+2 дауыс
49.8k көрілді

Маған Қазақ хандығының 550 жылдығына орай шығарма жазу керек еді.... Сол үшін маған шығармаға тақырыпты, жоспарды  қалай  құруға болады? Мысалға, .....

Шығарма тақырыбы: Тақырып
Жоспар
1.Кіріспе
           а)
тақырып
2.Негізгі бөлім
           а)тақырып
           ә)тақырып
           б)тақырып
3.Қорытынды
           а)тақырып

8 жауап

+3 дауыс
 
Жақсы жауап
Кіріспе

1.Қазақ хандығының құрылуы

Негізгі бөлім

1.Қазақ хандығының алғашқы басшылары(хандары)

2.Қазақ хандығына 550 жыл!
3.Қазақ хандығынан кейінгі қазіргі Қазақстан

Қорытынды

1.Қазіргі ұрпақ қазақ хандығының шырағын өшірмесе игі!

Осылай құрып көрдім. Қорытындым дұрыс емес болды ғой деймін. Ол қорытындыға қазақ хандығы мен қазіріг қазақстанды айта келе жастарымыз құрметей, сақтай алып жүре ме сол туралы жазасыз. Сәттілік.
+1 дауыс

қазақ хандығы 550 жыл

Бабаларымыз «Ошақтың бұты – үшеу, жағар оты – біреу» деген тәмсілді бекер айтпаған. Осы ұлағатты ұғым бізді береке-бірлікке үндеп, ұрпақтар сабақтастығының тұтастығына шақырды.

Бұл орайда Елбасы Н.Ә. Назарбаев әрдайым ұрпақтар сабақтастығына терең мән беріп келеді. Қазақстан Президенті жуықта қасиетті Ұлытауда сан қатпарлы тарихымыздың түптамырын толғаған мағыналы сұхбатында Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттік дәстүрдің үзілмей жалғасып келгендігін, ғұндардан бастау алған осы үдерістің көк түріктер, Алтын орда арқылы сабақтасып, Қазақ хандығына жеткендігін айтты.

Тарихшылардың саралауына қарағанда, Қазақ хандығы құрылғанға дейін Ертістен Еділге дейін созылған ұланғайыр далада үлкенді-кішілі саяси құрылымдар, ұлылы-кішілі мемлекеттер өмір сүрген. Мұның бәрі – Қазақ хандығына дейінгі ізашар буын-бунақтар, Қазақ елі деген алып бәйтеректің өзегіне нәр берген түптамырлар, қайнар бастаулар. Сол себептен де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқыны» атты кітабында «Қазақ хандығы Орталық Азия аумағындағы алғашқы ұлттық сипаттағы мемлекет болды», – дейді.

Расында, ұлы далада Алтын Орда ыдырағаннан кейін көптеген хандықтар, мемлекеттер пайда болды, бірақ олар өздерінің атауын көбінде билеуші әулеттердің есімімен байланысты атаса, Қазақ хандығы отанымыздың негізін қалап отырған ұлағатты ұлтымыздың атымен аталды. Бұл дерек – Қазақ халқының ежелгі заманнан елдік санасы ерте оянып, бірегей дара кескін-келбеті сомдалып, тарих толқынында ұранды ұлысқа, ордалы жұртқа айналғанын, толысып қалыптасқандығын көрсетеді.

Осы орайда асқақ Астанада сәулетті ескерткіші бой түзеп, асыл әруағына Керей-Жәнібек көшесі беріліп, ұлықталған әзиз хандарымыздың Шу өзені бойындағы Қозыбасыда Қазақ хандығының  дербес шаңырағын көтергеніне, ел байрағын жербіреткеніне келесі жылы 550 жыл толып отыр.

Өкінішке қарай, соңғы кезде кейбір көршілеріміз қасақана немесе хабарсыздықтан біздің Мемлекеттілігіміздің бай тарихын жоққа шығарып отыр. Бұл – біздің Ұлттық тәуелсіздігімізге күмән келтіру әрекетіне тең деп санаймыз. Осыған  жол бермеу үшін, біз, таласып-дауласпай мемлекетіміздің терең тамырын бүкіл әлемге ашық көрсетуіміз керек.

Қазақ елі мен қазіргі тәуелсіз Қазақстан халқы аспаннан түскен жоқ және ата-тегін білмейтін мәңгүрт емес. Мемлекетіміздің, халқымыздың терең ежелгі тарихы бар. Қазақстан – қазақтың ата-бабаларынан қалған өзіміздің жер, халқымыздың тарихи ата-мекені. Бірақ, бай тарихымызды өзіміз ғана емес, алыс-жақын көршілерімізге де көрсете, сіңдіре білуіміз қажет.

Қазіргі өркениетті елдер өз мемлекеттілігінің ежелгі тарихын жан-жақты көрсетіп, насихаттау ісін дәстүрге айналдырған. Бұл сол ұлттың мемлекеттігінің тұрақтылығы мен легитимділігін (құқы бар екендігін) айғақтайды. Ал біз, қазақ мемлекеттілігінің терең тамырлы және бай дәстүрлі екендігін көрсете алмасақ халықаралық додада ұтыламыз.

Елбасы үстіміздегі жылдың 17 қаңтары күні, дәстүрлі Жолдауында өркениетке қадам басқан Еліміздің төл мәдениетін насихаттауды баса айтты. Ал ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетіміз – бай тарихымыздың көрсеткіші.

Сол арқылы біз бүгінгі Н.Ә Назарбаевтың тікелей басшылығымен қалыптасқан заман сұранысына лайық жаңа тұрпаттағы мемлекеттігімізді өз дәрежесінде көрсете аламыз. Яғни, бүгінгі Қазақстан Республикасы аталатын мемлекетіміз – ХV ғасырда өмірге келген Қазақ хандығының тарихи жалғасы. Кешегі Алаш зиялыларының өз өмірін арнаған асыл армандарының орындалғандығының көрінісі. Біздің төл тарихымызда жас ұрпақ санасында мақтаныш сезімін туғызатын өнегелі істер жетіп артылады. Оларды тек қоғам санасына сіңіре білсек болғаны.

+1 дауыс

керей мен жәнібек

Қазақ хандығының құрылуы және нығаюы (15-17 ғғ.) Қазақ хандығының пайда болуы Қазақстан жерінде 14-15 ғғ. болған әлеуметтік-экономикалық және этникалық-саяси процестерден туған заңды құбылыс. Өндіргіш күштердің дамуы, көшпелі ақсүйектердің экономикалық қуатының артуы, феодалдық топтардың тәуелсіздікке ұмтылуы, осы негізде Әбілхайыр хандығы мен Моғолстан арасындағы тартыстың өршуі, әлеуметтік қайшылықтардың үдевІ 15 ғ. 2 жартысында бұл мемлекеттердің құлдырап ыдырауына апарып соқтырды.

Әсіресе Әбілхайыр (1428-1468) Жошы-Шайбан- Дәулет-Шайх оғланның ұлы хандығы өте нашар еді. Территориясы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдың төменгі жағы мен Арал өңірінен, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі жерді алып жатты.Бір орталықа бағынған мемлекет болмады. Көптеген ұлыстарға бөлінді. Олардың басында Шыңғыс әулетінің әр тармақтағы ұрпақтары, көшпелі тайпалардың билеушілері тұрды. Әбілхайыр билік еткен кезде халық өзара қырқыс пен соғыстан шаршады. 30 жж. ол Тобыл бойында Шайбани ұрпағы Махмұт Қожаханды талқандады. Сыр бойындағы далада Жошы әулетінің Махмұтханы мен Ахметханын(Тоқа Темір тұқымы) жеңді. 1446 жылы Әбілхайыр Темір ұрпақтары мен Ақ Орда хандары ұрпақтарынан Сыр бойы мен Қаратау баурайындағы — Сығанақ, Созақ, Аққорған, Өзгент, Аркүк сияқты қалаларды басып алады. 1457 ж. Үз-Темір тайшы бастапан ойраттардан (жайылым жер іздеген) Түркістан өңірінде жеңіліп қалды. Масқара ауыр шарт жасасып, ойраттар Шу арқылы өз жерлеріне кетті. Ал Әбілхайыр өз ұлысында, қатал тәртіп шараларын орнатуға кіріседі. Бұл халық бұқарасының оған деге өшпенділігін күшейтті. Нәтижесінде халықтың жартысы Шығыс Дешті Қыпшақтан Түркістан алқаптарына және Қаратау бөктерлерінен Жетісудың батыс өңіріне көшіп барулары еді. Оны Жәнібек пен Керей басқарды.

Дешті Қыпшақ пен Жетісудағы көшпелі бұқара феодалдық қанаудың күшеюіне, соғыстарға наразылық ретінде , хандар мен феодалдардың қол астынан көшіп кетіп, қоныс аударды. Сөйтіп, 15 ғ. 50-70 жж, яғни 1459ж. Әбілхайыр хандығынан Жетісудың батысына Есенбұға хан иелігіне Шу мен Талас өзендерінің жазықтығына көшіп келді. Олардың қоныс аударуының бір себебі, оларды Шыңғыс әулетінен шыққан Керей хан мен Жәнібек ханның жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ халқының дербес мемлекетін құру, оның тәуелсіз саяси және экономикалық дамуын қамтамасыз ету жолындағы қадамы мен қызметі өз ықпалын тигізді. Жетісу рулар мен тайпалар мемлекет бірлестігінің орталыпына айналды. Олардың саны 200 мың адамға жетті. Моголстан ханы Есенбұға өзінің солтүстік шекарасын қорғату үшін, сондай-ақ өзінің бауыры Тимурид Абу Саид қолдап отырған Жүністің шабуынан батыс шекарасын қорғату үшін пайдаланғысы келді. Жәнібек қазақ хандығының тұңғыш шаңырағын көтерген Барақ ханның ұлы, ал Керей оның ағасы Болат ханның баласы . Барақтан басталатын қазақтың дербес мемлекеттігі жолындағы күресті оның туған ұлы мен немересінің жалғастыруы табиғи құбылыс. Мырза Мұхамед хайдар Дулати Қазақ хандығының құрылған уақытын хижраның 870 жылына (1465-1466 жж.) жатқызады.

Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды (1458-1473 жж.). Одан кейін қазақ ханы болып Жәнібек сайланды (1473-1480 жж.). Бұлардың тұсында Жетісу халқы, 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға өлгеннен кейін ондағы тартыстың күшеюіне байланысты, өзара ынтымақтықты нығайтуға үлес қосты. Әбілхайыр хандығынан көшіп келушілер Жәнібек пен Керейдің қазақ хандығын күшейте түсті. Едәуір әскери күш жинапан және Жетісуда берік қорғанысы бар Жәнібек пен Керей , Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың Шығыс Дешті Қыпшақты билеу жолындағы күресіне қосылды. Бұл күрес 1468 ж. Әбілхайыр өлгеннен кейін қайтадан өршіді. Қазақ хандарының басты жаулары Әбілхайырдың мұрагерлері- оның ұлы Шайх -хайдар мен немерелері Мұхамед Шайбани мен Махмұд сұлтан болды.

Сыр өңірі мен Қаратау — қазақ хандарының Батыс Жетісудағы иеліктеріне ең жақын болды. Жәнібек пен Керей хандар сауда-экономикалық байланыстардың маңызды орталықтары және күшті бекініс болатын Сыр бойындағы қалаларға өз құқықтарын орнатуға тырысты. Сондай-ақ Сырдың төменгі және орталық сағаларының жерлері қазақтың көшпелі тайпалары үшін қысқы жайылым да еді.

