып келеді. Қазақстанның барлық облыстарында жазық жерлердегі шалғындарда, ашық ормандарда, жол жиегінде, сондай- ақ, егістік алқаптарда арамшөп ретінде өседі. Медицинада жапырақтары және гүлшоғыры қан тоқтатуда қолданылады. Маусым- тамыз айларында гүлдеп, жеміс салады. Кәдімгі мыңжапырақ- дәрілік өсімдік.

Қалуен туысы - Sonchus L.

Егістік қалуені – Sonchus arvensis күрделігүлділер тұқымдасына жататын, көп жылдық шөптесін өсімдіктер. Қазақстанда шалғында, өзен-көл жағалауында, бұта арасында, жол жиегінде, арамшөп ретінде егістікте, бау-бақшада өседі. Ылғалдылықты көбірек қажет етеді және оның тамыры аса тереңге бойламайды. Әрбір жаңа пайда болған өркен өзінің тамыр жүйесін түзеді. Сол себепті қатты көбейген кезде, тамырлары топырақтың жоғарғы қабаттарын тегіс жайлайды. Тамыры морт сынғыш, тамырларының 3см- лік бөліктерінің өзі жаңа өсімдік бере алады. Бұл өсімдік тұқымдары және атпа тамырлары арқылы өте тез көбейеді. Атпалы тамырының ұзындығы 10- 16 см.гүлі көбіне сары, гүлшоғыры сыпыртқы тәрізді. Жаздық және отамалы дақылдар егісінде тараған зиянды түрге жатады. Гүлдері сары түсті, 5 – 10 себеті топталып қалқанша немесе қалқаншалы сыпыртқы гүлшоғырына жинақталған. Маусым – қыркүйек айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – ұзынша келген, қоңыр түсті тұқымша. Оның жіңішке, ақ немесе сұр түсті түктерден құралған айдаршасы болады. Егіс Қалуені арамшөп болғанымен шірнелі өсімдік. Шошқа, үй қояны жақсы жейді. Бау-бақша Қалуенінің (Sonchus oleraceus) жапырағы көгілдір. Жапырағы мен жас бұтағын барлық мал, ал бұдырлы қалуенді жылқы, түйе жейді.

Юринея туысы – Jurinea Cass

Қатпарлы юринея – J. multiloba шөптесін көпжылдық өсімдік. Жапырақтары жазық, қауырсынды тілімделген, қатты торлы, сегмент жиектері сәл толқынды. Желайдарша түкшелері алшақ орналасқан. Сабағы жартылай көтерілген. Гүлдері ұсақ, көп гүлді себет гүлшоғырына жинақталған, себеттері дара келеді. Гүлдері ал қызыл, қосжынысты, 5 күлтелі, күлтелері бірігіп өсіп, түтікке айналған, күлтенің жоғарғы жағы аздап иілген. Аталықтарының саны 5- еу, жіпшелері түксіз. Аналықтары 2 жеміс жапырақшасынан түзілген, төменгі жатынды, жатында жалғыз тұқым бүршігі дамиды. Тау бөктерлерінде, далалы аймақтарда, тастанды жерлерді өседі.

Жусан туысы - Artemisia

Шашақты жусан - A.scoparia сабағы қызыл- қоңыр түсті, жіңішке жұлынып алынатын тамырлары болады. Жапырақтары екі, үш рет қауырсынды тілімделген, себеттері ұсақ, шар тәрізді.

Таусағыз туысы - Scorzonera

Кәдімгі таусағыз - S.tau- saghys жазық, ашық далалы жерлерде, қиыршық тасты тау баурайында, сортаң топырақты, шалғынды, құмды жерлерде өседі. Екі жылдық шөптесін өсімдік, жартылай бұталы. Биіктігі 3-50см. Тамыры жуандап, түйнекке айналған. Сабағы түзу, түкті. Жапырақтары таспа тәрізді, ұзын, жиектері бүтін, кезектесіп орналасады. Тілшік тәрізді ірі гүлдерінің түсі сары, жоғары жағы қиықты, 5тісті, тозаңқаптары түбінде жебе, гүлшоғыры цилиндр тәрізді. Мамыр-маусым айларында гүлдеп, Маусым-шілдеде жеміс салады. Жемісі-дәнек. Құрамында каучук бар. Кәдімгі таусағыз реликті түр, жойылып бара жатқан эндемик.