70-жылдары Сауран, Созақ түбінде, үлкен шайқастар болды. Асыны (Түркістанды), Сығанақты біресе қазақ хандары, біресе Мұхамед Шайбани басып алып отырды. Осындай шайқастардың бірінде көрнекті қолбасшы Керейдің ұлы Мұрындық болды. Ол 1480 жылдан бастап хан болды. Соның нәтижесінде 15 ғ. 70-ж-да қазақ хандығының шекарасы кеңейе берді. Оңтүстік қазақстан қалалары үшін Шайбани әулетімен арадағы соғыстар Жәнібек ханнан кейін қазақ хандығын билеген Бұрындық хан (1480-1511 жж.) тұсында да толастамады. Батыс Жетісудағы иеліктеріне оңтүстіктегі өздеріне қараған қалаларға (Созақ, Сығанақ, Сауран) сүйене отырып, алғашқы қазақ хандары Дешті Қыпшақтағы өкімет билігіне талаптанушы барлық хандарды жеңіп, өз иеліктерін ұлғайтты. Дешті Қыпшақта қазақ хандары билігінің орнығуы, Мұхаммед Шайбаниды Дешті Қыпшақтағы тайпалардың кейбір бөлігін соңына ертіп Мәуереннахрға кетуге мәжбүр етті. Мұнда ол Темір әулеті арасындағы өзара тартысты пайдалана отырып, өкімет билігін басып алды.

Сонымен қазақ хандығының құрылуына ұйтқы болған себептер — саяси және этникалық процестер болды. Оның басты этапы — Керей мен Жәнібектің қол астындағылармен бірге көшпелі өзбектердің басшысы Әбілхайырдан кетіп, Моғолстанның батысына қоныс аударуы. Мұндағы маңызды оқиға — Керей мен Жәнібекті жақтаушылардың өзбек-қазақтар, кейін тек қазақтар деп аталуы. Әбілхайырдың өлімінен кейін Керей мен Жәнібектің Өзбек ұлысына келіп, үкімет билігін басып алуы. Жаңа мемлекеттік бірлестік Қазақстан атана бастады.

16-17 ғғ. қазақ хандығы нығайып, оның шекарасы едәуір ұлғая түсті. Өз тұсында «жерді біріктіру» процесін жедел жүзеге асырып, көзге түскен хандардың бірі Жәнібектің ұлы Қасым.. Қасым ханның (1511-1523 жж.) тұсында қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы нығая түсті. Ол билік құрған жылдары қазақ халқының қазіргі мекен тұрағы қалыптасты.Бірсыпыра қалалар қосылды, солтүстікте Қасым ханның қол астындағы қазақтардың жайлауы Ұлытаудан асты. Оңтүстік-шығыста оған Жетісудың көп бөлігі (Шу, Талас, Қаратал, Іле өлкелері) қарады. Қасым ханның тұсында Орта Азия, Еділ бойы, Сібірмен сауда және елшілік байланыс жасалды. Орыс мемлекетімен байланыс болды. Ұлы князь 3 Василий (1505-1533) билік құрған кездегі Мәскеу мемлекеті еді. Батыс Еуропа да қазақ хандығын осы кезде танып білді. «Қасым ханның қасқа жолы» деген әдет-ғұрып ережелері негізінде қазақ заңдары жасалынды.

Қасым өлгеннен кейін бірден байқалды. Өзара қырқыс, таққа талас басталды. Моғол және өзбек хандарының қазақ билеушілеріне қарсы одағы қалыптасты. Өзара тартыс кезінде Қасым ханның ұлы және мұрагері Мамаш қаза тапты. Қасым ханның немере інісі Таһир (1523-1532) хан болды. Оның айырықша елшілік әне әскери қабілеті болмады. Маңғыт және Монғол хандарымен әскери қақтығыстар басталды. Бұл соғыстар қазақтар үшін сәтті болмады. Қазақ хандығы оңтүстіктегі және солтүстік-батыстағы жерінің бір бөлігінен айрылып, оның ықпалы тек Жетісуда сақталып қалды. ТаҺир ханның інісі Бұйдаштың (1533-1534) тұсында да феодалдық қырқысулар мен соғыстар тоқталған жоқ.

16 ғ. 2 ж. әлсіреген хандықты біріктіруде Қасым ханның баласы Ақназар (1538-1580 жж.) өз үлесін қосты. Ноғай Ордасындағы алауыздықты сәтті пайдаланған ол, Жайық өзенінің сол жағындағы жерді қосып алды. Оның тұсында Жетісу мен Тянь-Шаньды басып алуды көздеген Моғол ханы Абд- Рашидке қарсы ұтымды күрес жүргізілді. Ақназар өзара тартыста өзбек ханы Абдулланы қолдау арқылы Сыр бойындағы қалаларды (Сауран, Түркістан) өзіне бағындырды. Оның Абдулламен байланысынан қорыққан Ташкенттің ұлыстық әміршісі Баба сұлтан жансыздары арқылы Ақназарды у беріп өлтірді. Ақназардың мұрагері Жәдіктің баласы және Жәнібек ханның немересі қартайған Шығай (1580-1582) болды. Ол өзінің баласы Тәуекелмен (1586-1598 хан болған) бірге Баба сұлтанға қарсы күресінде Бұқар ханы Абдоллаға келді. Абдолла Шығайға ходжент қаласын сыйға тартып онымен қосылып Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығына шығады. Осы жорықта Шығай қайтыс болады. Қазақ хандығының иелігі енді Тәуекелге көшеді.

Тәуекел хан Орта Азияның сауда орталықтарына шығу үшін күресті. 1583 жылы ол бұрынырақ Бұқарамен жасалған шартты бұзып, Сыр бойындағы қалаларды алып, Ташкент, Андижан, Акси, Самарқанд сияқты қалаларды қазақ хандығына қаратты. Бұқара қаласын қоршауға алған кезде Тәуекел хан жараланып қаза болды. Одан соң хандыққа Есім хан Шығайұлы (1598-1628) билік етті. Ол 1598 жылы Бұқарамен бітім шартын жасасты, шарт бойынша өзбектер бұрын тартып алған Сыр бойы қалалар мен Ташкент қазақ хандығына бекітіп берілді. Сөйтіп, Сыр бойындағы қалалар үшін, Оңтүстік Қазақстанның жерін кеңейту үшін бір жарым ғасырға созылған күрес біраз бәсеңдеді.

Есім хан елді жуасытып бағындыру саясатын жүргізді. МСондықтан ол қанға қан, құн төлеу, барымта алу, құлды сату, зекет, ұшыр жинау, айып салу және т.б. уағыздады. Халық Есім хан заңдарын «Есім хан салған ескі жол» деп атады. 16 ғасырда қазақ хандығы солтүстікте құрылған Сібір хандығымен (орталыпы Түмен) шектесті. 1563 жылы Шайбани әулеті мен Тайбұғы руы арасындағы ұзақ жылдар бойы жүргізілген күрестен кейін Сібір хандығы Шайбани әулеті Көшім ханның қолына көшті. Сібір хандығының халқы түркі тілдес қырық рудан құрылған және угар тайпаларының жиынтығынан тұрды. Хандықтың негізгі халқы түркі тілдес «Сібір татарлары» деген атпен белгілі болды. Сібір хандығы Қазақстанмен саяси және сауда байланысын жасап тұрды. 1552 ж. Ресей Қазан қаласын жаулап алғаннан кейін, ол Сібір хандығымен көрші болып шықты. 1581 ж. Ермактың сібірге жорығы басталды. Көшім хан жеңілгенмен, Ермак жеңісті баянды ете алмады, ол 1584 ж,. қаза тапты. Бірақ Сібір хандығы да көтерілмеді. Сөйтіп ол 1598 жылы Ресей құрамына енді.

17 ғ. 2 ж. Қазақ хандығының жағдайы нашарлады. Өзара қырқысты пайдаланған жоңғарлар Жетісудың бір бөлігін басып алып осы аймақта көшіп жүрген қазақтар мен қырғыздарды бағындырды. Бұқара әскерлері Ташкентті алып, қазақтарды ығыстыра бастапан кезде, қазақ хандарының бірі Жәңгір Бұқар әміршісін жоңғарларға қарсы күресу үшін әскери одақ жасауға көндірді. Жәңгір жоңғарларға қарсы жорықта 1652 ж. қаза тапты. 17 ғ. 90-ж-да жоңғарлардың қазақ жеріне шабуылы бәсеңдеді. Бұл кезде қазақ хандығының нығаюы, қырғыздар мен қазақтар арасындағы одақ және оған қарақалпақтардың қосылуы күшті жүрді. 1680 ж. Жәңгірдің баласы Тәуке (1680-1718) хан болды. Оның тұсында «Жеті жарғы» деген заңдар жинапы құрастырылды. Жеті жарғы көшпелілердің ел билеу заңы болып табылады.

Феодалдық салт көптеген салық түрін енгізді. Малшыдан зекет, егіншіден ұшыр жиналды. Ең жоғары басқарушы хандар болды. Олар тек Шыңғыс тұқымынан шықты. Феодалдық шартты жер иеленушілік, жерге меншіктің тұрақты түрлері, әсіресе Қазақстанның оңтүстік аудандарында, Сыр бойындағы қалалар аймағында қалыптасты. Олардың сойырғал, иқта, милк, вакуф сияқты түрлері болды. Ханнан тархандық құқық алып, сыйлық жерді иеленушілер онда тұратын егіншілерден, қолөнершілерден өз пайдасына салық жинады. Қазақ қоғамын әлеуметтік-таптық топтарға бөлу негізіне әл-ауқаттылық жағдайынан гөрі, әлеуметтік шығу тегі негізге алынды. Жоғары аристократтық топ ақсүйектерге Шыңғыс әулеттері хандар, сұлтандар, оғландар төрелер, қожалар жатты. Ал басқа халық әл-ауқатына қарамастан қара сүйеккке жатқызылды

Қазақ поэзиясының бұл кезеңдегі аса ірі тұлғалары Шалкиіз (15 ғ.), Доспамбет (16 ғ.), Жиембет, Ақтамберді (17 ғ.). Қазақтың батырлар жыры тарихи оқиғаларға құрылған. Мысалы: Қобыланды, Ер Тарғын, Алпамыс, Ер Сайын, Қамбар батыр дастандары. Ислам діні толық тарады. Араб әліпбиі қолданылды.

0 дауыс

Қазақ елі - мәңгілік ел

Біз қазақпыз!
Ежелден - ақ қазақ болып аталған,
Қатал болды әр күн, әр түн, атар таң
Күйдірсе де ызғарлы аяз, жалынды от,
Ел боп келдік, қалып қоймай қатардан.

Керегімді алу үшін жаһаннан,
Бейімделдім заманыма жаңарған.
Садақ тартып, оқ жонуды үйреніп,
Тәрбие алдым тәлімі мол атамнан.

О, тәңірім танып білмей бізді жұрт,
Әр түрлі атпен өздерінше атаған.
Скифтер деп Геродот бізге ат берді,
Ал парсылар – өз тілінше Сақ деді.

Иә, рас, бізді бар жұрт Сақ деді,
Бұл жалған ат ұлтымызға жат еді.
Шеттегі жұрт не десе де шындығы,
Бар қазақтың қазақ болар нақ тегі.

Түркі әрпімен жазуы бар басында,
Билік құрған сонау 6 - ғасырда.
Қазақ деген анық түскен жазу тұр
Жыр жазылған Күлтегіннің тасында.

Біздің заманымыздан да бұрынғы,
Деректер көп, боларлық дәлел тұрымды.
Жетісуда өмір сүрген Үйсіндер
Өте қуатты мемлекет боп құрылды.

Астанасы «Қызыл аңғар» қаласы,
Мекені Іле өңірі Ыстықкөлдің арасы.
Қытайменен қарым - қатынас жасасып,
Алыс - беріс болса керек шамасы.

Осынау кең қазағымның жерінде,
Даласы, тауы, өзен – көлі, теңізде.
Мемлекет құрып ғұмыр кешті Ғұндар да
Бәрі сөйлеп ортақ түркі тілінде.

Дамыды, өсті өнер - ғылым, мәдениет
Сызба сызып жазылды тарих, әдебиет.
Әскері бар сыртқы жаудан қорғайтын,
Таңқаларлық ел боп тұрды керемет.

Дархан дала қазақтың кең жерінде.
Асу бермес Алатау, Алтай белінде,
Мәуелі бақты Жетісудың көгінде.
Еділ - Жайық, Алакөл, Балқаш көлінде.

Түркі тілдес тайпалардың таңы атты,
Әлем назарын өздеріне қаратты.
Тоғыз жүз алпысыншы жылдары
Алланың жолы ислам дінін таратты.

Араб, түркі тілдерінде жазылған,
Еңбектері бағалы көп сан алуан.
әл - Фараби, Махмуд Қашқари,
Жүсіп Баласағұн, Ахмет Яссауи
Теңдесі жоқ ғылым қорын қалдырған.

Емес пе дәлел - Сығанақ пен Аққорған,
Қызыл аңғар, Отырар, Тараз, Түркістан.
Қазақтар да өркениет ел болып,
Егін егіп, сәулетті қала тұрғызған.

Үйсін, Қаңлы желбіреген тулары,
Дешті Қыпшақ қазақтың рулары.
Түркі тілдес халықтар бөтен емес
Діні бір, тілі де бір бауырларым.

Біз қазақ ежелден - ақ ел боп келдік,
Ел қорғауда жасадық сан мың ерлік.
Болашақтың атар деп жарқын таңы,
Ұрпақ үшін тозақтың отын көрдік.

Бейхабар малын баққан жомарт елді,
Тұтқиылдан шапты жау Жоңғар тегі.
Айғай аттан, шулыған әрбір ауыл,
Жиған малдан айрылып үйі өртенді.

Үй киізін кескілеп тоқым етті,
Қыз, келінге зорлық қып қатын етті.
Ерді құл, әйелді күң тұл жетім ғып,
Баланы ата - анадан қашық етті.

Қорлық көріп, зорлық көріп қалмақтан,
Шұбыра шулап туған жерін тастаған.
Өгіз артып, тай мініп, жаяу - жалпы,
Көше - көше болды тозып ақтабан.

Елім - айлап, жерім - айлап зар салды,
Қызығы мол бейбіт күнді аңсады.
Қиындықтың, қорлықтың зардабы өтіп,
Бала - шаға, қарт кемпір - шал шаршады.

Батты әбден тізесі сұм қалмақтың,
Билеп, төстеп қаратты бар аймақты.
Көрсеткен зорлығы мен зомбылығы,
Қазақтардың ыза - кегін оятты.

Қалмаққа барлық қазақ қарсы тұрды,
Бас қосып хан мен билер ақыл құрды.
Орыс, қытай қалмақтан аман шығар,
Ұлт тағдырын ойлайтұғын күн туды.

Тарихта хандық құрған Керей, Жәнібек,
Халық баға береді әділ хан деп.
Бар қазақтың алғашқы ханы болған,
Керей ханның билікте орны ерек.

Бізге жеткен тарихта көп бар дерек,
Өз тұсында әр ханның орны бөлек.
Төле бидей данадан тәлім алған,
Хан Абылай қазаққа болды керек.

«Алыстан орыс, қытай – ауыр салмақ
Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ
Артында ор, алдында көр, жан - жағы жау
Сол кезде елге қорған болған Абылай
Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап...»
- деп Мағжан Абылайды жырлағандай,
Жүк көтерген белі мықты қара нардай.
Қияннан қия баспай жол табатын,
Қазақтың билері мен хандары - ай...

Жоңғардың жойқынынан аман қалдық,
Оларды жерден қуып тәмәмдадық.
Тік тұрдық, белді буып хандық құрдық,
Дәрменсіздің таяғын таянбадық.

Болашағын ұрпақтың ойлай жүріп,
Ресейге қосылдық одақ құрып,
Жүрсек те тәуелді болып басқа жұртқа,
Сақтандық сыртқы жаудан амал қылып.

Аласапыран заманның қойнауында,
Байлансақ та бодандық байлауына.
Тіріміз, өлгеміз жоқ, бармыз әлі
Түссек те Арыстанның шайнауына.

Ұзақ ғұмыр кешу үшін ғаламда,
Үлкен мақсат болу керек адамда.
Батып кетпей тереңге отқа күймей,
Естілікпен ден қойдық әр қадамға.

Қиыншылық болды үлкен қазағыма,
Кеңестік қызыл өкімет заманында.
Қуғын көрген көп қазақ босқын болды,
Шетке қашып басының аманында.

Енгізді кооператив пен коллективті,
Қолдан жасап жүргізді геноцидті.
Шара болмай жасайтын қолдан келер,
Айттық тек қарғыс пенен нағілетті.

Кеңестік өкіметтің құрсауында,
Шешілмеді шідер мен тұсауым да.
Ашылмады адымым, жылжымадым,
Ыза, кек, құса толды құшағыма.

Қуғын - сүргін, зобалаң көргеніміз,
Алаштық кетті атылып зиялымыз.
Тектен - текке жазалап жала жауып,
Болар ма бұдан өткен қиянат іс.

Қазақ деген ежелден батыр халық,
Ұлы Отан соғысында болды анық.
Көрсетіп ұл да, қыз да ерен ерлік,
Барлық жұрт ұлтымызды білді танып.

Сонда да әділ баға берілмеді,
Кір кетіп тазармады көңілдегі.
Бауыржан, Қасым, Ыбырайымдар
«Кеңес Одағының батыры»атақты
Батырлар қатарынан көрінбеді.

Тума талант өнерпаздар көп еді,
Москва бірақ жетістігін көрмеді.
Жақсы атақ саңлақтарға жетпеді.
Елеуіштің өткізбеді елегі.

Қаншама болса - дағы жігерлі жас,
Алға шықпай спортта қалғаны рас.
Жеңілісті біздерге қолдан жасап,
Өздеріне жеңісті етті мирас.

Аң жайылып, мал таптаған мың жылғы,
Сарыарқаның сар даласы жыртылды.
Тың игеру саясатын қолданып,
Басқа ұлтқа иемдетті жұртымды.

Саны артып қазақтан өзге ұлттың,
Астында қалғандаймыз жауар бұлттың.
Мектептер қазақ тілді жабылып қап,
Тіліме қауіп төнді соны ұқтым.

Мал бағып қазақ күні далада өтті,
Бөтен ұлттың баласы қалада өсті.
Бір басында бірнеше пәтері бар,
Жалға беріп табысты дүркіретті.

Сынақ жасап жеріме бомба жарды,
Зардап шеккен тұрғындар мұңлы - зарлы.
Мөлшердің шектеуінен асып кетті,
Зияны кило, меготонналардың.

Қарсы боп жаңа билік есіміне,
Сегізінші пленум шешіміне.
Басқарар өз ұлтын қазақ жоқ деп,
Намысқа тиді айтқан сөз кесірлене.

Дауылдан теңіз толқып жар соққанда,
Теңізші суға кеткен жай тапқан ба?
Мың тоғыз жүз сексен алтыншы жылы,
Жастарым шықты алаңға желтоқсанда.

Оларды аямады жазалады,
Қып - қызыл қанға бояп таза қарды.
Байлап, матап көк мұзға жатқызып сап,
Тепкілеп таяқпенен сабалады.

Толғанынша қамады абақтыға,
Жала менен өтірік айғақ таба.
Жалған жасап құжатты өкім етті,
«Нашақор» - деп соттады айып таға.

Белгісіз талай боздақ күйреп жатты,
Тірісін көпке дейін қудалатты.
Семейдің түрмесінде жанын қинап,
Өлтірді Қайрат пенен Ләззатты.

Тоңдырса да аязы желтоқсанның,
Жігерін жеңе алмады боздақтардың.
Тәуелсіздік талабын жария етті,
Бетін ашты көрінбес айғақтардың.

Қанды қол Колбин ұзақ тұра алмады,
Тура қарап күнәһар жүре алмады.
Жан алушы желтоқсан жендетінен,
Көп сұрақ өлгенде де сұралады.

Бастау болып желтоқсан оқиғасы,
Байқалды әр елдің тек отырмасы.
Күні біткен кеңестер Одағының,
Белі босап, бұзылды босағасы.

Құрсауы тарс үзілді тоқсан бірде,
Еркіндік келді жұртқа бір - ақ күнде.
Енді қайтып оралып келместей боп,
Темір тәртіп қалды ұзап күннен - күнге.

Қашанда арман болған тәуелсіздік,
Жарқ етіп ашылды - ау бір қара түңдік,
Исатай, Махамбеттің туын ұстап,
Бодандықтың тас буын белін үздік.

Ешкімге тәуелсізбіз, егеменбіз,
Қазақстан Республикасы деген елміз.
Дамыған даңқы асқан көп елдердің
Қатарына әлі - ақ жетіп, теңелерміз.

Танып білді бізді алғаш түрік елі,
Бізбенен тілі, ділі түбі бір - ді.
Сонан соң мойындады тәуелсіз деп,
Мемлекеттер үлкен - кіші ірілері.

Сайлап құрдық мәжілісті, сенатты,
Депутаттар іс атқарды жауапты.
Заң күші бар құжаттарды бекітіп,
Мемлекеттің ірге тасын қалатты.

Ең басты маңызды іс әрі мәнді,
Қуанышпен қарсы алу нұрлы таңды.
Сайладық Қазақстан Президенті деп -
Назарбаев Әбішұлы Нұрсұлтанды.

Егемендігіміздің берік негізі,
Мемлекеттік елтаңба, ту мен гимні.
Біртұтастығымызды бейнелейтін,
Қазақстан Республикасы рәміздері.

Ата заңды қабылдап тоқсан бесте,
Шықтық бір көтеріліп дөң белеске.
Содан бері Ата заң негізінде,
Қаншама заң өмірге келді емес пе?!

Зайырлы мемлекетпіз көп ұлтты,
Таңдаған демократиялық бағытты.
Ұлттар достығы мен ел бірлігі,
Саясатты ұстаймыз бір қалыпты.

Құрылысына күш жұмсап егемендік,
Құлшыныспен ұмтылдық, жігерлендік.
Кемеңгер, дара тұлға - Елбасының,
Бойында мол қасиет көрегендік.

Көздегені, мақсаты, басқы арманы -
Егеменді елінің жақсарғаны.
Болашақты болжамдап алдын - ала,
«Қазақстан - 2030» - ды жоспарлады.

Сене алмады бұған жұрт әуел баста,
Дәл осылай болары шын, рас па?
Деген жұрттың көңілін күмән билеп,
Ішінде түйді ойын талай қасқа.

Шығымды аттай бәйгеде оза шапқан,
Күн - күн сайын қарыштап алға басқан.
ТМД елдерін артқа тастап,
Гүлденген Мәңгілік ел – Қазақстан.

Сейілді күмән бұлты ойындағы,
Жігер күші артты елдің бойындағы.
«Қазақстан - 2030» жоспары кезеңімен,
Мезгіліне жетпей - ақ орындалды.

Дамыған елу елдің қатарында,
Қазақстан ерекше аталуда.
Инвестиция шетелден мол беріліп,
Гүлденіп күннен - күнге жақсаруда.