Салаубас туысы - Helichrysum Mill

Құмдық салаубас - H.arenarium барлық жазық аймақтарда кең таралған. Тамырсабақты, қалың түкті көп жылдық өсімдік. Қалқанша тәрізді сыпыртқы гүлшоғырлары шар тәрізді себет гүлшоғырларынан құралады. Жабындықтары сары түсті, қабыршақ тәрізді жапырақшалардан тұрады. Себеттері ұсақ, диаметрі 4-6мм,тығыз борпылдақ қалқаншаға жинақталған. Орама жапырақшалары ірі емес, 3,4,6 шеңберде орналасқан, сабақтары бірнешеу. Барлық жапырақтарын тығыз түк басқан. Себет гүлшоғырларының қос жынысты шеткі гүлдері және ортаңғы аналық гүлдері жіңішке келген түтік тәрізді болып келеді. Медицинада гүлшоғырларынан алынған тұнбалар бауыр және өт жолдарын емдеуде қолданылады.

Далазығыр туысы - Galatella Cass

Нүктелі далазығыр - G.punctata себеттері ұсақ, орама жапырақтары бір, үш жүйкелі, арқа жағы жалаңаш, қалқаншаның тығыз орналасқан бұтақшалары қисая жоғары бағытталған. Гүлдері түтікті, қосжынысты, сары, кейде қызғылт- күлгін түсті. Күлтесі 5 қандауырлы тісшелерімен, шеткі гүлдері жыныссыз. Тозаңқаптарының жоғарғы жағында жалпақ қандауырлы өскіндері болады, негізі тұйық, аталық жіпшелері түксіз. Аналық мойынының жоғарғы жағы 2 жақтаулы, тұқымшалары бірдей, сопақша келген, негізі қысыңқы. Желайдаршасы тұқымшадан 5-8 см ұзын, ақшыл, кейде қызғылт- күлгін түсті, құрылыстары бірдей, 2-3 бұрыс қатарлы, бұдырлы түкшелерден құралған, негізі сақинаға бітіскен. Тік тұратын, біркелкі жапырақтанған, әдетте сабақтың жоғарға жағы тармақталған, көп жылдық өсімдік.

Түймебас туысы - Serratula L.

Тілме түймебасы - S.dissecta көп жылдық шөптесін өсімдік. Биіктігі 30 – 35 см, қысқа сүректенген тамыры бар. Орама жапырақшалары жасыл, ұзындығы 2-3 мм, пішіні цилиндр тәрізді. Сабағы дара, қарапайым, сыртын түк жапқан. Сабағының төменгі бөлігіндегі жапырақтарының табақшалары ұзынша, қанат тәрізді тілімденген. Жоғарғылары қандауыр сияқты, отырыңқы. Гүлдері қызғылт қызыл түсті, себет гүлшоғырына топталған. Мамыр – шілде айларында гүлдеп, шілде – тамызда жемістенеді. Тұқымы ұзынша, тықыр, ашық сары айдаршасы бар. Тұқымынан көбейеді. Тастақты және сортаң жерлердің өсімдігі.

 

VΙ. Астық тұқымдасы - Gramineae

Қоңырбас туысы - Poaceae

Кәдімгі қоңырбас - Poa trivialis - нәрлі заттармен жақсы қамтамасыз етілген саздақ топырақтарда, жол жиектерінде өседі. Көп жылдық өсімдік, жер бетінде орналасқан өркендері шым түзеді. Негізгі өсуі көктем мен күз мезгілінде жүреді. Жер бетіне өсіп шығатын өркендері бар. Коңырбастың баска түрлеріне қарағанда, жапырағы мен жапырағының жоғарғы тілшелері кедір-бұдырлы, ұзындыгы  6 мм дейін жетеді. Сабағы көтерілген, түзу, аздап бұдырлы, биіктігі 20-90см. Жапырағы жасыл, төменгі бөлігі жылтыр боп келеді. Масағы жасыл не сұр күлгін, ұзындығы 2,5- 3,5 мм, 2-5 гүлді. Жемісі- дәнек, қызыл - сары түсті.

Атқонақ туысы - Phleum L.

Шалғын атқонақ - Ph. pretense гүлденгенге дейін жасыл түсті, гүлденген кезде сиякөк түсті келген собық гүлшоғырының жоғары бөлігі доғалданған. Масақша қабыршақтары кірікпеген. Масақшалары бір гүлді. Гүл қабыршақтарын масақша қабыршақтармен салыстырғанда 2есе қысқа келеді. Жапырағы ашық жасыл түсті, тілшесі ұзын. Мал азық ретінде жиі егіледі.

Мысыққұйрық туысы - Polypogon бір жылдық өсімдік. Сортаң-шөлді жерлерде, өзен, көл және жылғалардың жағалауында өседі. Биіктігі 3-40см. Бұтақталған сабағы болады. Жапырағы қандауыр пішінді. Гүлі қос жынысты, олар масақ гүлшоғырына топтанған. Мамыр-маусым айларында гүлдейді. Мысыққұйрықты ерте көктемде мал жақсы жейді.

 

VΙΙ. Шатыршагүлдер тұқымдасы - Umbelliferae

Сәбіз туысы - Carota

Жабайы сәбіз - Daucus carota екі жылдық өсімдік. Алғашқы жылы түп жапырақтары мен тамыр жемісі түзіледі. Қызыл – сары түсті тамыр жемістірі каротинге (А провитамині) және В1, РР, С, К және т.б. витаминдерге бай келеді. Сәбіз құнды көкөніс болуымен қатар, сауын сиырлар мен жылқы төліне бағалы шырынды азық болып табылады. Екінші жылы өсімдіктің тік сабағы дамиды. Сабақтың жоғарғы бөлігінде жабын және жабыншасы жақсы жетілген күрделі шатырша гүлшоғырлары түзіледі. Төменгі сағақты және жоғарға сағақсыз жапырақтары екі және үш рет қауырсын тәрізді тілімшеленген. Қос жынысты (сирек жағдайда дара жынысты), ақ немесе қызғылт түсті гүлдері күрделі шатырша гүлшоғырына жинақталған. Жас гүлшоғырлары түнге қарай төмен салбырап, семіп қалады. Тозаңданған гүлшоғырларында бұл құбылыс байқалмайды. Жемістері пісіп жетілген кезде гүлшоғырларының ішке қарай иіліп, немесе керісінше жазылу қозғалысатары ауаның ылғалдылығыа байланысты бірнеше рет қайталануы мүмкін. Сәбіз тұқымының бес алғашқы реттік нашар жетілген түтікті қырлары және ірі келген екінші реттік төрт қыолыары болады. Екінші реттік қырларында ұштары иілген ұзын түктер түзілген.

 

VΙΙΙ. Қалампыргүлділер  тұқымдасы - Caryophyllaceae

Аққаңбақ туысы - Gypsophila

Айыр аққаңбақ – Gypsophila forcipate тамыры қатты түбірлі, биіктігі 60-100см болатын көп жылдық, шөптесін өсімдік. Негізінен сабақтары күшті тармақталған. Жапырақтары ақшыл, ланцет тәрізді, 2-7см, төменгі жапырақтары ерте түсіп қалады. Көп майда гүлдері сыпыртқы гүлшоғырына жиналған. Маусым-шілде айында гүлдеп, жемісін шілденің аяғы мен тамызда береді. Жемісі дөңгелек қорапша, диаметрі 2мм. Қурап қалған шабындықтарда, далалы аймақтарда, ашық қарағайлы ормандарда, жол жиектерінде өседі.