Қала салдық төріне Сарыарқаның,
Құрылысы озық әлемде жас қаланың,
Ел тұрмысын жақсартып көтеруде,
Қамын ойлап қарт пенен жас баланың.

Кәсіпкерге бизнесте жол ашылды,
Өндірдік алтын, күміс, қорғасынды.
Ұлттық қор қоржыны тола түсіп,
Жинадық қазынаға мол асылды.

Бір мүдде, бір болашақ, бір мақсатқа,
Елбасы бастап берген саясатқа.
Ден қойып ұмтылыспен күш саламыз,
Жеңіске жету үшін болашақта.

Мадақ айту бір аллаға жарасқан,
Бұл сөзіме жөн болмайды таласқан.
Патшалардың патшасы Шыңғыс хан да,
«О, тәңір!» - деп көк аспанмен санасқан.

Құрмет жасап әлемдік діндарларға,
Ислам, христиан, протестант, буддаларға.
Үш жылда бір дәстүрлі съезд жасап,
Бірлік сұрап сыйындық бір құдайға.

Спортта жүлде алды қыз бен ұлым,
Ойналып гимн, желбіреді көк туым.
Қазақстандық көбейді чемпиондар,
Шарықтап әнім, асқақтап шықты үнім.

Тауысып айту бар жеңісті мүмкін бе?
Сан - салалы жетістік көп бұл күнде.
Отыз елдің қатарында дамыған,
Болу үшін тер төгеміз күн - түнде.

Тарихта Есімханда болды ескі жол,
Тұсында Қасымханның бар қасқа жол.
Бүгінде бар Нұрсұлтанның кең даңғылы,
«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол»

Нұрлы жолмен біз алысқа барамыз,
Даму үшін бірліктен қуат табамыз.
Тоныкөк абыз кеткендей айтып өсиет,
Қазақ елі – Мәңгілік ел боп қаламыз.

Автор: Абдрахманов Сембек Солтанович

0 дауыс

«Қазақ хандығының құрылуы Қазақстан тарихында сындарлы кезең болып табылады»         

Н.Ә.Назарбаев

Қазақ хандығы — қазақтардың XV және XIX ғасырлар аралығында қанат жайған, тәуелсіз ұлттық мемлекеті. Қазақ хандығы қазақ халқының ғасырлар бойы сақтап, қорғап келген мемлекеттігінің нышаны. Ол ұлан – байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктуде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтауда аса маңызды және түбегейлі шешуші роль атқарды.

Қазақ хандығының құрылу кезеңін баян еткен шығыс жылнамалырын талдап шыққан ресейлік зерттеуші Т. Сұлтанов Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханның бөлініп шығу жылын Һижраның 864/1459-60 жж. Деп көрсеткен болатын.

Керей хан (т.ж.б. – 1473) – Қазақ хандығының негізін қалаушы ұлы екі тарихи тұлғаның бірі, алғашқы қазақ ханы. Ақ орда ханы Орыстың ұрпағы. Орыс ханнан Тоқтақия, одан Болат, одан Керей хан тараған «Тауарих – и гузида – йи нусратнаме» дерегі бойынша, Керей хан – Болаттың жалғыз баласы. Мұхаммед Хайдар дың «Тарихи – и Рашиди» атты еңбегінде Керей хан туысы Жәнібек ханмен бірге XV ғасырдың 50 – жылдарының аяғында Қазақ хандығының құрылуына қатысты оқиғаларда алғаш рет атала бастайды. Онда Керей ханмен Жәнібек ханның Әбілқайыр хандығынан бөлініп, Моғолстанның батысындағы Шу бойы мен Қозыбасы өңірі аралығына келіп қоныстанғаны туйралы баяндалады. Бұл аймақ – сол жылдардағы Моғолстан билеушісі Есенбұға хан мен оның туған ағасы Жүніс хан иеліктерінің арасы болды. Керей хан мен Жәнібек хан қол астындағы ру – тайпалармен 1457 – 1459 жж. Шу өңіріне көшіп келген. Әбілқайыр ханга наразы сұлтандар, әмірлер, ру – тайпа басылары Керей хан мен Жәнібекке келіп қосылады. Аз уақыт ішінде Қазақ хандығындағы халықтың саны 200 мыңнан асып кетеді. Керей хан мен Жәнібек ханның арқасында Есенбұға хан ағасы Жүніске қарсы күресте сенімді, әрі мықты одақтас табады. Жүніс 1461-62 жылы Есенбұға хан қайтыс болғанға дейін Моғолстан тағына қарсы ешқандай әрекет жасай алмайды. 1461/62–1469 жылдары Моғолстан ханы Досмұхаммедтің мәнсіз, мағынасыз жүргізген саясаты салдарынан Керей хан Жүніске қолдау көрсете бастайды. Ақыры,1469 жылы Досмұхаммед хан қайтыс болғаннан кейін, Моғолстандағы билік басына еш қиындықсыз Жүніс хан келеді. Керей хан тұсында негізі қаланған Қазақ-Моғолстан қатынасы 16 ғасырдың 30-жылдарына дейін достық, бейбіт сипатта болады. Әбілхайыр хан Керей хан мен Жәнібек хан ықпалының күшейе бастағанынан қауіптеніп, оларды дер кезінде талқандау мақсатымен 1468/69 жылы жорық ұйымдастырады. Жорық кезінде Әбілхайыр хан ауырып, қайтыс болады да, әскері кейін оралады. Кешегі Әбілхайыр ханның қарсыластары – Ахмет пен Махмұт хандар, ноғай мырзалары Мұса мен Жаңбырлы, Сібір ханы Ибақ, шайбанилық Берке сұлтан және қазақ хандары Әбілхайыр ханның мұрагері Шайх Хайдар ханға қарсы шығады. “Тауарих-и гузида-йи нусратнаме” дерегінде қазақ хандары ретінде Керей хан мен Жәнібектің есімдері аталса, “Фатхнама”, “Шайбанинаме” деректерінде тек қана Жәнібек ханның есімі кездеседі. Дегенмен Керей хан есімі тарихи деректерде соңғы рет 1472 – 73 жылдары, Жүніс хан ордасына Бұрыш оғлан деген сұлтанның шабуыл жасауына байланысты аталады. Аңыз бойынша, Керей хан Қазақ хандығын 10 жылдай билеген және Хан тауы етегінде жерленген.

Керей ханның қандай жағдайда, қай жылы қайтыс болғандығы жөнінде нақты мәліметтер жоқ. Керей ханның үш баласы болды. Олар: Бұрындық хан, Қожа-Мұхаммед және Сұлтан Әлі. Олардың ішінде 30 жылдан астам Қазақ хандығын билеген Бұрындық ханнан соң тақ билігі түпкілікті түрде Жәнібек ханның ұрпақтарының қолына өтеді. Керей ханның қалған екі ұлы жөнінде деректер кездеспейді.

Жәнібек хан, Әбу Сайд (т.ж.б. – 1470) - Қазақ хандығы мен қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы, Барақ ханның ұлы, Орыс ханның ұрпағы Барақ ханның кіші ұлы. Керей ханмен бірге Қазақ хандығының негізін қалаған. 1428 жылы әкесі Барақ хан (Ақ Орда ханы) өлген соң, Дешті Қыпшақтағы саяси билік Әбілқайыр ханға көшеді.

1457  жылдың  жаздың соңында Әбілқайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін, Керей мен Жәнібек сұлтандар қарамағындағы ұлысымен Моғолстанға көшеді.

Көшуге тарихи аңыз бойынша, Қобыланды батыр мен Ақжол би арасындағы дау-жанжал себеп болған.

Жазба деректер мәліметі бойынша, Керей мен Жәнібектің қалмақтарға қарсы әскер жию туралы Әбілқайыр ханның жарлығына құлақ аспауы және 1457 жылғы жеңілістен кейінгі қалыптасқан жағдай, яғни екі сұлтанға Әбілқайыр хан тарапынан қауіп-қатердің төнуі  Орыс хан ұрпақтарын өз ұлыстарымен бірге көшпелі өзбектер мемлекетінен кетуге мәжбүр етеді.

1457 жылы күз айының соңында көшіп келген екі сұлтан ұлыстары Шудың төменгі бойында қыстап шығады.

1541-1546 жылдары жазылған «Тарих-и Рашидиде» қазақ сұлтандарының билік ете бастауы 870 жылдан (1465-1466 ж) басталады делінеді. Керей хан қайтыс болғаннан кейін Жәнібек хандық билікке келеді. Бұрындық ханның билік құрған жылдарын есептемегенде, Қазақ хандығының билігі осы кезден бастап Жәнібек ханның ұрпақтарына толық көшеді. Қазақ тарихында Жәнібек хан  Қазақ хандығының құрылу үрдісіне толық қатынасып, басшылық еткен тарихи тұлға.

1469 жылға дейін Қазақ хандығының халқы Әбілқайыр ханның қарсыластары есебінен өсе түседі. 1463 жылы Әбілқайыр хан қайтыс болған соң, көшпелі өзбектер мемлекетіне Сібірден  Ибақ хан, Алтын Ордадан  Ахмет хан, Ноғай ордасынан Мұса мен Жаңбыршы билер, Хорезмнен  Береке сұлтан, ал Қазақ хандығынан Жәнібек хан қарсы шығады.

1470 жылдың басында Шайх-Хайдар хан өлтірілген соң, көшпелі өзбектер мемлекеті толығымен күйреп, Дешті Қыпшақтың басым бөлігінде Жәнібек хан басқарған Қазақ хандығының билігі орнайды.

Жәнібек хан XV ғасырдың 70 – жылдары ішінде қайтыс болған. Жәнібек хан тұсында Қазақ хандығы жеке ел болды. Жәнібек ханның артында тоғыз ұлы қалды.  Олар: Иренші, Махмұт, Қасым, Әдік, Жаныш, Қамбар, Таныш, Әсік және Жадық. Бұлардың ішінде Қасым мен Әдіктің ХҮ ғасырдың соңы мен ХҮІ ғасырдың басында қазақ қоғамындағы рөлі өте зор болды. ХҮІ ғасырдың соңынан ХІХ ғасырға дейінгі барлық қазақ хандары Жәнібек ханның ұлы Жадық сұлтаннан тарайды

Мұаммед Хайдар Дулат (1499-1551) Қазақстан мен Орта Азия тарихнамасында, әсіресе, кейінгі орта ғасыр тарихында айтпай кетуге болмайтын бір тұлға Мұхаммед Хайдар Дулат немесе ежелгі кітаптарда көрсетілгендей, Мырза Мұхаммед Хайдар бен Мұхаммед Хұсайын Көреқан Дулат. Әдеби шығармаларыда Мырза Хайдар немесе Хайдар Мырза деп аталған.

Мұхаммед  Хайдар байырғы ақ сүйектер тұқымынан, дулат тайпасының әмірлерінен шыққан. Оның бабалары сол тұста Моғолстан аумағына кірген Оңтүстік – Шығыс Қазақтанның ұлыс бектері мен тархандары болған. Мұхаммед Хайдар өте қиын да қайшылықты уақытта өмір сүрді, шонжарлар тегінен шыққанынақарамай тағдыр оны онша еркелете қоймаған. Анасы Хуб Нигар ханым Моғолстан билеушісі Жүніс ханның қызы. Орта Азия тарихынан жақсы таныс қолбасшы және Әмір Саид хан, сондай – ақ Ұлы Моғолдар империясының негізін қалаушы Захир әд – Дин Мұхаммед Бабыр шешесі жағынан жақын нагашылары болып келеді. Осынау тынышсыз уақытта Мұхаммед Хайдардың әкесі әскербасы Хұсайын қаза табады да, тоғыз жасар баланы нағашысы Кабул билеушісі ақын Захир әд – Дин Бабырға жібереді. 1512 жылы ер жетіп қалған Мұхаммед Хайдар екінші нағашысы Сұлтан Саид ханға келіп, Қашқарда жұрт қатарлы жауынгерлік міндетін орындауға кіріседі. Екі жылдан кейін Жаркент қаласы үшін болған соғысқа қатысады. Сонымен қатар Тибет пен қырғыз жорықтарына қатысқан.