 

ΙΧ. Тарандар тұқымдасы - Polygonaceae

Таран туысы - Polygonum

Құс таран - Polygonum aviculare жол жиектерінде, тастанды жерлерде өсетін жатаған, бір жылдық шөптесін өсімдік. Негізінен космополит. Биіктігі 10-80 см. Халық атаулары: қызылтаспа, құс қарамұғы, қазоты, шөп-балауса. Сабағы 60см күшті тармақталған, тік тұратын, сирек өспелі, жерге жайылып өседі. Тамыры бұтағынан біраз жуандау, өзекті. Жапырағы майда кезектесіп орналасқан, пішіні ланцет тәрізді, ұзындығы 0,4-1,5 см, түсі сұр-жасыл. Гүлдері майда, бозырыңқы- жасыл, қызғылт немесе ақшылдау. Гүлдерінің шоқтары 2-5 ге дейін болады, олар жапырақ қойнауында орналасады. Аталықтары 8, аналықтары 3. Сәуір айынан бастап, шілде-тамыз айларына дейін гүлдейді. Гүлінің формуласы .

Жемісі- қара үш қырлы жаңғақ. Жемістері шілде-қыркүйек айларында пісіп жетіледі.

 

Χ. Қияқөлеңдер тұқымдасы - Cyperaceae

Кобрезия туысы - Cobresia

Жіңішкежемісті кобрезия - C.stenocarpa тығыз шым түзетін көп жылдық өсімдік, сонымен қатар сапасы жоғары мал азықтық ретінде де қолданылады. Ылғалды сақтайтын жапырақтары қынап түзеді, түсі ақшыл- қоңыр түсті. Жапырақтары сыртқа иілген, көкшіл сұр түсті, 2-3мм. Сабақтары үш қырлы. Гүлшоғыры эллипті, қалақ тәрізді, қызыл-қоңыр түсті. Бір гүл масақтарында гинецей және жемістің қойнауында дамыған аталығы болады. Жемісі- жаңғақша. Биік таулы аймақтардың шалғындықтарында, өзен жағалауларында және батпақты жерлерінде таралған.

 

ΧΙ. Сүттігендер тұқымдасы - Euphorbiaceae

Сүттігендер туысы - Euphorbia

Талшықты сүттіген - Euphorbia virgata ашық жасыл түсті, құрамында көп мөлшерде улы сүтті шырындары бар шөптесін өсімдік. Ерекше белгісіне күрделі гүлсеріктерінің қос қостан орналасатын сарғыш-жасыл түсті сағақсыз қосалқы жапырақтары жатады. Бұл жапырақтың вегетативтік жапырақтан негізгі айырмашылығы, олар қысқалау және жалпақтау келеді. Гүлсеріктері болмайды. Әрбір жеке гүлшоғыры тостағаншаға ұқсас бокал түрінде кіріккен бес ұсақ жабын жапырақтарымен көмкерілген. Жапырақтарының сыртқы жоғарғы бөлімдерінде ірі бездеуіттері болады. Бокалдың ортасында ұзын сағақты аналық гүл, ал оны айнала бокал түзуші жабын жапырақтарының қойнауынан дамитын көп ұсақ аталық гүлдер бес топ болып орналасады. Әрбір аталық гүл гүлсерігінсіз қысқа келген гүл сағағында орналасқан тек бір ғана аталықтан тұрады. Аталық гүлдің жалғыз аталығының жіпшесі оның гүл табанының жалғасы болып табылады.

Аналық гүл гүлсерігінсіз, тек  аналықтан ғана тұрады. Мұндай гүлшоғыры  циация деп аталады.