Ыдырапкеткен Әбілқайыр хандығы мұрагерлері  Сырдария бойындағы иеліктерді ғана сақтап қалуды көздеді . Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Темір әулеті мемлекетінің билігі әлсіреді. Сырдария бойындағы қалалардың Қазақ хандығы құрамына  алынуының  басты қарсыласы Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани хан болды (қазақтар оны Шайбақ хан деп атап кеткен). Қазақтардың бірігуіне байланысты қазақ әскери күштері, әрине, Шайбақ жасақтарынан басым түсті. Алайда, Сырдария қалаларына қайткенде де өз билігін жүргізуді амалдаған мазасыз Шайбақ бірде  Темір әулетінің, екіншісінде моғол хандарының немесе ноғай мырзаларының көмегіне сүйеніп жүреді. Сөйтіп, Қазақ хандығының кеңеюіне бірнеше көршілес мемлекеттер шек қоюға тырысқан. Әуелі  Еділдегі  Хажы – Тарханға қашқан Шайбаниді  Темір әулетінің  Түркістан уалайтындағы әкім көмек беруге иландырып, шықырып алады. Бірақ, қазақтар оны билікке маңайлатпай, 1470 жылы Керей хан Түркістанға әскерімен келеді. Жәнібек ханның ұлдары Махмұд бен Жиренше сұлтандар Созақ пен Сауранды алады. Бұқарға қашқан Шайбаниды «Дешті Қыпшақтың ханы» жариялаймын деп Ноғай Ордасының билеушісі Мұса мырза дәмелендіреді. Шайбани екі жылдан соң қайта оралып, Арқұқ пен Сығанақты алады. Қазақтар Бұрындық сұлтан мен Махмұд сұлтан басқарған біріккен «сансыз көп» күш жиып, Қаратаудағы Соғындық кезеңінде шайбанилерді тас- талқан қылып жеңеді. Сырдария бойындағы Сығанақ пен өзге қалалар қазақ хандарының басқаруында қалып, Шайбани Маңғыстауға қашады. Мемлекетаралық тартыстарға Моғол билеушілері де араласып, 1482-1485 жж. Жүніс хан Темір әулетінен Ташкент пен Сайрамды тартып алды. Мұхаммед Шайбани аз уақытқа Арқұқ пен Сығанақты басып алды, бірақ қазақ әскерінің қысымына шыдай алмай, жеңіліп, 1486 жылы Қаразымға (Хорезмге) кетті. 1490 ж. Моғол билеушісі Сұлтан Махмұд хан Темір әулетінен босатып алған Отырар қаласын беріп, Сыр бойындағы жағдайды қиындата түседі. Қазақтардың моғолдармен шайқасуына тура келді. Отырарға сүйеніп, Шайбани Йасы мен Сауранды алады. Бұл жолыда Шайбани өктемдігіне тойтарыс берілді. Бұрындық хан, Әдікпен Қасым сұлтандар басқарған қазақ әскерлері қала тұрғындарының көмегіне Сауранға кірді. Алайда, Отырарды алуға келген қазақ әскерлеріне қарсы Шайбани мен Моғол ханы күш біріктірді осыған байланысты, Бұрындық хан қала қоршауын тастап, Шайбанимен бітім жасады.

Осы күнге дейін «қазақ» терминінің шығу тегі туралы нақты түсіндірме жоқ. Ежелгі Алтай мен Сібір халықтарының тілдерінде «қазақ» термині – берік, мықты, алып дегенді білдіреді. Дешті Қыпшақта ІХ-Х ғасырларды «қазақ» сөзі азат, ерікті деген мағынада қолданған. Керей мен Жәнібек сұлтандар билік құрған қарай қазақ термині этнонимге, яғни халықтың атауына айналды. Есен Бұға қайтыс болғаннан кейін, Моғолстан хандығы бұрынғы күш қуатынан айрылып, оның көптеген тайпалары Қазақ хандығына қосылды.

Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығын саяси және экономикалық тұрғыдан нығайта түсу қажеттігін түсінді. Сөйтіп қалалар қалпына келтіріліп, жаңа жайылымдар игеріліп, сауда саттық пен қол өнер дамып қазақтардың біртұтас аумағы құрылды.

Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқыныі тарихындағы төтенше маңызды оқиға болды. Ол қлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтауда аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды. 2015 жылы Керей мен Жәнібек Қозыбасыға орналасып, Қазақтың туын көкке көтергеніне 550 жыл толып отыр.Олай болса, мереке баршамызға құтты болсын.  Ата-бабамыз қалдырған осындай кең-байтақ жердің лайықты мұрагері болайық!. Қазіргі кезеңде тек бірлікпен болашаққа сенімді қадамдармен жүгіруіміз керек. Мың жаса тәуелсіз Қазақ Елі!!!

0 дауыс

Ұланғайыр Орта Азия жерінде нешетүрлі тайпалар қоныстанған болатын. Олар ежелгі сақ, сармат, ғұн, қаңлы, үйсін, найман, қыпшақ және тағы басқалардан құралды. Сақ пен сармат тайпаларының тілдері қазіргі Осетия елінде сақталынған. Ал ғұндар Еуропадағы мәдениет пен тілдерінің дыбыстық өзгеріске ұшырауына әсер етті. Венгрия еліндегі мадияр тайпасы ғұндардың ұрпағы. Тілі мен мәдениеті қазіргі қазақтарға ұқсас. Түркі тайпасының дәуірін тасқа қашап қалдырған Күлтегін ескерткіші - соның бір айғағы. Міне, Қойшығара Салғарин ғалым айтқандай өзге түркі халықтарының ішінен тілін, тарихын және салт-дәстүрін тек қана қазақ халқы ғана сақтап қалған дейді. Яғни, қазақ халқының пайда болуы Күлтегін заманынан бастау алады.

Әл-Фараби, Қорқыт-ата бабаларымыз біздің еліміздің мақтанышы. 70 тілді меңгерген Әл- Фараби өз заманының озық, ойшылы еді. Көптеген ғылыми жұмыстары да Әл-Фараби атындағы мұражайда сақталынған. Ал, Бейбарыс беріш руынан қазіргі Атырау облысынан құлдыққа әкетіліп, Мысыр елін 17 жыл басқарып, крестшілер мен моңғолдардың шапқыншылығына тойтарыс беріп, мәмлүктерді біріктіріп, ірі державаға айналдырды. Атырау облысы мұражайында Бейбарыс жөнінде көптеген мағлұматтар жинақталған.

Тарихымызда Шыңғыс ханның Отырарды ойрандауы қайғылы кезең болып табылады. Сол дәуірдегі мәдениет толығымен күйреп, моңғол мәдениетінің ықпалы дамыды. Десек те, Отырардың үйінділері әлі де сақталынған. Әбілхайыр хандығының құрамынан азаттықты аңсаған, ержүрек алғашқы хандарымыздың бөлінуіне тоқталайық.

Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығы

Керей мен Жәнібек Шу мен Талас өзендері бойына келіп, Қазақ хандығын тұрғызды. Қазақ тарихындағы жаңа беттің ашылып, қазақ ұлтының қалыптасуы еді. Ел болып қалыптасқалы түбегейлі өзгерістерге ұшырап, елеулі оқиғаларға толы болды. Хандық күшейген сайын халық саны да артып, жер көлеміде ұлғайды. Мұхаммед Хайдар Дулати-қазақ хандығын толығымен суреттеп қағазға жазған алғашқы қазақ тарихшысы. Дулат тайпасынан шыққан ол Кашмир елінде басшылық ете отырып, Орта Азия елдері жөнінде көптеген мәліметтер қалдырды.

Қазақ халқы үш жүзден құралды. Әрбір жүз пен рудың өз алдына жеке таңбалары мен ұрандары бар. Жүзге жатпайтын рулардың да таңбалары мен ұрандары сақталынған. Олар әртүрлі себептермен қазақ халқының құрамына кірген. Әрине, жүзге бөліну жауларымыздың ру мен жүздер арасына қақтығыстар туғызу арқылы өз мақсаттарын іске асырып отырды. Бірақ, қазақ хандығының үш жүзді басқарған билер жүйесі өте пайдалы еді. Би ханның кеңесшісі қызметін атқарып, қарабайыр халық пен ханды байланыстырып, жүзге, руға бөлінген елдің ұйытқысы бола отырып, ұлттың мүддесін өте жоғары дәрежеде қорғап отырды. Үш жүздің билері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би Әз-Тәуке ханмен бірігіп, жоңғарды тарих сахнасынан жойды. Әз-Тәуке хан өзінің дипломатиялық, әрі әскери шеберлігін көрсетті. «Ақтабан шұбырынды алқакөл сұламада» көптеген қазақтар Қытай жеріне өтіп, шалғайда атамекенін аңсап қалды. Ал, қаншамасы мерт болды.

Киелі Түркістан қаласы - қазақ хандығының рухани, діни, мәдени және саяси астанасы. Қожа Ахмет Йассауи кесенесі Әмір Темірдің бұйрығымен тұрғызылып, күллі қазаққа, мұсылман қауымына зиярат орнына айналды. Онда Әзірет Сұлтан, Есімхан, Тәуке хан, Қаз дауысты Қазыбек би және т.б. ХV-XVIII ғғ. қазақ тарихындағы ірі тұлғалар жерленген. Түркістан - орта ғасырлық қала іспеттес, нағыз қазақтың рухани, әрі мәдени орталығы. Кесенедегі Тайқазанда тарихымызда алар орны ерекше. Ленинград қаласындағы мұражайдан әкелініп, кесенені одан әрі сұлулығыментолықтыра түсті. Ислам Орта Азияға келгенге дейін қазақтар жерге, отқа, суға, Көк Тәңірге, Ұмай анаға табынған болатын. Ғалымдардың айтуйынша, тайқазандағы төмпешіктер Ұмай ананың киелі сүтімен байланыстырылады.

Қазақ хандығының Ресей империясының қол астына өту кезеңі

Кіші жүздің ханы Әбілхайыр хан Ресейге бодандыққа өткеннен бастап, жалпы қазақ даласына Ресейдің отарлық саясаты басталды. Қазақ арасындағы рушылдық-тайпалық бөлінудің арқасында Ресей империясы толықтай бодандыққа алып, орыстарды шұрайлы жерлерге орналастырды. Қазақтың тұңғыш ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбаев, географ және зерттеуші Шоқан Уәлиханов, ағартушы Ыбырай Алтынсарин орыс білімінен сусындап, еуропа біліміне қол жеткізген болатын. Шоқан орыс экспедициясына басшылық ете отырып, Қашғарияға сапары зерттеуін жүргізеді. Қазақтың Шоқаны мен орыс жазушысы Михаил Достоевскийдің арасындағы достығы жөнінде мына сөздер дәлелдейді: «Сіз маған мені жақсы көремін деп жазыпсыз, ал мен сізге ғашық болып қалдым дегім келеді. Мен ешқашан да, ешкімге, керек десеңіз, туған бауырыма да мұндай бауырмалдықты сезінген емеспін. Мұның қалай екенін бір құдайдың өзі білер.» Абай грек ойшылдарынан нәр алып, олармен өз ойының ұштасқанын аңғарады. Ең алғашқы қазақ мектебін ашқан Ыбырай қазақ тілінің әліппесін құрастырып, халықтың сауатын ашты.

Ескі Сарайшық қаласы Атырау қаласынан 45 шақырымдай жерде орналасқан. Онда қазақтың жеті ханы жерленіп, мұражайда ашылған. Бұл - Кіші жүз руларының хандарының тарихи астанасы болған қала. Жайықтың бойында қала үйінділері әлі де сақтаулы.

Маңғыстаудағы Шетпе кентіне жақын маңда Қызылқала үйінділері де сақталынған. Қазақтарға қорған болған Шерқала тауынан қашық емес. Ақтау қаласынан 200 шақырымдай жерде Ақкетік қаласы орын тепкен. XIX ғасырда орыс империясы Каспий жағалауында Ново Петровск бекінісін тұрғызған. Украин ақыны Тарас Шевченко айдауда осы жерде болғандықтан, көп уақытқа дейін соның есімімен аталып жүрді.

Кеңес Одағы дәуіріндегі Қазақстан

Кеңес дәуіріндегі аштық, репрессия, Ұлы Отан соғысы қазақ халқының тарихында қайғылы іздер қалдырды. Өзге елдерге қоныс аудару орын алып, қазақ халқының саны күрт азаюына ықпал етті. Отаршылдық саясатқа халық бірнеше рет қарсы шығып, мысалы Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтеріліс, Адайлар көтерілісі жеңіліске ұшырап отырды.

Мәдениет саласын жаңа деңгейге көтерген азаматтар да болды. Қазақ халқының әндерін Парижде Әмре Қашаубаев паш етіп, әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов, «Абай жолы» романының авторы Мұхтар Әуезов, ең алғашқы дипломат Таир Мансуров және т.б. азаматтар көп еді.

Ахмет Байтұрсыновтың құрастырған төте жазуымыздан айырылып, кириллицаға ауыстырылды. Расул Ғамзатов айтқандай: «әлдекімді ауруынан ана тілі сауықтырады, мен ана тілімде ән айтамын. Егер ертеңгі күні менің тілім жоғалып кетсе, мен бүгін өлуге дайынмын.» Тек қана Шыңжаңдағы қазақтар ғана төте жазуды сақтап қалған. Қазіргі таңда қазақ тілінің сұранысы өте төмен. Қазақ мектебін тәмамдаған адамдарға жұмысқа орналасуда ауыр.

Қазақ ұлтының мүддесін көздеп, өз өмірлерінен де елді жоғары қойған азаматтар қуғын- сүргінге түсіп, итжеккенге айдалып, атылып кетті. Міне, қазақтың бетке ұстар қаймақ азаматтарынан айырылдық. Бірақ, аққа Құдайда жақ деп, олардың есімдері мен істері ақталып, өз бағаларын да алды.Ұлы Отан соғысында қайтқан қазақтың батыр қыздары Әлия мен Мәншүк не деген мәрт еді. Ал, Жамбыл Жабаев өз әнімен ленинградтықтарға қанат бітіріп, демеу болған еді. Соғыс кезінде қазақ еліне көптеген ұлттар қоныс аударылып, қазақтар өз астарынан бөліп беріп, өнеге көрсете білген ұрпағына. Сол үшін де ата-бабалырымыздың алдында үнсіз бас иіп, үлгі тұталық.

Көк ту астындағы егеменді Қазақстан

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы егемендікке бастаған ең алғашқы қадам болып табылады. 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан соң, Колбин мүлдем Қазақстаннан кетіп, 1991 жылы айымыз оңынан туды. Қасиетті шаңырағымыздың үстінен көк туымыз желбіреп, бабалар аңсаған арманымызға қол жеткіздік. Әрине, ол оңай келген емес. Қаншама қиыншылықтыр, құрбандықпен жетті десеңші?!

Мұхтар Шахановтың өлеңіндегі төрт ананы қорғаған 1986 жылдың жастары егемендіктің көк туын көре алмай, қыршынсыз кетті. Өз ұлтына ғана емес, өзге республикаларға да үлгі болды- ау сол жастар! Міне, біз өзімізді бақыттымыз деп айта аламыз тәуелсіз елде көк туымыздың астында өмір сүрудеміз.

Қазақ халқының басынан небір сұрапыл замандар өтсе де, ұлттық рухы мен тілін, алып жерін сақтап қала білген бабаларымыз нағыз мықты батырлар! Тек қана қазаққа ғана емес, өзге ұлттарға да өнеге бола білген, Москва үшін шайқасқа қатысқан Бауыржан Момышұлы Кеңес заманының өзінде өз тегінде қазақша сақтағаны не деген ерлік?!

Орта Азияның барысына айналған қазіргі Қазақстан ата-бабаларымыздың арманы болар. Өзге елдермен еңсемізді тең ұстап, білім мен ғылымға мүмкіндіктер ашыла түсуде. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Болашақ» бағдарламасымен жастарды шетелдерде, соның ішінде дамыған елдерде оқыту арқылы дамыған экономиканың озық технологиясынан тәжірибе алып, елімізге ендіру, әрі Азияның барысына айналуға қатты мән береді. 150 ұлтпен бір шаңырақ астында тату- тәтті өмір сүрудің өзі - халқымыздың дархан мінезі мен кеңдігі деп білемін. Қазаққа ала көздеген көрші елдерден қорғана да отырып, татулық қатынасты сақтай алған қазақтар нағыз дипломат халық. Қытайда 56 ұлттың балаларын өз баласындай асырап, қамқор болған қазақ ананың өзі мейірімділік пен ізеттіліктің символындай, әрі татулықтың белгісі болып қалмақ өзге ұлттарға.

Қорытынды

Менің ойымша, Қазақстанда әлі де болса, білмейтін елдер, танымайтын адамдар көп. Әрине, мұнайдың арқасында көптеген елдер төлқұжатыңнан танып жатады. Өзім мұнайлы қала Жаңаөзенде туып өскесін, мақтаныш. Грекиядағы Салоники қаласында Аристотель мектебінде оқып жүргенімде, қатты ойланып толғанған болатынмын. Грекия тек қана туризммен өмір сүріп отырған ел. Шикізат-жоқтың қасы. Еуропалық одаққа кіргелі, олар дағдарысқа тез түсіп кетті. Себебі, өз қаражатынан, ана тілінен де айырылды. Дегенменде, мұғалімдер, дәрігерлер жақсы жалақы алатын. Өз мәдениетін қолдау мақсатында көптеген шаралар жүргізіледі. Менде сондай стипендияға ие болдым. Грекия елінің егемендігіне 185 жылдығына орай «Грекия-Қазақстан қарым-қатынастары» жөнінде шығарма жазған болатынмын. Елшіліктің бірінші жүлдесінде алдым. Менің түйгенім, қазақ тілі мен мәдениетінің ошақтарын ауыл, аудан, өңір деңгейінде 21 ғасыр талаптарына сай жоғары сатыға көтеру. Ірі қалалар Астана, Алматыда ғимараттар заманға сай болуы мүмкін. Себебі, біздің мұражайларымызды, қазақ театрларымызды, қорықтарымызды жергілікті халықтың, қазақтың өзі өте сирек барады. Ол дегеніңіз мәдениет пен тілге деген алшақтықтың белгісі. Халыққа тегін қылып, балалар алаңдарын қарастырып, асхана бөлімдерін салып, жаңа технологиялармен қамтамасыз етіп, мағлұматтарды жарға не үстелдерге бекітілген компьютерлерден алатын болса, кейбір шараларды өткізуге халыққа колжетімді қылу керек. Гидтер үш тілді жетік меңгеріп, кез-келген шетелдіктерге мәдениетімізді жеткізуі тиіс. Мұражай – ол халықтың, ұлттың мұрасы мен рухын, тарихын атадан балаға сақтап жеткізетін киелі мекен, алтын қор. Ал, театр – ол халықтың тілі мен мәдениетін, жан дүниемізді саралап, адами қасиеттерге баулитын, салт-дәстүрін үгіттеп, санамызға және жадымызға мәңгілік қондыратын қасиетті орын. Халықты, оның ішінде балабақша және мектеп оқушылары, жұмысшыларды, шалғайда жасайтын адамдарды және т.б. осы салаларға тарту акциясын өткізу керек.

Егерде мұражай, қуыршақ театр мен драма театрларға адамдардың бару саны көбейсе, ішкі туризмге де сұраныс көбейе түседі. Керемет жерлерімізді мұражай арқылы алған мағлұмат оларды көруге итермелей түспек. Ол дегеніңіз халыққа жұмыс пен табыс көзі, еліміздің бюджетіне қаржы. Өз қаражатымыз өз қорымызда қалып, көбейе түседі. Маңғыстау 362 әулиелі орын. Жер асты мешіті, табиғатының сан алуандылығы мен ерекшелігі адамның көзінің нұрын алады. Пір Бекет- атаға зиярат етушілерге көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Барлығын бір жүйеге енгізіп, ысырап пен рәсуаны ескеріп, рухтарына залалсыз шешімдерін қабылдаған жөн.

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай мәдени орындарда атап өту арқылы мұражай мен театрларға сұраныс көбейер еді. Қазақ елінің бірлігі мен ынтымағы, татулығы мен дархандығына, ізеттілігі мен ізденімпаздығына Аллахтың нұры жаусын!

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

Алматы.1986.Желтоқсан.-Қазақстан Жазушылар одағының «Шабыт» 3 кітап/Құраст.Т:Айтбайұлы, Т.Зейнәбін, 1992-176 бет

Сұлтанов Т.И. Қазақ мемлекетінің құрылуы. Қазақ хандығының тарихы-(«Жетінші сөз» сериясы).Алматы: Мектеп, 2003-160 бет

Жеменей И. Мырза Хайдар Дулат (1499-1551) тарихшы-қаламгер (монография)-Алматы: «Зерде» баспасы, 2007-360 бет

Айдаров Ғ. Күлтегін ескерткіші: Зерттеунама. Алматы: «Ана тілі», 1995-232 бет.

Алмас Ордабаев.Номадтар кітабы. 73 бет.

Тарихы терең Түркістан.-Алматы:«Білім»,2000,-200бет

0 дауыс

Қазақ хандығының құрылуы XV ғасырдың 50 жылдарында Дешті-Қыпшақтағы  Әбілқайыр хандығындағы саяси жағдай шиеленісе түседі. Осы кезде Керей мен Жәнібек сұлтандар өздеріне қарасты халық бастап, Моғолстанның иелігіндегі Жетісу жеріне қоныс аударады.Моғолстан ханы Есен-Бұға оларды қарсы  алып, Шу өңірінен Қозыбасы деген жерді бөліп береді. Бұл Қазақ хандығы құрылуының басы еді.       Қазақ  хандығы 1465 жылы құрылды. Бұл фактіны Мұхамед Хайдар Дулати растайды. Әбілқайыр ханның Қазақ хандығынын құруылуына бөгет жасамақ болған әрекеті жүзеге аспады. XV ғасырдын II жартысында Қазақ Хандығының іргесі нығайды. Көрші мемлекеттердің (Әбілхайыр хандығы, Темір және Моғолстан мемлекеттері) құлдырауы Қазақ хандығының күшеюіне себеп болды. Ең, алдымен Қазақ хандығының құрамына Созақ, Сауран қалалары кірді. 1480 жылы Керейдің баласы Мұрындық хан болды. 1486 жылы қазақ әскерлері Сыр бойы қалалары үшін Мұхамед Шайбаниді жеңді. XV ғасырды аяғына қарай Қазақ хандығының Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы ықпалы күшейді. Қазақ хандығының құрамында Сығанақ, Созақ, Сауран қалалары болды. XVІ ғасырдың басында Қазақ хандығы күшейе түсті. 1511 жылы Жәнібектің баласы Қасым хан болды. Қасым ханның алға қойған басты міндеті – Сырдария бойындағы қалаларды Қазақ хандығының құрамына қосу. Қасым ханның бұл істі орындау жолындағы басты кедергісі Мұхамед Шайбани болды. 1510 жылы Қасым ханның әскерлері Мұхамед Шайбанидің әскерін жеңді. XVІ ғасырдың аяғына қарай Қасым хан Қазақ хандығының жерін ұлғайтады.