 

ΧΙΙ. Лалагүлділер тұқымдасы - Liliaceae Hall

Қазжуа туысы - Gagea Salisb

Қамыт қазжуа - G.chomutovae өте ерте гүлдейтін, ұсақ пиязшықты өсімдік. Жапырақтары жіңішке,гүлдері ұсақ, сары түсті. Сабақтың биіктігі 10-40см. Гүлсерік бөліктерінің ұзындығы 9-12мм, сопақша қандауыр тәрізді. Гүлшоғыры шашақ, шатырша тәрізді, ұсақ гүлдерден құралған. Гүлсерігі гүлдеу мерзімінен кейін түсіп қалмайтын алты бос жапырақшалардан тұрады, ішкі беті сары. Аталығы 6-ау, гүлсерігі жапырақшаларының түбіне бекінген. Тозаңқабының негізі жіпшеге бекінген. Аналықтың аузы 3-ке бөлінген, бірақ анық емес. Жемісі қорапша, 3қырлы, 3ұялы. Тұқымы жалпақ, сопақша кері жұмыртқа тәрізді.

 

ΧΙΙΙ. Алқалылар тұқымдасы - Solanaceae Hall

Меңдуана туысы - Hyoscyamus L.

Қара меңдуана - H.niger биіктігі 30-100см, екі жылдық шөптесін өсімдік. Сабағы тік,сыртын түк басқан, бұтақшалары көп. Жапырақтарының пішіні жұмыртқа тәрізді, кезектесіп орналасқан, үстіңгі беті сұрғылт түсті болады. Жапырақтарының жиегінде ретсіз, қауырсын тәрізді айырықтары бар. Жапырақтарының ұнамсыз иісі бар. Гүлдері өте ірі келеді, олар жапырақ қойнауларында орналасқан. Гүл сағағы қысқа, гүл тостағаншасы жуан қоңырау пішінде болып, өз қалпын сақтайды. Гүлдері қос гүлсерікті, тостағаншасы қоңырау тәріздес, жемістенген кезде үлкейеді және қатаяды. Күлтесі тостағаншасынан 2 есе ұзын, қошқыл-ақ, күлгін торлы жүйкелі болып келеді.

 

ΧΙV. Алабұталар тұқымдасы - Chenopodiaceae Lees

Көкпек туысы - Atriplex

Жылтыр көкпек - A.nitens көп жылдық шөптесін өсімдік. Тамыры өте ірі, жерге тармақтанып тарайды. Сабағы цилиндр тәрізді немесе тұйық бұрышты- бораздалы, көп бөлігі жасыл. Жапырақтары жіңішке, жүрек тәрізді, ойыс тісшелі, төмені сұрғылт, жоғары жағын жазық, жасыл. Өсімдік бір үйлі, гүлдері дара жынысты, қарапайым гүлсерікті. Аталық гүлдері 5 тілімді, кейде 3-4 гүлсерікті және 5 аталығы болады. Аналық гүлдерінің әдетте гүлсерігі болмайды, бос немесе әртүрлі дәрежеде бірігіп өскен, жатыны 1 ұялы, жалғыз тұқымбүршікті, жатын ауызы 2-ге бөлінген. Көкпек өзендердің сазды жарқабаттарында, ескі жұрттарда, қоқысты жерлерде өседі. Әсіресе, сортаң жерлерде кең тараған.

 

ΧV. Сабынкөктер тұқымдасы - Scrophulariaceae

Текесақал туысы - Dodartia

Шығыс текесақалы - Dodartia orientalis шөптесін, жартылай бұталы өсімдік. Қосалқы жапырақшалары жоқ, жай жапырақтары кезектесіп, топтанып орналасады. Жемістерінде сақталатын бес тісті қоңырау тәрізді тостағанша және біртіндеп кеңейген түтік тәрізді екі ерінді күлтелері қара қызыл және қара сиякөк түсті болып келеді. Далалы жерлерде, су жиектерінде, тұзды және құмды топырақтарда өседі. Сонымен қатар, егістік жерлерде, жол жиектерінде және тастанды жерлерде өсетін арамшөп ретінде белгілі. Халық арасында бұл өсімдікті «бір салар» деп атайды. Дәрілік өсімдік ретінде қолданылады.

http://referat911.ru/Botanika/ruderaldy-smdkter/246137-2508278-place2.html
0 дауыс
Сәлеметсіздерме.Полковничний яғни СЕмей қаласында, Ертіс жағалауында өсетін өсімдіктер туралы мәлімет жазыңыздаршы өтініш
...