Хандықтағы жоғары билік хан қолына шоғырландырылды. Салт бойынша, хан тағына отыруға рудағы үлкен ұлдың құқығы басым болды. Хан әскерлердің бас қолбасшысы және жоғарғы сот қызметін атқарды, шет мемлекеттермен келіссөздер жүргізу, соғыс жариялау мен бейбіт бітім жасау, заңдар шығару және хандықтың бүкіл аумағын билеудің бас құқығына ие болды. XV-XVII-ғ. Қазақ хандығы дәуірінде қазақ этносының материалдық және рухани мәдениетінің негізгі сипаттары қалыптасты. Қазақ хандарының Сыр бойына иелік ету күресі стратегиялық тұрғыдан басқа жол жоқ болғандыктан, ұзақ та табанды түрде жүргізіліп келді. Осы күрестің барысы, қазақ хандарының ішкі, сыртқы саясаты, хандық аумағының кеңеюі, Қазақ хандығы тарихының т.б. қырлары қазақстандық ғалымдардың көптеген еңбектерінде тереңдетіле қарастырылған. Сырдарияның ортаңғы және төменгі ағысы бойындағы жерлер Орта және Кіші жүз қазақтарының қыстайтын мекендері болатын. Ол кезде Сарыарқа Орта Сырдариямен етене тығыз байланыста болды. Осы өлкені Орта жүз қазақтары қолайлы қыстық жайылым ретінде жоғары бағалайтын. Қазақ даласының жағрафиялық ерекшеліктеріне сай, Шығыс Дәшті-Қыпшақ территориясында ерте ортағасырлар кезеңнен-ақ бақташы қауымдар қыс уақытында оңтүстікке - Сырдария өңіріне, оның сағасына, Қаратау қойнауына келіп қыстайтын мал шаруашылығы қалыптасқан болатын. Дәл осы шаруашылық циклі Қазақ хандығы кезінде де қолданылып жатқан еді. Орталық Қазақстан мен Орта Сырдария Орта жүз қазақтары үшін ортақ территория болып саналды. Ал төменгі Сырдария жерлері мен Арал өңірі де Кіші жүз қазақтары үшін дәл осындай мәнге ие еді.

Астанасы Түркістан қаласы болған Қазақ хандығы тұсында Орталық Қазақстан мемлекеттің стратегиялық тұрғыдан аса маңызды өлкелерінің бірі болды. Керуен жолдары ішінде көне дәуірлерден жеткен екі бағыт ерекше орында тұрды. Сарысу жолы өңірдің батысымен өтті. Оңтүстікте, Жібек жолының негізгі торабынан бастау алған ол Түркістанның үстімен Ұлытауға жете тармақталып, әрі қарай — Орал мен Еділге кететін. Қазақтар үнемі маңызды кеңестер өткізіп отырған, көптеген рулардың таңбасы қашалған атақты Таңбалытас осы Сарысу бойында. Қарқаралы жолы шығыс тарапта қанат жайды. Оңтүстікке Хантау мен Шу арқылы түсетін бұл бағыт, теріскейге қарай қимақтардың жұрты болған Ертіс бойына және одан әрі Батыс Сібірге тартатын. Қарқаралы жолын Хан жолы деп те атады. Сонымен XVI ғасырда Орталық Қазақстан экономикалык жағынан біртұтас, этникалық құрамы біртектес Қазақ хандығының құрамына енді. XVII ғ. қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы ерлік кезеңі, Орталык Қазақстан жерінде қазақтардын әскері екі ірі жеңіске жеткенімен қазақ-жоңғар соғысы әлі жүз жылға созылды (Аңырақай шайқасы, Бұланты шайқасы). Қалмақтар мен қазақтардың өзара жауластығы қалмақтардың бір одаққа (1400) бірігуінен басталып, оларды қытайлықтардың түгел жойып жіберген (1757 ж.) кезеңіне дейін ұласты.

Қазақ хандығының алғашқы хандары.

XV – XVІІІ ғасырардағы Қазақ хандары

Керей мен  Жәнібек (1456-1480),

Бұрындық (1480-1511),

Қасым (1511-1518),

Мамаш (1518-1523),

Тақыр (1523-1533),

Бұйдаш (1533-1534),

Қожа Махмұт (1534-1535),

Тоғым (1535-1537),

Хақназар (1537-1580),

Шығай (1580-1582),

Тәуекел (1582-1598),

Есім (1597-1613),

Тұрсын (1613-1627),

Есім (1627-1628),

Жәңгір (1629-1652),

Әз-Тәуке (1652-1718),

Батыр (1718-1726),

Болат (1726-1730),

Әбілмәмбет (1730-1771),

Абылай (1771-1781),

Шыңғыс ханның ұрпағы ғана хан болып сайлана алады. Мұрагерлер сұлтан деп аталды. Хан жасағы немесе хан үйінің маңайындағы қызметшілер төлеңгіт және қараша деп аталды.

XVІ ғасырдың аяғына қарай Жетісу жерлері, Сырдария бойындағы көптеген қалалар, бұрынғы Ноғай ордасының құрамында болған жерлер Қазақ хандығының құрамына қосылады. Қасым ханның кезінде Қазақ хандығының халқы саны 1 млн –ға жеткен. Қасым хан қазақтың құқықтық тарихының 5 бөлімнен тұратын белгілі   «Қасқа жол» - заңдар жинағын шығарған. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы Ресей патшалығымен, Сібірмен т.б. елдермен байланыс орнатады. Бұл туралы Австриялық саяхатшы Зигмунд Герберштейн былай деп жазады: «Қазақ хандығымен елшілік байланыс орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі ұлы князь Василий билік жүргізген кездегі Мәскеу мемлекеті болды». Ал Қазақ хандығынң Қасымнан кейінгі билігі Мамаштың қолына тиді.  1523 жылы хан тағына Тақыр отырды. Тақырдың кезінде Қазақ хандығы біраз жерлерінен айрылды. 1533 жылы хан тағына Бұйдаш отырғанда да, Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайлары жақсарған жоқ. 1534 жылы хан тағына Қожа Махмұд, 1535 жылы Тоғым хан отырды. 1537 жылы хан тағына Қасымның баласы Хақназар отырды. Хақназар хан ең алдымен Жайық маңын, киелі Түркістан жерлерін басып алды. 1580 жылы хан тағына Шығай отырды. 1582 жылы Шығайдың баласы Тәуекел хан болды. 1586 жылы Тәуекел Түркістанды басып алды. 1598 жылы Тәуекел хан інісі Есім сұлтанмен қазақ қолы Мәуеренахрға кіріп, Самарқанды басып алды. 1598 жылы Ташкентте Тәуекел хан қайтыс болады. 1598 жылы Есім хан болады. Есімнің інісі Тұрсын Есім ханға бағынбай, өз атынан теңге шығарып, Түркістанды биледі. 1627 жылы Есім хан Тұрсынды өлтіреді. Есім хан Қазақ хандығының аумағын кеңейту бағытында үлкен үлес қосты. Мемлекет билігін, құқықтық жүйені реттеуде Есім ханның «Ескі жолы» аталған заңдар жинағы елеулі роль атқарды. 1628 жылы Есім хан қайтыс болады. 1629 жылы хан тағына Есім ханның баласы Жәңгір отырады. Ол қазақ тарихында «Салқам Жәңгір» деген атқа ие болды. Оған басты себеп, 1643 жылы Салқам Жәңгір 600 сарбазбен ойраттың  50 000-дық әскеріне қарсы шығып жеңіске жетеді. Бұл соғыста Жәңгір ханға Жалаңтөс көмекке келеді. 1652 жылы ойраттарға қарсы ұйымдастырылған шайқаста Жәңгір қайтыс болады. Біраз уақыт бойы Қазақ хандығының билігі сұлтандардың қолында болады. 1680 жылы хан тағына Әз-Тәуке отырады.  Әз-Тәуке хандық билікті, негізінен, билерге сүйеніп жүргізеді. Билердің көмегімен «Жеті Жарғы» заңдар жинағын шығарады. Тәуке хан кезінде Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласы болады. 1718 жылы Әз-Тәуке қайтыс болады.

Қазақ хандығының тәуелсіздік жолында ұлт-азаттық күресі.

 ХVІІІ-ХХ ғасырларда қазақ даласында Ресей отаршылдарына қарсы бірнеше ірі-ірі ұлт-азаттық қозғалыстары болды. Қазақ халқының тәуелсіздік пен дербес даму жолындағы күресінің негізгі кезеңдері:

Сырым Датұлының басқаруымен отаршылдыққа қарсы қозғалыс (1783-1797);
Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының ұлт-азаттық қозғалысы (1836-1838);
Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық көтерілісі (1837-1847);
Жанқожа Нұрмұхамедұлының көтерілісі (1856-1857);
Есет Көтібарұлының қозғалысы (1868-1869);
Маңғыстаудағы шаруалар қозғалысы (1870).

Аталған қозғалыстардың барлығы отарлық езгі мен қанауды жоюға бағытталды. Мұның ішінде, Ресейдің және көрші мемлекеттердің саясатына, Қазақстанның ішкі өміріне тигізген әсерімен, ұзаққа созылуы және ауқымдылығымен ерекшеленетін өз халқының тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін күрескен Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс қазақ елінің тарихында маңызы зор, ең көрнекті оқиға болып табылады. Ұлт-азаттық қозғалыс көсемдері қазақ халқының жадында ұлт батырлары ретінде қалды.

Кейінірек, қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінің түкпірінде саяси және ұлттық ой-санасының өсуіне ықпал ететін автономия алу ниеті тұрды. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақтың интеллектуалды және саяси зиялы қауымының әлемдік аренаға шығуы қоғамдық өмірде қозғалыс тудырып, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» қазақ автономиясын дүниеге әкелді.

Тәуелсіздік – қазақ халқы үшін қатардағы түсінік емес, бұл қазақ халқының тарихи болмысындағы аңсаған арманы. Тәуелсіздік – барша халқымыздың күрес пен еңбек, ілім-білім мен өнерінің шабытына қамшы басқан үміті. Бұған дәлел – азаттық үшін шаттанған ата-бабамыздың жолы.

Сонау сақ-ғұн заманында ата-бабаларымыз тәуелсіздік жолында алпауыт Парсы мен Хань империяларына қарсы тұрды. Ғұндардың қаһары мен қуатының күштілігі сонша – бүкіл Аспанасты елін біріктірген Цинь императоры Шихуан-ди оларға қарсы Ұлы қытай қорғанын салды.

Көшпелі ата-бабамыз өз өркениеті мен мәдениетінің болмысын сақтап қалып, өз мемлекеттілігін қалыптастырды. Мемлекеттілік – қазақ халқы үшін 1991 жылы алғаш туындаған жаңалық емес, осы жылы біз өзіміздің мемлекеттігімізді жаңғырттық, қайта тәуелсіз ел болдық. Қазақ мемлекеттілігінің тарихи тамыры тереңде жатыр. Көптеген Еуропаның халықтары әлі қалыптаспай жатқанда, біздің тікелей ата-бабаларымыз – түріктер 551 жылы тәуелсіздігі жолында көрші жатқан жужандардың бодандығынан құтылып, Қара теңіз бен Корей теңізіне дейін Еуразияның ұлан-ғайыр далаларын алып жатқан ұлы империяның негізін қалады. Түркі заманында ерекше көшпелі әлемнің мемлекеттілік нышанына айналған – қағанат жүйесі қалыптасып, көрші жатқан моңғол мен угор халықтарының мемлекеттілік негізі болды. Бұған дәлел – Хазар, Авар қағанаттары. Ұлы жаулаушы Шыңғысханның өзі қаған атанған.

Көшпелі әлемнің екі алпауыты – түркі мен моңғол халықтарының тарихының сабақтастығы анық. Шыңғысхан мен оның ұрпақтары құрған империя тек моңғол халқы үшін туған орда болған емес, бұл империя – бүкіл көшпелі әлем үстемдігінің символы. Ата-бабаларымыз Шыңғыс ханның мұрасын, оның ұрпақтарын – төрелерді ерекше қадірлеп, өзіндей көрген. Қазақ халқы моңғол ұлыстарын, Алтын Орданы – бөтен, жаулаушы халықтың емес, өз мемлекеттілігі деп таныған. Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек пен Керейдің өздері Шыңғыстың ұрпақтары еді.

Қазақ хандығының дәуірі – қазақтың ұлттық егемендігі мен тәуелсіздігінің шарықтаған шыңы. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» – тайға таңба басқандай қазақ мемлекеттігінің нышандары, қазақ тәуелсіздігінің айқын айғағы. Жәнібек пен Керей, Қасым мен Хақназар, Тәуекел мен Есім хандардың жетекшілігімен халқымыз 300 жылдық тәуелсіз хандық дәуірінде өмір сүрді. Осы дәуірді халқымыз «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» бейбітшілік пен азаттық дәуірі деп еске түсіреді. Алайда, халқымыздың бейбіт өмірі тәуелсіздік үшін күреске түскен сындармен қатар жүрді. Тәуелсіздік жолында қазақ халқы қайталанбас ерліктің үлгілерін көрсетті. ХVIII-ші ғасырдағы қазақ тарихы ел тағдыры үшін шешуші сәттерге толы, қайғылы да қасіретті кезең. Бұл қазақтың өз мемлекеттігі мен тәуелсіздігі үшін күресте жанталасқа түсіп, «найзаның ұшына, білектің күшіне» жүгінген қиын-қыстаулы тарих беттері. Тәуке ханның өлімінен соң басталған ішкі саяси бытыраңқылық қазақ халқының басына төнген сыртқы қауіппен қосталды. Жан-жақтан: солтүстік пен батыстан – Ресей мемлекетінің, оның қол астындағы башқұрт, қалмақтардың,  шығыстан – жоңғарлардың, оңтүстіктен – Орта Азия хандықтарының саяси қысым жасады. Қалыптасқан саяси жағдай мен ішкі алауыздық қазақ халқының тарихында өшпестей із қалдырған – Ақтабан-шұбырынды қасіретіне әкелді.

Зар-заман шығармашылығындағы дәуір сипатын ашатын халық мұңының жолдарын келтіретін болсақ:

Бақ дегенім сорға айналды,

Тақ дегенім көрге айналды,

Көкірегіме шер байланды,  толайым

Жер дегенім кебенек пе,

Ел дегенім ебелек пе,

Ер дегенім көбелек пе,  ағайын

Атамекен - алып тозақ,

Мойыныңды қамыт қажап,

Мойыдың-ау, ғарып қазақ, аһ ұрып.

Найзағайлы намыс қайда,

Қайта бізбен табыспай ма,

Ата жаумен алыспай ма,  ақырып – деген өлең жолдары заманның бүкіл келбетін, халықтың мұң-сырын ашады.

Дәл осы тарихи кезеңде қазақ халқына құрып кету қаупі төнді. Ел басына ауыр күн туды. Сол кездің өзінде халқының болашағы үшін бүкіл күш-жігерін салатын суырыла сөйлейтін шешендер, топты бастар көсемдер, ту ұстайтын батырлар, елді ерлікке шақыратын жыршылардың бастауымен тәуелсіздікті сақтап қалдық. Халқымыз тәуелсіздігі мен болашағы үшін Бұланты мен Аңырақай шайқастарында ұлы жеңістерге қол жеткізіп, құрып кетуден аман қалды.

Ресейдің отаршылдығы мен Кеңестік дәуірлерде халқымыз тәуелсіздік жолындағы 300 жылдық ұлы күресі мен қажырлы еңбегінің арқасында бүгінгі тәуелсіздікке қол жеткіздік. Тек кейінгі екі ғасырдың ішінде халқымыздың өз бостандығы жолында Ресей империясы мен басқа да отаршыларға қарсы екі жүзден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққаны - халқымыздың тәуелсіздікке ұмтылысының айғағы. Тарихымыздағы Сырым мен Исатайдың, Кенесары мен Жаңқожаның ұлт-азаттық күрестері,

Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты,- деп халқының болашағы үшін жан азабына түскен кешегі Алаш зиялыларының күресі, Желтоқсанда қазақтың болашағын аңсаған қазақ жастарының алаңға шығуы, – тәуелсіздік жолындағы күресіміздің айғағы.

Тәуелсіздіктің тұғырының нығаюына Елбасымыздың – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үлесі аса зор. Президентіміздің басшылығымен бүгінгі күні егеменді еліміз бүкіл әлемге танымал, қарқынды дамып жатқан елге айналып, Мәңгілік Ел идеясы аясында халқымыз бірігуде.

Тәуелсіздік – ата-бабамыздан мирас болып қалған ұлы құндылықтарымызды: ділімізді, тілімізді, дінімізді жаңғыртуға мүмкіндік берген асыл қазына.

Тәуелсіздік – біз үшін көпті берді, ал біз тәуелсіздік үшін не бердік? Ойланайық, ағайын! Тәуелсіздік – бақта өскен гүл сияқты, әрбіреуіміздің нәр себуімізді талап етеді. Тәуелсіздіктің тірегін нығайту елдің әр азаматының қолында.

Елдігі мен бірлігі жарасқан Қазақстан.

Иә, қазіргі таңдағы еліміздің осындай жетістіктерге жетуіне басты себеп, әрине, 130-дан астам этностық топтар бірауыздан қазақ топырағын туған еліміз деп әрдайым ардақ тұтып, қазақ шаңырағының биік, татулық пен бейбітшіліктің арқасы деп білемін. Бірлігі мен ынтымағы бар мемлекеттің ғана болашағы кемел. Қаншама қан төгіс, маңдай тер, ғасырлар бойғы асыл арманмен қол жеткізген тәуелсіздіктің әр таңы мен үшін қымбат. Иә, кешегі күнге көз жіберсек, қазақ халқы басынан қаншама ауыр күндерді өткізді. Тәуелсіздіктің арқасында бабалар аңсаған азаттық пен егемендікке қол жеткіздік. Көкте қыраны қалықтаған бүгінгі бейбітшілік аспанында өмір сүріп жатқан көпұлтты халқымыз бір шаңырақтың астында бірлік пен ынтымақтың бесігінде тербеліп күн кешуде. Тіліміз бен дініміз, діліміз бен салт-дәстүріміз қайта жаңғырып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Әлем таныған жасампаз көшбасшымыз халықтар арасындағы достық пен келісімді сақтай отырып, татулық пен тұрақтылықтың алтын арқауы болып табылатын бейбітшілікті орнатты.

Тәуелсіздік қазақ халқының, Қазақстан мемлекетінің тарихына алтын әріптермен жазылған, яғни ақ түйенің қарны жарылған күн. Осы күннің арқасында біз төрт құбыламызды түгелдеп, тәуекелдің кемесіне мініп, нық қадаммен алға басып келеміз. Отаны үшін отқа түсіп, елі мен жері, халқы үшін қасық қанын қиған ата-бабаларымыз қалдырған осынау кең, шексіз байлықтың мұрагері, әрине, біз!

Әлемдегі дамыған мемлекеттердің экономикасын дүрбелеңге салған дағдарыстың қаншалықты қиындықтарына қарамастан, Қазақстан тұрақты даму жолында. Елбасымыз әлем таныған жасампаз көшбасшы ретінде дүние жүзін шарпыған дағдарыс кезінде батыл қадам жасап, еліміздің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын айқындап берді.  Қазақстан соңғы жылдары өзінің батыл шешімдерімен, ойға алған істерін ойдағыдай жүзеге асыруымен нық қадам басып келеді. Басына бостандық алып, тәуелсіздіктің арайлы таңы атқалы еліміз жер шарындағы барша мемлекеттермен терезесі тең. «Біз жасампаздыққа жұмыла кіріскендіктен, дамудың даңғыл жолына түстік. Жасампаздық қуатымен дүние жүзінде даңқы артқан Қазақстан әлемді өз жетістіктерімен таң қалдырды» деген Елбасымыз өз Жолдауында.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі талай жетістіктерге қол жеткізіп, асқар шыңдардың белестерін бағындырды. Алғашқы белестері болып Елбасымыздың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік нышандары туралы» Заң қабылданды, төл теңгеміз айналымға енгізіліп, Сарыарқаның сайын даласы мен Есілдің жағасында келбеті мен дәулеті келіскен Астана қаласы бой түзеді.   Алайда, ең үлкен жетістік деп, өткен 2010 жылы өткізілген Саммитті айтар едім. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы – дүниежүзілік үлкен ұйымдардың бірі, әлбетте, Қазақстан сияқты жас елдің осындай ұйымға төрағалық ету мүмкіндігін алудың өзі – үлкен мәртебе деп білемін. Осы ұйымның он бір жыл бойы болмаған Саммитін ұйымдастырып өткізу – бұл біздің әлем тарихының алдындағы үлкен ерлігіміз, халқымыз үшін мақтаныш ететін табыс деп есептеймін.

Әрі қысқа, әрі ұзақ 23 жыл ішінде елдігімізді, ерлігімізді танытар талай ауқымды істер жасалынды. Тәуелсіз елімізді әлемдегі өзіндік орны бар, салиқалы, беделді мемлекетке айналдыру Елбасымыздың ұлы мақсаты. Соның бірі, біздің, яғни жастардың білім алуынан бастап, мемлекет пен қоғам өміріне белсене араласуына дейін қадағалауы, көңіл бөлуі – көрегендік деп білемін. Әлемдік стандартқа сай білім алуымызға нақты мүмкіндіктер беріліп отыр. Бұл орайда халықаралық деңгейдегі жаңа оқу орны «Назарбаев Университетін» айтуға болады.

Тәуелсіздіктің 23 жылдығына жұлдызымыз жарқырай жанып, мәртебесі асқан, мерейі тасқан мемлекет ретінде қадам бастық.  ҮІІ қысқы Азия ойындарының өткізілуі осы сөзімнің бір ғана дәлелі. «Азиада – Тәуелсіздік тойының беташары болды!» деген еді бір сөзінде Елбасымыз. Сонымен бірге қоян жылында Қазақстан Ислам Конференциясы ұйымын басқарғалы отыр. Алдағы уақытта талай атқарар істер, бағындырар белестер бар.  Сол себептен берік қаланған іргетасымызды одан ары қарай мықтап бекітуіміз керек.

0 дауыс
Маган  Тауке ханнын бас кенесшиси болган Сасык би жонинде малиметтер керек еди. Менин  Сасык бидин сияси-кукыкый козкарастары деген китабым шыккан. Осыны ондеп жане кайта бастырмашы едим.
...